Денсаулық

Екпе дерттен сақтайды

Соңғы жылдары елімізде екпеден бас тартатын ата-аналар саны еселеп арта түскен. Мамандар мұны тұрғындардың діни көзқарасымен байланыстырады. Мәселен, соңғы деректерге сүйенсек, Ақтөбе облысында 2132 баланың ата-анасы екпеден бас тартқан. Бұл туралы облыстың денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев мәлімдеп отыр. Оның айтуынша, бас тартқандардың басым бөлігі Ақтөбе қаласында, 1171 адамды құраған. Сонымен қатар Темір ауданында  287 және Мұғалжар ауданында  258 бала тіркелген. Ата-аналары екпеден бас тартқан 1247 балаға туылғалы бірде-бір екпе салынбаған.

Өткен 2014-2015 оқу жылында Ақтөбенің Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласында оқушылар туберкулезбен жаппай ауырған болатын. Сол кезде дәрігерлер қауіпті дерттің дендеуінің себебін алдын ала екпе алмаған балалардың көптігімен байланыстырған еді. Қазірдің өзінде бұл аудан екпеден бас тарту бойынша алдыңғы қатарда екен. Екпеден қашып, ауруын барынша жасырған ата-аналар балаларының басын өлімге тігіп отырғаны өкінішті.

Мамандардың айтуынша, Ақтөбе қаласында діни ұстанымына қарай екпеден бас тартушылар саны айтарлықтай артып, жыл сайын жүз сәбимен толығып отырады екен. Дәрігерлер бүгіннің өзінде дүние есігін ашқаннан бері түрлі  жұқпалы аурудан екпе алмаған мыңнан астам сәби тіркелгенін айтып дабыл қағуда. Түрлі себептермен екпе алмайтын балалар ертеңгі күні бір сырқаттың жаппай тарауына себеп болуы мүмкін екендігін айтады мамандар. Өйткені жаңа туған сәби бір жасқа толғанша  түрлі вирустық  жұқпалы аурудан қорғайтын он екі екпе алуы тиіс екен. Бірақ бұдан түбегейлі бас тартқан ата-аналар өте көп.

Екпе жасау қаншалықты пайдалы деген сұрақ қазіргі таңда ең көп талқыланып жатқан мәселе десек те болады. Екпе жасау дұрыс емес дейтіндер өз қарсылықтарын шариғатпен байланыстырады. Олар: «Ислам екпе жасатуға тыйым салады», «Екпе жасату — тағдырға қарсы шығу», «Вакцинация — шайтанның зәрі» деп біледі. Ал медицина саласының мамандары ғылыми тәжірибелерге сүйеніп, екпе жасату дұрыс әрі қажет дейді.

Деректерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 4 миллионға жуық адам 21 түрлі инфекциялық ауруға қарсы егіледі екен. Ал иммундау шараларына бөлінетін қаржы соңғы 7 жылда 12 есеге артып, 15 миллиард теңгеге жеткен. Екпе ектірудің оң нәтижесін де көріп отырмыз. Мәселен, соңғы жылдары оба, күйдiргi, тырысқақ, конго-қырым қанды безгегі, полиомиелит сынды аса қауiптi жұқпалы дерттер елімізде тіркелмеген.

Дегенмен, осы екпе төңірегінде даулы мәселелер көп. Өткен жылы 1 қазаннан бастап елімізде арнайы мемлекеттік бағдарламаға сәйкес жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу үшін адам папилломасы вирусына қарсы вакцина салынып, артынша Павлодар облысы Баянауыл ауданында осы ауруға қарсы егілген екі оқушы қыз аурухананың жан сақтау бөлімінен бір-ақ шыққан еді. Бұдан соң халықтың екпеге қарсылығы, тіпті үдей түсті. Ал мамандар «Кез келген вакцинациядан кейін баланың ағзасы оған өтпелі реакциямен жауап қайтарады. Себебі бұл мерзім ішінде ағзаны инфекциядан қорғайтын күш жинақталуы керек. Бөгде зат енген денеде міндетті түрде әртүрлі реакциялар орын алатыны анық. Алайда мұндай реакциялардың зардаптары инфекциялардың зиянымен салыстырғанда түк емес» дейді.  Соңғы жылдары елімізде жатыр мойны ісігіне шалдығатын нәзік жандылардың қатарының артқанын ескерсек, препаратты қабылдаған кездегі өтпелі реакцияға бола егуден бас тарту болашақта үлкен ауруға әкеліп соғатындығын да ұмытпау керек секілді. Осы орайда екпені ектіру ем бе, әлде дерт пе деген оймен медицина және дін мамандарының пікіріне жүгінгенді жөн санадық.

Мария ОМАРОВА, Х.Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының директоры, медицина ғылымының докторы, профессор:

— Менің ойымша, әлі де болса екпеге қатысты анық ақпараттар халыққа жеткіліксіз. Содан кейін халық қарақшылық жолмен шекара асып келген түрлі дискілерді көріп, екпе жөнінде теріс ақпараттың жетегіне еріп жүр. Елімізде инфекциялық ауруларға қарсы алғашқы вакцинация бала дүниеге келген соң төрт күн ішінде салынады. Бұл туберкулез бен «В» вирусты гепатитіне қарсы егіледі. Ал бала екі, үш, төрт айға толғанда «В» вирусты гепатитіне, полиомиелит, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, гемофильді инфекцияға қарсы салынады. Халық арасында екпенің тиімділігін кеңінен насихаттай түсу керек. Мәселен, соңғы 20 жыл ішінде қызамықпен ауыру 291 есеге, көкжөтел — 21 есеге, дифтерия — 96 есеге, эпидемиялық паротит 122 есеге төмендеген. Сондай-ақ, екпе егу басталғанға дейінгі уақытпен салыстырғанда балалар арасындағы «В» вирустық гепатитімен ауыру 137 есе азайды. Осы секілді ақпараттар халыққа кең насихатталуы қажет. Бүгінгі таңда әр елдің балаларға, ересек адамдарға арналған вакцина салудың өзіндік ережелері бар. Қазақстан 1995 жылдан бастап 2008 жылдың ортасына дейін сол кестемен жұмыс жасап келді. 2008 жылдан бері Үкімет қаулысы бойынша ұлттық кестеге қосымша вакциналар енгізілді. Вакцинацияның көмегімен түрлі инфекциялардан болатын ауруларды барынша қысқартуға, тіпті ауруды жоюға да болатынын көріп отырмыз. Полиомиелит, дифтерия, қызылша секілді көптеген инфекциялардың таралуы осыған дейін әлемдік медицинада үлкен мәселе болып келген еді. Бүгінде екпе бұл мәселені толығымен шешті.

Темірғали ЖҰМАШ, ҚР ДСМ Туберкулез мәселелері ұлттық орталығының меңгерушісі:

— Қазір интернет кеңістігінде екпенің зиянын есептеген статистика өріп жүр. Ақпараттардың жалған екенін бірден білуге болады. Сол ғылыми зерттеусымақтар медициналық журналдарда емес, біреулердің блогында ілулі тұрады. Блог деген, кім не жазғысы келсе, соны жазатын жер емес пе? Көптеген мемлекеттердің тәжірибесінен көріп отырмыз, халыққа екпе жасауға бірнеше жыл кедергі жасалса, жұқпалы аурулар үлкен бір аумақтарға таралып кетеді. Жаппай иммунизация жасау кедей, тұрғылықты жері нашар аумақтар үшін де жақсы нәтиже көрсетіп жатыр. Екпе —  ғалымдар мен медицина қызметкерлерінің бірнеше ғасыр бойы іздеп, тапқан дәрісі. Мен күллі мұсылмандарды арандатуға ермеуді, вакцинация жасауға қарсы болмауға шақырамын. Екпе жасатқан адамдардың тек 5 пайызы ғана дифтериямен ауырады екен. Иммунизация жасаудың арқасында жыл сайын қызылшадан, көкжөтелден, дифтериядан, сіреспе ауруы салдарынан өлетін адамдардың саны 2-3 миллионға азайды.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ, «E-Islam» порталының бас редакторы, философия ғылымының кандидаты, дінтанушы:

—  Біздің Конституциядағы сияқты исламда да ең құнды нәрсе — адам өмірі. Ислам адам өмірін сақтауға, оны қорғауға әмір етеді. Сондықтан да Алла тағала адам денсаулығына зиян келтіретін нәрселерді арам етіп, пайдалы дүниелерді адал қылған. Ал енді түрлі дерттердің алдын алатын вакцинацияға келер болсақ, шариғатта бұған қарсы анық тыйым салынбаған. Керісінше, дін ислам адам денсаулығын қорғау мақсатында кез келген дертке қарсы күресуге шақырады. Мына мысалға назар салайық, халифа Омар (р.а) өз заманында Шам еліне сапарға шығады.  Жолда сол елдің оба ауруына шалдыққанын естіп, онда кірмей, «Пайғамбар (с.ғ.с) бір жерде оба болса, ол жерден шығуға немесе кіруге рұқсат бермейтін» деп, кері оралған. Халифаның мақсаты әлгі індетті жан-жаққа тарқатпай, сол орында қалдыру еді. Қазіргі тілмен айтқанда, сол аймаққа карантин жариялаған. Ал енді Әбу Һурайра есімді сахаба пайғамбардың (с.ғ.с.) мынадай хадисін келтіреді: «Алла барлық ауруға шипасын қосып жаратқан».  Келесі хадисте: «Өлімнен басқа барлық аурудың шипасы бар». Яғни адам шалдыққан дертіне қарсы ем жолын іздеуі міндетті. Өйткені аталмыш хадисте әрбір дерттің нақты шипасы айтылмаған тек, жалпы түрде кез келген аурудың шипасы бар екені ғана көрсетіледі. Осылайша Пайғамбар (с.ғ.с.) адам баласын түрлі дерттің шипасын іздеуге шақырады. Басқаша айтқанда, «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» десек те болады. Ал вакцина салдыру осындай дерттердің алдын алудың бір шарасы деп қарауымыз керек. Ойымды мына мысалмен нақтылағым келіп отыр. Исламдағы бес парыздың бірі – қажылық рәсімін алайық. Осындай қасиетті сапарға шыққалы тұрған қажыларымыз Мекке шаһарына аттанбас бұрын міндетті түрде түрлі ауруларға қарсы екпе салдырады. Бұл — қажылық сапарына шығу шарттарының бірі. Мұны салмаған адам қажылыққа бара алмайды. Демек, екпе алу арқылы адам өзін әртүрлі аурулардан қорғайды екен.

 

***

 

Расында да, жер шарын түгел жайлаған оспа дертінің де көзі алғаш рет тек 1978 жылы вакцинация көмегімен жойылған. Ал, 2002 жылы әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда полиомиелиттi жою жұмыстары кеңінен қолға алынып, елімізде бұл дерт соңғы рет 1995 жылы тіркеліпті. Сондай-ақ, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, әртүрлі вакциналардың арқасында жылына әлем бойынша 3 миллиондай сәби ажал тырнағынан аман қалып, тағы 750 мыңдайы мүгедек болу қаупінен арылады екен. Өкінішке қарай, қазіргі таңда 3 миллиондай сәби вакцинасы табылмаған түрлі жұқпалы аурулардан көз жұмады.

Айта кетер жайт, бірқатар мемлекеттер екпе алмаған балалар айналасындағы басқа балаларға қауіп төндірмес үшін екпеден бас тартқан ата-аналардың балаларын балабақшаға, мектепке қабылдаудан бас тартқан. Елімізде қазір дүние есігін ашқалы бірде-бір қауіпті жұқпалы дертке қарсы екпе алмаған сәбилер балабақшаға, мектепке барып жүр. Ал дәрігерлер мұндай балалар болашақта қоғам үшін қауіпті дегенді айтады. Сондықтан дәрігерлер енді мемлекет тарапынан мұндай ата-аналарға нормативтік-құқықтық шектеулер қою керек екенін айтады. Бірқатар елдерде болған мұндай жағдайлар мемлекеттік деңгейдегі осындай шешімдер қабылдау арқылы шешуге қол жеткізілгенін ескерсек, бізге де заңдық тұрғыдан бір тыйымның қажет екені сезіледі.

 Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ. 

 e-islam.kz

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button