Мәселе

Қала тазалығы – мерейіміз. Той болатын шаһар тап-таза болуы тиіс!

d182d0b0d0b7d0b0d0bbd18bd0ba«Арнаулы автокөлік» АҚ – қаладағы тазалық мәселесімен айналысатын ірі мекемелердің бірі. Қысы-жазы тыным таппайтын мекеме қызметкерлері биылғы мереке – Ақтөбе қаласының 140 жылдығы тойы қарсаңында ерекше құлшыныспен жұмыс істеп жатыр. Осы және акционерлік қоғамның ішкі жұмысы туралы вице-президент Есбол Сатаев былай деп әңгімелейді:

– Біздің акционерлік қоғамның негізгі міндетін санитарлық және жол бөлімдері қызметкерлері атқарады. Қаланың 41-бекеті, Кірпіш, Мәскеу, сүт зауыты аудандары, 11,12-шағын аудандары және 5, 8-шағын аудандардың тақ сандар жағын біздің мекеме қатты тұрмыстық қалдықтардан тазартады. Бізге қарасты аудандарға күніге 24 бағыт бойынша көліктер шығады, оның 16-сы көп қабатты үйлердің контейнерлерін, 8-і жеке сектор қоқыстарын жинайды.

Әрбір бағытта бір-бір автомашина адамдарымен жүреді. Көп қабатты үйлердің тұрмыстық қалдықтары күн сайын, ал жеке сектор белгіленген кестеге сәйкес тазартылады. Түсінікті болу үшін айтайын, мәселен, Асау-Барақ және Некрасов көшелеріндегі жеке үйлер қоқыстары сейсенбі, сенбі күндері алынады. Осы секілді кестемен жұмыс істейміз. Осы жерде тұрғындар кестені сақтаса екен деген тілегіміз бар. Басқа күндері қоқыстарын көшеге шығармай, ауласында сақтағаны дұрыс. Себебі көшеге шығарып қойған қоқыстар желмен шашылады, ит-мысықтар шашып кетеді. Осылайша, көшеміз лас болады. Кейде тұрғындар көлемі үлкен көне тоңазытқыш, кереует, есік-терезе секілді бұйымдарды шығарып тастайды. Мұндай жағдайда қосымша жүк тиегіштер мен өзі төгетін машиналарды қосуға тура келеді. Мұны қаланың тазалығы өзіміз үшін екендігін тұрғындар ескерсе деген мақсатпен айтып отырмын.

– Тұрғындар қоқыс шығару кестесін қалай біледі және ақы туралы айтсаңыз.

– Мұның бәрі келісім-шартта көрсетілген. Қоқыс шығару күндері де осы шартта анық жазылған. Сондықтан тұрғындар шарт қағазын жоғалтпай, қарап отырғаны дұрыс. Ал ақы үй кітапшасында тіркелген адамдардың санына байланысты алынады. Жеке сектор үшін бір адамға 80 теңгеден, ал көп қатарлы тұрғын үйлер үшін 40 теңгеден белгіленген. Жеке сектор үшін жоғарырақ болу себебін оларда тұрмыстық қалдықтармен қатар олардың мал ұстайтынымен, сарай, гараж, монша, басқа да шаруашылықтары болатынымен түсіндіреміз. 20 бақылаушымыз бар. Солар аудандарды бақылап, қадағалап, тұрғындармен жұмыс жүргізеді.

Қазіргі кезде өзімізге қатысты аудандардың келісім-шартқа отырған жеке сектордың 70 пайызы, көп қабатты үйлердің 80 пайызы қамтылып отыр. Кейбір тұрғындар қоқысымыз жоқ деген желеумен шартқа отырғылары келмейді. Кейбір тұрғындар қоқыс уақытында алынбайды деп сылтау айтады. Бұлай болуы мүмкін емес. Рас, техника болғасын кейде сынып қалатын кездері кездеседі. Бірақ ізін суытпай жинау шараларын аламыз. Техниканың сынуына көбіне мынадай жағдайлар себеп болады. Тұрғындар 350 килограмм көтеретін контейнерге ауыр-ауыр заттар салады. Оны тиеу кезінде техника істен шығады.

Санитарлық тазалықпен айналысатын қызметкерлеріміздің қай-қайсысы да өз істеріне жауапкершілікпен қарайды. Әсіресе, Өмірғали Баймұрзин, Бақберген Жанұзақов, Бердіғали Нұрпейісов, Кенжеғали Жанғалиев, Төретай Әлкенов секілді азаматтар қала тазалығы үшін тер төгуде. Ал олардың жұмыстарын ұйымдастырып жүрген санитарлық бөлім бастығы Сапарғали Тәжімұқановты да ерекше айтуға болады.

Акционерлік қоғамдағы жол бөлімінің де алатын орны ерекше. Жол қызметі жазда көшелерді ағын сулардан, лас-қоқыстан тазартады. Ал қыста және көктем айларында көшелердің қарын аршиды. Қазіргі кезде 3 автогрейдер, 4 су шашатын машина, қыста резеңкесі, щеткасы бар МТЗ тракторлары және басқа техникалар жұмысқа қосылған. Құрмыш, Кірпіш зауыты, Ақжар, сүт зауыты аудандары, бірқатар көшелер қардан тазартылуда. 20 шақты адам бордюрлардың қарын алып, мұзын ояды. Бұл жолдың қар, мұздан тарылмауына, қауіпсіздіктің сақталуына ықпал етеді.

Жол қызметі бөлімінде де бөлім бастығы Жолмырза Құдайбергеновтің ұйымдастырушылық шеберлігі жоғары деп айта аламын. Соның нәтижесінде қала тұрғындары тарапынан наразылық жоқ. Сондай-ақ, Қали Шиков, Әзімгерей Байсеркешов, Тоғызбай Дулатовтар күндіз-түні тыным таппайды деуге болады. Себебі түн ортасында қалың қар жауатын болса, оларды үйлерінен шақыртуға тура келеді. Тіпті, ашық күндері біздің жолшылардың демалысы өздерінің техникаларын қараумен, техникалық күтім жасаумен өтеді. Сондықтан біздің барлық адамдарымыз –  мақтауға лайық адамдар.

– Қалалық күл-қоқыс полигонының жұмысы туралы не айтар едіңіз?

– Қазір қалалық полигон біздің балансымызда. Өткен жылы пайдалануға берілген жаңа полигонның жұмысы да бір ретке келтірілген. Полигонның мекен-жайы туралы көрсеткіштер ілінді. Баннерлерге «Арнаулы автокөлік» АҚ мекен-жайы, атқарылатын қызметтер түрі туралы да жазып қойдық. Қабылданатын, қабылданбайтын заттардың тізімі көрсетілген. Мұның бәрі халық білсе деген мақсатпен жасалуда.

– Мекеменің қаржы-қаражат мәселесі қалай шешілуде?

– Акционерлік қоғам болғаннан кейін қаржы көздерін табу өзіміздің міндетімізге жатады. Көбіне жол бөлімі санитарлық бөлім шығынын жауып отырады. Қаланың тазалығы үшін жұмыс істеуге материалдық-техникалық базамыз болғандықтан тендерлерге еркін қатысамыз. Тендерлер мен конкурстар арқылы жұмыс істеп, жағдайымызды түзетуге мүмкіндік жоқ емес. Соның нәтижесінде қызметкерлерімізді қыс кезінде жылы етік, пима сияқты киімдермен қамтамасыз етіп отырмыз. Көшеде жұмыс кезінде киетін формалық киімдеріне «Арнаулы автокөлік» АҚ логотипі жапсырылды. Көліктерімізде де осындай логотиптер бар. Адамдар қай мекеменің адамдары жұмыс істеп жатқанын бірден айыра алады. Қыс кезінде қажетті құм, тұз секілді инертті материалдарды жазда сатып алып, дайындап қоямыз.

Биыл сүйікті қаламыздың 140 жылдық мерекесі келе жатыр. Сондықтан қала тұрғындары мереке қарсаңында тазалық мәселесіне жақсы көңіл бөлсе деген тілегім бар. Санитарлық тазалыққа, қоқыс шығаруға, келісім-шарт жасауға қатысты сұрақтары болса, 21-00-41 телефоны арқылы хабарласуға болады.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button