Білім

Балалардың қуанышы

«Мектепке жол»

Кеше «Мектепке жол» акциясының жұмысы қорытындыланды. Облыстық балалар құқықтарын қорғау департаменті мен білім басқармасы ұйымдастырған жиынға аталған шараның өтуіне өзіндік үлес қосқан мекеме басшылары мен қызметкерлері шақырылды. Ең көп демеушілік көмек көрсеткендерге облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова Алғыс хат табыс етті.

Екі жыл қатарынан өткізілген екі айлық шараның биылғы басты ерекшелігі мемлекеттік қызметкерлер де қайырымдылық көрсетуге ат салысты. Облыс әкімінің орынбасары денсаулық сақтау басқармасының игі істе ерекше белсенділік көрсеткендігін айтты. Аталған мекеменің басшысы Қайрат Сабырдың ұйымдастыруымен балалардың мұқтаждығын өтеу үшін 717 500 теңге жиналыпты. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет, құрылыс  басқармалары да алдыңғы лектен көрінді.

Жалпы, биыл шараға демеушілік көрсетушілердің қатары едәуір көбейген. Олардың арасында кәсіпкер де, қарапайым тұрғындар да бар. Екінші ерекшелік, акция барысында оқушыларды тек киім-кешек, оқу құралдарымен ғана емес, сондай-ақ, олардың сапалы білім алулары үшін мектепке қажет дүниелер де алып берілді.

Әнуар Бекмұханбетов пен оның балаларының ізгі істерін ерекше атап өткім келеді. Бекмұханбетовтер отбасы Ойыл ауданындағы Ш.Бекмұханбетова атындағы орта мектепке«УАЗ» автокөлігін және аудио-бейне техникасын тарту еткен.

Жақына облыс әкімі Елеусін Сағындықов 19 мектепке автобус кілтін табыс етті. Бұл да оқушылардың білім алуы үшін жасалып жатқан игі іс, — деді Сара Нұрқатова.

Айта кету керек, жаңа көліктердің берілуінің арқасында облыстағы балалардың тасымалын қамтамасыз ету толықтай шешілді.

Жалпы қайырымдылық шарасы барысында 121 875 227 теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Бұл — материалдық көмекке мұқтаж 15 898 баланың қажеттілігі қамтамасыз етілді деген сөз.

Акция барысында 7 баланың мектепке бармағандағы анықталды. Ата-аналарының немқұрайдылығының кесірінен балалар сабаққа бара алмай отыр.

Қазір балаларды мектеп партасына отырғызу үшін әрекет етіп жатырмыз, — деді облыстық білім басқармасының бастығы Аманғали Құдайбергенов.

«Мектепке жол» шарасының арқасында туу туралы куәліктері жоқ балаларға құжат берілді. Облыстық балалар құқықтарын қорғау департаментінің директоры Күлпаршын Айдарханова Ләззәт Қабақбаеваға 4 жастағы ұлы Санжардың  туу туралы куәлігін табыс етті.

Ләззәт Қабақбаева — жеті баланың анасы. Ол осы уақытқа дейін жеті баласының біреуіне де әлеуметтік жәрдемақы алмаған. Бұған балаларының туу туралы куәліктерінің жоқтығы қол байлау болған. Ләззәт түрлі жағдайларға байланысты құжаттарды рәсімдей алмағанын айтады.  Қазір Ләззәттің екі баласының құжаты дайындалып жатыр. Біз мүмкіндігіміз келгенше, Ләззәтқа балалары үшін берілетін жәрдемақыны алуына көмектесеміз. Және Заречный елді мекенінде оқып жатқан балаларын Қарғалыдағы мектепке ауыстыруына жәрдемдесеміз, — дейді К. Айдарханова.

Өз кезегінде көп балалы ана Ләззәт облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментінің ұжымына, мекеме басшысы Күлпаршын Айдархановаға ризашылығын білдірді.

Балаларымның туу туралы куәліктерін рәсімдей алмай, біраз қиналдым. Қазір облыстық балалардың құқықтарын қорғау департаментіндегі мамандардың  арқасында бұл проблема толық шешіліп отыр. Енді балаларыма тиісті жәрдемақыны да алатын күн алыс емес деп ойлаймын.

«Мектепке жол» акциясы барысында балаларым киім-кешек, оқу құралдарымен қамтылды, — дейді Л. Қабақбаева.

К.Алпысбайқызы қазір 4 баланың туу туралы куәлігі дайындалып жатқандығын айтады. Жалпы, жыл басынан бері аталған мекеме мамандары он шақты баланың құжаттарын рәсімдеуге көмектескен.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button