Спорт

Бесінші жеңістің беделі

Премьер-Лига

«Ақтөбе» өз қақпасына қатарынан төрт тур бойы гол енгізген жоқ

 Бірінші кезеңнің бірінші айналымының соңғы 11-туры жанкүйерлерді ерекше елең еткізді. «Астана» мен «Ертіс» бірінші рет жеңілді. Рас, «Ертістің» «Қайраттан» бір доп айырмашылығымен ұтылғанына түсіністікпен қарауға да болар, ал астаналықтардың 9-орында келе жатқан «Атыраудан» жеңілуі еш команданың да маңдайына тек жеңіс жазылып қойылмағанын тағы бір рет ескертті. Сондай-ақ «Оқжетпестің» өз алаңындағы тең ойыны да көш басындағыларды ешкім еркелетпейтінін аңғартты.

Бірінші кезеңнің бірінші айналымын түйіндейтін турда, біріншіден, «Ақтөбенің» ылғи пенальти (әрине, заңды тағайындалған пенальти) арқылы ғана жеңіске жететіндігі жөніндегі әңгімелерге тосқауыл қойылса, екіншіден, бас бапкер Юрий Уткульбаевтың қорғанысты ғана емес, шабуыл шебін де мығым қалыптастырудағы еңбегі жемісін бере бастағаны дәлелденді.

Рас, 14 мамыр күнгі бұл кездесуде шабуылды әуелі «Шахтер» бастады. Бірақ көпке бармай маңдайлары тасқа соғылды. «Ақтөбе» шапшаң қарсы шабуыл ұйымдастыра қойды. Михаил Петролай жолдаған допты сол қанаттан зуылдай енген Никита Бочаров қақпа маңына әуелете тастап еді, обалына не керек, қақпашы Ярослав Багинский кері қағып үлгерді, бірақ тап сол сәтте сол тұсқа келе қалған Дидар Жалмұқан мүмкіндікті қалт жібермеді, алдына келе қалған допты қақпаға туралай шірене соқты. Осылайша 8-минутта есеп ашылды — 0:1.

Дидар мұнымен шектеліп қалған жоқ. 38-минутта ол қарағандылықтардан қағып алған добын бірден сол қарсыластардың екі қорғаушысының арасында лыпып жүрген Тоқтар Жаңғылышбайға қарай тура тепті де, оны жаңылмай қағып алған Тоқтар қақпаға тікелей тартты. Қорғаушыларға дес бермеген ақтөбелік шабуылшы допты алдынан жүгіре шыққан қақпашының үстінен еш қателіксіз асыра тастады — 0:2.

Екінші таймда алаң иелері есе қайтаруға тырысып бақты. Бірақ жерлестеріміз ең әуелі есепті сақтап қалудың маңыздылығын естен шығармады. Әрине, қарсы шабуылдар да ұйымдастырып отырды. Мысалы, Марат Ситдиковтың оң бұрышқа бағыттаған соққысын Я.Багинский зор күшпен қайтарды, ал Дидар Жалмұқан тепкен доп маңдайшадан сәл биік кетті.

Дегенмен, әсіресе, екінші таймда ақтөбелік қорғаушылар В.Крюков пен К.Куаджаға, Е.Сорокин мен С.Ситдиковқа, қақпашы Самат Отарбаевқа, жалпы тұтас командаға көп тер төгуге тура келді. Мұның алдындағы турда «Ордабасы» командасынан жеңілген, енді шегінерге жер қалмағанын ұққан «Шахтер» алға өңмендей ұмтылумен болды. Бірақ Йозеф Вукушичтің тәтті тәбетінен Юрий Уткульбаевтың сауатты тактикасы әлдеқайда артық болып шықты.

Осылайша «Ақтөбе» командасы мен қақпашы Самат Отарбаев қатарынан төрт тур бойы өз қақпасына гол енгізген жоқ және сол төрт турда қарсыластар қақпасын төрт рет тулатты.

Тағы бір айта кетер жайт, 22 жастағы шабуылшы Тоқтар Жаңғылышбай бұл турда Премьер-Лигадағы 50-ші ойынын өткізіп, қарсыластар қақпасына 6-шы добын енгізді.

«Шахтер»-«Ақтөбе» — 0:2

Гол авторлары: Дидар Жалмұқан, 8-минут (0:1); Тоқтар Жаңғылышбай, 38-минут (0:2).

Ескерту қағазын алғандар: А.Нұрыбеков, 65-минут; Е.Тарасов, 88-минут («Шахтер»).

71-минутта екінші рет ескерту қағазын алған Айбар Нұрыбеков («Шахтер») жасыл алаңнан қуылды.

«Шахтер»: Ярослав Багинский, Деслей Уббинк, Иван Садовничий, Юлиус Сзоке, Эрфан Зенели (Қуаныш  Ермеков, 46-минут), Айбар Нұрыбеков, Игорь Пикалкин (Айдос Тәттібаев, 68-минут), Андрей Финонченко (капитан), Евгений Тарасов, Мақсат Байжанов, Сергей Скорых.

«Ақтөбе»: Самат Отарбаев, Куасси Куаджа, Михаил Петролай (капитан), Егор Сорокин, Марат Ситдиков, Никита Бочаров (Асыланбек Кәкімов ,70-минут), Илья Михалев (Сандро Цвейба, 62-минут), Егор Азовский, Дидар Жалмұқан (Кирилл Шестаков, 82-минут), Виктор Крюков, Тоқтар Жаңғылышбай.

14 мамыр. Қарағанды. «Шахтер» стадионы. 2500 адам.

*   *   *

 Басқа кездесулер:

«Атырау»-«Астана» — 1:0

Гол авторы: Алтынбек Сапаров, 22-минут.

«Оқжетпес»-«Тобыл» — 1:1

Гол авторлары: Нганбе, 16-минут (1:0); Сергей Хижниченко, 88-минут (1:1).

«Тараз»-«Ордабасы» —1:2

Гол авторлары: Филипп Касалица, 21-минут (1:0); Филипп Касалица, 29-минут (0:2);  Малик Мане, 85-минут (1:2).

«Ақжайық»-«Жетісу» — 1:2

Гол авторлары: Еркін Тапалов, автогол, 3-минут (0:1); Олег Хромцов, 80-минут (1:1); Душан Савич, пенальти, 90+1 минут (1:2).

«Қайрат»-«Ертіс» — 1:0

Гол авторы: Исаэль, 22-минут (1:0).

85-минутта Сергей Малый («Ертіс») екінші рет ескерту қағазын алғаны үшін жасыл алаңнан қуылды.

*   *   *

 

11-турдың нәтижелері:

Бұл турда 12 гол соғылды. Алаң иелері 5 гол соқса, қонақтар 7 доп өткізді. 1:2; 1:0 есептері екі реттен қайталанды.

1 доп пенальтиден соғылды, 1 автогол орын алды.

2 кездесуде алаң иелері, 3 ойында қонақтар жеңді, 1 тең есеп тіркелді.

Ең шапшаң гол иелері: Е.Тапалов, 3-минут, автогол («Ақжайық»); Д.Жалмұқан, 8-минут («Ақтөбе»); Нганбе, 16-минут («Оқжетпес»).

Кездесулер барысында 27 ескерту қағазы көрсетілді, 2 ойыншы жасыл алаңнан қуылды.

Мергендер көшінің басында 7 гол соққан Роман Муртазаев («Ертіс») тұр.

Чемпионат басталғалы 65 кездесу өтті. 31 ойында алаң иелері жеңіске ие болса, 20 тайталаста қонақтар басым түсті, 14 кездесу тең есептермен аяқталды. Қақпаларға 141 гол соғылды (алаң иелері — 78, қонақтар — 63), сөйтіп, әр кездесуде қақпаларға орта есеппен 2,16 гол енді.

Бұл турда чемпионат басталғалы 2:0 есебі оныншы рет, 1:1 есебі бесінші рет қайталанды.

 

Біздің мергендеріміз:

Самат Смақов — 4 гол (үшеуі — он бір метрлік айып добы);

Никита Бочаров — 2;

Тоқтар Жаңғылышбай — 2;

Дидар Жалмұқан — 2 (1);

Бобир Давлатов — 1;

Асланбек Кәкімов — 1.

Бірінші айналымда «Ақтөбе» өз алаңымызда 4 кездесу өткізіп, 3 ойында жеңіске жетті, 1 тең ойын нәтижесі тіркелді, ұтылған жоқ. Доп айырмашылығы — 6:3. Ұпай — 10. Сырт алаңда 7 ойын өткізіп, 2 кездесуде жеңіске жетті, 2 ойынды тең аяқтады, 3 рет ұтылды. Доп айырмашылығы — 6:9. Ұпай — 8.

 

ТУРНИР КЕСТЕСІ

 

Команда      О         Ж        Т         Ұт       Д         Ұп

 

1.Астана      11       9          1          1          16-6      28

2.Ертіс          11       8          2          1          22-6      26

3.Оқжетпес 11       6          2          3          16-7      20

4.Ордабасы 11       6          2          3          16-14    20

5.Ақтөбе       11       5          3          3          12-12    18

6.Қайрат       11       5          2          4          12-8      17

7.Тобыл        10       3          3          4          13-13   12

8.Атырау      10       2          4          4          6-10      10

9.Шахтер      11       2          3          6          4-13      9

10.Жетісу     11       2          3          6          11-20    9

11.Ақжайық 11       2          1          8          4-15      7

12.Тараз       11       1          2          8          9-17      5

 

*О — ойын, Ж — жеңіс, Т — тең, Ұт — ұтылыс, Д — доп айырмашылығы, Ұп — ұпай.         

*   *   *

 

21 мамыр, сенбі күні өтетін бірінші кезеңнің екінші айналымының алғашқы ойынында, 12-турда «Ақтөбе» өз алаңымызда «Тараз» командасын қабылдайды. Бірінші айналымда тең ойын нәтижесі тіркелген болатын: 1:1.

Басқа ойындар:

21 мамыр, сенбі

«Астана» (Астана) — «Ордабасы» (Шымкент)

«Ертіс» (Павлодар) — «Ақжайық» (Орал)

«Қайрат» (Алматы) — «Оқжетпес» (Көкшетау)

«Жетісу» (Талдықорған) — «Шахтер» (Қарағанды)

«Тобыл» (Қостанай) — «Атырау» (Атырау)

 Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button