ДенсаулықЖаңалықтар

ВИЧ «құрығына» іліккендердің 70 пайызы жыныстық жолмен жұқтырған

Брифинг

 «Ақтөбе ақпарат» орталығында облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың бас дәрігерінің орынбасары Айбарша Төребава баспасөз брифингін өткізді.

Ақтөбе облысында алғаш рет адам иммун тапшылығы вирусы, яғни АИТВ 1989 жылы тіркелген.  Сол жылдан бастап жыл сайын тіркелгендер саны өсіп барады.  Қазіргі кезде облыста 348 адам АИТВ дертіне шалдықса, оның 268-і — ел азаматтары.

— Әсіресе, Мәртөк, Хромтау, Қарғалы секілді көрші мемлекетпен шекаралас аудандарда  жиі анықталады. Ал Байғанин мен Ойыл ауданында мүлде тіркелмеген. Бір анықталғаны, қазір жұмысы бар, тұрмыс жағдайы жақсы адамдардың арасында ВИЧ жұқтырғандар саны өсіп барады,— деді Айбарша Төребаева.

Өзге облыстармен салыстырғанда Ақтөбе өңірі жұқпаның таралуы ең төмен аймаққа жатады, яғни он үшінші орынды алады. Биылғы жылы АИТВ жұқпасын жұқтырған он адам тіркелген. Олардың негізгі бөлігі 15-49 жас аралығындағы тұрғындар. Аталған дертке шалдыққандардың 30 пайызы есірткі арқылы, 70 пайызы жыныстық жолмен жұқтырған. Облыста тіркеуде тұрған 35 әйел жүкті болған. Оның ішінде үш баладан да осы ауру белгісі анықталған.  Сондай-ақ бір балаға ана сүті арқылы АИТВ жұққан.  Айбарша Төребаеваның айтуынша, соңғы жылдары жыныстық жолмен жұқтырғандар көп. Орталық қызметкерлері алдын алу жұмыстарын жүргізгенімен нәтиже шамалы.

Сондай-ақ  орталық мамандары  гомосексуалистер арасында да арнайы жұмыстар жүргізеді.

Ерлер мен ерлер арасындағы жыныстық қарым-қатынас кезінде 6 адам АИТВ жұқтырған. Бұған дейін бұндай  азаматтармен мемлекеттік емес ұйымдар жұмыс істеді. Ал қазір ондай ұйым жоқ. Біз өз тарапымыздан  әдістемелік нұсқауларға сәйкес бағалау жұмыстарын жүргізген кезде олардың саны 300 екені анықталды.

Түрмеде отырған азаматтарға да тексеру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі күні жазасын өтеушілердің ішінде алпыс адам аталған дертке шалдыққан. Олардың барлығы жүйелі ем алып жатыр. Жалпы бұл дерт адамның жасына, қызметіне, дәрежесіне қарамайды. Ауруды кез келген адам жұқтыруы мүмкін, — деді Айбарша Төребаева.

АИТВ-ны анықтау үшін құпия және ерікті түрде учаскелік емханаңызда және ЖИТС орталығында  қан тапсыруға болады.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button