ЖаңалықтарЭкономика

Бюджет қаржысы қаншалықты орнымен жұмсалады?

Облыстық мәслихаттың экономика, қаржы, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясының және «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының кеңейтілген отырысында облыс әкімдігінің өткен жылы облыстық бюджетті атқаруы жайы қаралды.

Комиссия отырысына облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов қатысты.

Жиынға төрағалық еткен депутат Аркадий Ни мәселенің маңыздылығын еске салып, облыстық қаржы басқармасының басшысы Алтын Дәулетованың баяндамасын тыңдауды ұсынды.

Баяндамашының айтуынша, облыстық бюджет түсімдері бойынша 120 миллиард 193 миллион 920,3 мың теңгені құраған. Шығындар мөлшері — 117 миллиард 124 миллион 156,7 мың теңге. Республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер 99,9 пайызға игерілген.

Өткен жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында ҚР Ұлттық қорынан облысқа 10 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қаржыға «Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту», «Индустриалдық, энергетикалық инфрақұрылымды дамыту, шағын және орта, сондай-ақ іскерлік белсенділікті қолдау», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй құрылысын жаңғырту» және мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында мемлекеттік білім беру тапсырмасын іске асыру бағдарламалары бойынша жұмыстар атқарылды.

Асылтұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігін және сапасын арттыруды субсидиялауға қаралған 232 миллион теңге толығымен игерілді.

Ақтөбе қаласындағы «Нұр Ақтөбе» ауданында, Кірпішті поселкесінде, Заречный-3 аумағында орта мектептер, Қарғалы селосында балалар бақшасы пайдалануға берілді. Алға қаласында «Молочные истории» ЖШС ет өңдеу кешені үшін инфрақұрылым салу, Мәртөк ауданында сүт-тауарлы фермасы үшін суармалы алаңдарды кеңейту, Ақтөбе облысының индустриалды аймағын құру шаралары жүзеге асты.

Қысқасы, баяндамада күн тәртібіндегі мәселе жан-жақты қамтылғандай болды. Алайда комиссия мүшелері бұған қанағаттана қойған жоқ. Олар белгілі бір бағдарламалар бойынша бөлінген қаржылардың игерілуі, орындаушылардың жауапкершілігі туралы сауалдарды алға тартты. Баяндамашы бұл сұрақтардың барлығына бірдей жауап таба алмай, «кейбір анықтамаларды кейін беремін» деп жауап қатуға мәжбүр болды. Алайда оған облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Рузия Айдашева  көмекке келіп, бірқатар мәселелерді нақтылап айтып берді.

Мәселе тереңдей келе бюджет қаржысы қаншалықты орнымен жұмсалады деген сауал туындады. Комиссия отырысына қатысқан облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Сағат Еңсегенұлы бір миллиард теңгеден астам қаржының тәртіп бұзушылығы анықталғанын жеткізді.

…Комиссия отырысына қатысқан депутаттар бюджет қаржысының жұмсалуындағы орын алған кемшіліктерге қатысты тиісті мекемелердің басшыларын сұрақтың астына алып, бұл мәселеде өздерінің ымырашылдық танытпайтындықтарын айқын білдірді. Халық қалаулылары бюджеттік қаражаттарды басқару жөніндегі қызметтің тиімділігін бағалауға, бюджетті атқару, мемлекеттік сатып алуды өткізу мәселелеріне қатысты сұрақтарды алға тартты.

Алдағы комиссия отырысында облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Сағат Еңсегенұлының есебі тыңдалып, депутаттар өздері үшін көкейлерінде тұрған көптеген сауалдардың жауабын таппақшы. Күн тәртібіндегі тақырып одан кейін облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында тиянақталады.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button