Басты жаңалықтарДенсаулық

Алты адамға тегін ота жасалды

Туған жерге тағзым

 Соңғы жылдары Елбасымыздың бастамасымен көптеген баянды бағдарламалар мен жағымды жобалар іске асып, халық игілігіне арналып келеді. Жыл сайын осындай шарапатты шаралардың арқасында әсіресе ауылдар мен елді мекендердің ахуалы біршама жақсара түсті.

Аталмыш жобаның жемісін ойылдықтар көрді. «Туған жер — алтын бесігім» акциясын іске асыруда Ойылдан шыққан елге танымал, еңбегі сіңген тұлғалар мен кәсіпкерлерді ауданның әлеуметтік дамуына үлестерін қосуға шақырған шара ерекше болды. Әрине, мұндай шараға қатысқан атымтай жомарттар көбіне демеушілік көрсетіп, болмаса қажетті нәрсені ақшалай немесе заттай беріп, туған жерге көмегін осылай берер еді.

Ал өткен аптадағы азаматтардың туған елге істеген жақсылықтары бөлекше болды. Өйткені олар өз еріктерімен адам өміріне тікелей араша түсуге бел байлап, үлкен жауапкершілікті арқалады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас хирургі Ерлан Сұлтангереев бастаған бір топ мамандар Ойылға келіп, аудандағы бірнеше сырқатқа тегін ота жасады. Ота жасайтын арнайы лапороскопиялық қондырғыны өздерімен бірге ала келген олардың жасаған оталарының барлығы да сәтті өтті. Аудандық аурухана басшылары облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесе отырып істеген істері бір күнде алты адамды жандарын жеген азаптан құтқарды.

Тегін ота қарапайым  науқастар үшін баға жетпес сый болды. Өйткені қандай да бір аурудың емі болғанымен, қазір барлығы қомақты қаражатқа келіп тіреледі… Ауданның бас дәрігерінің айтуынша, бұл жасалған барлық отаның әрқайсысының құны қаладағы кез келген клиникада 100 мың теңгеден кем емес.

Ауданға келген ақ халатты меймандарға арналған мерекелік шарада сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Асқар Қазыбаев өзінің ыстық ықыласын білдіріп, алғысын айтты. Одан кейін сөз алған Ойыл ауданының құрметті азаматы Тұрар Шериязданұлы осындай игілікті істің ұйымдастырушысы болғандарға ризашылығын айтып, жиылғандарға бір кездері қызмет жасаған, жұмыстас  болған  жандар туралы, қиындығы мен қызығы мол шақтардың естеліктерін айтты. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медецина университетінің кафедра меңгерушісі, профессор, медицина ғылымының докторы Базылбек Сағидоллаұлы қайда жүрсе де туған жердің ыстық болатынын, осынау шараға келіп отырған барлық жандарды жетелеп әкеліп отырған да туған елге деген ыстық ықыласы екенін жеткізді.

 Самат НАРЕГЕЕВ,

Ойыл ауданы.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button