Билік

Қазақстан дағдарыстан кейінгі дүниеде: БОЛАШАҚҚА ИНТЕЛЛЕКТУАЛДЫҚ СЕКІРІС

Кеше Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы күндерде 75 жылдығын атап өтіп жатқан Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болып, мерекелік шараларға қатысты.  Соның ең бастысы – Елбасының университеттің профессорлар мен оқытушыларына және студенттеріне арнап оқыған дәрісі телекөпір арқылы еліміздің барлық жоғары оқу орындарында көрсетілді.

Құрметті ректор мырза, профессорлар,

оқытушылар мен студенттер, қонақтар!

Бүгін сіздермен жүздесіп отырғаныма өте қуаныштымын. Университеттің 75 жылдық мерейтойы құтты болсын.

Қазақтың Әл-Фараби атындағы ұлттық университеті 75 жыл ішінде талай асу­лар­дан, күрделі кезеңдер мен қилы жолдар­дан өтті. Осы жылдар ішінде мың-мың­даған қазақстандық жастар білім алды, ар­мандарын асқақтатып, қияға қанат қақты.

Ел аузындағы кеше мен бүгінгі айтулы ғалымдарымыз өздерінің ұлттық тарих, экономика мен мәдениетке қатысты іргелі зерттеу еңбектерін осы университет қа­быр­ғасында жазып, ел игілігіне айналдырды.

Математика, физика, басқа да жараты­лыс­тану салалары бойынша ауқымды ғы­лы­ми жұмыстар осы жерде іске асырылды.

Мен өзімнің сөзімде кейбір ғалымдар­ды, осы істі бастаған азаматтарды атап өт­кім ке­ліп еді, бірақ, олар өте көп. Сон­дық­тан бар­лығын бүгінгі мерейтоймен құттықтаймын.

Ел тағдырына қатысты күрделі кезең­дерде университет ұжымы аса маңызды тарихи оқиғаларды да бастан кешірді.

1986 жылғы 16 желтоқсанда елдің еркіндігі үшін, ұлттың теңдігі үшін жан­дарын шүберекке түйіп, кеңестік жүйеге қарсы шыққандар да осы оқу орнының оқытушылары мен студенттері болатын.

Бүгінгі таңда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – тәуелсіз Қазақстанның кадрлар дайындайтын негізгі орталығының бірі деуге әбден болады.

Дәл қазірдің өзінде республикамыздың басқару жүйесінде отырған білікті ма­ман­дар мен талантты ғалымдардың, дарынды педагогтардың үлкен тобы осы киелі шаңырақтан шыңдалып шыққандар.

Университет түлектері байтақ Отаны­мыз­дың барлық түкпірінде жеңісті де же­місті қызмет етіп жатыр.

Осы жиында бас қосып отырған бә­рі­ңізді, университеттің оқытушылары мен сту­денттерін, сондай-ақ әр жылдарда осы оқу орнында қызмет істеген ұстаздар мен білім алған түлектердің баршасын бүгінгі ме­рейтоймен шын жүректен құттық­таймын!

Еліміздің мүддесі үшін атқарып жат­қан еңбектеріңізге зор табыстар тілеймін.

І. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – жаңа Қазақстанның білімі мен ғылымының алдыңғы шебі

Қымбатты достар!

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қалыптасу мен дамудың күрделі жолынан өтті. Бұдан 75 жыл бұрын ол бар-жоғы шеткі аймақтағы жоо-лардың бірі еді. Алғашқы қабылданған студенттер 50 адам болып, оларды 25 оқытушы оқытқан.

Ғасырдың үш ширегінде университет тәуелсіз елдің жетекші ғылыми және білім беру орталығына айналды.

Мұнда 20 мыңға жуық адам оқиды. Соның ішінде 1000-ға тарта студент алыс және жақын шетелден келгендер.

Студенттерге өздерінің тәжірибесі мен білімін 27 академик, 300 профессор мен доктор, 800-ден астам ғылым кандидаттары беріп келеді. Қазақстан ғылымының да­муы­на ҚазҰУ-да жұмыс істейтін ғылыми мектептер, профессор-оқытушылар ұжы­мы зор үлес қосып отыр.

Үздік студенттерге арнайы тағайын­дал­ған президенттік шәкіртақы төленеді.

2004 жылы менің бастамам бойынша университет кешенін одан әрі дамыту және салу бағдарламасы қабылданды.

Жаңа ғана мен жалпы ауданы 27 мың шаршы метр, ең жаңа құралдармен жасақ­тал­ған химия факультетінің жаңа оқу корпусын аштым.

Таяудағы уақытта тағы үш факуль­тет­тің – механика-математика, физика және гео­графия факультеттерінің жаңа ғи­ма­раттары іске қосылатын болады. 2 мил­лион оқу және ғылыми әдебиет томдарына арналған іргелі кітапхананың құрылысы аяқталып келеді. Тұтастай алғанда таяу­дағы екі жылда 100 мың шаршы метрге жуық жаңа алаңдар салынады.

Университетті 2020 жылға дейінгі да­мы­тудың бас жоспарына сәйкес емханасы және стационары бар жастардың ден­сау­лық орталығын, мәдени-тұрмыстық орталық салу көзделуде.

Жаңа нысандар қиын уақытта салынып жатқаны және сапалы білім мен ғылым­сыз Қазақстанның болашағы жоқ екенін тү­сіне отырып, мемлекеттің бұл үшін қара­жат тауып отырғаны атап айтарлықтай.

Біз сіздермен алғаш рет кездесіп отыр­ған жоқпыз. Біздің барлық кездесулері­міз­де елімізді дамытудың проблемалары талқыланған болатын.

Бүгінде біздің бәрімізді дағдарыстан кейінгі дүние қандай болатыны толған­ды­ра­ды. Берігірек болып, кез келген қиын­дық­тарға төтеп беру үшін, Қазақстанды жаңа биіктерге көтеру үшін біз не істеуі­міз керек? Бұл жөнінде бүгінгі дәрістің аясында әңгіме қозғағым келеді.

ІІ. Әлемдік дағдарыс: себептері мен көздері

ХХІ ғасырдың алғашқы он жылдығы аяқталып келеді. Ол бүкіл әлем үшін сы­нақ сипатында болды. Ауқымды лаңкестік шабуылдар, Ауғанстандағы, Ирак пен Кавказдағы соғыс операциялары, Таяу Шығыстағы және Африкадағы жанжал ұшқындары, әлемнің бірқатар елдеріндегі этносаралық қақтығыстар – мұның бәрі үшінші мыңжылдықтың алғашқы жыл­дары­ның мазасыз беттері.

Жаһандық қаржы-экономикалық дағ­дарыс әлем үшін елеулі сынақ болды. Адам­зат тарихтың шұғыл бұрылыстары­ның себебі болған экономикалық құл­дырауларды талай рет бастан кешсе де бұл дағдарыстың ауқымы мен салдарлары бұрын-соңды болған емес.

Тек соңғы жүз жылда оннан астам әр­қилы тереңдіктегі дағдарыстар болды. Бұл – жаһандық соғыстарға соқтырған ХХ ға­сыр­дың басындағы экономикалық күй­зе­лістер де, Кеңес одағының ыдырауын туындатқан бүкіл социалистік жүйенің 70-80-ші жылдардағы дағдарысы да, 90-шы жылдардың аяғындағы Азия дағдарысы да әлемдік экономиканы сілкілеп өтті.

Алайда бұл жолғы дағдарыс – жаңа дең­гейдегі құбылыс. Ол бүкіл әлемнің эко­номикасын қамтып отыр. Әлемдік эко­номиканың осы жолғы жаһандық дағ­да­рыс салдарынан шеккен зардабының кө­лемі 3,5 триллион долларға бағаланып отыр.

Қазір көптеген сарапшылар, талдама­шы­лар, ғалымдар дағдарыстың туындау себептерін іздестіріп, ең қайран қаларлық болжамдар жасауда.

Бірақ та дағдарыстың негізінде адам­ның мәңгілік кінәраттары – ашқарақтық, иман­сыздық және жауапсыздық жатқанын мойындауға батылы жететіндер табыла қоймас.

2007 жылдың аяғында алыпсатарлық мәмілелердің жалпы көлемі 14 триллион доллардан астамды құрады. Ондаған олигархтың байлыққа құнуғышылығы миллиондар үшін қасірет болып оралды.

Халықаралық мамандардың бағалауы бойынша, дағдарыспен күреске әлемде қазірдің өзінде 10 триллионнан астам АҚШ доллары жұмсалған.

Қазіргі кезде әлемдік экономикалық ахуалдың біршама жақсарғаны туралы белгілер беріліп жатыр.

Бірақ та, тұтастай алғанда, мынаны айтуға болады, алдағы кезеңде әлемдегі экономикалық ахуал айтарлықтай әлсіз болып, дағдарыстың жаңа толқынының қатері сақталады.

ІІІ. Қазақстандағы дағдарысқа қарсы шаралар

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде бірін­ші болып жаһандық дағдарыс салдар­лары­мен бетпе-бет келді.

Еліміздің өз қарыздарымен есептесе алмаған жетекші банктерін банкрот­тық­тан дереу құтқаруға тура келді. Арзан ақ­ша­ларды тойымсыздықпен және бақы­лау­сыздықпен қарызға алып, сол арқылы бай­лық таппақ болған біздің банктер қиын жағдайда қалды. Банкирлердің кей­бірі алаяқтар мен ұрылар болып шығып, банк қаражатын меншіктеп алған. Он­дай­лар­мен қазір құқық қорғау органдары айналысуда.

Қазақстанның экспорты жартысына дер­лік қысқарды. Шағын бизнес несиелік қаражатсыз қалды. Жүз мыңдаған еңбек­кер­лер жұмыс орнын жоғалту шегіне жетті.

Осындай жағдайда біздің шешімдері­міз нақты да дер уақытында болды. Қазақ­станда тұрақтандырушы шаралар пакеті қабылданды, Ұлттық қордан қо­сым­ша 10 миллиард доллар бөлінді. Мем­ле­кеттің әлеуметтік міндеттемелері сақ­та­лып қана қойған жоқ, сонымен бірге ұл­ғайтылды, перспективалы инвестициялық жобалар анықталды.

“Жол картасы” және Өңірлік жұмыс­пен қамту стратегиясы қабылданды.

Бүгінде енді “Жол картасын” және дағ­дарысқа қарсы шаралардың бүкіл кеше­нін іске асырудың алғашқы қорытын­ды­ларын шығаруға болады.

400 мыңға тарта жаңа жұмыс орын­дары ашылды.

200 мыңнан астам адам қайта даяр­лық­тан өтіп, қоғамдық жұмыстарға қаты­сушылар болды. Соның нәтижесінде біз­дегі жұмыссыздық деңгейі 6 пайызға дейін төмендеді, ал көптеген елдерде ол еселеп өсті.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым нысандарын жаңғыр­ту жөнінде ауқымды жұмыс жүргізілді.

Денсаулық сақтаудың, білім берудің 1500 дерлік нысаны және әлеуметтік инфрақұрылымның басқа да нысандары жөнделді.

Мың шақырым жол салынып, қайта жарақтандырылды.

Қаражат әрбір ауыл мен селоға дейін жетті, бұрын мұндай болмайтын. Осындай бұрын-соңды болмаған шараларды ел халқы зор ризашылықпен қарсы алды.

Үстіміздегі жылдың екінші тоқсанын­да шағын және орта бизнес секторындағы өндірістің көлемі 14 пайызға өсті.

Агроөнеркәсіптік кешенге қолдау білдіру егін жинау науқанын ойдағыдай аяқтауды, ауылшаруашылық өнімдерін өңдеудің көптеген нысандарын салуды қамтамасыз етті.

Астықтың бункерлік салмақтағы жалпы жиынтығы 22 миллион тоннаға жуықты құрады. Бұл соңғы бес жылдағы екінші рекордтық орақ.

Тұтастай алғанда Қазақстанның қаржы жүйесінің жалпы тұрақтылығына қол жеткізілді.

Банк жүйесіне қолдау білдіруге 476 миллиард теңге бөлінді. Соның өтеміне мемлекет елдің жетекші банктерінің ірі акционеріне айналды.

Мемлекеттің қолдау білдіруі арқасын­да алданып қалған 40 мыңнан астам үлес­кердің проблемалары шешілуде.

Тұтастай алғанда ел экономикасына дағ­­дарысқа қарсы мақсаттарда 2,7 трил­лион теңге немесе ІЖӨ-нің 14 пайызы жұмсалды.

Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Доминик Стросс-Кан біздің елімізде болып, былай деп атап өткен еді: “егер барлық шаралар іске асатын болса, онда 2009 жылдың аяғында сіздердің экономика өз проблемаларын еңсере алады”. Осындай пікірді көптеген сарапшылар ұстанады.

Бастысы, дағдарысқа қарсы шаралар қо­ғамнан қолдау тапты. Мен еліміздің көп­теген өңірлерінде болдым. Сонда бар­лық жерде халықтың қолдауы мен Қазақ­стан­ды дамытудың жаңа алып жоспар­ла­рын орындауға кірісуге әзірлігін сезіндім.

“Нұр Отан” партиясының ХІІ съезінде Қазақстанды жедел индустриялық-инновациялық дамыту міндеті қойылды.

Мен инновациялық индустрияландыру­дың жеті басымдығын анықтадым. Олар:

– аграрлық секторды технологиялық қайта жарақтандыру және кең ауқымда жаңғырту;

– құрылыс индустриясын және құрылыс материалдары өндірісін дамыту;

– мұнай өңдеуді және мұнай-газ секторының инфрақұрылымын дамыту;

– металлургияны және дайын металл өнімдерін өндіруді дамыту;

– химия, фармацевтика және қорғаныс өнеркәсібін дамыту;

– “таза” энергетиканы жасауды қоса алғанда энергетика саласын жаңғырту және дамыту;

– көлік және телекоммуникация инфрақұрылымын дамыту.

Осының нәтижесінде 7 триллион тең­ге­ден астам немесе біздің ұлттық өні­мі­міздің 50 пайызы дерлік көлемінде жылдық қосымша құн қосымша жасалатын болады.

Бұл – өршіл, қажетті де лайықты мін­дет. Осының арқасында біз қазақстан­дық­тардың әл-ауқаты одан әрі жақсаруы үшін жағдай жасаймыз.

ІV. Әлемді дамытудың дағдарыстан кейінгі трендтері

Меніңше, осы дағдарыс бүкіләлемдік тарихтың бетбұрыс оқиғасына айналады. Әлемді дағдарыстан кейінгі дамытудың мынадай трендтері барынша айқын болып табылады.

Бірінші – әлемдік валюта жүйесінің трансформациясы.

Өз көзқарасымды мен бүкіл әлемнің сарапшы топтарында айтарлықтай қызы­ғушылық туғызған “Дағдарыстан шығу кілті” және “Бесінші жол” атты мақа­ла­ларымда егжей-тегжейлі баяндадым.

Жаһандық дағдарыс себептерінің бірі қазіргі әлемдік қаржы жүйесінің ақаулығы болып табылады деп санаймын. Ол соңғы 50 жылда іс жүзінде ауыстырылған жоқ және әлемдік дамудан қалып қойды.

Жаһандық дағдарыстан шығу жаңа қар­жы құралдарына міндетті түрде көшуде екендігіне сенімдімін. Таяудағы болашақ­тың өзінде әлемдік өңірлік валюталардың сапалық жаңа санаты енгізілетін болады.

Мәселен, 2010 жылдың 1 қаңтарынан Америка үшін Боливар Альянсы елдерінің ұлтүстілік электрондық есеп айырысу-төлем бірлігі – “сукренің” айналымға енгізілуі жоспарланған.

Бразилия мен Аргентина МЕРКОСУР ұйы­мы аясында өңірлік валюта құруды ұсы­нуда. АСЕАН елдері өңірлік валюталар се­бетіне байланған валюта бірлігін ұсынады.

Дағдарыстан кейінгі сценарийлердің бірі бойынша әлемдік экономика энерге­ти­калық байланыстар мен туризмді ғана сақтай отырып, өңіршілдік соққысынан ыдырап түсуі мүмкін.

Мен сондайлық пессимист емеспін. Меніңше сайып келгенде әлем адамзат тарихындағы тұңғыш заңды және жария бірыңғай жаңа әлемдік валютаны жасауға келетін болады.

Бұл идея әлемде барған сайын бел­сен­ді таралуда. Көптеген саясатшылар, қоғам қайраткерлері, ғалымдар оған қолдау білдіруде.

Мысалы, олар – экономика бойынша нобельдік лауреаттар Эдмунд Фелпс пен Роберт Манделл, мен олармен жуырда Астанада әңгімелестім.

Олар – жетекші ресейлік ғалымдар, экономистер және басқалары. Бұл мәселе G8 және G20-ны қоса алғанда саммиттер мен форумдардың күн тәртібіне қазірдің өзінде енгізілуде.

Мұндай жаһандық проблеманы шешу интеллектуалдық күш-жігер мен уақытты та­лап етеді. Бұл ретте қазіргі валюта жүйе­сінің пайдасына үйреніп қалған элиталардың зор қарсылығы болады.

Әлемнің таяу уақыттарда осынау кө­кей­кесті мәселеге бірегей көзқарас қалып­тас­тыратынына менің сенімім мол. Оның әлемдегі жаһандық дағдарыстардың жиі­лі­гі мен өткірлігін төмендететіні айдан анық.

Дағдарыс алдындағы екінші тренд – күштерді әлемдік жаңаша орналастыруды қалыптастыру.

Жаһандық басқару дағдарысы қазіргі эко­номикалық сілкіністердің зардап­тары­ның біріне айналып отыр.

Белгілі тарихшы Чарльз Киндлбергер Ұлы депрессия себептеріне талдау жасай отырып, шиеленісті маңызды кезеңде әлемдік көшбасшылықтың болмауын солардың бірі ретінде атады.

Көптеген факторлар тарихтың бүгінде қайталанып отырғанын көрсетіп отыр. АҚШ пен өзге де ірі мемлекеттерге әлемдегі ықпалдылықты жаңа күштердің орталығымен бөлісуге тура келеді.

Мынадай дәйек келтірейін. 2001 жылы “Голдман сакс” банкінің жетекші эко­но­мисі Джим О Нил БРИК атты қысқар­тыл­ған сөзді өзінің талдамалық жазбаларында тұңғыш рет қолданды.

Бразилияның, Ресейдің, Үндістанның және Қытайдың басшылары өз ұстаным­дарымызды үйлестірген жаман болмас еді деген ұйғарымға келді. Сөйтіп 2009 жыл­дың мамырында Екатеринбургте БРИК-тің алғашқы саммиті өтті.

Жиырма жылдан кейін БРИК елдерінің жиынтық ІЖӨ-сі “Үлкен жетілік” елдері­нің жиынтық ІЖӨ-сінен асып түседі деп күтілуде.

2050 жылға қарай экономикалық да­мы­ған елдердің алғашқы бестігінде батыс елдерінен тек АҚШ қана қалады. Оның өзі де – қазіргі дағдарыс кезеңінде тұрақ­ты­лықтың өзіндік бір аралына айналған Қытайдан кейінгі екінші орында.

Үндістан да дағдарыстан салыстырма­лы түрде қолайлы жағдайда өте алады. Ел­дің сыртқы капиталға күшті тәуелділігі жоқ және өзінің даму бағдарламасын жүзеге асыруда.

Бразилия да дағдарысты сәтті жеңе білуде. Бразилияның қуатты табиғи және интеллектуалдық ресурстарға ие, үлкен және ырғақты дамып келе жатқан ел екенін айту қажет.

Ресей де дағдарыстан нығайып шығады.

Бейжің Олимпиадасы қарсаңында “Уолл стрит джорнал” газетінде Ұлы­британияның экс-премьер-министрі Тони Блэрдің мақаласы жарық көрді. Онда “Бір­не­ше ғасырлар бойы күштер Батыста шо­ғыр­ланды… Енді бізге ықпалдылықты Шы­ғыспен бөлісетін әлемде өмір сүру жағ­дайларымен келісуге тура келеді” деген қо­рытынды жасалған. Осынау саясаткердің пікірінше, бұл тәжірибе Батыс үшін бей­таныс, тіпті өкінішті де болмақ.

Осылайша, дағдарыс әлемдік эконо­миканың трансформациялану үдерісін айтарлықтай тездетті.

Дегенмен, саясат болмаған жерде эко­номика тек ғылым ғана болар еді. Сон­дықтан бұл үдеріс әлемдегі шынайы гео­сая­си көптүрліліктің қалыптасуымен қоса қабат жүретін болады.

Дағдарыс алдындағы әлемнің үшінші тренді – экономикада энергия үнемдеуге көшу.

Бүгінде неғұрлым дамыған елдер қауіпсіз, таза және сарқылмайтын дамуға көшу міндетін қойып отыр.

Америка Президенті Барак Обама айт­қан­дай, “ХХІ ғасырда таза энергия өндіру­де әлемдік көшбасшылыққа жеткен ел, ХХІ ғасырдағы жаһандық экономикада да көшбасшы болады”. Бұл айтылғанмен келіспеу қиын.

Бұл орайда балама, төмен көміртекті энер­гетика перспекивалы бағыт болып та­бы­лады. Бүгінде әлемде көмірқышқыл газын отынға және мұнай-химия өнім­де­рі­не айналдыру жөніндегі жобалар бел­сен­ді талдануда. Таяу уақыттарда шыға­рын­дылары нөлге тең электр станса­лары­ның пайда болатынына сенімім мол.

“Сутегі энергетикасын” дамытуда да зерттеулер жүргізілуде. Оңтүстік Корея қазірдің өзінде “Сутегі экономикасына” көшу жоспарын жүзеге асыруда және 2040 жылға қарай ІЖӨ-нің 8 пайыз өнімін сутегінен өндіруді жоспарлап отыр. Үндістанда, АҚШ пен ОАР-да да белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Күн, жел, геотермальды, гидроэнергия және биомасса сияқты энергияның қайта қалпына келетін көздері отынның дәстүрлі түрлеріне қатысты барған сайын құнды бәсекелестік қабілетке ие болуда.

Бірақ, сонымен бірге, көмірсутегі энергия тұтынудың жалпы құрылымында әлі де жетекші рөл атқара беретін болады. Сондықтан әлем өндіріске инновациялық технологиялар енгізуде, мұнай мен газ өндіру мен пайдаланудың экологиялық зардаптарын қысқартуда неғұрлым белсенді іс-қимылдар күтіп отыр.

Осы технологиялардың бәрі әрбір жеке адам үшін нені білдіреді?

Ең алдымен, біз көп ұзамай энергия үнем­дейтін өмір салтына көшетін боламыз. Біз болсақ, елде әлі электр энергиясын, жы­л­уды, суды және басқаларды шындап үнем­деуге әлі көшкен де жоқпыз. Мұны таяу уақыттарда жүзеге асыруға тура келеді.

Энергияның арзан көздері келмеске кетуде. Болашақта күн батареялары, энер­гия үнемдейтін шамдар, сутегі отынымен жүретін автомобильдер, электромобильдер пайдаланылатын болады. Сондықтан ком­паниялар мен кәсіпорындардың барлық басшылары, елдің барлық азаматтары осы ағымды ескеріп, энергияны қалай сақ­тауға болатындығы жөнінде ойланулары керек.

Энергия үнемдеудің өсуі әлемдік экономикада энергия сыйымдылығының төмендеуіне, ал оның соңы оның дамуы мен тұрақтылығына апаратын болады.

Дағдарыс алдындағы әлемнің төртінші үрдісі – экономикадағы мемле­кеттің рөлі мен маңызының артуы.

Қазіргі дағдарыс көптеген адамдарды экономикадағы мемлекеттің рөлі туралы ойлануға мәжбүрледі.

Францияның бұрынғы премьер-ми­нистрі Лионел Жоспен енгізген “химия­лық таза капитализм” термині балағат сөзге айналды.

Кейнстің беделі өсіп шықты, эконо­мис­тер оның “Жалпы теориясының” ескі даналарын сөреден қайтадан алуда. Карл Маркс қайтадан оқылуда. Тіпті ықпалды “Ньюсуик” апталығының өзі “біздің бәрі­міз де енді социалистерміз” дегенді өз беттерінде жазып жатыр.

Еш жерде және ешқашанда мемлекеттің шешуші түрде араласуынсыз модернизация­ның болмағандығын тарих та растап отыр. Дағдарыс оны тағы да дәлелдеді.

Нарық экономикасы, меншікті қорғау және шағын бизнесті дамыту біздің эко­номикамыздың негізі болып қала береді.

Бірақ дағдарыс қарсаңындағы кезеңде мемлекеттің рөлі өнеркәсіптен бастап әлеу­меттік салаға дейінгі салалардың бәрін­де де күшейетін болады.

Сол арқылы мемлекеттік басқарудың са­пасына және мемлекеттік функция­лар­ды жүзеге асыратын адамдарға қатысты талаптар өсе түседі.

Неғұрлым кеңірек мағынада алғанда бұл, яғни бүтіндей алғанда адами капи­тал­дың сапасына талапты күшейту – дағ­да­рыс алдындағы әлем дамуының бесінші тренді.

Адами капиталға айтарлықтай инвес­ти­циялар салмайынша ешқандай эко­но­ми­ка табысты дами алмайды. 1943 жыл­дың өзінде-ақ “ақыл империясы болашақ империясы болмақ” деген болатын Уинстон Черчилль.

Оңтүстік-Шығыс Азия тәжірибесі көр­сетіп отырғандай, адами капиталды да­мыту саласындағы кейін қалушылықты қысқа мерзімде жоюға болады. Бүгінде бәсекеге ең қабілетті деген әлемнің 25 ақ­параттық компанияларының 14-і Азияда орналасқан.

Бүгінде жоғары бәсекелестік басым­дық­тары жоқ елдер таяу болашақта ғылы­ми зерттеулер, инновациялық және жоғары тех­нологиялар рыногында табысты бәс­екелестікке түсе алмайды.

Осылайша, әр азаматтың денсаулығы, ин­теллектісі және білімі қаншалықты са­па­лы болса, мемлекеттің әлемдік қоғам­дас­тық жүйесіндегі жоғары бәсекелестікке қабілеті де соншалықты болмақ.

Мен дағдарыс қарсаңындағы әлем да­м­­уының тек айқын деген тренділерін ғана атап көрсеттім.

Өмір сан-салалы және күрделі, сон­дық­тан біз өзімізді күтіп тұрған жәйт­тер­дің бәріне де дайын болуымыз керек.

Біздердің қандай шара қабылдауымыз қажет?

V. Интеллектуалды ұлт

Қазақстанның алдында экономиканы жеделдете модернизациялау, шикізаттық экономикадан индустриялық экономикаға көшу міндеті тұр.

Қазіргі уақытта республикалық маңыз­дағы инвестициялық жобалардың тізімін қалыптастыру аяқталып келеді.

Олар барлығы жалпы сомасы 7,5 мил­лион теңге болатын 97 жоба. Оның ішінде 380 миллиард теңгені құрайтын 26 жобаны осы жылдың соңына дейін аяқтау жос­пар­ланып отыр. Олар – жаңа кәсіпорындар, білім беру мен денсаулық сақтау саласы­ның жаңа нысандары.

Біз дамыған елдерден озық техноло­гия­ларды тартып, бірлескен өндірістер құ­рудамыз, инновациялық жобаларға қолдау көрсетілуде. Бірақ егер біз экономикасы тұрақты дамыған елдер клубына өтеміз десек, бұл жеткіліксіз. Оның сыртында аса озық технологияларын бізге ешкім де әншейін бере салмайды.

Қазақстанға біздің ұлтымыздың әлеуе­тін оятуға және жүзеге асыруға жағдай жасайтын интеллектуалды төңкеріс қажет.

Өкінішке қарай, өмір сүру үшін қара­жат керек. Бірақ, Артур Шопенгауэр айт­қан­дай, үлкен дәулет пен билік адамды ба­қытты ете алмайды. Ондай адамдардың әр­қайсысында да “өзіне тән қам-қарекеті мен мұқтаждары бар кедей жасырынып жатыр”.

Біздің ендігі міндет – қазақстан­дық­тардың, бірінші кезекте жастардың білім­ділікке, интеллектіге, Отан мен халыққа қызмет етуге деген көзқарастарын өзгерту.

АҚШ пен Еуропада Нобель сыйлығын алған ғалымдарды тек еңбегі мен ашқан жаңалықтары үшін ғана құрметтемейді. Олар барша үшін де үлгі болып саналады. Олардың үлгісін жастарға өнегелеп, сол арқылы күш-жігердің, еңбек пен талант­тың әркезде де табысқа бастайтынын көрсетеді.

Бізге ұлттық интеллектінің діңін құру қа­жет, бізге халықаралық деңгейде бәсе­ке­ге түсе алатын эрудициялы адамдар керек.

“Болашақшылармен” кездесіп, “Ин­тел­лектуалды ұлт-2020” жобасын ұсын­ған­да мен осындай мақсаттарды көздедім.

Жоба негізінде үш аспекті бар.

Бірінші. Қазақстанның білім беру жүйесіндегі серпіліс.

Бүгінде білім беру үдерісіне мүмкінді­гін­ше кеңірек қарауға болады. Әр адамды қазіргі заманғы әлемде іс істеуге, білім ала білуге, өмір сүре алуға, бірлесіп өмір сүре бі­луге үйрету қажет. Бұл ЮНЕСКО қа­лып­­тастырған “білім берудің төрт тағаны”.

Ұзақ жылдар бойы біздегі білім беру­дегі басты проблема ақпараттарға қол жет­кізу болды. Кітап күткен ұзыннан-ұзақ ке­зектер, мыңдаған беттік конспектілер, бір кітапты бірнеше адамның жабыла оқуы сияқты жәйттер аға буынның әлі де есінде.

Бүгінде жағдай басқаша. Сарапшылар барлық кездерде жазылған кітаптарға қарағанда, ақпараттардың 2006 жылы жаһандық ауқымда 3 миллион есе көп шығарылғанын есептеп шыққан. Баспа түрінде ол Жерден Күнге дейінгі биіктіктегі 12 үйме кітап. Болжам бойынша 2010 жылы ақпараттың бұл көлемі тағы да алты есе ұлғаймақ. Ақпараттың мұндай көлемінде жоғалып кетуге де болады.

Сондықтан қазіргі заманғы білім берудің перспективалық міндеті – ол сындарлы ойлай білетін және ақпараттар ағынында бағдар ала білуге қабілетті адамдарды даярлау.

Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру ісі бастапқы интеллектуалдық әлеует пен жас қазақстандықтардың жақсы ден­сау­лығын қалыптастыра білуі керек. Олар терең ақылымен, шексіз қызығу­шы­лы­ғы­мен және өмірлік күш-қуатымен ерек­шеленуге тиіс.

Орта білім белсенді, білімді және та­быстарға бағдарланған тұлғаларды тәр­бие­леуге жауап береді. Оқушылар “ешқашан бас­тауды тоқтатпа, ешқашан тоқтауды бас­тама” деген ақиқаттан адаспаулары тиіс.

Осы жылы менің тапсырмам бойынша Астана мен Семейде интеллек­туал­дық мектептер ашылды. 2011 жылға дейін мұндай мектептер еліміздің әр ай­ма­ғында ашылатын болады. Олардың мін­деті – дарынды балаларды, олардың та­лант­тарының бағытын тауып, мақсатты дайын­дықтарын бастау. Дарынды балалар бізде бар.

Бұл мектептердегі негізгі екпін нақты және табиғи ғылымдарды оқытып, сындарлы және креативті ойлау қабілетін дамытуға түсірілетін болады.

Мен бұл мектептерден үлкен нәтиже­лер күтемін. Олар Қазақстанның интел­лек­туалды элитасын тәрбиелеудің іргетасы болулары тиіс.

Бұл мектептер түлектерінің әлемнің кез келген университетінде оқуға мүмкін­діктері болулары тиіс.

Бірақ бұл басқа мектептерді дамыт­пай­мыз дегенді білдірмейді. Ауылдағы білім беру мәселесі ерекше маңызға ие.

Мен жас педагогтарды ауылдарға қоныс аударуға шақырамын. Біз олардың қаладағы мектептерден кейін қалуын, оның ішінде қашықтықтан оқыту әдістері есебінен еңсеруге міндеттіміз.

“Болашақ” интеллектуалды мектеп­тері, Астанадағы Халықаралық универси­тет – біздің білім беру жүйемізді әлемдік стандарт­тарға жақындату міндеті қойылып отырған аса маңызды элементтер, міне, осылар.

Алдағы жылы Астанада ашылуы жос­пар­ланып отырған әлемдік деңгейдегі Ха­лықаралық университет инженерлік және техникалық кадрларды, генетика, био­химия, физика мамандарын дайындайтын болады. Онда заманалық зертханалар, Ұлттық биотехнологиялық орталық және басқалары жұмыс істейтін болады.

Біз басында ҚазҰУ, ҚМЭБИ және ҚБТУ тұрған тоғыз ұлттық университетке үлкен үмітпен қараймыз.

Олар отандық жоғары білім берудің негізгі жон арқасы болулары тиіс.

Бір сөзбен айтқанда, біз алдағы жыл­дары білім беру жүйесінде серпінді іс-қимыл танытуға бел шеше кіріспекпіз.

“Интеллектуалды ұлт” жобасының екінші аспекті – ғылымды дамыту және елі­міздің ғылыми әлеуетін арттыру. Ғылым ин­новациялық экономиканың негізі болуы тиіс.

1990-шы жылдары біздің ғылыми инс­титуттар аса ауыр жағдайда қалды. 2000 жылдан бастап ахуал өзгере бастады.

Соңғы бес жылда қазақстандық ғы­лым­ды қаржыландыру төрт есеге жуық ұл­ғайып, үстіміздегі жылы 18,5 миллиард тең­гені құрады. Ғылымды дамытудың 2012 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Осының арқасында Қазақстан жаһан­дық бәсекелестік рейтингінің “Иннова­ция­лық даму” индексі бойынша өзінің орнын 13 позицияға жақсартты.

Бірақ қазақстандық ғылым әзірше біз­дің экономикамыздың нақты талабынан алыс жатыр. Көптеген ғылыми зерттеу­лер­дің нәтижесін бизнес соншалықты қа­же­тсінбейді. Орташа 100 қазақстандық ға­лымға шет елдерде жарияланған бір ғана ғы­лыми мақаладан келеді. 15 мың ғалым­нан тек бір-екеуі ғана халықаралық патент­тер ала алады.

Сондықтан басқарудың моделін ғана емес, сондай-ақ ғалымдардың өздерінің қызметіне деген көзқарасын өзгерткен маңызды.

Жақында мен бірқатар нақты шаралар қабылданған ғылымды дамыту мәселелері бойынша кеңес өткіздім.

Ғылыми жүйеге қатысушылардың бар­лық шешуші функциялары оңтайлан­ды­ры­латын болады.

Қолданыстағы жүйе бойынша ғылыми жобаны қаржыландыруға тапсырыс алу­дың өзі ғана кем дегенде 5 баспалдақ – институт басшылығы, ғылыми орталық, ғылым жөніндегі комитет, салалық министрлік, Үкімет арқылы өтеді.

Қазір артық буындар қысқартылуда. Ғалымдар қаржыландыру үшін тікелей мамандандырылған ғылыми кеңестерге жүгінетін болады.

Оларға ғылыми жобаларды іріктеу және гранттар беру туралы шешім қабыл­дау функциясы бекітіп беріледі.

Білім және ғылым министрлігі мен Ғылым комитетінде қаржылық, материал­дық және техникалық аспектілерді қамта­ма­сыз етудің әкімшілік функциясы сақ­талып қалады.

Сондай-ақ ғылыми қызметті қар­жы­лан­дырудың базалық, бағдарламалы-мақ­саттық және гранттық – үш компо­нент­тен тұратын жаңа жүйесі енгізіледі.

Ғылыми мақсаттардағы барлық шы­ғын­дар мемлекеттік сатып алулар жүйе­сінен шығарылады. Үкімет НИОКР-ды қар­жыландыру үшін бизнес-құрылымдарды тарту жөнінде шаралар қарастырып жатыр.

Көріп отырғандарыңыздай, мемлекет ғы­лымды дамытуға қажетті барлық шара­лар­­ды қабылдауда. Бірақ мұның барлығы егер білікті кадрлар болмаса, бекер болар еді.

Сондықтан мен жастарға елімізге ең алдыңғы қатарлы ғылым салаларында жұмыс істейтін талантты ғалымдар қажет деп үндеу тастаймын. Ғылымға барыңдар, құлшыныңдар, өздеріңнің зерттеу таланттарыңды жүзеге асырыңдар!

Қазір Қазақстан үшін үлкен мүм­кін­діктер бар. Тұтастай алғанда алдағы ке­зең­де мына төрт бағыт әлем картасының ғылыми-технологиясына үлкен ықпал ететін болады.

Бірінші – биотехнология және био­хи­мия. Бұл – азық-түлік қауіпсіздігін сақ­тау, адамның иммундық жүйесін нығайту, интеллектуалдық жүйе құрудағы маңызды ба­ғыт. Сондықтан қазір біз Астанада Ұлт­тық биотехнологиялық орталық құрдық.

Екінші – экоэнергетика. Бұл – энер­гияның қайталама көздері, “жасыл энер­ге­тика”, отын элементтері, жоғары өткіз­гіш­тер, көміртегі қосындысын ұстау мен сақтау, энергияны аз тұтынатын жарық көздері.

Үшінші – экология. Парникті газдар шығарындыларын азайту, су тазарту, түрлі био­субстанцияларды тез анықтау, био­ло­гиялық тұрғыдан ыдырайтын пластиктер енгізу, бактериялар құру, қоршаған орта­ны ластандырғыштарды жою техно­ло­гиялары белсенді дамитын болады.

Төртінші – антиэйджинг (антикәрілік). Бұл өмірді ұзарту мен жасаруды зерттеу.

Бұл зерттеулер қаншалықты күрделі көрінгенімен, адамзат ерте ме, кеш пе бұл мәселелердің бәрін шешеді. Біздің ға­лым­дарға да адамзаттың осы проблема­лары­мен неге айналыспасқа? Бұл жастар үшін қосымша рух беретін міндеттер емес пе?

“Интеллектуалды ұлт” жобасының үшінші аспекті – бұл инновация жүйесін дамыту.

АҚШ-та бір мегаватт электр энергия­сы мен бір тонна темір рудасынан 10 ком­пьютер жасар еді, КСРО-да – 10 рельс, ал Ауғанстанда – ештеңе де. Бәрі де қара­пайым – қолда бар ресурстардан пай­да барынша мол болуы үшін техно­логиялар, ноу-хау қажет.

Фрэнсис Бэкон: “Білім – ел мен халыққа пайда әкелгенде ғана күш”, деген екен. Егер экономикалық пайда әкелмесе, ғылыми-техникалық прогрестен еш пайда жоқ.

Инновация – бұл қашанда сезгілікті тауар өндірісі өсіміне әкелетін, пайда мен бәсекеге қабілеттілікті күрт ұлғайтатын идеялар тоғысы мен бизнес.

Бүгінде Қазақстанға инновациялық қызметтің “жарылысы” қажет. Бизнес перспективалы жобаларды іздеп, оларды жүзеге асыру үшін бейімделуі және жұмыс істеуі тиіс.

Дамыған елдерде шағын бизнес бар­лық инновациялардың 50 пайызынан астамын және жұмыс орындарының 70 пайы­зын қамтамасыз етеді! Иннова­ция­лық идеялар иелері, инновацияларды жасаушылар, олар компаниялар немесе жекелеген ғалымдар болса да, сол күннің батырлары болулары тиіс. Олар туралы бұқаралық ақпарат құралдары тұрақты түрде айтып отырулары керек.

Қоғамда мінез-құлықтың инновация­лық, креативтік үлгісі үстемдік құруы тиіс.

Еліміздің барлық компаниялары, әсі­ре­се инвесторлары заңнамалық деңгейде өз пайдаларының бір бөлігінен иннова­ция­лық, ғылыми жаңалықтарға және қыз­мет­керлерді оқытуға қаржы бөліп тұруға міндетті болулары қажет.

Қазақстанда “Инновациялық қызметті мем­лекеттік қолдау” туралы Заң қабылданды.

Мен Үкімет алдына инновациялық қызметті белсенді ету міндетін қойдым. Бәрінен бұрын технологиялар трансферті мен білімнің кешенді жүйесін құру қажет.

Инновациялық-технологиялық дамуды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыр­ған жөн. Бұл үшін салалық министрліктер мен ұлттық компанияларда ғылыми-тех­никалық бөлімшелер құру, барлық жүзеге асырылып жатқан және жоспарланып отырған жобаларға сараптама жүргізу үшін жауаптыларды тағайындау маңызды.

Инновациялық инфрақұрылымдарды белсенді сапқа қою ісін жалғастыру – Алма­тыда Ақпараттық технологиялар паркі құрылысын аяқтау, өңірлік техно­ло­гиялар мен индустриялы аймақтар құру маңызды.

Қазақстандықтардың жаңа гене­ра­ция­сын қалыптастыруға бағытталған “Интеллектуалды ұлт – 2020” жобасының мәні осындай. Мұнсыз біз Қазақстанды бәсекеге қабілетті адам капиталы бар елге айналдыра алмаймыз.

Мен бүгін барлық ғалымдарды, педа­гог­тар мен студенттерді оны жүзеге асыруға бел­сенді қатысуға шақырамын. Біріге оты­рып біз алдымызға қойған барлық мақ­сат­тарымызға қол жеткіземіз және Қазақ­стан­да интеллектуалды ұлт құратын боламыз.

Қадірлі жас ұрпақ!

Ұлттың үміті – сендерсіңдер. Саналы да сапалы, білімді де белсенді жастары бар елдің қашанда еңсесі биік, болашағы зор болмақ.       Сондықтан елдің ертеңгі бақыты сендердің қолдарыңда деп мен айта аламын.

Әйтсе де, бақыт ешбір жанды өзі іздеп келмейтіні белгілі. Бақ-дәулет, барша игілік адамның өз қолымен жасалады.

Әр заманның өзінің артықшылығы мен қиыншылығы да болады.

Қазіргі бәсеке заманында қажыр-қайратың, ынта-жігерің, тынымсыз ізденісің болмаса, көштен қалу оп-оңай.

Данышпан ақын Шәкәрім бабаларың “Құбылған әлем жарысы. Ақылды жанның табысы” деп бекер айтпаған.

Ендеше, жастарға жүктелетін міндет те үлкен.

Бүгінде еліміздің даму сатысы маңызы үлкен межелі тұста тұр. Алдымызда Қазақ­стан тәуелсіздігінің 20 жылдығы мере­кесі келе жатыр.

Біз қазір бұл межеге іргемізді нығай­тып, күш-қуатымызды арттырып, жетіл­ген мем­лекет ретінде келіп тұрмыз. Әлем­ді қал­тыратқан қаражат дағдарысына бай­ланысты қиындықтардың бетін қайтара білдік. Қазақстан – бүкіл әлем сыйлай­тын және есептесетін беделі биік іргелі ел болды.

Міне, бүгінгі жауапкершілікті осындай дәрежедегі елдің игілігін одан әрі еселеп, озық елдердің қатарынан орын алу үшін сіздерге зор міндет жүктеледі. Алдымызда биікке жетелейтін үлкен мақсат тұр. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Бірақ, біз бұл міндетті жүзеге асыра аламыз.

Себебі, біз не істеу керек екенін біле­міз. Елімізді өркендетудің барлық саласын ғылыми негізде қамтыған ұзақ мерзімді жоспарымыз бар.

Алыстан ойламаған жақыннан уайым табады деген бар. Біз – болашағымызды болжап отырған елміз. Енді тек ұмтылыс керек, еңбек пен қабілет керек, ең басты­сы, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігіміз керек.

Жастарға айтатыным: бақытты өмірді басқа жақтан іздемеңдер. Ата-бабалары­мыздың айтып кеткен асыл сөздері есте болу керек. “Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол” деген өсиет қалдыр­ған. Өз Отаның бұл дүниедегі жәннатың мен шуағың. Сондықтан білімдерің мен қайрат-жігерлеріңді өз елдеріңнің мүдде­сіне жұмсаңдар. Туған елің дәулетті, туған жерің сәулетті болса, сендер де әулетті, әлеуетті боласыңдар. Сол үшін менің қа­тар­ластарым еңбек етіп келеді. Бұл міндет сендердің де мойындарыңа түседі. Сонда өз ұрпақтарыңды ойлайтын боласыңдар. Сондықтан осы бастан қам жасау керек.

Еліңді сүйе білсең, жан аямай қызмет ете білсең, елің де сені алақанға салып аялай біледі. Осыны ұмытпаңдар. Туған елдеріңнің игілігі үшін жанкешті қайрат қылып, Қазақстанның мақтанышы болу­ларыңа тілектеспін, жас достар!

Намысты ұл-қызын ұлықтайтын Отанымыз аман болсын!

Рахмет!

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button