Әлеумет

Ел бірлігі — біздің стратегиялық таңдауымыз

Қазақстан халқы Ассамблеясы 1995 жылдан бастап, жұмыс жасап келеді. Осы уақыттан бастап, елдегі татулық пен бірліктің нығаюына аталған құрылымның  қосқан үлесі зор.  Жыл сайын Ассамблеяның тұрақты түрде сессиясы өткізіліп тұрады. Биылғы Ассамблеяның 15-ші сессиясы 26 қазанда Астана қаласында Бейбітшілік және келісім сарайында өткізіледі. Аталған бас қосуға облысымыздан 17 өкіл бармақ.

Биылғы сессия «Ел бірлігі — біздің стратегиялық таңдауымыз» тақырыбында өткізіледі. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблея хатшылығының жетекші маманы Зәмзәгүл Бимағамбетова сессияның ерекше болатынын жеткізді.

Биыл  Ассамблеяның құрылғанына 14 жыл толып отыр.  Сондықтан аталған  бас қосуда маңызды мәселелер ортаға салынады деп жоспарлануда. Қазір шараның өткізілуі жөнінде арнайы бағдарлама келді. Біздің облыстан баратын азаматтар 23 қазанда жол жүріп кетеді. Олар  сессияның алғашқы күнінде Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған «Алжир» мемориалдық кешенін, Тәуелсіздік сарайын және өзге де нысандарды аралайды. Ал келесі күні сессия басталады.  Сондай-ақ Парламент  депутаттарымен кездесу ұйымдастырылады. Бұған біздің аймақтан «Возрождение» неміс ұлттық қоғамының басшысы Леммле Вальтер мен «Қазақстан кәрістер қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Константин Цхай және халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық филиалының  төрағасы Кемейдолла Төлеубай қатыспақ.

Сондай-ақ өткен жылы 20 қазанда «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заң күшіне енгені белгілі. Сессияда аталған заңның орындалуы да сөз болады деген ойдамыз.

Жалпы, бүгінгі күні облыста 17 ұлттық-мәдени орталық бар. Сонымен бірге биыл беларусь және молдова ұлттық-мәдени орталықтары құрылмақ. Олар қазіргі күні құжаттарын дайындап, тіркеліп жатыр. Ал өзге ұлттық-мәдени орталықтар қазір Достық үйіне көшуде. Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова біздер берген тізім бойынша орталықтардың ғимараттың  қай жеріне орналасатыны жөніндегі құжатты бекітті. Қазір  осы жоспар бойынша олар кабинеттерін жабдықтау үстінде. Алайда бұған қарамастан орталықтар түрлі мәдени шараларды өткізіп жатыр. Мәселен, қарттар мен мұғалімдер күні қарсаңында арнайы шара өтті. Сонымен бірге «Шалом» еврей ұлттық- мәдени орталығы кітап көрмесін ұйымдастырды. Көрме қазір жалғасын табуда. Алдағы уақытта «Возрождение» неміс ұлттық қоғамы үлкен мәдени шара өткізуді қолға алмақ. Шара қоғам жанынан құрылған  хор ұжымының шығармашылық концертімен орайластырылады. Жалпы, бүгінде бірлестіктердің жанынан құрылған ірі өнер ұжымдары жұмыс жасайды. Олар әр үш жыл сайын «халықтық» деген атауларын қорғайды. Мәселен, «Шатлық» татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің жанында «Язғы-моннар», кәрістерде «Чхин-сон» би топтары мен өзге де орталықтардың хор ұжымдары бар. Биыл барлық өнер ұжымдары осы атауларын қорғау мақсатында жұмыс жүргізуде, — деді ол.

Ал сессияға қатысушылардың бірі «Шатлық» татар-башқұрт орталығының жетекшісі Равиль Құрбанғалиев Елбасымыздың оң саясатының арқасында елімізде татулық пен бірліктің сақталып келе жатқанын айтты.

Мен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына екінші рет қатысқалы отырмын. Әрине, бұл жолғы бас қосуда көптеген өзекті мәселелер қамтылмақ. Әсіресе, соңғы жылдары атқарылған игі істерге баса назар аударылып, алда атқарылуы тиіс жұмыстар ортаға салынады. Жалпы, Мемлекет басшысының халықтар арасындағы достықты насихаттап, ұлттар арасындағы қарым-қатынасты нығайтуға көңіл бөліп отырғаны еліміздегі татулықты одан әрі бекіте түседі. Өзге ел бір отбасындай ұйып, берекелі тірлік кешіп отырған елімізге қызыға  қарайтыны анық. Сондықтан осы татулықты сақтауға  көңіл бөліп отырған Елбасымызға айтар алғысымыз шексіз.

Биыл қаламызға 140 жыл толып отыр. Ақтөбенің гүлденуіне осы жерде тұрып жатқан барлық ұлттар өз үлесін қосты. Жылдан-жылға қала көркейіп келеді. Сондай-ақ облыстағы өзге ұлт өкілдеріне деген құрмет те ерекше. Елбасымыздың өзі қыркүйек айында Достық үйінің ашылуына қатысты. Қазір осы шаңырақ астында барлық ұлт өз тілі мен мәдениетін дамытуда. Мәселен, біздің орталықтың жанынан ашылған жексенбілік мектеп он жылдан бері тұрақты түрде  жұмыс істеп келеді. Ілгеріде екі сынып болса, қазір 5 сынып бар. Сондай-ақ би, ән топтары да әр мереке сайын өз өнерлерін ортаға салады. Ал ардагерлер мен жастар кеңесі де орталық жұмысының жандануына өз үлесін қосуда, — деді ол.

Елбасы жүргізіп отырған саясаттың арқасында көп ұлтты елімізде ұлттар татулығы берік сақталуда.  Барлық ұлт бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Біздің облысымызда ашылған Достық үйі де – соның айғағы. Қазіргі күні аталған ғимаратқа он жеті ұлттық-мәдени орталық қоныстануда. Аталған ғимарат облысымыздағы  ұлттық-мәдени орталықтардың өз тілі мен ділін, төл мәдениетін жаңғыртуға мүмкіндік бермек.

Сондай-ақ қазіргі күні орталықтардың жанындағы жексенбілік мектептер де өз жұмысын жалғастырып келеді. Олар өз ана тілдерімен қатар мемлекеттік тілді де қатар меңгереді. Мәселен, украин мен татар мәдени-орталықтарының жанындағы мектептер жұмысы осы бағытта жалғасуда.

АССАМБЛЕЯҒА  — 14 ЖЫЛ

1995 жылы 1 наурызда Елбасының «Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы» Жарлығына сәйкес  Қазақстан Республикасының Президенті жанынан жаңа консультативтік-кеңестік орган құрылған болатын. Осы жылдан  бастап, Ассамблея этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік ұлттық саясатты жүзеге асырушы маңызды институт ретінде бағаланып, елімізді мекендейтін барлық этностардың өзара қарым-қатынасын қамтамасыз етуде тиімді құралға айналды.

Құрылғанына он төрт жылдан бергі уақытта  Ассамблея этносаралық келісім саласында айтулы табыстарға жетіп, азаматтардың этностық немесе діни ерекшелігіне қарамастан, құқығы мен бостандығын сақтаудағы басты кепіліне айналды.

Сондай-ақ  тиімді әрі жемісті іс-әрекеттің арқасында еліміздегі этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласында бейбітшілік пен келісім үлгісі сақталды. Ал Ассамблея қанатының астына 130-дан  астам этностың жиналуы  ұйымның «кіші БҰҰ» деп аталуына себеп болуда. Алдағы уақытта еліміз  Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына  төрағалық етуіне орай, еліміздің этносаралық қатынастар саласында жинақтаған тәжірибесі, әр түрлі халықтар арасындағы мәдени пікір алмасуы көпке үлгі болмақ.

Ассамблеяның жаңа конституциялық өкілеттілік пен мәртебеге ие болуы және Ассамблеяның атынан Парламент Мәжілісіне 9 депутаттың сайлануы еліміздің мемлекет пен қоғамды демократияландыру жолындағы маңызды қадамы ретінде бағаланып, әлемдік қауымдастық тарапынан Елбасы Н.Ә. Назарбаев негізін қалаған этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісі ретінде мойындалды.

Қазақстанды мекендеп отырған этностардың мәдениетін, тілі мен дәстүрін дамытуға барлық жағдайлар жасалған. Қазіргі таңда этномәдени бірлестіктердің саны 600-ге жетсе, оның ішінде 28-і — республикалық.  Ел аумағында 11 тілде газет пен журнал жарық көріп, 8 тілде радиохабар, 7 тілде телебағдарламалар таратылады. Өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде толықтай білім беретін 88 мектеп жұмыс істейді. 108 мектепте 22 этнос тілінде қосымша сабақтар жүргізіледі. Сонымен қатар 195 арнайы лингвистикалық орталықтар ашылып, онда 30-ға тарта этнос тілін үйренуге мүмкіндік жасалған. Елімізде қазақ және орыс драма театрларымен қатар, өзбек, ұйғыр, корей және неміс ұлттық театрлары жұмыс істейді.

2008 жыл Ассамблея үшін маңызды жыл болды. 20 қазанда Елбасы әлемнің ешбір елінің тәжірибесінде жоқ «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға қол қойып, Қазақстан халқы Ассамблеясын еліміздің саяси жүйесіндегі тең құқықты заңды субъект түрінде бекітті. Қабылданған заңға сәйкес  Ассамблея құрылымын Ассамблея сессиясы, Ассамблея кеңесі, Ассамблея хатшылығы және облыс ассамблеялары (республикалық маңызға ие қалалар, астана) құрайды. Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Н.Ә. Назарбаевтың 2008 жылғы 23 қазанда өткен Ассамблеяның ХІV сессиясында берген тапсырмасына сәйкес, аталған құрылым жанынан тұрақты әрекет етуші Ғылыми-сараптық кеңес, Этносаралық келісім қоры құрылды. Сонымен қатар, Төрағаның орынбасарларының саны мен тағайындалу тәртібі өзгертілді. Жаңа тәртіп бойынша, Ассамблея Төрағасының екі орынбасары республикалық этномәдени бірлестік өкілдерінен тағайындалып, жыл сайын өзгертіліп отырса, біреуі  Ассамблея хатшылығын басқарады.

Аталған бағытта қабылданған шаралар Ассамблеяның оң бағытта нығаюына септігін тигізіп, мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы ортақ мақсаттарын бірлесе орындауға, халық бірлігін еселеуге және бейбітшілік пен келісімді сақтауға өз үлесін қосады.

Кәмшат  ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button