Білім

Биыл 6510 оқушы мектеп бітіреді

Тура он үш күннен соң облыстағы 422 мектепте соңғы қоңырау рәсімі өтеді. 123 940 оқушы салтанатты түрде өтетін жиынға қатысады. 6510 түлекке арналып соңғы қоңырау соғылады. Биылғы оқу жылында мектеп табалдырығын аттаған 15 мыңнан астам балдырған алғаш рет соңғы қоңырау сыңғырына куә болады.

Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес, соңғы қоңырау рәсімі әдеттегідей мамыр айының 25-і күні өтеді. Ал мектеп бітіру кештері еліміз бойынша бір күнде — 17 шілдеде ұйымдастырылады.

Ереже бойынша 11-сыныпта емтихан тапсырудың екі түрі бар. Біріншісі — ұлттық бірыңғай тестілеу. Екіншісі — қорытынды аттестаттау.

Биыл ҰБТ өткізуде айтарлықтай өзгеріс жоқ. Басты үш ерекшелік бар. Тест тапсырмалары логикалық сұрақтармен толықтырылып, диаграмма, сурет, схема, кесте енгізіледі. Бұл — бір. Екіншісі, тест өткізу процедурасына қойылатын талап күшейтіледі. Үшіншісі, шектеу балл жинай алмаған түлектерге ақылы негізде білім алуы үшін екінші рет тест тапсыруға мүмкіндік беріледі.

Облыс бойынша 15 пунктте тестілеу өткізіледі. ҰБТ Ақтөбе қаласындағы 3 пунктте ұйымдастырылады. Олар: Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті, С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің тест орталығы және №8 орта мектеп.

Еліміз бойынша тестілеу 1-15 маусымда өткізіледі.

Жақында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен селекторлық жиында аймақ басшысы ҰБТ тапсыратын балалардың аздығын айтып, кейбір аудандардағы сынама тестілеудің қорытындысын сынға алған еді. Аймақ басшысы наурыз айында сынама тестілеу мүлде өткізілмеген Әйтеке би ауданын сынға алып, бұл бағыттағы жұмыстарды ретке келтіруді тапсырған болатын.

Облыс әкімінің сын-ескертпелерінен кейін дереу Әйтеке би ауданында сынама тестілеу өткізілді. Аталған ауданнның мектеп бітірушілері «Сымбат» жеке мектебі әзірлеген тест тапсырмалары бойынша сынақ тапсырды. Қорытындысында орташа көрсеткіш — 73 балл. Ақпан айында — 66,5 балл болған еді.

Әйтеке би ауданында наурыз айында сынама тестілеудің өткізілмеу себебі, биыл министрлік тарапынан тест тапсырмалары берілген жоқ. Аталған аудан Астанадан тест сұрақтары келеді деп күткен. Дегенмен, бұл сынама  тестілеу өткізбеуге негіз емес. Облыстық білім басқармасы тарапынан барлық ауданға ұлттық бірыңғай тестілеудің сұрақтарын дайындайтын «Сымбат», «Достық», «Сана» секілді орталықтардың жинақтарын алып, сынама тестілеу өткізуді тапсырды, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Құлыбекова.

Облыстағы 4820 мектеп бітіруші (77 пайызы) ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға ниет білдіріпті. Қарғалы (55 пайыз) мен Мәртөк (60,2 пайыз) аудандарында тестілеуге қатысуға өтініш білдірген бала аз.

«Алтын белгі» аттестатынан үміткер 357 бала бар.

«Алтын белгіні» иелену үшін түлектің 5-10 сыныптарда жылдық және қорытынды бағалары «бестік» болуы керек. Сондай-ақ, «Алтын белгіні» иелену үшін мектеп бітіруші ұлттық бірыңғай тестілеуде білімін дәлелдеуі тиіс, — дейді Гүлжан Құлыбекова.

«Алтын белгі» аттестатын алуға үміткерлер, үздік аттестатын алуға үміткерлер, сонымен қатар биыл жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдіретін түлектер міндетті түрде ҰБТ тапсырады.

Айта кету керек, биылғы оқу жылынан бастап біздің облыстағы екі мектептің (Ақтөбе қаласындағы №9 мектеп-гимназия және қалаға қарасты Жаңақоныс ауылындағы Новый орта мектебі) 1-сынып оқушылары жаңа жүйе бойынша 1-сыныпқа қабылданған  болатын. Қазір аталған мектептерде 357 бала жаңа жүйе бойынша білім алып жатыр.

12 жылдық білім беру жүйесінің пилоттық жобасы енгізілген екі мектептегі жұмыстардың қорытындысы маусым, шілде айларында шығарылады.

2016-2017 оқу жылынан бастап республика бойынша мектеп табалдырығын аттайтын барлық бала жаңа стандарт бойынша білім алады. Жаңа оқу жылында біздің облыста 17 мыңнан астам балапан мектеп табалдырығын аттайды деп жоспарланып отыр, — дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Құлыбекова.

P.S: Жалпы облыс бойынша оқушылардың саны — 123 940. Оның ішінде 9-сыныпты бітіретін, яғни орталау білім алғандығы жөнінде куәлік алатын 10 591 бала бар. Бастауыш сыныпты 12 782 бала аяқтайды. Мұның 357-сі — 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша білім алып жатқан балалар.

 

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button