Білім

Мұғалімдерге сұраныс көп

Жақында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде түлектерді жұмысқа орналастыруға арналған жиын өтті. Педагогикалық бағытта білім алатын студенттер жұмыс берушілермен кездесті.

Шараға облыстық білім  басқармасы, қалалық, аудандық білім бөлімдерінің өкілдері  жиналды.

— Облыс мектептеріне 328 маман қажет. Оның 252-сі ауыл мектептеріне керек. Әсіресе, Қарғалы (50), Хромтау (38), Ойыл (33), Әйтеке би (24), Ырғыз (21) аудандарында жас мамандарға сұраныс көп, — дейді облыстық білім басқармасының әкімшілік жұмыстар бөлімінің басшысы Шамшат Жұбай.

Математика (74), орыс тілі мен әдебиеті (53 ), физика (26) пәндерінің мамандары мен бастауыш сынып мұғалімдері (31) сұранысқа ие.

Шамшат Жұбайдың айтуынша, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің түлектері сұраныстың 60 пайызын (197 түлек) өтеп отыр. Уиверситетті 22 педагогикалық мамандық бойынша 633 түлек бітіреді. Олардың 281-і — мемлекеттік білім грантының иегерлері.

Осындай шара Ақтөбе гуманитарлық колледжінде де өтті. Алдын ала жұмысқа орналастыру шарасының қорытындысы бойынша 58 колледж түлегі (17,6 пайыз) жұмыспен қамтылатын болды.

Аталған оқу орнын 8 мамандық бойынша 318 түлек бітіреді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алып жатқан түлектер саны — 161.

Сәуірдің 27-сі күнгі мәлімет бойынша, әлі 150-ге жуық маман қажет. Оның 17-сі Ақтөбе қаласындағы орыс мектептеріне керек. Сондай-ақ Хромтау, Әйтеке би, Ырғыз, Темір, Ойыл, Мұғалжар, Байғанин, Қарғалы, Қобда аудандарында мамандар тапшы. Алға индустриалдық-техникалық колледжіне 3 маман, Жайсаң арнайы білім беру ұйымына 11 маман қажет, — дейді Шамшат Жұбай.

Бос орындар туралы нақты мәліметтерді облыстық білім басқармасының сайтынан (bilim.aktobe.gov.kz) біле аласыздар.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button