Білім

Осындай оқу орны бар…

Колледж және Друзьяк

Владимир Друзьяк облыс жұртшылығына, оның ішінде ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне өте таныс және таныстары оны қашан да ілтипатпен айтып жүреді. Ш.Берсиев атындағы Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжінде ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, директордың орынбасары, 1990 жылдан бері директор қызметін атқарып келе жатқан Владимир Григорьевич колледж оқушылары үшін әкесіндей болып кетті.

Владимир Григорьевичтің балалық, жастық шағы ауылда өтті. Әкесі Григорий Мұғалжар ауданының Орқаш ауылында машина-трактор шеберханасы меңгерушісінің орынбасары, анасы Елена ауылдың ауруханасында санитар болып еңбек етті. Осындай қарапайым отбасында өскен ағайынды үш жігіттің үшеуі де ата-аналарынан үлгілі тәрбие алды, сабақтары да үлгерімді болды. Әсіресе, Володя елгезектеу болып өсті. Қасындағы балаларға, көшедегі үлкендерге көмектесуге дайын тұратын. Сондықтан да қазір қарттық шақта өмір сүріп жатқан ауылдастары, жора-жолдастары кездесе қалса, үйіріліп қасынан шықпайды.

Владимир мектеп бітіргеннен кейін қатарларымен бірге Солтүстік флотта әскери қызметін өтеді. Әскерден келген соң 1972 жылы Ақтөбедегі №162 кәсіптік-техникалық училищесі мастерлік жұмысқа шақырады. Жұмыс десе жанып тұратын жас жігіт қызметін үйіріп алып кетеді. Оның іскерлігі, дайын педагогтығы білім беру басқармасына, оның ішінде кәсіптік-техникалық білім беру қызметкерлеріне тез таралды. Содан оны жаңадан ашылып жатқан қазіргі ауыл шаруашылығы колледжіне (ол кезде техникум болатын) мұғалімдікке шақырды. Ұстаздық жолы сәтті болып, директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, сырттай оқу бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметтерін атқарады. Одан бері де 30 жыл өткен екен. Осы уақыттар ішінде ол әр кез оқушылармен бірге болды. Оқушыларды сыйлай білді және өзін де сыйлата білді. Оқушылар неге ізетпен қарамасын, егер өздеріне қамқоршы болып, қатарындай араласса.

– Алғаш құрылған кезде техник-механик және агрономия бойынша екі-ақ мамандық болған, – дейді Владимир Друзьяк. – Қазір ауыл шаруашылығын дамытуда зор өзгерістер болды. Соған сәйкес жаңа мамандықтарға әзірлеу ісі қолға алынды. Бүгінгі күні ауыл шаруашылығын электрлендіру және автоматтандыру мамандығы үлкен сұранысқа ие. Бұл бөлімді бітіргендер түгелге жуық жұмысқа орналасуда. Жерге орналастыру мамандығы да бүгінгі күні қажет мамандықтар қатарында. Сондай-ақ, стандарттау, сертификаттау және өнім сапасын бақылау мамандығы да Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру кезінде қажеттілікті өтейді. Бізде барлығы 11 мамандық бойынша кадрлар даярлануда.

Жалпы, біздің түлектердің қай-қайсысы да қызметсіз қалмайды. Өйткені елімізде ауыл шаруашылығы қайта даму үстінде. Бір кездері ауыл шаруашылығы кенжелеген кезде жастардың бізге ықыласы болмағаны рас. Бірақ қазір бұрынғы мамандар үлкейді, енді жас мамандарға қажеттілік арта түсті.

Ауыл шаруашылығы мамандықтарында 1600 оқушы оқуда. Оның ішінде 1287 оқушы күндізгі бөлімде, оның 1226-сы мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алуда. Яғни бұлар ақысыз оқиды және стипендия алады. Алдағы жаңа оқу жылында оқушылар санын 2 мыңға жеткізу жоспарлануда. Оған маманға сұраныс жағынан да, оқыту жағынан да мүмкіндік мол.

Сұраныс және түлектер

Оқушылар колледж қабырғасындағы теориялық білімін тәжірибемен ұштастыра алады. «Тоқпансай», «Пацаев», «Пригородный» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен, Ақтөбе ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасымен тығыз байланыс орнатылған. Аталмыш ұжымдар оқушылардың тәжірибеден өтуі кезінде тамағын, жатын орындарын, демалысын көңілдегідей ұйымдастыруда. Сондай-ақ, азын-аулақ болса да ақы төлейді.

Арнаулы әріптестермен және жұмыс берушілермен өзара байланыс аясында оқу, технологиялық және диплом қорғау алдындағы тәжірибеден өту жөнінде келісімдер орнаған. Бұл екі жаққа да тиімді болып отыр. Сондай-ақ, тәжірибеден өткен түлектер кейін сол кәсіпорындарда жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады. Олар негізінен ауыл шаруашылығын механикаландыру, электрлендіру, автоматтандыру, автокөліктерді жөндеу, агрономия, ветеринария және басқа мамандықтарды игеру тәсілдерін үйренеді.

Оқушылар тәжірибеден өткеннен кейін көптеген кәсіпорындар колледжбен үнемі хабарласып, түлектерді жұмысқа шақыруға ынталы болып отыр. Мысалы, 2007 жылы оқушылар ауыл шаруашылығын механикаландыру мамандығы бойынша «Елім-Табантал» ЖШС-да бірінші рет тәжірибеден өткен. ЖШС басшылары оқушылардың білімі мен білігін ұнатқаны сондай, ізін суытпай 2 түлекті жұмысқа шақырған. Қазір бұл екі жігіт жақсы жұмысымен танылып үлгерді. Сондай-ақ, «Энергосистема», «Экспертиза және сертификаттау орталығы», «Агроэкс» АҚ, «Автопарк», «Тағам», «Ақтөбегеодезия» және басқа серіктестіктер кадрларын осы колледж арқылы толықтырып келеді. Бірқатар түлектерді «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жанындағы кәсіпорындар қуана шақыруда. Тәжірибеден өткен оқушыларға «Ар-Транс» ЖШС басшылығы риза болып, колледж атына Алғыс хат жолдап, 5 баланы тұрақты жұмысқа алған. Ал облыстық және қалалық жер қатынастары және жерге орналастыру басқармалары, «ГОСНПЦЗем», «Ақтөбе-Геозем», «Ақтөбе-Геодезия» ЖШС-лары базалық кәсіпорындар болып табылады.

Колледж базасында техник-ұрықтандырушыларды, апробаторларды, тракторшыларды, комбайншыларды, автомобиль жүргізушілерін даярлау және қайта даярлау курстары жұмыс істейді. Колледж оқушыларының жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруларына да мүмкіндік жасалған. Мәселен, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан университетімен, Ресейдің Орынбор мемлекеттік аграрлық университетімен келісім-шарттарға отырды.

Интернет жүйесіне қосылған компьютерлік бөлмелердің, оқу залының есігі әрқашан ашық. Оқушылардың білім алуымен қатар салауатты өмір сүруіне де жағдайлар туғызған. Үлкен спортзал мен стадион футбол, күрес, волейбол, баскетбол, таэквондо, жеңіл атлетика және басқа он шақты спорт түрімен айналысушылардың сүйікті орындарына айналды. Спорттық жарыстарда жүлде алып жүргендер де жетерлік. Мәжіліс залында облыстық деңгейдегі жиындар өткізіліп, оқушылар аға ұрпақтың іс-тәжірибелерін үйрене алады.

Жатақхана мен жабдықтар

Владимир Григорьевич колледждегі жетпестіктерді де жасырмады. Мәселен, компьютерлік технологияны жетілдіру, оқу-әдістемелік құралдар алу, заман талабына сай ауыл шаруашылығы техникаларымен, диагностикалық және жөндеу құралдарымен жабдықтау секілді мәселелер күн тәртібіне қойылып отыр. Ол үшін біршама қаржы керек. Оқу орнының бұрынғы жатақхана ғимараты және асханасы тұрмысы төмен отбасыларының балаларына мектеп-интернат ретінде берілген. Сондықтан бұл ғимарат кейін қайтарылуы немесе 360 орындық жаңа жатақхана құрылысы басталуы тиіс деп ойлайды басшы. Себебі жылдан-жылға ауыл шаруашылығының дамуына байланысты аудандардан түсетін тапсырыстар көбеюде. Осыған байланысты оқушылар саны да артуда. Олар негізінен ауылдық жерлерден келіп оқитын болғандықтан жатақхана тапшылығы сезілуде.

Міне, осы мәселелерді шешу үшін директор тыным таппауда.

Халық қалаулысы

Ол тек колледж шаруасымен ғана айналысып қоймай, жерлестері үшін де біраз тер төгіп жүр. №22 сайлау округінен сайланған қалалық мәслихаттың депутаты ретінде өзінің белсенділігімен көрінді. Ол құр сөздің адамы емес. Сайлаушылар алдында берген уәделерін орындап келеді. Қалалық мәслихаттың аграрлық мәселелер және экология жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы В.Друзьяк депутаттар С.Есембаев, М.Сәрсенбаевпен ауыл мәселесіндегі проблемаларды бірлесе шешуде. Ақтөбе қаласының агроөнеркәсіптік кешенін дамыту бағдарламасының орындалуын, қала аумағын көріктендіру, жолаушылар қатынасы және жол, қаланың экологиялық жағдайы, жастар саясаты тұрақты комиссияның мәжілістерінде қаралды. Кейін комиссияда қойылған талаптардың орындалу нәтижесі сұралып отырады.

– Халық қалаулысы, жергілікті өкілетті органның өкілі болғандықтан, еліміздің заңнамаларына сәйкес сайлаушылардың сұранысын білдіруге тиіспіз, – дейді Владимир Друзьяк.

Депутаттың тікелей араласуымен Благодар ауылдық округінің тұрғындары бірқатар игіліктерге қол жеткізді. Красносельское, Ақшат,  Шилісай, Кеңес Нокин ауылдарына газ жүргізу, су құбырын тарту секілді ауқымды жұмыстар алаңдатады. Бұл ауылдардың бірқатары жағымды жаңалықтардың куәсі болып үлгерді. Ауылдан не бары 200 метр жерде өтіп жатқан газ құбырына Шилісай ауылын қоссам деген ойы бар. Енді ол Кеңес Нокин, Пригородное ауылдарындағы басқалардың қолына өтіп кеткен бұрынғы Мәдениет үйлерін тұрғындарға қайтаруды қолға алды.

Сайлаушылардың көтеретін проблемалары көбіне тұрғын үй жағдайы, газ, электр қуаты, жылу жүргізу, жолдарды дұрыстау, санитарлық тазалық мәселелері болып келеді. Депутат Друзьяк тұрғындар проблемасының қай-қайсысына да сергек қарайды.

– Мен Владимир Друзьякты көптен танимын, – дейді «Арнаулы автокөлік» ЖШС директорының орынбасары Есбол Сатаев. – Мен бұл кісімен Темір совхоз-техникумында еңбек етіп жүргенімде таныстым. Ол кезде де Владимир Григорьевич осы ауыл шаруашылығы колледжінде жұмыс істеді. Әріптестер болып кездескенде өздеріндегі іс-тәжірибелерді жасырмай ортаға салады. Өзінің іскерлік қабілетімен бізді үйіріп алады. Кейін қалаға жұмысымды ауыстырып, қалалық әкімдікке келгенімде жұмыс барысында тағы да жүздестік. Оның бір жақсы қасиеті өзі тұратын қаланың, қала аумағындағы ауылдардың тұрмыс-тіршілігі үшін аянбай жұмыс істейді және басшылық тарапынан тапсырылған тапсырмаларды кейбіреулер секілді созбай, уақытында орындайды. Ал мүмкін емес нәрсені бірден айтады.

Депутат сайланған округте 11 елді мекен бар. В.Друзьяк осы ауылдардың тұрғындарымен мүмкіндігінше жиі кездесіп, олардың проблемаларын атқарушы органға жеткізуде.

Колледждің ұстаздар және оқушылар қауымы, округ тұрғындары мақтан ететін Владимир Друзьяк жақында 60 жасқа толды. Жерлестері тынымсыз басшыдан әлі де іргелі істер күтеді.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button