Басты жаңалықтар

«Ақтөбе» — Шалқар ауданында

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

Шалқар — облысымыздағы «Ақтөбе» газетінің оқырманы көп өңірлердің бірінен саналады. Сондықтан да бұл аудандағы мерекелік жүздесудің  қызықты өтетіндігіне күмәніміз жоқ-ты.

Құрамында «Ақтөбе» газетінің бас редакторы  Бауыржан Өтеулиев,  ардагер ағалар Нұрқайыр Телеуов пен Кәдірбай Бекмағанбетов бар топты аудан әкімінің  орынбасары Төлбай Садықов қабылдап,  алдымен осы өңірдің бүгінгі тынысымен таныстырды.

Қазіргі уақытта Шалқарда шағын және орта бизнесті дамыту бағытында көптеген шаралар қолға алынуда. Бұл сырт көзге де бірден байқалады. Көше бойында жиі кездесетін жеке кәсіпкерлердің дүкендері, мейрамханалар мен өзге де сауда орындары келушілерге есігін айқара ашып тұр. Азық-түлік базарларында алушылар да, сатушылар да қызу қарбалас тірлік үстінде. Тіпті Ақтөбеден арнайы келіп, күздік соғымдарын осыннан алып кетушілер жиі кездеседі екен. Оның себебін, мұндағылар біріншіден малдың арзандығымен, екіншіден, еттің құнарлылымен байланыстырады.

Осындай шаруалар жасап, тынымсыз тірлік жасап жатқан өңірде заман ағымына сай сәулетті тұрғын үйлер салу үрдісі тым тәуір жалғасып жатыр. Қала оңтүстікке қарай қанатын кеңінен соза бастапты.  Жекелеген үйлердің аулаларында бір-бір көлік және көрінеді.

Бұл енді аймақтың материалдық өсуін бейнелегенде, ауданда рухани ілгерілеулер де аз емес екен. «Жол картасы» аясында мәдениет үйлері жаңаша түрге енген, көптеген мектептер күрделі жөндеуден өткізіліпті.

Ақтөбелік журналистер «Казпоштаның»   аудандық бөлімшесі ұйымдастырып жатқан баспасөзге жазылу айлығының қорытынды шарасымен бірлесіп алғашқы кездесуін өткізді.

Шалқар қаласының  шағын ауданындағы Әліби Жангелдин атындағы мектепте өткізілген бұл жиында аудандық пошта торабының бастығы Гүлсара Сейітова айлық кезінде 875 адам газет-журналдарға жазылғандығын хабарлады. Бір қуаныштысы, бұл ретте облыстық «Ақтөбе», аудандық «Шалқар» газеттерінің үлесі көзге қомақты көрінді. Алғашқы кезекте ғана «Ақтөбені» алдыруға 236 оқырман тілек білдіріпті.

— Біздер облыстың барлық аудандарында баспасөзге жазылушылармен тығыз жұмыстар жүргізіп жатырмыз, — деді осында болған «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы пошта бөлімінің бастығы Гүлзалия Мәлікова, — айлық кезінде газет-журналдарға жазылғандар арасында заттай ұтыс ойындары ұйымдастырылуда.

Негізінде баспасөзге жазылу науқанының жүгін көтеретіндер — пошта қызметкерлері. Сондықтан да бүгінгі күні олардың есімдері ерекше аталып, бір топ үздіктер марапатқа ие болды. Олардың қатарында Сәния Ниязалы, Рауаш Қаржауова, Әділтай Бертілеуов, Самал Тілеубаева, Гүлнәр Аманжолова, Жеңіскүл Рамазанова, Мәриям Төремұратова секілді қызметкерлерді атауға болады.

Жиын кезінде ауданда алғашқы болып жазылым жасаған Төлеген Есалин ақсақалға ерекше құрмет көрсетіліп, аудандық пошта торабының Алғыс хаты тапсырылды. Бірнеше белсенді оқырманға «Ақтөбе» газетінің арнайы сыйлықтары берілді.

Қазірдің өзінде бірқатар мекемелерде баспасөзге жазылу жоғары қарқынмен жүргізіліп жатқаны белгілі болды. Осы орайда Исатай Көмекбаев, Әкімжан Есбосынов, Зейнел Жолекенов, Алмагүл Бадауова    секілді мекеме басшыларының , газет жанашырларының есімдері құрметпен аталды.

Газетке жазылушылар арасында өткен ойында Қуаныш Тыныбеков, Дариға Қарашолақова, Айбарша Жұмағалиева, Мәлике Құлмұханова, Ләззат Шүренбаева, Жанар Қасымова және басқалары бағалы сыйлықтар алып, «бір оқпен екі қоянды» атып алғандай күй кешті.

Бұл күнгі мерекеде поштаның байырғы қызметкері Базарбай Бисеналин «Ақкербез» әнін әуелеті шырқап, жиналған қауымның көңілін көтерді.

Аудан әкімшілігі ғимаратында болған жүздесу газет пен оқырман арасындағы байланысты орнықтыратын «алтын көпірге» айналғандай еді.

Мұнда сөз тізгінін қолға алған Бауыржан Өтеулиев биыл 85 жылдығы аталып жатқан газет тарихына тоқталды, кеше мен бүгіннің сабақтастығын баяндады.

Облыстық газетті ширек ғасырдан астам уақыт басқарған Нұрқайыр аға өз заманында осы ауданнан төрт шақырылымда облыстық кеңестің депутаты болып сайланған екен.  Ол кісінің ел алдына шығып, сөз алуы қарт журналисті жақсы білетін ардагер ағалардың қошеметіне ұласты.

– Мен Шалқар елін қасиетті де киелі жер деп білемін. Бұл елден талай ұлылар, батырлар, билер шыққан. Танымал таланттар, елге белгілі болған қаламгерлер де аз емес, – деп бастады әңгімесін ол. – Бір ретте ұлы композитор Ахмет Жұбановты Шалқар жерінде қарсы алу мәртебесіне ие болдым. Бұл өңірде басшылық қызметте болған Төлеу Алдияров, Жиенбай Шарбақов, Нағым Қобландин сынды жақсы адамдармен сыйластық. Жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісовпен де осында таныстым.

Кәдірбай Бекмағанбетов журналист еңбегінің қадірі туралы айта келіп, газет ұстанып отырған бүгінгі бағыт аясында ойларын өрбітті. Өзі газетте қызмет еткен жылдарда Шалқар ауданынан бастау алған «Малшының мың бір мұқтажы» атты мақаланың ықпалы ерекше болғандығын айтты.

Аудандық газетте ұзақ жыл қызмет атқарған кәнігі журналист Мұқанбетәли Есмағанбетов «Бұл газет — менің өз газетім, қырық екі жыл бойы жазған мақалаларым жарияланып келеді. Қазір газеттің мазмұны жаңарды, дизайны жақсарды, осының бәрі көңіл қуантады», — деп тебіренді.

Газеттің бұрынғы қызметкері Сәдуақас Малайдаров  газеттің адамдар үшін қызмет етіп келе жатқандығын, талай тағдырларға араша түскендігіне мысалдар келтірді.

…«Өлі риза болмай, тірі байымайды». Халқымыздың қашаннан қалыптасқан осы қағидасын берік ұстанған  журналист ардагер ағалар ұзақ жылдар шаруашылық басқарған Социалистік Еңбек Ері  Нағым Қобыландин мен белгілі журналист Марат Мырзағұл бейіттерінің басына барып тағзым етуі соның айғағындай болды.

ПІКІРЛЕР

Әбдіқұл ЖҰМАБАЕВ, зейнеткер:

– «Ақтөбе» — сүйіп оқитын газетіміз. Әсіресе, «Бұқара» деп аталатын айқара бетті асыға күтеміз. Онда ел мұқтажы, халықты толғандырар мәселелер кеңінен жазылады. Яғни, елге жақын.  Тарихымыз, шежіреміз туралы газетте аз материал берілген жоқ. Соның бәрі бізге керек.

Мен өзім де кезінде аудандық газетте қызмет атқардым. Сондықтан да газет жаныма жақын. Облыстық газетпен көп жылдан сырлас болғандықтан да, оның әр санын асыға күтіп отырамын.

Сембай ҚАРИН, зейнеткер:

— Мен ұзақ жыл темір жол бойында еңбек еттім. Сол уақыттың бәрінде қолыма қалам ұстап, теміржолшылар өмірі туралы аудандық «Коммунизм таңы», облыстық «Коммунизм жолы» газеттеріне қысқа хабарлар, мақалалар жазып тұрдым. Беріректе сәті түсіп бірнеше жыл аудандық газетте қызмет істеудің де реті келді.

«Ақтөбенің» 85 жылдық мерекесі мен үшін де ерекше қуанышты сәт.  Бұған оқырман ретінде де, штаттан тыс тілші ретінде қатыстымын ғой деп ойлаймын. Бір тілегім, алдағы уақытта жергілікті жас таланттарды көбірек тартсаңыздар екен.

Күләй ЖҰМАҒАЛИЕВА, Әліби  Жангелдин атындағы орта мектептің директоры:

— Біздің мектебімізде мұғалімдер мен оқушылар баспасөзге ерекше құлшыныспен жазылады. Нақтылап  айтқанда, бізде газет-журнал  алдырмайтын адам  болмайды. Және бір ерекшелігі, бәрі де бөліп-жармай, бір жылға түгел жазылуға дағдыланған.

Мұғалімдеріміз «Ақтөбе» газетін көбінесе жетекші құрал ретінде пайдаланады. Себебі, біздер іздеген тақырыптарымыз бойынша көптеген материалдарды осы басылым бетінен табамыз. Әсіресе, оқушыларымыз балаларға арналған «Балдырған» бетін асыға күтеді. Біздің шәкірттеріміз арасында өздері де өлең жазатын талапкерлер аз емес. Сол балалардың шығармашылығына қамқорлықпен қарасаңыздар екен.

Раушан СЕРІКОВА, аудандық білім беру және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ кеңесінің төрайымы:

– Өткен жылы облыстық «Ақтөбе», «Актюбинский вестник» және аудандық «Шалқар» газеттерін ардагер қарттарымызға тегін жаздырдық. Бұл шараны үлкен кісілер ерекше сый ретінде қабылдады. Өйткені ұзақ жылдар ағарту саласында қызмет еткен көптеген ұстаздарымыз өздерінің күнделікті тыныс-тіршілігін баспасөзсіз елестете алмайды. Олар әр күнгі поштаның келуін асыға күтіп отырады.  Газет мақалаларын оқыған соң, өзара пікір алысады.

ОЗЫҚ ОЙЛЫ ОҚЫРМАН

Еңбек ардагері Қалмақан Төлеуовтың есімі бұл өңірде көпшілікке жақсы таныс. Оны жұртшылық Шалқар ауданының ауыл шаруашылығы саласына еселеп еңбегі сіңген азамат деп біледі. Биыл ғана жетпіс атты жоғары белеске көтерілген ақсақал өз өмірін бұқаралық ақпарат құралдарынсыз елестете алмайды.

— 1962 жылы Алматы зоотехникалық-мал дәрігерлік институтын бітіріп келіп, бастапқыда  8 март атындағы колхозда бас зоотехник болып жұмыс істедім,-дейді ол, — сол кезден бастап аудандық, облыстық газеттер менің күнделікті жан серігіме айналды. Оның бір себебі, сол уақыттарда бұл басылым беттерінде «Маманның кеңесі» деген атаумен мал дәрігерлерінің, ғалымдардың мақалалары жиі берілетін. Ал біз сияқты жоғары оқу қабырғасынан жаңа шыққан түлектерге оның көмегі көп еді.

1963-2003 жылдар аралығында аудандық ауыл шаруашылық басқармасында, кейінгі жылдары аудан әкімі аппаратында үздіксіз қырық жыл бойы маман, бас маман болып қызметтер атқарған жылдарында да ол осы дағдысынан айнымапты.

— Әсіресе, «Коммунизм жолы» газеті мен үшін ыстықтау, — дейді ақсақал, —  өйткені ауыл шаруашылығы басқармасында еңбек еткен соң, тілшілерге де жиі сұхбат беретін едім, оның үстіне бірте-бірте өзім де мақала жазуға бейімделе бастадым. Сөйтіп оқырманнан авторға айналғанымды да білмей қалдым.

1963-1964 жылдардың ауыр қысында мал басынан көп шығынға ұшыраған, материалдық-техникалық базасы нашар ұжымшарлардың орнына мемлекет тарапынан қаржыландырылатын кеңшарлар ұйымдастыру мәселесін республика Үкіметі алдына қою, сөйтіп, ауданның ауыл шаруашылық құрылымын қайта құру, кеңшарлар мен фермалар ұйымдастыру, олардың шекараларын, орталықтарын белгілеу жөніндегі шараларға Қалекең тікелей араласыпты. Мұндай белсенділік танытуына газет-журналдарды көп оқығандығы ықпал еткендігін ол қазір де мақтанышпен айтып отырады.

Оның жеке фермаларды мамандандыру, мал басын өсіру, өнім өндіру көлемдерін белгілеу, өндіріске озық технологияларды енгізу, мал тұқымын асылдандыру, мал азығына екпе шөптер егу, Шалқар қаласында қой сою-тоңазыту алаңын салу, сүт зауытының қуатын арттыру, басқа ауыл шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері бойынша көптеген ұсыныстар жасап, құжаттарды дайындауға, тиісті облыстық, республикалық органдар алдына мәселе қойып, тиімді шешуге белсене араласып, көп еңбек сіңіргендігін біз тұстастарының аузынан естідік. Біз әңгімелескен ардагер ағалар Қалекеңнің кезінде аупарткомның бірінші хатшыларының баяндамаларын келісітіріп жазып шығатын шеберлігін де айтып берді.

Ұзақ жылғы еңбек мемлекет тарапынан «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен, І дәрежелі «Еңбек Даңқы» төсбелгісімен аталып өтіліпті.

Ардагер аға бізбен әңгіме соңында «Ақтөбе» газетінде осы кезге дейін жарияланып келген тарихи-танымдық зерттеу мақалалардың мәні зор екендігіне назар аударды. «Батырларымыз бен билеріміз туралы жазылған дүниелер кейінгі ұрпаққа «менің бабам сондай» деп құр мақтану үшін емес, ақиқатты білу, кешегі әкелеріміздің ел бірлігі мен тұтастық үшін күрескендігін түсіну үшін маңызды» деп ойын тұжырымдады.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button