ЖаңалықтарЭкономика

«PRIMETALS TECHNOLOGIES» облыста ірі жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытып отыр

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Primetals Technologies» президенті Ямасаки Ясукуни мырзамен Ақтөбе рельс-арқалық зауытының одан әрі қарай даму барысын талқылады.

Кездесу барысында өңір басшысы Ямасаки Ясукуни мырзаға Ақтөбе қаласындағы рельс-арқалық зауыты құрылысына белсенді түрде қатысқаны үшін алғысын жеткізді.

— Толық қуаттылыққа шыққан кезде жылына кемі 200 мың тонна теміржол рельсі мен 230 мың тонна сұрыпталған өнім өндіру жоспарлап отырған зауыттың тек аймақ үшін ғана емес, Қазақстан үшін де маңызы зор. Ақтөбе рельс-арқалық зауыты Елбасының экспортқа бағытталған өндірісті ұлғайту жөніндегі талаптарына сай келеді. Зауыт өнімдері Өзбекстан, Түрікменстан, Әзірбайжан және тағы басқа елдерге шығарылады. Осы зауыт құрылысына атсалысқандарыңыз үшін алғысымды білдіремін, — деді зауыттың одан әрі қарайғы дамуын талқылау барысында Бердібек Сапарбаев.

Кездесу барысында инженерлік шешімдер саласында, қара және түрл түсті металлургияға қажетті жабдықтар өндірісі және толық циклді метталлургиялық кәсіпорын құрылысы саласындағы әлем бойынша көшбасшы компания — «Primetals Technologies» президентіне Ақтөбе облысының басшылығы тарапынан металлургия саласында жаңа ауқымды жобаларды қарастыру жөнінде ұсыныс айтылды.

Нақтырақ айтқанда, болат балқыту зауыты құрылысы жобасын жүзеге асыру барысы сөз болды. Оның үздіксіз жұмысы үшін аймақта мол шикізат қоры бар. Ақтөбеде елдегі темір рудасы қорының шамамен 10 пайызы, Қазақстандағы көмірсутек шикізаты ресурсының шамамен 30 пайызы, никельдің 55 пайызы, титанның 40 пайызы, фосфориттің 34 пайызы, мырыштың 4,7 пайызы бар. Ақтөбе облысы әлемде хром рудасы қоры бойынша екінші орында, ал мыс рудасы қоры бойынша Қазақстанда үшінші орында тұр. Облыс қойнауында алтын, күміс, кобальт және өзге де пайдалы қазбалар бар.

— Ақтөбе рельс-арқалық зауыты құрылысы кезінде қалай көмектессек, жаңа жобаны жүзеге асыруда да қол ұшын аямаймыз. Инфрақұрылым жағынан көмектесеміз, салықтық жеңілдіктер қарастырамыз. Инвесторларға қызмет көрсету орталығын құрдық. Онда жобаны жүзеге асыра бастағаннан толық іске қосылғанға дейін көмек көрсетіледі. Сонымен бірге индустриалды аумақ жұмыс істейді, — деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.

Өз кезегінде Ямасаки Ясукуни мырза Ақтөбе рельс-арқалық зауыты құрылысының өзі басқарып отырған компания үшін маңызды жоба екенін әрі зауыттың табысты жұмыс жасауына мүдделі екенін жеткізді.

Алпауыт компанияның президенті сондай-ақ Ақтөбе облысының бизнес қауымдастығымен бірлесіп жаңа жобаларды жүзеге асыруға да қызығушылық танытып отырғанын айтты.

 «Ақтөбе ақпарат» орталығы.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button