Білім

Балдырған

Ғарыш

Тәулігі ұзақ таулы планета

Ежелгі римдіктер соғыс құдайының құрметіне бұл планетаны Марс деп атаған. Марс Күнді Жерге қарағанда, бір жарым есе шалғай қашықтықта айналады. Жер уақытымен есептегенде, ол Күнді 687 тәулік ішінде бір рет айналып шығады.

Марс — Жерге Шолпаннан кейінгі ең жақын планета. Оның бетіндегі жағдай мен орта Жердегіге едәуір жуықтау. Марс тәулігі Жердегіден 37 минутқа ғана ұзағырақ. Марстың Фобос және Деймос деп аталатын екі серігі бар.

Ғалымдар Марс планетасын негізінен алғанда, көмірқышқыл газынан тұратын өте сирек атмосфера қоршап жатқанын анықтады. Әрине, мұндай ортада адам тыныс ала алмас еді. Бұл планетада күшті дауылдар соғып, оны қоршаған атмосфераны көбіне сары тозаң басып тұрады, сондықтан Марс бетін бақылауға қиындық келтіреді.

Марстағы негізгі су қоры планета сыртқы қабатының астында жатқан мәңгі тоң және поляр бөрігіндегі мұз түрінде кездеседі. Жыл мезгілі ауысқанда, Марстағы поляр бөрігінің көлемі де өзгеріп отырады. Жаз шыққан жарты шарда кішірейіп, ал осы кезде қыс түскен жарты шарында барынша үлкейеді.

Марста сақина тәрізді көптеген таулар тізбегі — кратерлер өте көп, тау шоқылары мен шатқалдар да бар.

Тал түсте Марс экваторында температура кейде 20 градусқа дейін жоғарылайды. Бірақ түнге қарай тұтастай суып, аяз көбінесе 80 градусқа дейін жетеді.

Қанатты әлем

Қай қарлығаштың құйрығы айыр?

Сендер қарлығаштың барлығы бірдей деп ойлайтын шығарсыңдар. Тіпті де олай емес. Дала мен қаланың балалары тәрізді, дала мен қала қарлығаштары да бөлектеніп тұрады.

Ауылдың әр жағындағы тіп-тік жарқабақты жағаларда шұрқ тесік індер қараяды. «Бұлар ненің іні болды екен, ә?» — деп ойлана қаласың. Бірақ көп кешікпей, ұшқыр да епті бір құстардың әлгі індерден ұшып шығып және қайтадан кіріп жатқанын көресің. Өзен жарқабағынан тұмсық және аяқтарымен терең ін қазып алғандар, міне, солар, сол үшін де оларды ін қарлығашы деп атайды.

Бұларға ұқсас құстарды қаладан да, ауыл-селодан да кездестіруге болады. Бірақ олардың ұялары басқаша, өздерінің желім сілекейлерімен жапсырған топырақ түйірлерінен жасалған. Міне, осы құстардың барлығы да қарлығаш аталады.

Қарлығаштар әр түрлі жерлерде тіршілік етеді, олар бір-бірінен түр-тұрпаты жағынан да, тіршілік ету қалпы жағынан да ерекшеленеді. Бірақ барлығының да қанаттары ұзын, жіңішке және ұш жағы сүйір болып келеді. Қала қарлығашы мен ін қарлығашының құйрығы соншалықты ойық емес, ал қыстау қарлығашының құйрығы екі айыр болады.

Қарлығаш жәндіктерді тек қана ұшып жүріп, әуеде аулайды, жерге тым сирек қонады. Себебі олар жақсы жүре алмайды және өздеріне жерден ұшып көтерілу де қиын. Тіпті суды да ұшып бара жатып тұмсығымен іліп ішеді.

Сағыныш

Аға алақаны

Ағатайым менің, даусыңызды, маңдайымнан сипаған алақаныңызды, ақыл-кеңесіңізді, толқындай бұйра шаштарыңызды сағындым. Әліппенің әріптерін жаттатқызып, әлі есімде, таңертеңгі сағат алтыда қайталатқызып, бір маған уақыт аямаушы едіңіз.

Тіпті солақай қарындасыңызды оң қолмен жазуға да үйреткен өзіңіз едіңіз. Ол кезде мен не бары он жастамын, сіздің сол бейнеңіз менің жүрегімде сақтаулы тұр.

Қандай да белестерден көрініп жатсам, үнемі сізді есіме аламын. Өзім де ерке болып өскесін бе, үйде өзгелер сабақ оқытса, жылап қоя беретін едім. Сол кезде сіз тамақ жасайын деп жатқан жеңгемді де бөлмеден шығарып жіберіп, көңіл-күйіме қарап, мені оқытудан бір жалықпаушы едіңіз. Ол күндерді мен қалай ұмытайын. «Оқы, қарындасым, оқысаң, адам боласың», — деген сөзіңіз демеу болып құлағымда жаңғырады да тұрады.

Мен кейде ашуланғанда «кекшіл болма, көпшіл бол» деп жай ғана ескертетінсіз. Қазір де сіздің аялы алақаныңызды аңсаймын, ақыл-кеңес беретін қасымда сіз жоқсыз, ақ көкем менің. Сіздің айтқан ақыл-кеңестеріңіз есейе келе маған сабақ болды. Сіздің еңбектеніп, мені оқытқаныңыз үшін барымша жақсы оқуға тырысамын. Сіз менің алты асқардай биік тұрған қорған панам едіңіз ғой.

Ажалдың құрығына ілінбегенде, наурыз айында 37 мүшел жасқа толар едіңіз. Десе де, «өлі риза болмай, тірі байымайды» деген қазақтың мақалы бар ғой. Сол себептен де сіздің әрбір сөзіңізді, ақыл-кеңестеріңізді үнемі еске аламын.

Мына өмірде, қарбалас сәтте бәрі де ұмытылып, тағдырдың жазғанына көнеді екенсің. Бірақ өзіңізге деген сағынышым сол қалпында, ағатайым!

Шынар БИСЕНБАЕВА,

оқушы.

Аралтоғай аулы,

Әйтеке би ауданы.

Оқушының өлеңі

Ана тілі

Ана тілі — ана нәрі, жемісі,

Ана тілі — ата-баба жеңісі.

Ана тілі — ұлттығыңның жалғасы,

Бабалардың ана тілі — кен іші.

Өтті-ау талай жас төктірген замандар,

Неге әлі алынбаған қамал бар?

Неге жолың сонша ауыр, анашым,

Аяныштан күнде жүрек жалындар?!

Сен емес пе ең, ел-жұртымның керегі,

Сен емес пе ең, өткен заман дерегі?

Босағадан сығалайсың бұл күнде,

Өгейліктің, айтшы, қандай себебі?

Қайран тілім түсіндірген бәрін де,

Адам болдың арқасында бәрің де.

О, құрметтім, ана тілім, сен қашан,

Қарт атадай шалқаясың төріңде?

Арайлым НҰРҒАЗИНА,

№39 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

Біліп жүр

Шапшаң қимылдайтын ит

Джаз есімді ит 1999 жылдың 4 желтоқсанында рекорд жаңартты. Ол 60 түрлі кедергілерде айналып жүруге, жүгіруге 12,98 секунд уақыт жұмсапты.

Салмағы ауыр келл

1999 жылдың 18 тамызында ұлыбританиялық Том Скоттың бағымындағы ағылшын мастиффі Келл 130 килограмм салмақпен әлемдегі ең ауыр ит болып тіркелді. Бір қызығы, Келл жұмыртқа және ешкі сүтімен көбірек қоректенеді.

Дарынды күшік

Кішкентай Чанда-Лиан пуделі канадалық Шарон Робинсонның иелігінде. Ол пианинода ойнайды, одан басқа 469 трюк орындайтын көрінеді.

Жүзгіш иттер

Лабрадор тұқымдас Кий мен Джипси 1995 жылдың 2 қыркүйегінде қожайыны Стив Фишпен бірге Линаиден Маул (АҚШ) көліне дейін жүзген екен. 15,2 шақырымдық қашықтықты олар 6 сағат 3 минут және 12 секундта жүзіп өткен көрінеді.

Ең кішкентай мысық

Пинкер Той — ең кішкентай мысық. Гиннес рекордтар кітабына тіркелген. Ұзындығы не бары 19 сантиметрге жететін Пинкердің қожайыны америкалық Скот Форб екен.

Жайнагүл ДАУЫЛОВА,

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің 1-курс студенті.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button