Мәдениет

«Өзіңмен біргемін…»

Сейсен негізі малшы болуы керек еді. Бірақ ол әнші болып кетті. Өйткені тағдыр жазуы солай болды. Әдетте үлкен кісілер өмірдегі барлық жақсылық пен жамандықтың, қайғы мен мұңның, ақ пен қараның астарын төңкеріп, пәлсапасын ақтармай-ақ, қарапайым түсіндіре салады емес пе: өмір ғой…

Бұл да өмір ғой: Сейсен тоғыз баланың ортасында өсті. Ауданға аты шыққан аға шопан, қарт Мұқан Айтжанов балаларының ішінде таяғын Сейсенге тастауды армандады, өйткені Сейсен өзгелерінен гөрі малға жақындау болатын. Темір ауданының Дружба (қазіргі Шығырлы) аулына қарасты 1 май дейтін ауылда тұрды.  Дружба мен 1 майдың арасы — 18 шақырым. Сейсен Дружбада тұратын Шайзада деген бұғалтыр қызды шаңыраққа келін етіп түсіргенде, болашақ малшыға серік болады деп әке мен шеше қуанды…

Шайзада да көп балалы үйдің қызы. Әкесі ерте қайтыс болған. Үлкен ағасы Алматыдан мал дәрігері мамандығын алып келгенде, жолдамамен Темір ауданына жіберіпті. Бүкіл отбасы әке орнына әке болған үлкен ұлдан қалмаймыз деп, Ойылдан Темірге көшеді. Шайзада болашақ жарымен сонда танысады.

Алғашқыда Сейсен келіншегін 18 шақырым жердегі, Дружбадағы, жұмысына тасып жүрді. Кейін әкенің арманын айтқанда Шайзада бірден келісті: қолындағы шотын ол да малшы таяғына ауыстырды. Әке-шешені зейнетке шығарып, екеуі мал соңына түсті. Жұмыс та жанданып жүре берді. Облыста өткен ауыл шаруашылығы мамандарының слетіне қатысқан Сейсен 800 малшының ішінен 12-інші орынға шығып, мақтау қағазын алды.

Көп ұзамай екеуі қызды болды. Содан соң ұлды болды. «Шілдехана, бесік той, ай, шіркін-ай…» деп әндеткен өмір осы бақытты жүрісінен танбауы тиіс еді. Бірақ өмір ғой, әннің әуені басқа нотаға ауысты…

Шайзаданың қолы ісіп кете беретінді шығарды. Түске дейін іседі де, түстен кейін басылады. Әуелгіде бұған ешкім аса мән берген жоқ. Әке сеніп тапсырған соң, малшы таяғын қайдан тастап кете қойсын, қолдың ісігі кетер, басылар деп жүре берді. Бірақ ауру меңдеп кетті. Келіншегін ертіп, ауданға ауруханаға барды. «Полиемелит. Салқын тиген», —  деді дәрігерлер. «Бұл сүйек ауруы, уақыт өткен сайын сүйектер қисайып, әйелің жүре алмай қалуы мүмкін. Кеш болмай тұрғанда қалаға апарыңдар. Ішінде дәретханасы бар жылы үй керек», — деген соң, Сейсен басы салбырап үлкен үйге ақыл сұрай келді. Тоқсаныншы жылдардың ортасында қаладан үй алып, көшіп келмек түгілі, аудан орталығына қоныс аудару оңай емес еді. Бірақ ата-анаң барда дүниеде ештеңе қиын емес сияқты ғой, үлкендердің ақылымен олар Ақтөбеге көшетін болды: әке-шеше қолдағы бар малды сатып, қаладан бір бөлмелі пәтер алып берді. Әне көшеміз, міне көшеміз деп жүргенде арада тағы екі-үш жыл өтіп кетті. Ауру меңдегеннің үстіне меңдей түсті. Қалаға келген соң, Шайзада мүлде жүре алмай, төсек тартып жатып қалды. Ер азамат үшін бұдан ауыр не бар?

Өмір тым қайғылы әуенге ұласып бара жатты… бірақ Сейсен мүжілген жоқ. Төрт жастағы қызы мен ұлын аналарының қасына қалдырып, өзі ақша табу қамына кірісті. Қалада тума жоқ, туыс жоқ, достарының, құрдастарының қолдау-қолпаштауымен әр істің басын бір шалды. Болмаған соң, арақ та сатып көрді. Анау бір жылдары спирттен арақ жасап сату бір белең алып еді ғой, соның арасында Сейсен де болды. Тамақ табу керек, дәрі алу керек. Бір қорабы 25 мың теңге тұратын «Инолтра» деген дәріге қанша ақша кетті… Оның бір қорабы бір аптаға ғана жететін еді. Ол кезде 25 мың теңгең әкеңнің құнындай… Ол аздай бір күні: «Сен жұртты улап жатырсың, арақ сатуыңды қой», — деп үйдегі әкесі ренжімесі бар ма, Сейсен амалсыз оны да тастап кетті. Рас, тым қиын болды. Үйге келген адамның баланың басынан сипап, қолына ұстатып кеткен бес-он тиынға тамақ алып жеген күндер де өтті. «Жұт жеті ағайынды» деген рас екен, үйде ауру қысса, түзде нарық қысты. Малшыны дала үйретеді ғой, оған оқудың керегі жоқ, тоқи білсең болғаны. Әуелде малшы боламын деп мақсат қойған Сейсеннің де қолында диплом жоқ болатын, жұмысқа алмайды. Әкесі арақ сатпа деп кейіген соң, екі қолға басқа күрек іздеген Сейсен, әйтеуір, Алла оңдап, бір мекемеге жүргізуші боп кіреді. Онда да жалақы бермейді, орнына тамақ береді. Ал Сейсенге тамақ қана емес, дәрі керек.

— Бірде әскерде бірге болған достарым келді. Қолдарында 50 мың теңге ақшасы бар. Ол кезде 50 мың теңге бірталай қаржы. «Сәке, мынау біздің саған көмегіміз. Жетсе келіншегіңді Москваға апарып қаратып кел, жетпесе тағы береміз. Бұл ақшаны реті келгенде берерсің, бермесең сұрамаймыз» деді. Бірақ ол ақшаны ала алмадым… — дейді Сейсен. «Намыс па?» десем, иығын көтеріп: «Солай болар», — дейді.

«Алладан мықты емеспіз ғой, басқа салғанын көрерміз» деп көлденең келген ақшадан бас тартқан Сейсеннің ішінде тағы бір ой басын көтеріп алды: айлық жоқтың қасы, коммуналдық төлем күн өткен сайын өсіп бара жатты, қысқасы көмек бәрібір керек екен. Содан Сейсен іште бұйығып жатқан бір тілегін айтты: «Жігіттер, менің ән айтатыным бар еді… тойға шыққым келеді». «Базарда саудамен айналысып жүрген жігіттер ғой, бірер сағаттың ішінде ақша жинады. Базарға барып, қажетті музыкалық аппарат сатып алдық. Ол кезде қалада көп ешкімді тани қоймаған кезім. Әуелі достарымның туған күндерінде, жақындарымның қуаныштарында ғана ән айтып, ақша тауып жүрдім. Бұл істі қаладан бастауға бір түрлі сескеніп, әуелгіде көбіне ауылға баруға тырыстым», — дейді Сейсен.

Сейсен бала кезден ән айтады екен. Мал соңында жүріп шарбақтың ағашын жұлып алып, домбыра ғып «тартып» жүретін қылығы туралы Шайзадаға қайын атасы айтыпты. Сейсеннің өзі де бала кезде көп өлең шығарғанын, бірақ ұялып, оларды талай рет жыртып тастағанын айтады.

Иә, қазақтың тойы қашан да ас та төк береке, шашу ғой. Қазақтың тойы — тәңірдің қазынасы. Сейсеннің отбасын да қиын белестен сол берекелі қазына — қазақтың тойы құтқарды десе де болады. Бір жақсысы, тойдан жалақы аламын деп айдың соңын күтпейсің, сол бойда қолыңа «тірі» ақша алып үйге қайтасың. Ең қуаныштысы, біржола жатып қалған Шайзада жар жағалап, таяққа, балдаққа сүйеніп жүре бастады. Үйдегі балалардың да қабағы жадырады.

— Сейсенді қайын жұрты күйеу баласы емес, туған ұлындай көреді. Күйеу бала болып қолға су да құймайды,  төрде отырады, — деп әзілдейді Шайзада. Әлбетте бұл Шайзаданың еріне  деген алғысы, шексіз рахметінің бір көрінісі шығар. Бірі 17-ге екіншісі 16-ға келген көзінің ағы мен қарасындай екі баланы ес білгенше бағып-қаққан үлкен кісілерге алғысы шексіз. Екеуі әлі күнге дейін балаларын «біздікі емес, кемпір-шалдың балалары» деп отырады.

Тойға шығып жүрген Сейсенді бір күні «Екі езу» театрының жетекшісі Нұрлыбек Жұбатқан көріп, театрға әнші болуға шақырады. Сейсен «Екі езумен» Алматыға дейін барып, үлкен сахналарда әнін салып қайтты.  Достар аясы кеңейді.

Қысқасы, өмір бір арнаға түскендей болды. Қазір Сейсеннің «Маэстро» деп аталатын жеке ән өңдеу студиясы бар. Аранжировка жасайтын Ерлан Саудабаев екеуі жұмыс істейді. Бұдан өзге Сейсен М.Тынышпаев атындағы көлік және коммуникация колледжінде ұйымдастыру жұмыстарының жетекшісі қызметін атқарады.

— Бір күні кешкілік жұмыста әрнені ойлап, жалғыз отыр едім, ішімнен әлдеқандай бір әуен естігендей болдым. Тіліме «үмітіңді үзбеші» деген сөз орала берді. Әлгі әуен өзімнің тағдырыма ұқсап кетті. Қаламымды алып, ойыма келген сөздерді қағазға түсірдім. «Кім білсін не тұрар алдыңда, Алғашқы кездескенде, Бақытқа қол создық екеуміз, Сағына жүздескенде…». Сосын әуен туды. Тура өз өмірім. Әдеттегідей қағазды умаждап, лақтырып тастағым келді… — дейді Сейсен.

Бірақ лақтырған жоқ. «Димаш Али» студиясының жетекшісі Қанат Айтбаевқа апарып көрсеткенінде, ол бұл әнге жақсы клип түсіруге болатынын айтыпты. Содан Сейсен іске кірісті. «ДимашАли» тамаша клип түсіріп берді. Сюжеті тура Сейсеннің өз өмірі. «Қанатқа өз тағдырымды айтып бердім. Ән біздің тағдырымыздың көркем көшірмесі секілді шықты. Маған ұнады. Адамға ой салатын әдемі дүние шықты деп есептеймін. Актерлер де жоғары шеберлік көрсетті» дейді Сейсен. Қазір бұл әнбаян жергілікті телеарналардан жиі беріледі.

«Өзіңмен біргемін» деген бұл ән маған арналған» деп жымияды Шайзада. Жүзінде өкініштің, қайғының ізі де жоқ. «Осылай отырғаныма шүкір. Алла бізге ұл берді, қыз берді. Жолдасым қасымда. Жағдайымыз жаман емес. Шүкір», — дейді Шайзада. Осы шүкірге жеткенше бақандай жиырма жылға жуық уақыт өтіп кетті. Бір кездері екі сәбиін, ауру меңдеген әйелін арқалап тума-туыс жоқ үлкен қаланың ортасына түскен жиырманың о жақ бұ жағындағы жас жігіт қазір қырықты алқымдаған жігіт ағасы. Шайзадасы, сонау ауылдағы бойжеткен бұғалтыр қыз, қазір Сейсеннің шайын құйып, әнін тыңдап үйінде отыр. «Қазір дәрінің күшімен отырмын. Сейсеннің көрсетпеген қазақы емі, апармаған дәрігері жоқ. Бірақ дүние жүзі бойынша бұл аурудан толық жазылып кетудің жолы табылмаған көрінеді. Мезгілімен дәрі ішіп отырсаң, ауру тереңдемейді. Шүкір ғой.. » дейді Шайзада.

Қысқасы, «шілдехана, бесік той…» деп басталатын өмірдің ұлы әні үзіле жаздап, өз жалғасын тапты. Алдағы жылы тұңғышы Данагүлі 18-ге келеді бұйырса. Ұлы Нұрлысы да азамат болды. Көктемде Сейсен туған аулына барып, жеке концертін беріп келді. Әке-шеше, ауылдастар мен тума-туыс бір жасап қалды.

Әр адамның ғұмыры әуені бар өлең сияқты. Бүгін жылайсың, ертең күлесің. Өмір ғой…

Ал Сейсеннің әні  — «Өзіңмен біргемін».

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button