Білім

Білім саласындағы реформалар — ел дамуының негізі

Қазіргі білім беру жүйесінің басты мақсаты —  бәсекеге қабілетті маман даярлау. Педагог қауым, жалпы қоғам «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» аса қызығушылықпен талқылап жатыр.

Осы орайда Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін барлық жалпы білім беретін мектептер қолданатындығы, соның ішінде биылғы жылы мектеп табалдырығын аттайтын балапандарымыз NIS оқулықтарымен білім алатындығы көңіл қуантады. Осындай тәжірибе біздің қаламыздағы №9 орта мектеп-гимназия мен Новый орта мектебінде енгізілді. Балаға сапалы білім беруді мақсат еткен бағдарлама оқушылардың зерттеу мәдениетін дамыту, топпен жұмыс жасау, креативтік ойлау дағдыларын шыңдау, шығармашылық және көшбасшылық қабілеттерін арттыруға бағытталған.

Биылғы 1 қыркүйекте  қала мектептерінде 1-сыныпқа қабылданатын 8 мыңнан астам оқушы  жаңартылған мазмұнда білім алады. Балапандардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында бес күндік оқу режимі ұсынылып отыр. Шын мәнінде бұл жаңашылдықтың пайдасы зор. Өйткені оқушының денсаулығын нығайту мен қосымша қабілеттерін шыңдауға  септігін тигізеді.

Біздің басты міндетіміз — осы 1-сыныпты қабылдайтын бастауыш сынып мұғалімдеріне жаңаша оқыту мазмұнын игертуге мүмкіндік беру. Осыған орай, Ақтөбе қаласындағы  119 бастауыш сынып мұғалімі даярлықтан өтті. Қазіргі уақытта қазақ мектептерінде орыс тілі пәнінің 54 мұғалімі, орыс мектептеріндегі  қазақ тілі пәнінен сабақ беретін 64 мұғалім, сондай-ақ 59 — ағылшын тілі, 67 — музыка, 77 — бейнелеу өнері, 18 — технология пәндерінің мұғалімі даярлықтан өтіп жатыр.

Білім мазмұнын жаңартудың басты жаңалығы —  мектеп бітіруші түлектердің үш тілді еркін меңгеріп шығуы басты назарға алынып отыр. Бұл —  ағылшын тілін әлемдік деңгейде үйрету, мемлекеттік тілді жаңа әдіс-тәсілмен оқыту, оқыту тілі орыс мектептерінде қазақ тілінде жүретін сабақтардың  көбеюіне зор мүмкіндік. Ең маңыздысы, химия, физика, биология, информатика пәндерінің ағылшын тілінде жүргізілуі — әлемдік кеңістіктегі ғылымға бастайтын нық қадам. Аталған пәндерді ағылшын тілінде оқыту 2019 жылдың қыркүйек айында басталады. Дәл осы жылы оқыту тілі қазақ мектептерінде математика, қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы, құқық негіздері және тағы басқа бірнеше пәнді  (барлығы 16 сағат) қазақ тілінде оқыту жоспарлануда. Орыс тілі мен әдебиеті, дүниежүзі тарихы оқытылу тіліне қарамай орыс тілінде оқытылады. Бұл тек төрт жылдан кейін жоғары сынып оқушыларына арналады. Ал қалған сыныптарда базалық жүйе сақталады.

Аталған бағдарламада үш тілде білім алуды дамыту 33 дарынды балаларға арналған эксперименттік мектеп, 20 Назарбаев зияткерлік мектебі және 30 қазақ-түрік лицейлерінің тәжірибесіне сүйеніп енгізіліп отыр.

Біздің қаламызда да 10 жыл көлемінде математика және биология пәндері ағылшын тілінде, ал оқыту орыс тіліндегі Қазақстан тарихы пәні қазақ тілінде жүргізіледі. Сол себепті бұл біз үшін аса жаңалық емес.

Жаһандану заманында ғаламторсыз болашақты елестету мүмкін емес.  Жаңа құжатта жақын арада 2,5 мың мектепті кең жолақты ғаламтор желісіне қосу көрсетілген. Оқушы ғаламтор желісі қосылған кез келген жерден мұғалім көмегінсіз қажетті материалды алып, яғни өзінің де, мұғалімнің де уақытын үнемдей алады. Біздің қаламыздағы 21 мектепте  3-4 жылдан бері кең жолақты ғаламтор желісі қосылған. Қалған мектептерге де жүргізуді жоспарлап отырмыз.

Аталған бағдарламада мемлекеттік, жекеменшік балабақшалармен қатар, жалпы білім беретін мектептерде де мемлекеттік, жекеменшік қызмет көрсету үлгісі ұсынылады. Бұл — ұстаздарға жаңа жұмыс орны мен кәсіби дамуына қызығушылық таныту және білім деңгейін жаңа сатыға көтеруге мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, Ақтөбе қаласы жаңа білім беру  мазмұнын енгізуге дайын және оның табысты жүзеге асырылатынына сенімді.

 Ләззат ОРАЗБАЕВА,

Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысы.

АҒЫЛШЫН ТІЛІН ҮЙРЕТУ — УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» атты Жолдауында: «Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі —  мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі — жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі», —  деген болатын. Білім мен ғылымның, экономиканың, бизнестің, саясаттың, жалпы бәсекелестік қарыштап дамып отырған бүгінгідей жаһандану кезеңінде Елбасы көрегендік танытып, алдымызға үш тілді білу қажеттігін қойып отыр.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те білім беру мекемелерінің басшыларымен кездесуінде жас ұрпаққа үш тілде сапалы білім беру керектігін баса айтты. Балаға ағылшын тілін меңгерту бір жылдың шаруасы еместігін, дегенмен оны уақыт жоғалтпай бастау керектігін тілге тиек етті. Өз сөзінде Е.Сағадиев қазақ тілін жедел меңгертудің әдістемесін жасаудың маңыздылығына да тоқталды. «Мәңгілік Ел болуды мұрат еткен біз өз тілімізді қалай сақтай аламыз, оның жолдары қандай, басқа мемлекеттерде осы тұрғыда озық үлгі бар ма? Осының бәрін сарапқа салу керек», — деді Е.Сағадиев.

Жас ұрпаққа ағылшын тілін үйрету — уақыт талабы. Сол себепті, ағылшын тілін қазірден бастап тереңдетіп оқыту керек деген бастаманы қолдаймын. Бұл бастама жүйелі және сатылы түрде жүзеге асса, нәтижелі болатынына сенімдімін.

  Марта МАЛАЙДАР,

№32 мектеп-гимназияның директоры.

Ақтөбе қаласы.

 ҚОЛДАУҒА ЛАЙЫҚ ҰСЫНЫС

«Білім саласына өзгерістер енетін болыпты» деген хабар әр ортада айтыла-айтыла сан түрлі өзгерістерге түсіп, тарай бастағанына біраз болған-ды. Сәуірдің 27-сі күні Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев тікелей эфирге шығып, сұхбат берді. Тікелей эфирден жеті сұрақ қою мүмкіндігі беріліп, Көкшетау қаласы, Оңтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындарынан кейінгі үшінші сұрақ менің еншіме тиді. Өзімді ойландырып жүрген петиция жайында айтып беруін сұрадым. Сөйтіп, көп жайттың анық-қанығын білдім.

Мен қарапайым ата-анамын ғой. Әлеуметтік желілерде шулап жатқан көпшіліктің «қазақ тілін оқу, үйрету үшін шет елге барып оқу, тәжірибеден өту масқара ғой; ана тілін үйреніп алмай жатып, ағылшынды қайтпекпіз. Алты күнгі сабақ кестесін қысқартып бес күнге көшіргенде, білім сапасы төмендейді» деген сынды адасқақ ой, бұлыңғыр пікірлер бүге-шүгесіне дейін ашылды. Қай жаңалыққа да пенде анау айтты екенмен емес, өз талғам, түсінігімен қарау, қабылдау керек екен. Шын мәнінде, ағылшын тілін еліміздегі қысқа мерзімді курстар (3-6 ай) қалай оқытып шығады? Баласын ақылы тіл оқыту орталықтарында оқытпайтындар аз. Ал біз неге 25 жылдан бері өз тілімізді өзгелерге сіңіре алмай келеміз. Сірә, тілді өзге ұлтқа (өзімізге де) үйрету, сөйлетудің нағыз тиімді тәсілін білмейміз-ау. Тек қазақ тілі ғана емес, жалпы тіл үйретудің, миға сіңірудің әдістемелік методикасын айтамын. Соның техникасын меңгеру керек екен. Ортадағы, онсыз да аузымыздан түспей жүрген аралық тілге жүгінбей, қазақ ұл-қызы тікелей іргелі, дамыған елдердің қолданбалы ағылшын тіліне жетік болса, делдалсыз тікелей әлемге әңгіме айта алатын болсақ, тақиямызға тар келе ме? Расында, көбіміз ағылшын тілін баламызға көшеден жалдап үйретіп жүрміз. Бұл деген көктен іздегенді жерден табу ғой. Бес күндікке келетін болсақ, енді баламызды бұрынғыдан да көбірек еркелете аламыз, ертегі, әңгімеміз көбейеді деген сөз. Екі күн бойы балдырған ұйқысын қандырып, еркін оянады. Несі жаман?

Білім және ғылым министрлігінен сарапқа салынбай, талқыланбай, бірнеше ортадағы сүзгілерден өтпей еш ұсынылым, шешім халыққа, білім ордаларына таратылмайтыны анық. Көшбасшыға сенбесек, ұстазды құрметтемесек, өзіміз отырған ағашты аралаған ақымақ секілді, арандап қалмасымызға кім кепіл? Мен әр жылдары Астанада және басқа да облыс орталықтарында өткен республикалық форумдар, конференциялар, семинарларға қатысып жүрмін. Жай мектептер Нұрсұлтан Назарбаев атындағы зияткерлік мектептер мен  түрік лицейлерінің деңгейінде білім беретін дәрежеге жетсе, қалай қуанбаймыз? Әрине, бір күнде ештеңе де өзгермейді. Кезең-кезеңмен, жүйемен көшіріледі. 15 жылдық тәжірибенің нәтижесі бойынша қабылданған шешім бұл. Сол нәтиже қазақ баласының дәл осындай бағдарламаны игере алатындығын дәлелдеп бергендіктен де. Бірте-бірте электронды оқулыққа да қол жеткіземіз. Ата-аналар өзінің бала кезіндегі қабілеті, танымын есіне алады да, баласының қабылдау мүмкіндігіне шек келтіреді-ау деймін. Қазіргі баланың өз заманына, ұшқыр ғасырына сай, білу, тану, игеру қарымы күшті. Өзгерістер болып тұруы керек. Олар үнемі оңға, жақсылыққа бастайды.

 Гүлімай ӘБІШҚЫЗЫ,

      ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.

Ақтөбе қаласы.

 ӨЗГЕРІСТЕР ӨРКЕНДЕУГЕ БАСТАЙДЫ

«…Жақында іссапармен шетелге барып келдім. Елімізден сыртқа шыққан кезде қазақ тілі мен орыс тілінен басқа тілдерді де білген артық етпейді екен. Аудармашысыз бір қадам алға жүре алмай қалдық, ендігі жоспар — ағылшын тілін үйрену болып отыр», —деді көрші ағай. Мен сонда бұл кісі үлкейгенде ағылшын тілін қалай үйренеді екен деген ойға кеттім. Бірақ егер адам алдына мақсат қойса, бәрі де орындалатыны анық.

Болашаққа деген сенімді көзқарас пен жан-жақты ойлауды дамыту мақсатында енгізілгелі отырған ағылшын тілін жаратылыстану пәндерімен қатар үйрету мәселесі менің және менің қатар-құрбыларымның көңілінен шықты. Себебі, кез келген жастың арманы — шетелді көру немесе шетелге барып білім алу. Сондықтан ағылшын тілін жетік меңгерудің ешқандай артықшылығы жоқ.

Қазір мен 9-сыныпта оқимын. Ағылшын тілі пәні аптасына екі сағат өтеді. Ұстазымның шет тілін меңгерту жолындағы еңбегіне мың да бір алғыс айта отырып, өз бетіммен де білімімді жетілдіргім келеді. Ол үшін алдымен күнделікті өмірдегі машық керек екенін де білемін.

Жастардың көкейінде жүрген мәселені көтеріп отырған ел ағаларына мың алғыс!

    Жансая ШҮКІРАЛЫ,

№10 орта мектептің оқушысы.

Ақтөбе қаласы.

 БЕС КҮНДІК ОҚУ АПТАСЫНЫҢ ПАЙДАСЫ КӨП

Жұртшылық арасында оқушылардың бес күндік оқу аптасы туралы мәселе қызу талқыланып жатыр. Халық пікірі әртүрлі. Меніңше, өркениетті ел озық деп санаған  бағдарламаның маңызы зор.

Менің балам Ерлан Боранбай 12 жылдық білім беру жүйесінің пилоттық жобасы енгізілген Новый орта мектебінде 1-сыныпта оқиды. Оқу аптасы — бес күн. Баламның білім алуға деген құлшынысы зор.  Оқу кабинеті заман талабына сай жабдықталған. Онда интерактивті тақта, қажетті көрнекіліктер бар. Тіпті демалыс бұрышы да қарастырылған. Үйге келе сала, мектептен алған әсерін бөліскенше тыным таппайды.

Қазір балалар өте әлжуаз екені белгілі. Бес күндік оқудың пайдасы сол — бала мүлде шаршамайды екен. Сондай-ақ, баланың өзіндік қабілетіне қарай шығармашылық тұрғыда дамуына, спорттық секцияларға қатысуына, отбасымен бірге болып, отбасылық мерекелерге қатысуына мүмкіндік бар. Ұлым сенбі күні шахмат үйірмесіне барады. Отасымызбен бірге театрға, саябаққа баруға да уақыт жеткілікті.

Бес күндік оқу педагог үшін де қолайлы. Сенбі, жексенбі күндері тынығып, сабаққа дайындала алады.

Сондықтан бес күндік оқу аптасын қуана қолдағанымыз дұрыс деп ойлаймын.

                                                             Жаңылсын БОРАНБАЕВА, ата-ана.

Жаңақоныс ауылы,

Ақтөбе қаласы.

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button