Әлеумет

Бұқара

Балабақша

«Аққайыңның» жапырағы жайқала түссе…

Қаламыздағы «Аққайың» балабақшасы 1965 жылы салынған. Алғашында «Березка» деп аталған орыс балабақшасы 1981 жылы №16 «Аққайың» мектепке дейінгі ұйымы деп аталды. Соңғы рет бұл балабақшаға 1991 жылы күрделі жөндеу жүргізілді. Жыл сайын ғимаратқа ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілгенімен, бөлмелердегі электр желілері тозып, ауыстыруды қажет етеді. Ал аула асфальты мүлдем жөндеу көрмеген.

Бүгінде «Аққайың» балабақшасында 6 топ, 12 жетекші бар. Әрбір қызметкер бүлдіршіндердің ой-өрісін кеңейтуге, жан-дүниесін дамытуға ерекше ат салысады. Оқу жоспарына сай ұстаздар балаларға тәлім-тәрбие бере отырып, оларды адамгершілікке, адалдыққа, отансүйгіштікке баулиды. Балабақшада барлық оқу-тәрбие жұмыстары қазақ тілінде жүргізіледі. Сонымен қатар әрбір мереке атаусыз қалмай, балалар қоғамдық шараларға белсене араласады. Бүлдіршіндер тәрбиешілердің ықпалымен қалада ұйымдастырылған түрлі байқауларға қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атанды.

Бүлдіршіндердің екінші үйі саналатын «Аққайың» балабақшасы жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Балабақша 1991 жылы ғана күрделі жөндеуден өтті. Ал 2001 жылы тек шатыр жамылғысы рубероидпен жаңартылды. Көптен жөндеу жұмыстары жүргізілмегендіктен, темір тұрбалар тозып, жылу жүйелері де істен шыға бастады. Әділдігін айтқан жөн, 2007 жылы қалалық оқу бөлімінің ықпалымен жылу жүйелері, ыстық және салқын су құбырлары пластикалық тұрбаларға ауыстырылды. Ал 2008 жылы бос тұрған салқын бөлме жөнделіп, бүлдіршіндердің демалатын бөлмесіне айналды.

Балабақшаның әлі де «жыртық» жерлері көп. Мәселен, электр желілері тозып, толықтай ауыстыруды қажет етеді. Кейбір бөлмелерде энергия қуаты мүлдем жоқ. Сондықтан биыл балабақшаға өртке қарсы қондырғылар орнатылды. Тағы бір айта кететін жайт, балабақшада балаларға арналған ойын бөлмесі болмағандықтан, бүлдіршіндер бір бөлмеде ас ішіп, ойнап, тынығады. Барлық жұмыс бір бөлмеде атқарылатындықтан, тәрбиешілер балабақшада тазалыққа мұқият қарап, өз міндеттерін ұқыпты орындайды.

Балабақшаның ауласы кең, балалардың еркін ойнауына мүмкіндік мол. Алайда аула жолы тегіс емес. Қатты жауын жауғанда, не көктемде қар ерігенде әр жерге шалшық су жиналып, балалардың берекетін алады. Келешекте бұл жұмыстардың барлығы жөнделсе, балабақшаның тұрмысы түзелер еді. 1965 жылы қызыл кірпіштен салынған балабақша ғимараты әлі де берік. Бірақ жаңа үлгідегі құрылыс материалдарымен тағы бір мәрте жаңалап, шатырын жөндесе көптеген жылдарға қызмет етері анық.

Сағидолла ЖОЛЕКЕНОВ,

балабақша жұмысшысы.

Ақтөбе қаласы.

Ұстаз

Біздің Мирамгүл

Мирамгүл Қойшыбайқызы — Төлтай Шанов атындағы орта мектептің химия-биология пәні мұғалімі. Ол отыз жыл бойы жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді.

Мектепті де, жоғары оқу орнын да үздік бітірген Мирамгүл алғашқы еңбек жолын туған жерінен бастады. Жастайынан еңбекқұмар, білімді қыз әп дегеннен қоғамдық жұмыстарға, спорттық шараларға, түрлі сайыстарға белсене қатысып, аудан, облыс көлеміне кеңінен танылды. Мирамгүл тәрбиелеген оқушылар да білімділігімен көзге түсіп жүр. Жыл сайын шәкірттері пәндік олимпиадалардан жүлделі оралады. Ал ҰБТ сынағына ол оқушыларды өзіндік шебер тәжірибесімен дайындайды. Түлектердің көпшілігі қазір мемлекеттік грантты иеленіп, ұстаз абыройын асқақтатып жүр.

Үнемі ізденіс үстінде жүретін ұстаз әр ісіне жауапкершілікпен қарап, бірнеше жүлделерді бағындырды. Биология пәні мұғалімдерінің олимпиадасында ІІ орынды иеленсе, аудандық «Үздік мұғалім — 2007» сайысында «Ең үздік ауыл мұғалімі» номинациясына қол жеткізді. Оның әдістемелік жұмыстары республикалық басылымдарда жиі жарияланады.

Өз ісінің білгірі саналатын Мирамгүлдің ерен еңбектері зая кетпей, көптеген дипломдармен, мақтау қағаздарымен марапатталды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамотасы, облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы және аудандық білім бөлімінің мақтау қағаздарының барлығы оның маңдай терімен келді. Мирамгүл білімді, үлгілі ұстаз ғана емес, ол он саусағынан өнері тамған шебер. Оның тоқыған, тіккен киімдері еріксіз көз тартады. Ал ол салған әдемі ән адам жанын тебірентеді. Бүгінде Мирамгүл мен Беркінбай бес бала тәрбиелеп, үш немере сүйіп отыр. Отбасына қамқор ана, шәкірттеріне ұлағатты ұстаз саналатын Мирамгүлдің әр кез шығармашылық шыңы биіктей берсін демекпіз.

Клара ТӘКІБАЙҚЫЗЫ,

Жылтыр аулы.

Шалқар ауданы.

Наз

Ақсақал іздеп жүрмін…

Бала кезімізде кеудесі қазына, жүрісі абыз қазақтың қара шалдарының баталы сөздерін жиі тыңдайтынбыз. Қазіргі қарттар ақыл айтпақ түгілі, қарақан бастарын әзер алып жүр. Әсіресе, ауылда қариялар орталыққа жиналып, әйелдерше еріндері сүйреңдеп өсек-аяң тереді. Ал енді біреулері жиын-той, садақаларда стакан түйістіріп, көлгірсиді. Егер осы «әуеннен» жазбасақ, соңғы он-он бес жылда қазақтың салиқалы, салмақты шалдарын «шаң басқан» архивтерден іздейтін шығармыз…

Бұрын біз аталардың етегінен ұстап, атын әкеліп, қолына су құйып, шежіре-дастандарын тыңдаушы едік. Үлкендер сөз бастағаннан-ақ, олардың әр қимылын жіті қадағалап, жақсы қылықтарын үйренуге тырысатынбыз. Қазір басқаша… Үлкендер: «Жастар тәрбие көрмеген, қарттарға құрмет етуді білмейді», — деп гөй-гөйге салады. Жақсы өнеге үйренгісі келетін білімді жастар көп, керісінше арамызда ақыл айта алмайтын, тәрбие бере білмейтін үлкендер бар.

Бүгінде орта жастан асқан кейбір азаматтар, қарттар ішімдіктің соңында із кесіп жүр. Ащы су ауыздарына тиісімен үлкендіктерін сезініп, былапыт сөздер айтып, өздерінше ақыл айтуға кіріседі. Тіпті, араларында өздерін жігіт санап, қарттықты мойындағысы келмей жүргендері де бар. Жас қыздармен қыдырып, мейрамхана жағалайтын үлкендер де кездеседі.

…Жақында бір көршіміздің баласымен төбелескенін көріп, арашаладық. Бақсақ, екеуі де тентек суға тойып алған. Жақында пайғамбар жасына жететін азаматтың бұл қылығы мені қатты ойландырды. Айта берсек, үлкендеріміздің естір құлаққа, көрер көзге жағымсыз қылықтары көп.

Мен қазақтың бұрынғы қара шалдарын сағынып жүрмін!.

Бақыт ИМАШЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Қарғалы ауданы.

Телеарна

Көшірме хабарлардан қашан құтыламыз?

Телеарналардағы қазақ тілді бағдарламалардың көпшілігі ресейлік хабарлардың «көшірмелері». Бұл бағдарламалардың  жас буынға берер тәлім-тәрбиесі шамалы.

Қазақ телеарнасының журналистері ресейлік арналардың хабарларынан «балама» жасауға құмар. Ресей арналарында ұйымдастырылған небір бағдарламаларды қаз-қалпы қазақ көрермендеріне ұсынады. Мәселен, «Жди меня» — «Бармысың, бауырым?», «Большие гонки» — «Намыс дода», «6 кадров» — «Әзіл студио», «Бамбарбие керкуду» — «Әңгіме болсын»,  «Наша Russia» — «Наша Kazasha», «Две звезды» — «Екі жұлдыз»… тізе берсек, тізбектеле береді. Бұл бағдарламалар көруге жеңіл, қызықты болғанымен, көрермендерге берер тәрбиесі аз. Мысалы, «Наша Kazasha» бағдарламасының «Шала қазақтар» айдарында ана тілімізді бұрмалап, оқушыларға не болса соны үйретеді. Мен бұл бағдарламаның негізгі мақсатын түсінбедім…

Әрине, бізде де қазақ тілді жақсы бағдарламалар бар. «Айтыс», «Көкпар», «Азамат», «Сегіз қырлы» хабарларының жарық көргеніне көп уақыт болды. Бірақ бұл бағдарламалардың негізгі көрермендері — үлкендер. Жастар бұл бағдарламаларды көрмек түгілі, аттарын да білмейді. Қашан өзіміздің көрермені көп, төл туындымыз жарыққа шығады екен?..

Азель ЖАНҚҰЛОВА,

Ақтөбе гуманитарлық колледжінің

4-курс студенті.

Реніш

Көршіңмен қалайсың?..

Білгіштер: «Көршіңмен тату бол, «ана жаққа» барғанда сұрайды» дейді. Менің бәрімен тату болғым-ақ келеді, бірақ «крутой бизнесмен» көршім бізді менсінбейді…

Отыз жыл бірге тұрған көршім «қалаға көшемін» дегеннен-ақ, бізді көңілсіздік жаулады. Көршілерімнің ішіндегі тәуірі осы үйдің адамдары еді. Екі үйдің ыдыс-аяқтарына дейін араласып, абыр-дабыр боп жүретінбіз. Көшерде бала-шағамызбен жылап, әзер жібердік.

Жаңа көршіміз — жас адамдар. Өздері ауқатты тұрады. Балаларында бір-бір қымбат көлік. Көшіп келгеннен-ақ, қызу іске кірісіп, үйінің алдына кафе, монша салғызды. Айтайын дегенім, көршімнің тірлігі емес, бірлікті сақтай алмайтындығы болып отыр. Көрші болған соң, етене араласуды жөн көріп, қатынасып тұрдық. «Араласты» деген аты ғана, көршіміз бізді менсінбейді, кейде сәлем беруді де ұмытып кетеді. Бүгінде екі үй араздасып, бет жыртыстық. Мені көршімнің моншасы мен кафесі құртты. Осы күні жұртқа: «Бұл үйдің моншасына бармаңдаршы?» деп жалынатын болдым. Қызғаныштан емес, моншадан аққан лас су үйімнің алдына күндіз-түні жиналып, дем алудан қалдым. Ал сыртқа кір жаю біз үшін қол жетпес арман. Мұржадан қара түтін будақтайды да тұрады.

Кафеге келген жастардың тыныш тарқайтынын о заманда бұ заман көрген емеспін. Үйдің алдында араққа тойған «жын-перілер» күнде соғыс ашады да жатады. Қысқасы, кинотеатрдағы «боевик» сериалдарды біздің үйдің алдынан тегін көруге болады. Мен балаларым мен немерелерімнен қорқамын. «Кафеңе арнайы күзетші жалда, моншаңа труба қондыр», — деп үй иесіне сан мәрте ескерту жасадым, тіпті,  арыз жазамын деп те қорқыттым. Мен сөйлей бастасам, олар шыбын шаққан құрлы көрмей, бетіме күле қарап, кете береді. Бірде үй иесі: «Апашка, білгеніңді қыл. Қазір ақша сөйлейтінін ұмытпаңыз», — деді…

Қазақпыз ғой. Арыз жазып, дауласуды құп көрмейміз, «құрысыншымен» күн өтіп жатыр. Ал сіз көршіңізбен қалайсыз?..

Ж.МАЙЛЫБАЕВА,

Жем қаласы.

Мұғалжар ауданы.

Тағзым

Тарихтың тереңіне түрен салған

Тарихи тақырыпта талмай ізденіп, ерінбей еңбектенген, ел шежіресінің беймәлім тұстарын тиянақтап жарыққа шығарған қаламгер, ақын Қуаныш Ахметовтің есімі ел есінде. Мамандығы кен инженері болғанымен, бойындағы ақындық таланты, әдебиетке, тарихқа деген ықыласы оны қарымды қаламгер ретінде танытты.

Мен Қуаныш ағамен әріптес ретінде жақсы араластым. Осыдан бес  жыл бұрын Астанаға барғанымда Қуекеңнің бай кітапханасын көріп, шығармашылық жұмыс істеу әдісімен танысқан едім. Кездесу барысында ағамыз тарихи құндылықтарға қатысты біраз сыр шертті.

Абзал аға Ырғызға келген сайын алдымен редакцияға соғып, әдебиет, тарих жөнінде пікірлерін айтатын. Оның «Әлімсақтан Ырғыз деп аталған жер» атты мақаласы да алғаш аудандық «Ырғыз» газетінде жарияланды. Бірде Қуаныш аға  Омбы архивінен алған тарихи құжаттардың ішінде Ырғыз өңіріне байланысты деректер ұшырасқаны жөнінде сөз қозғады. Сол құжаттардың бірінде Ырғыз даласында казак әскерлері келерден-ақ, егін өсірілгендігін айғақтайтын дерек бар екен. Әйтпесе, отырықшы қазақтар бұған дейін егіспен айналыспаған деген ұғым қалыптасқанын білеміз.

Қуаныш аға Ұлытауды, Астананы ғана емес, облысқа, Ырғыз өңіріне қатысты мол деректер жинап, жарыққа шығарды. «Ұлы даланың Ұлытауы» атты екі кітаптан тұратын тарихи-деректі еңбегі «Менің Отаным — Қазақстан» атты сериямен және терең мазмұнды «Ұлытау» кітап-альбомының жарыққа шығуы үлкен ізденістің нәтижесі. Қуаныш аға тарихи жәдігерлердің бірқатарын жарыққа шығарғанымен, небір құнды деректерді көпшілік назарына ұсынуға ғұмыры жетпеді.

Жалпы, Қ.Ахметовтың шығармашылығы сан қырлы. Қазақстан Журналистер одағының С.Ерубаев атындағы сыйлығының иегері, Түркістанның 1500 жылдығына арналған әдеби конкурстың лауреаты атақтары Қуаныш ағаның шығармашылық еңбегінің өтеуіндей сезіледі. «Ұлы даланың Ұлытауы», «Қос арна», «Замана заңғарынан – с вершины времени», «Кенесары хан Ұлытау өңірінде» кітаптары мен «Көзайым» жинағы, түрлі аудармалары барша оқырманның ыстық ықыласына ие болды. Оның тарихи еңбектеріне қатысты қаламгер Жолболсын Шайқақов  ағамыз «Замана қойнауынан кешегіге дейін» деген мақаласында былай деп баға береді: «Петербор, Омбы, Орынбор, тіпті  өзіміздің орталық мемлекеттік мұрағаттарынан Қуаныш тазалап алған деректер, Қуаныш жасаған сілтемелер көзге жиі түсіп, қолға тие бермейтін, сирек ұшырасатын ертелі-бүгінгі тарихи көздер арқылы оқырманды ұлы дала төсінде орын алған айтулы оқиғалардың аласапыран көріністеріне араластырады», — дейді. Ал  өткен жылы «Егемен Қазақстан» газетінде белгілі қаламгер Кәкімбек Салықов «Ұлытаудың ұлы» деген мақаласында жерлесіміздің шығармашылық шеберлігін жан-жақты сараптап көрсете білген. Ол Қуаныш ағаның аудармашылық шеберлігіне тоқтала келіп: «Сібірлік атақты ақын П.Ершовтың «Сүзге сұлу» тарихи дастанын, неміс жазушысы В.Майнктің «Марко Полоның таңғажайып сапары» атты деректі кітабын ана тілімізге аударып, ел қолына тигізді», — деп бағалайды.

Жезқазған шахталарында мамандығы бойынша кенші болып еңбек етіп жүрген кезінде Қуаныш аға қолынан қаламын тастаған емес. Оның шынайы сезімнен туған шымыр өлеңдері мен өзекті мәселелер қозғаған мақалалары республикалық басылымдар беттерінде жиі жарияланып тұрды. 1990 жылдан бастап, «Халық кеңесі», «Ана тілі», «Қазақ әдебиеті» басылымдарына меншікті тілші болып қызметке араласты. Сол кезеңнен бері  өмірін бірыңғай жазуға, тарихи деректерді іздестіруге арнады. Зерделеп қарасақ, Қуекеңнің шығармашылық еңбектерін жеке жинақ етіп шығарғанына он жылдың жүзі болыпты.

Қуаныш ағаның тарихи еңбектері өңірдегі мол шежіренің тылсым тұстарын қамтып өтеді. Ырғыз бен Ұлытаудың құрметті азаматы атанған ағамыздың артында мол шығармашылық еңбектері қалды. Қаламы қарымды, ел тарихын түгендеуге зор үлес қосқан абзал ағаны жұрты ешқашан ұмытпасы хақ.

Марат МЫРЗАЛЫ,

«Ырғыз» газетінің редакторы.

Рух

Ту — тұғырың, айбарың

Адамның жаны сияқты ұлттың да жаны бар. Оның тілі мен жаны тығыз байланысты. Тілінен айырылған халық міндетті түрде ұлттық қасиетінен айырылады және құриды. Бұл — Қадыр ақынның пайымды пікірі.

Тіл туралы тақырып әбден жауыр болған әңгіме. Айтылып келеді, әлі де айтыла бермек. Біздің сөз етпегіміз мүлдем басқа тақырып. Бірақ мұның да тіліміз бен дінімізге байланысы бар.

…Қыркүйек айының алғашқы күндерінің бірі. Еңбек демалысымда отбасыммен қалаға бармақ болып, аудандық әкімдікте қызмет жасайтын замандасымның жеңіл көлігімен Ырғыздан таң сәріде жүріп кеттік. Жолдың жайлылығының арқасында үш сағаттың ішінде Хромтау ауданына қарасты Бөгетсай елді мекеніне жеттік. Аталған ауылға жақындағанда рульдегі досым:

— Дархан, осы жерде шағын дүңгіршек бар. Сондағы сатушы қыз беліне мемлекеттік Туды алжапқыш етіп байлап алыпты. Түсіндіріп айтып едім, мойындамайды. Соны тағы да бір қарап кетейікші? — деді.

Елең ете қалдым. Алжапқыш пен Туды айыра алмайтын ол қандай сатушы дедім іштей ызаланып.

Дүңгіршекте егделеу келген әйел тұр екен. Шамасы болған оқиғаны қызы анасына айтқан болу керек, біздің көлігіміздің нөмеріне бір қарап алды да, амандықтан соң досыма:

— Менің қызыма сөйлеген сен баласың ба? — деді.

— Апа, мен сөйлеген жоқпын. Тек Туды белге тағуға болмайтынын түсіндірдім.

— Ой, айналайын, ол Ту емес. Басқа матадан тігілген алжапқыш қой.

— Жоқ, апа, ол анық біздің көк байрағымыз. Кәне, бізге көрсетіңізші, — деді. Жолдасым ақыры діттеген мақсатына жетіп, әлгі апамыздың алжапқышын қарады. Түсі оңып кеткені болмаса, кәдімгі біздің ұлттық нақыштағы мемлекеттік Туымыз.

— Мінекей, апа, көрдіңіз бе, бұл — мемлекеттік Ту. Мен әкімшілік қызметте, қасымдағы досым журналист болып жұмыс жасайды. Бұларыңыз болмайды, апа. Бұдан былай Туды алжапқыш етіп тақпаңыздар, — деп досым екпінін әзер басты. Ал апамыз:

— Айналайындар, бұл матаны бір танысым әкеліп беріп еді. Ту екенін аңғарған жоқпыз, — деп құтылды.

Осы оқиға әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Жалпы, ұлттық рух дегеніміз не? Оны қарапайым жұртшылық қалай түсінеді? Бойыңда Елтаңбаға, Туға деген титімдей болса да құрметің болмаса, «өз Отанымды сүйемін» деген жалаң сөзден не пайда? Елдің елдігін білдіретін осы рәміздеріміз емес пе? Ендеше, неге оларды лайықты дәрежеде қастерлей алмаймыз?! Кейде ауданымызда өтетін мәдени шаралар алдында Әнұранымыз шырқалып жатса, кейбір азаматтардың әңгіме айтып, селт етпей тұратындары бар. Үлкендеріміздің ісі осы болса, жас ұрпақтың бойына патриоттық тәрбиені қалай бермекпіз?!

Бүгінде әлемнің көптеген елдері ұлттық құндылықтарын әспеттеп, жақсы істерін  өзгелерге насихаттап жатыр. Жапония, Қытай, Корея секілді шығыста тұратын мемлекеттер өздерінің тарихын, ұлттық нақыштағы салт-дәстүрлерін, тілі мен діндерін түрлі кинолар арқылы дәріптеуде. «Жумонг», «Хан Гин Дон», «Шыңғыс хан» атты киноларды ауыл балалары қалт жібермей көреді. Біз өзге елдің салт-санасын бойымызға сіңіріп алуға құмармыз. Ал сонау Балтық жағалауындағы эстон, латыш халықтары ұлттық киімдерін үстінен тастамайды. Олардың Отанға деген махаббаттары керемет. Ала тақиялы әкалар өзбек тілін білмесең қызметке алмайды екен. Бразилияның футболшылары әрбір ойын алдында Әнұрандарын мақтанышпен айқайлап тұрып айтады. Әне, Отанға деген құрмет! Ал біздің ұлттық құрамының футболшылары Әнұран мәтінін жатқа білмейді ме деп қаламын… Себебі қашан көрсең де үнсіз тұрғандары.

Біз көк байрақ пен елтаңбаның Тәуелсіздіктің белгісі екенін ұмытпауымыз керек. Қазақстан — сенің елің, менің елім, баршамыздың сүйікті Отанымыз. Сондықтан  Туымыз тұғырлы, Әнұранымыз айбарлы болсын десек, оның қадірін ұғынып, қастерлей білейік!

Дархан МЕКТЕПБАЙ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Ырғыз ауданы.

Ұрлық

Жылда мал береміз…

Өзіміз шағын ауылмыз. Бәріміз бірдей мал бағып, егін егеміз. Тірлігіміз бен бірлігіміз жарасқан елміз десе де болады. Біз ауылдағы тыныштықты бұзатын ұрылардан шаршап жүрміз. Жыл сайын тұрғындардың малын ұрылар төңіректеп, қолды қыла береді.

Көп те малым жоқ. Әйтеуір балаларымның несібесі деп 5-6 қой, 2-3 сиыр бағамын. Оның жартысы тума-туыстарға аталып, еншіленіп қойылған. Күн суыта бастағаннан-ақ, тұрғындар малдарын санап әлекке түседі. Себебі, қу ұрылар осы ауылдың малына үйір. Басқасын қайдам, әйтеуір, мен ұрыларға күздік ретінде жылда ірі қарамды «тапсырамын». Қанша сабылып іздесем де, ұрыларды ізім-ғайым таба алмадым.

«Малымды енді ұрлатпаймын» деп, жайлау мен өрісті күн-түні қанша торысам да былтыр қапыда сан соқтырды. Ұрылар сиырымды түзден емес, тура қорамнан сойып алып кетіпті. Таңертең сиырымның бас-сирағын, терісін құшақтап аза-боза болдым. Міне, күн суытып, күз келді. Енді ұрылар сүйікті ісімен шұғылдануға кіріседі. Ал біз жылдағыдай қора мен жайлаудың ортасында сенделеміз. Кісі затына қол сұғатын ұрылар «Ұрлықтың түбі — қорлық» екенін сезініп, биыл малымды ұрламаса екен…

Мансия КҮЛТЕГІНҚЫЗЫ,

Жем қаласы.

Мәдени мұра

Біздің өңір

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданымызда тарихи-өлкетану мұражайы қызметкерлерінің ұйымдастыруымен бірнеше іс-шаралар өтті.

Біздің аудан — тарихи құндылықтарға бай өлке. Бұл жерде әлі де зерттеуді қажет ететін қызықты тарихи деректер бар. Жақында Хромтауға аудандық тарихи-өлкетану мұражайы директорының бастамасымен ауданымызға белгілі өлкетанушы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Рысжан Ілиясова, Көктау орта мектебінің директоры, тарихшы Жансүгір Төребаев, республикалық  «Жас алаш» газетінің облысымыздағы меншікті тілшісі Баян Сәрсенбина және аудандық газет қызметкерлері келіп, Көктау, Қарабаз, Кеной елді мекендері маңындағы Ор өзенін бойлай орналасқан Қаршыңдағы тарихи ескерткіштерді зерттеу жұмыстарын бастады. Мамандар сан ғасырлық дәстүрлерді сақтай отырып,  тарихи және мәдени ескерткіштерді, кесенелерді анықтап, жұртшылыққа таныту мақсатында белсене жұмыс жасады. Жалпы, Кенойдан 2 шақырым жердегі Ор өзенінің бойындағы табиғи ескерткіш, Көнетас үңгірі, тарихи аңыздарға толы. Бұл сөзімізді қола дәуірінде тастарға қашалып жазылған жазулар мен сызбалар айғақтайды. Зерттеу барысында мамандар еліміздегі бай мұралар мен бағалы ескерткіштер жайында түрлі мәліметтер айтты.

Жалпы, бұл өңір облысымызда бірінші рет зерттеліп отырған жоқ. Алғаш 1956-1958 жылдары  Ленинградтың археологиялық экспедициясы Тастыбұлақ аулына жақын жердегі қорымды зерттеген. Алайда бұл істің аяқсыз қалғандығын, ешқандай деректер табылмағандығын мамандар зерттеу барысында анықтады. Егер археолог мамандар біздің өңірде  қазба жұмыстарын жүргізсе, әлі талай құнды деректердің қолымызға тиері анық.

Бейбіткүн КАМЕТИЯҚЫЗЫ,

Хромтау ауданы.

Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл ЖҰБАНЫШ.

bukara07@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button