Мәдениет

Екі басты бүркіт бейнеленген түйме хикаясы

Үкітай БАЙЖОМАРТОВ

Болған оқиғаның ізімен жазылған повесть

Қуғын-сүргін жылдарының еш кінәсіз құрбандарына арнаймын.

Автор.

(Жалғасы. Басы өткен сандарда)

— Айналайын ақ жеңешем, сен де менің екінші анамдай болып, білгенімді асырып, білместігімді талай кешірген ең. Мың рахмет! Ағаммен бірге мәңгі бақытты өмір сүріңдер, — деді. Соңынан «Қыз сыңсуын» қайта жалғастырды:

— Алтын да менің босағам,

Аттап бір шығам деп пе едім?

Күміс те менің босағам

Жылап бір шығам деп пе едім?

Қарағай ма екен, тал ма екен,

Талдан да биік бар ма екен?

Басқаға келін атанған

Қыздан мұңлық бар ма екен?

Қалайы сандық, кілтім-ау,

Жылама дейсің, жұртым-ау!

Жыламай қайтіп шыдайын,

Барасың қалып, жұртым-ау!

Тоғайға құрған тұзағым,

Өз үйім — менің ұжмағым!

Ұжмағым демей не дейін,

Қайран да қалды-ау оң жағым!

Қайран ауылым қалады-ау,

Қарасам көзім талады-ау!

Әлпештеген ел-жұртым,

Жылай-жылай барам-ау!..

— Жылама, айналайын! Барған жеріңе баянды бол!

— Бақытты бол!

— Ата- енеңді, күйеуіңді ардақта!

— Үбірлі-шүбірлі болыңдар! — деп сегіз қанат үйге жиналғандар тағы да қоштасып болған сәтте Алтынай Смағұлға:

— Ақ киіз дайын, — деді жаймен ғана. Бұл «Фатиманы ақ киізбен алып шығып, көлікке отырғызуға болады» дегені еді. Смағұл:

— Былай да апарамын ғой, — деп қызды құшақтап, көтеріп алған күйі есікке қарай бұрылды. Бәрі бірдей дерлік өздері күтпеген бұл жайға «Ө-өө-ө!» деп таңданып қалған көпшілік сол бойда:

— Жолдарың болсын! Оң сапар болсын! Алдарыңнан ақ күн тусын! Бақытты болыңдар! — деп жамырасып жатты… Фатима сәукелесін екі қолымен ұстай алып, Смағұлдың бақытты жүзіне қадала қарады. Алтынай жұрттан бұрын есікті ашып:

— Оң аяғыңмен атта! — деді Смағұлға. Күйеу жігіт ата-ене табалдырығын оң аяғымен аттап, үй сыртындағы автокөлікке беттеді. Алтынай:

— Бақытты болыңдар! — деп бұларға қимастықпен қарай тұрып, тағы да тілек айтты. Жүгірген күйі бұлардан озған Святослав көліктің оң жақ есігін ашып, ұстап тұрды. Қыздың көздері жұмулы, өзі үлкен ой үстінде сияқты. Шыдамы кеткен жігіт қыздың оймақтай ернінен сүйіп алды. Көзін осы сәтте теп-тез ашып алған Фатима бұларға Святославтың күле қарап тұрғанын көріп, ұялып қалды. Қан ойнап шыға келген жүзін төмен қарата қойды. Күлімсіреген Смағұл қалыңдығын артқы орындыққа отырғызып, қасына өзі жайғасты. Машинасын оталдырғалы жатқан Святославқа:

— Сәл күте тұрайық, — деді. Анау жағдайға түсініңкіремей:

— Евгений Васильевич пен Әшім атаға мен қайтып келемін. Олар солай деді, — дей беріп еді, Смағұл оған күле қарап:

— Алтынай жеңгем мен Балауса бізбен бірге барады, — деп түсіндірді. Қолында ақ жібек орамалы бар Алтынайды бұлар алдыңғы орындыққа отырғызып алып, екі жүз метрдей жердегі өздеріне арнап тігілген сегіз қанатты үйге әп-сәтте жетіп келді. Алтынай Еркежанын көліктен сүйеп түсіріп алып, өзі әкелген ақ орамалмен оның жүзін бүркемеледі. Сосын жетектеп алып үй жанында тұрғандарға беттеді. Сол топтан жүгіре шыққан Серібайдың келіншегі Жұлдыз да Фатиманың сол қолынан ұстай алып, жаңа міндетке кірісті. Келісім бойынша Смағұлдың «ауылдастарына айналған» ақ жаулықты әз әжелер шашу шашып қарсы алды. Үй табалдырығынан Фатиманы оң аяғымен аттатқан олар бұл жерде Смағұлдың әке-шешесі жоқ болса да үш рет тізесін бүктіріп, соларға арнап сәлем еттірді. Сосын ошақ жанындағы көрпеге отырғызып, жанып тұрған отқа май құйған жасы үлкен әже: «От-ана, Май-ана, шапағатыңды тигізе көр, ерекше шапағатыңмен жарылқа!» — деп сиынды, Фатиманың маңдайына май тигізді. Оның қасында отырған әйелдер де өз қолдарын отқа қыздырып алып, «Оттай опалы бол!» деп келіншектің маңдайына тәу етті. Сонан соң Балауса мен Алтынай үшеуін шымылдықтың ішіне отырғызды…

Ауылдастары жиналған кезде жыршы Тамабай домбырасын қолына алып, келіншектің бетін әп-әдемі әзілге толы жырмен ашып, күлкіге қарық қылды. Қызығы сол, төр жаққа келі мен келсап қойылып, Тамабайдың әзіл-оспаққа тәуір келіншегі бет ашу жырының мазмұнына қарай әлгі келсапты теп-тез киіндіріп үлгеріп тұрды. Сөйтіп, бір ауылды қыран-топан күлкіге аяқ астынан қарық қылды. Фатиманы өз туыстарына сәлем еттіргеннен гөрі, Смағұлдың келісімімен, ауыл адамдарының қызық құмарлықтарын есепке ала отырып, бұл рәсімді осылай өткізу белгіленген-ді. Шындығында да мұның тұрғындардың көңілдерін көтеруге пайдасы айрықша болды.

«Сұлу өң» байқауы да есте қаларлықтай болып өтті. Бұрын жыл сайынғы Наурыз мерекелерінде Фатима жеңімпаз саналып жүрген болса, бұл жолы  оған қатыстырылған он екі қыз-келіншектің арасынан арнаулы сыйды Балауса иемденді.

— Күні ертең Фатиманы Смағұл еліне алып кеткен соң бұл сынның тұрақты жеңімпазы мен болады екенмін ғой, — деп күлді ол жаңа шолпыны тағып жатып.

«Ат сынына» сегіз сәйгүлік әкелінген-ді. Мұнда Елібайдың араб жылқысы тақылеттес қара қасқасына ең сұлу мініс аты ретінде бірінші орын берілді.

Соңғы кездері тым сирек өткізіліп жүрген «Құсбегілердің ерені» сайысында Тоқсанбай ақсақалдың Сара деген қызы әкесінен өзіне мұра болып қалған Мұзбалақ атты қара бүркітін аңға салып, түлкі әкелгені үшін «ерен» деп танылды. Қалған екі құсбегінің біреуі қоян әкеліп, екінші орынды иемденді. Бәйгеге қатыстырылған ат тұяқтарының дыбыстарынан сескеніп,  аң біткен орманға тығылды ма екен, әйтеуір, үшінші құсбегі ештеңе  де әкеле алмады. Бірақ ол да жүлдесіз қалған жоқ. Бұл байқауды басқарған Серібай:

— Екі жігітіміз Сара қыздан ұтылып қалып, еркек атаулыға ұят болды. Әсіресе, менің құрдасым Еркебек еркелеп жүріп, сарышұнақ та таппай, құр қайтты. Қалай болғанда да құрдасым ғой, келесі жолы ұялғанынан бірінші орын алады деп, бұған мына қозыны сый етуге рұқсат етіңіздер, қадірлі тойшы қауым! — деді әзілдеп.

— Өй, тіліңе шоқ түссін!

Анау құрдасының қолынан қоңыр қозыны алып жатып, осылай шақ ете түсті. Оның шатаққа жақын жан екені осыдан-ақ білініп қалды…

«Шипагерлік те өнер» сыны екі бөлімнен тұрды. Біріншісінде оған қатысушылар дәрілік шөптерді жинап әкелуге тиіс болатын. Бұған не бары екі-ақ адам қатысты. Киікотынан бастап бетегеге дейінгі жиырма екі түрлі шипалық қасиеті бар шөптерді жинап әкеліп, көпшіліктің алдында бұлардың әрқайсысының емдік қасиетін башалап айтып берген Құрықшы алда болды. Ал сол шөптерден ем-дом жасауда Асылбек алға шықты. Ол алабұта мен ерменді отқа өртеп, күлді суға қайнатып, кептіріп, сахар алды. Бұған үштен бірі көлемінде май қосып, қайнатты. Сосын оны шүберекке орап, кептіріп, сабын дайындады. Бұдан оның дәрі дайындау құпиясын көпшілікке жария етуден аулақ екеніне түсіністікпен қараған сарапшылар «сабын да тазалықтың, денсаулықтың кепілі, сондықтан ем-домға жатады» деп бағалап, жеңісті соған берді. Ауылдың талай жылғы мықты шипагері Ораз ақсақал сарапшыларды басқарған соң бұл шешімге еш адам қарсы бола қойған жоқ. Евгений Васильевичтің де айрықша зейін қоя тамашалағаны жарыстың осы түрі болды.

— Сіздердің мәдениеттеріңізге терең үңілген сайын, мен қатты таң-тамаша боламын. Кең далада ешкімнің көмегінсіз еркін өмір сүруге өте бейімсіздер. Дәрі-дәрмекті қолдан жасауға болатынына да бірінші рет көз жеткізіп тұрмын. Бұрын ойлайтынмын: «Дәрігерлері жоқ қой, бұлардың ауырмайтын болғаны ма?» — деп. Енді көзім жетті денсаулық сақтау ісінде де табиғатпен біте қайнасып кеткен халықтың тәжірибесі мол екеніне, — деді ол Асылбек пен Құрықшының айтқандарын түгел аударып берген Смағұлға…

Суда жүзушілер мен балықшылардың, мергендердің сайыстары да қызықты өтті. Ал «Бес түйсік әлеуеті» — ықылым заманнан бері қазақ даласында өткізілетін ерекше сайыстардың бірі. Мұнда бес отбасы жарысқа түсіп, өздерінің бес түйсіктерін сынға салды. Есту, көру, иіс сезу, дәмді айыру және түйсікпен сезінуде алдарына жан салмаған жыршы Тамабайдың отбасы жеңімпаз деп танылды. Осы отағасының өзінің иісті сезуі тым айрықша болып шықты. Елібайдың үйінде бауырсақ пісіріліп жатқанын танауын аспанға қарай көтере беріп, ол бірден айтып берді. Бұл сайысты өткізу тапсырылған Айтан:

— Білетіндер айтушы еді: «Тамабай ағаң жылқы еті қазанында пісіп жатқан үйді жазбай танып, дер кезінде кіріп келеді», — деп. Соның шындығына енді көз жеткіздік-ау деймін. Ақару жеңгеміз де мық-ты-ы-ы: алдында отырған абысынының осы мезетте не ойлап отырғанын бесінші түйсікпен дәл айтып бере алды. Семіз ісек сіздерге тиесілі, — деп бұлардың жүлделерін де атап өтті…

Қас қарайып, жұрт орынға отыратын шақта Серібай:

— Енді, құрметті тойшы қауым, сіздерге арналған біздің бір үлкен жаңалығымыз бар. Смағұл ағамның үйлену тойына оның бұрынғы бастығы Евгений Васильевич Свиридов ерекше тарту әкелді. Ол — кино көрсету. Қазір бұл кісі өзінің көмекшісі Святослав екеуі сыртта  «Абай жырлары» деген тарихи және «Аманкелді» деген көркем киноны көрсетеді. Ал ертең кешке, осындай уақытта «Дала жырлары» және «Жау соқпақтары» атты киноларды көретін боласыздар. Сонымен, далаға шығалық, — деп хабарлады. Бұрын «кино» дегенді естіп көрмеген көпшілік «бұл не нәрсе екен өзі?» деп орындарынан жедел тұрып, дабырласып сыртқа беттеді.

Киіз үйдің сыртына төрт бұрышты үлкен ақ мата ілініп, мол қылып жаю жайылыпты. Анадай жерде қарайып, үш аяқты жұп-жуан мосының үстінде үлкен қара темір тұр. Көрші үйлерде болған ауыл адамдары да тез жиналып, үлкендері жаю үстінен орын алды. Бірақ көпшілігінің жаңағы қара темірдің жанында тұрған Евгений Васильевич  пен Святославқа қарап отырғандарына назар аударған Смағұл:

— Ана ақ матаға қарап отыруларыңызды өтінемін. Киноны содан көре аласыздар, — деді.

— Солай ма еді? — деп отбасылық сайыста ісек ұтып алып, көңілді отырған Тамабай тез құбылаға бет бұрып, дұрысталып отырды. Басқа ауылдастар да соның ыңғайына көшті. Енді бір сәтте жаңағы қара темір ақ матаны сәулемен жарық қылып, әуелі қазақтың Абайдай ұлы ақынының, сосын Аманкелдідей батыр ұлдарының бейнелерін көріп, сөздерін естіп, өнегелі істеріне де таң-тамаша болды. Әшекеңнің алдында отырған Берішбек аузын ашып біраз отырды да:

— Су лайланып қалса да бір тұнады.

Түн қараңғы болса да күн шығады… — деп қалды. Немересінің мұны нені меңзеп айтқанын сол сәтте ұқпай қалған атасы қатты таңданды…

Шындығында да үлкен қалалардан жырақта томаға-тұйық өмір сүріп жатқан бұл ауылдың тұрғындарына екі кештегі оқиға — кино көру қатты әсер етті. Әсіресе, жастар жағы Карашукаттағы тірліктерімен өздерін талай жұрттан кейін қалып қойғандай сезінді. Мұны айтпай-ақ байқаған Смағұл: «Жер басып, тірі жүрсем, бұларды осы «тұп-тұйық» күйде өмір сүруден құтқарамын» — деді іштей…

…Айта қаларлықтай қызықты өткен Смағұлдың үйлену тойынан соң Евгений Васильевич басты маңызды шаруаны тындырған болып жұмысына кетті. Бұларды жүк машинасын әкеліп көшіріп алып кететінін айтып, «Ақсуға дейін де көлік тауып беремін» деп уағдаласты.

Ал Фатима өзін қатты шаршатқан екі тойдан кейін күйеуінің құшағында бақытты күндерін кешіп жатса да, тағы бір алаңы мол жағдай мұны жиі мазалай бастады. «Әкемді, анамды, ағаларым мен жеңгелерімді, інілерімді, сіңлілерімді, туыстарымды қалай ғана қиып кете аламын алыс жерге?!» — дейді іштей. Атасының үйінен аттанып, не бары екі жүз метрдей жердегі Смағұлмен екеуінің осы отауына келер сәтінде:

Қарағай ма екен, тал ма екен,

Талдан да биік бар ма екен?

Басқаға келін атанған

Қыздан мұңлық бар ма екен?

Қалайы сандық, кілтім-ау,

Жылама дейсің, жұртым-ау!

Жыламай қайтіп шыдайын,

Барасың қалып, жұртым-ау! — деп қоштасып жылағаны әлі есінде. «Шыныменен сағынып жылайтын, мұңданатын шақ енді келе жатыр! Ата-енем қандай адамдар? Смағұл сияқты мені ештеңе айтпай-ақ емеурінімнен танып, түсіне алатын жандар ма екен? Олар мені қалай қабылдайды әлі?» деген ойлар жиі мазалаған сайын, Фатима мұң құшағына жиі берілетін болып алды. Мұны байқаған Смағұл келіншегіндегі өзгерістің алдағы Ақсу сапарына тікелей байланысты екенін ұғып:

— Жаным, қобалжымай-ақ қой. Бәрі дұрыс болады. Менің әке-шешем адамды бірден тани алатын әрі өте момын адамдар. Оның үстіне, олардың жалғыз ұлдарының сұлу, ақылды келіншегін ең қадірлім деп сыйлайтындарына мен кепіл, — деп жұбатып, құшақтады, еріндерінен сүйді. Осыдан соң сезімге берілгіш келіншек сабасына түскендей болды.

…Түске жуық бұларға Берішбек келді. Бір қолында, Фатиманың қызыл сырнайы, екінші қолында — Смағұл үшін Әшекең жасатқан домбыра. Ашық тұрған есіктің босағасын өзі көрінбей тұрып тықырлатқан ол:

— Ей, жас жұбайлар, «Жұрт сүйгенді құдай да сүйеді» деген. Жұрттың тілегі өздеріңе ауған, үбірлі-шүбірлі болатын жандарсыңдар. Құдайы қонақ келіп тұр, үйлеріңе түсіп, шай-су ішуге бола ма?! — деді даусын өзгертіп.

Інісінің даусын танып қалған Фатима:

— Құдайы қонаққа есігіміз ашық, төріміз дайын. Алыстан келдім деп тұрған жігіт жақын жерден келген ініміз болмасын, — деді жайраңдай күліп. Сосын жүгіріп шығып, інісін құшақтай алып, бетінен сүйіп-сүйіп алды. Екеуі бір-бірін есен-саулықта көргендеріне қуанышты, мәз-мейрам күйде есік алдында шыр бөлек айналуда. Үйден шыққан Смағұл Берішбекті ұстай алып, әуелетіп көтерген күйі:

— Келіп тұрған сыйлы қонақ үлкен жігіт болып қалыпты ғой. Ақылы да, зейіні де қарт адамға бергісіз боп, алғыр басқа толып қалыпты ғой. Жүр үйге, Фатім екеумізге құдайы қонақ бол, — деді де, бетінен сүйе үйге алып кірді. Төрге отырғызды. Сары самаурынды тұтатып келген Фатима:

— Әкем қалай, апам ше? — деді інісіне сынай көз салып. Ол осы сұрақтың қойыларын біліп, күтіп отырған болып шықты. Бір жымиып алды да былай деді:

— Шығыстың ертеде өмір сүрген бір ойшылы:

«Ата-анадан өсіп ұрпақ таралған,

Жақсы, жаман болса бала — солардан», — деген екен. Фатім апам анасы секілді әке-шешесін бір күн көрмесе, тұра алмайды. Кеше Фариза апам әкеме: «Қой, Фатіміме барып келейін. Байғұс бала бізді сағынып қалған шығар», — деп еді. Әкем:

— «Қыз ер жігітке тию үшін өседі» дегенді білмейтін бе едің?! Әлден мынау, күні ертең Смағұлдың ауылына кеткенінде не істейсің?! Қызыңның қасында өзі таңдаған, біз жақтаған ері бар. Ерлі-зайыптыларға алғашқы күннен-ақ жұптасу тірлігін бірге кешуді үйренулеріне мүмкіндік бер, — деп тыйып тастады. Мен ойшылдардың бірінің:

— Бала қамы түпсіз теңіз, терең-ді,

Әке-шеше уайымын жер енді.

Болса кімде әйел, қызы, бала да –

Қам көңіл жан тыныш ұйқы таба ма? — деп едім Фариза апам көзіне жас алып, бетімнен сүйіп:

— Жұбанышым менің, — деді…

Әңгіме төркінін тез басқа арнаға бұру, сөйтіп Фатиманы көзіне жас алудан құтқару қамына кіріскен Смағұл:

(Жалгасы бар).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button