Басты жаңалықтарЭкономика

Несие алып, кәсіп ашқандар

Қазір жаңа кәсіп бастап, шаруасын кеңейткісі келетін кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие алуларына болады. Осындай жолмен несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырғандар Алға ауданы, Бестамақ ауылында да бар екен. Әлқисса…

Алға аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ақбөпе Әбдуалиеваның айтуынша, Алға ауданында жұмыссыздықты жою және отбасылық шаруашылық түрлерін дамыту мақсатында 2016-2018 жылдарға арналған арнайы бағдарлама қабылданып, оны іске асыру жоспары бекітілді. Бұл бағдарламаға қатысуға 171 тұрғын өтініш білдіріпті.

Облыста Алға ауданы бұл жобаны осы жылдың бірінші тоқсанында алғашқы боп бастады. Бүгінгі таңда 108,6 миллион теңге қаражат игерілді. Жобаға облыстық бюджеттен «Ақтөбе ауыл микрокредит» шағын несие ұйымы арқылы 30 миллион теңге қаражат бөлініп, 7 жеке кәсіпкерге берілді.  Оның ішінде бесеуі алған қаражатты шағын мал бордақылау алаңын ұйымдастыруға, екеуі сауынды сиыр алуға жұмсады. Жеті кәсіпкер барлығы 156 бас мал алды. Сондай-ақ, 14 жаңа жұмыс орны ашылды. Республикалық және облыстық қаражаттан бөлінген қаржыға, яғни «Ауыл кәсіпкері» бағдарламасы және Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының өз қаражаты есебінен 31 жеке кәсіпкер мен шаруа қожалықтарына 78,6 миллион теңге қаржы бөлініп, 195 бас ірі қара мал, 94 бас ұсақ жандық алынып, 59 жұмыс орны ашылды, — дейді Ақбөпе Әбдуәлиева. Одан әрі ол бізге «Жұмыспен қамту — 2020» жол картасы бағдарламасының екінші бағыты бойынша І траншқа 39,0 миллион теңге бөлінгенін, қазіргі таңда несие алу үшін 25 адам Ауылшаруашылық қаржылай қолдау қорына құжаттарын тапсырып қойғанын айтты. Сондай-ақ, ІІ  траншқа қаралған 178,0 млн теңгенің 114,0 млн теңгесі «Ақтөбе ауыл микрокредит» шағын несие ұйымына бөлініп, бұдан үміткер 20 адам құжаттарын тапсырып қойыпты. «Осы бағдарлама жүзеге асқан жағдайда аудан бойынша 220-240 жұмыс орны ашылады деп отырмыз», — дейді Алға аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ақбөпе Әбдуәлиева.

«Кәсібімді кеңейткім келеді»

 «Жұмыспен қамту — 2020» жол картасы бағдарламасының игілігін көру мақсатында несие алғандардың бірі — Бестамақ ауылының тұрғыны, жеке кәсіпкер Руслан Жиеналин. Бұл жерге Ойылдың Саралжын ауылынан көшіп келіпті. 13 жылдай «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясында жұмыс жасаған ол соңғы жеті жылдан бері жеке шаруалармен айналысып келеді. Үш баласы бар. Екеуі медуниверситетте оқиды: бірі — ақылы, бірі — грант иегері. Кенжесі әлі оқушы. Үнемі қолдап, көмектесіп жүретін келіншегі Гүлмира мұғалім болып еңбек етеді.

— Әрине, әуелі өз қаражатыма бастадым. Мал шаруашылығы — атакәсіп қой. Малдың жайын білетін болғандықтан, осы іспен айналысуды жөн көрдім. Біраз жылдардан бері мал бордақылаумен айналысып жүрмін. Малды Қостанайдан, Оралдан әкеліп жүрдім. Семіртіп, сойып, құжаттарын әзірлеп, Ақтөбеге базарларына апарып, сатамыз. Терісіне дейін іске асырамыз. Алайда тек қана биыл ақпан айында «Жұмыспен қамту — 2020» жол картасы бағдарламасымен 8ш жарым жылға 3 миллион теңге несие алдым. Жарты жыл сайын 545 мың теңге төлеп отырамыз. Мал басы баспақтан құралады ғой. Қазір 27 бас ірі қарам бар. 17-сі өз қорамда, 10-ы туысқандай боп кеткен көршімнің қорасында тұр. Әзірге бір жұмысшы жалдап отырмын. Қазір жиенім Руслан Серік және ағайын-туыс қолдан келгендерінше көмектесіп жатыр. Енді мына алған несиеме шаруамды кеңейткім келеді. Ол үшін ауыл әкімінен жер сұрап отырмын, — дейді жеке кәсіпкер Руслан Жиеналин.

Бестамақ ауылдық округінің әкімі Тағыберген Исенов:

Қазақ мал бағуды ерекше меңгерген. Мал шаруашылығы саласында тәжірибесі бар адамға жәрдем беріп, демеп жіберуіміз керек. Қазір жеке кәсіпкер Руслан Жианалин 100-150 бас малды бордақылайтын алаң салу үшін жер сұрап отыр. Бұйырса, өтінішін қанағаттандыруға тырысамыз, — дейді.

КҮРКЕТАУЫҚ ӨСІРЕТІН ҰШҚЫШ

 Күркетауық өсіру Бестамақ ауылының тұрғыны Саян Көлбаевтың сүйікті ісіне айналды. Сүйікті ісін дөңгелету мақсатында Саян жақында «Жұмыспен қамту — 2020» жол картасы мемлекеттік бағдарламасы арқылы 600 мың теңге несие алыпты.

Байғаниннің тумасы, 2005 жылға дейін Алматыда «Ми8», «Ми6» ұшақтарында ұшқан ұшқыш Саянның күркетауық асырап-бағуына көршісі себепші болыпты.

— Бірде көршім күркетауығын ұстай алмайтынын айтты. Содан ой келіп, интернеттен оқып, ізденіп көрдім. Негізі қазақ бақпаған құс қой. Құнарлы еті диеталық тағам екен. Жалпы тиімділігі 98 пайыз болғандықтан, осы істі қолға алдым. Сөйтіп, бизнес-жоспарымды жасадым. Күздігүні девальвация кезінде 15 мың теңгеден 15 күркетауық сатып алдым. Қосымша инкубатор алдым. Инкубатордың екі бөлігіне 48 жұмыртқадан салып қойдым. Қорада екі түрлі күркетауық бағып жатырмын. Бірі — мәскеулік ақ түрі, екіншісі — кавказдық. Биыл қыс қатты болды. Сол кезде мәскеулік ақ түрінен үш-төртеуі өліп қалды. Біздің суық қысқа кавказдық түрі жақсы шыдас береді екен. Биыл қолымдағы екі түрді будандастырып жатырмын. Күркетауық өсіру  менің сүйікті ісіме айналды десем де болады, — дейді Саян.

Алған несиесіне әлі тиіспеген Саян шаруасын кеңейтуді де ойлап отыр. Алдағы уақытта ол күркетауық етін өткізу үшін шұжық жасайтын цехтармен сөйлескісі келетінін айтып қалды. Ондағы ойы —  пісірілген, кептірілген, қақталған күркетауық етінің дәмін білсе, тұрғындар бірден алып кетеді.

— Күркетауық қаз бен үйрек секілді жем-шөппен қоректенеді. Аса бір талғампаз деп айта алмаймын, қырыққабат, сәбіз, картоптың қабықтарын жей береді. Көгалға жайылады. Айтпақшы, олар 7-8 айдан соң жұмыртқалайды. Өздері сондай қызыққұмар, жан-жағын түрткілеп, бәрін білгісі келіп тұрады. Қыстыгүні жем және кебекті былғап беріп баптаймыз. Кеңейтіп жатсам, қора-қопсы жетеді. Ағайындар көмектесіп жатыр. Келіншегім Мауты да демеп, өз көмегін аямайды. Үш қызым бар, олар әзірге жем салуға қолғабыс етіп жүр, — дейді Саян Көлбаев.

Әңгіме барысында көзі ашық, оқыған азаматтың шаруа, іскер екенін де байқадық. Пысық жігіттің шаруасы дөңгеленіп кетсе, біршама жұрт күркетауық етін асып жейтін болады. Сегіз айлық кавказдық күркетауықтың салмағы 10-18 келі, яғни бір марқаның салмағындай болады екен. Қонақ келсе, бір қойын соя салатын қазақ отбасы енді күркетауық асып жатса, таңғалмаңыз!

Ескі клуб — жаңа кафе

Бестамақ ауылына кіре беріс жол бойында орналасқан «Экспресс» кафесінің қожайыны Жұпар Бакытова бұрын осы ауылда кеңшар бухгалтері болыпты. Ол өздерінің әуелден несиеге өмір сүріп келе жатқандарын әңгімеледі.

— Әуелі 1998 жылдары қысқартуға ұшырадық. Сосын ет тірлігімізбен бұрын клуб болған ғимаратты алып, қайта қалпына келтірдік. Оны әуелі тұшпара дәмханасы етіп ашқанбыз. Кейін кафе болды. Осыны отбасылық бизнеске айналдырып отырмыз. Қазір жақсы болды ғой. Несие алып, шаруа жасауға болады. Біз әуелден несиеге өмір сүріп келе жатырмыз. Жақында «Жұмыспен қамту — 2020» жол картасы бағдарламасы арқылы несиеге 3 миллион теңге алдық. Кафені үлкейттік. Күрделі жөндеу жасадық. Қазір 250 адамды еркін қабылдай береміз. Той-садақалар өткізіп тұрамыз. Тағы да дағдарысқа тап болып қалдық. Біз ешуақытта мойыған емеспіз. «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» демекші, еңбек еткеніміздің арқасында бәрін жеңіп шығамыз, — дейді кәсіпкер Жұпар Бақытова.

Отағасы Сәлімжан Орынбаев жақында  мерейлі 60 жасқа толыпты. Жұпардың өзі зейнет жасына шыққанына қарамастан балаларына отбасылық бизнестің қыр-сырын үйретіп келе жатыр.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button