Басты жаңалықтарДенсаулық

Уролог ғалымдар бес адамға ота жасады

Қазіргі таңда Қазақстанда ерлер денсаулығы ең өзекті мәселенің бірі болып отыр. Деректерге сүйенсек,  ер-азаматтардың елу пайызынан астамы эректилді дисфункцияға шалдыққан. Ақтөбеге келген Алматы қаласының  Ұлттық медициналық ғылыми-зерттеу орталығының ғалымдары осындай проблемаларға байланысты екі күн бойы ерлерді қабылдап, денсаулықтарын тексерді. Кеше облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ғалымдарды қабылдады.

Жиында аймақ басшысы ғалымдардың атқарған  жұмыстарына ризашылығын білдіріп, сапарларына сәттілік тіледі. Сондай-ақ өңірде медициналық кластер құру бағытында үлкен жобалардың қолға алынып жатқанын айтып, осы бағыттағы жұмыстармен таныстырды. Ал ТМД елдеріндегі урология қауымдастығының президенті, ҚР бас урологы, «Б. Жарбосынов атындағы урология ғылымдары орталығы» АҚ басқарма төрағасы, белгілі ғалым, медицина ғылымдарының докторы, профессор Мырзакәрім Алшынбаев Ақтөбе өңіріне жасаған сапарының мақсатын түсіндіріп, ерлер денсаулығына қатысты проблемаларға тоқталды. Ғалымның айтуынша, қазіргі таңда ерлер арасында эректилді және  урологиялық аурулар белең алып барады. Зерттеулер қорытындысы бойынша, бұның себебі өте көп. Біріншіден, экологиялық жағдай әсер етсе, екіншіден, салауатты өмір салтын ұстанбау, қозғалыстың аздығы және күйзеліс себеп болып отыр. Сондай-ақ ер-азаматтар әйелдерге қарағанда денсаулықтарына селсоқ қарайды. Дер кезінде дәрігерге көрінбеудің кесірінен ауруды асқындырып алатындар көп. Осындай проблемалардың алдын алу мақсатында «Ерлер денсаулығы» мемлекеттік бағдарламасының ауқымы кеңейіп,  2013 жылдан бастап барлық облыстарда «Ерлер денсаулығы» мектептері құрылған. Ғалымның айтуынша, іс-шара барысында өз денсаулығына алаңдау­шылық білдіретін ер азаматтарымыздың саны артып, мамандарға жүгінушілер қатары көбейген. Бұндай мектептерде тек қана  белсіздік пен бедеулік мәселесі емес,  жалпы ерлер денсаулығына қатысты  барлық ауру түрлері бойынша жан-жақты дәрігерлік кеңестер беріледі. Әңгіме барысында Мырзакәрім Алшынбаев Ақтөбеде бұған дейін бірнеше мәрте болғанын, ғалымдармен бірлесіп осы бағытта зерттеулер жүргізгенін айтты. Еуразиялық топтың құрамына кіретін «Ақтөбе ферроқорытпа» зауыты секілді ірі өндіріс орындары, оның ішінде Хромтау қаласындағы зауыттарда еңбек ететін азамттарға төрт жыл қатарынан зерттеу жұмыстарын жүргізген. Нәтижесінде зауытта еңбек ететін ерлердің елу алты пайызы әр түрлі сатыдағы эректилді дисфункция, яғни жыныстық қабілеттің төмендеуі ауруына  шалдыққан. Сөз соңында Мырзакәрім Алшынбаев:

Ақтөбе — батыс өңірдегі ірі орталық. Ақтөбе медицинасының мықты, мамандарының білікті екенін жақсы білеміз. Алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасай береміз. Ал бұл жолы біз, яғни  бір топ ғалым екі күн бойы дәрігерлерге кеңес бердік. Бес адамға күрделі ота жасадық, — деді.

Сондай-ақ жиынға қатысқан ғалымдар — ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі «Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты» директоры, медицина ғылымының докторы, профессор Сәлім Беркінбаев, Қазақстан профилактикалық медицина академиясының академигі,  медицина ғылымының докторы, профессор Михаил Зельцер, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары ұлттық орталығының директоры, медицина ғылымының кандидаты професссор Жәмила Баттакова, тері-венерологиялық ғылыми-зерттеу институтының директоры, медицина ғылымының докторы Марғұлан Шакировтер ерлер денсаулығына қатысты өз пікірлерін айтты.   Мәселен, Сәлім Беркінбаевтың айтуынша, ерлердегі эректилді дисфункция ауруы мен жүректің ишемиялық ауруларын бөліп-жарып қарауға болмайды.

Өйткені екеуі де  қан-тамыр жүйесімен тығыз байланысты. Жүрек-қан тамыр аурулары кезінде азаматтардың көпшілігі  эректилді дисфункцияға шалдығады. Сонымен қатар жүректің ишемиялық ауруларына қарсы берілетін дәрі-дәрмектер де ерлердің жыныстық қабілетін төмендетеді. Елу жастан асқан  азаматтардың он бес пайыздан астамында осындай проблема бар. Соңғы жылдары бұл көрсеткіш көлемі артты. Себебі қазір экологиялық жағдай күрделі, қозғалыс аз, күйзеліс көп, адамдар салауатты өмір салтын сақтамайды. Сонымен қатар қазір жыныстық жолмен жұғатын инфекциялар көп. Осының барлығы ерлердің денсаулығына қауіп төндіріп отыр, — деді ғалым.

Сәлім Беркінбаев егер  ер-азаматтар дер кезінде қысылмай, ұялмай дәрігерге қаралып, мәселені ашық түрде айтса, аурудың алдын алуға болатынын айтты.

Жиын соңында өңір басшысы Бердібек Сапарбаев ақпараттық, түсіндіру жұмыстары ауылдық жерлерде жиі жүргізілсе деген ұсыныс білдірді. Өз кезегінде ақтөбелік дәрігерлер де ойларын айтып, ғалымдарға алғысын білдірді. Ақтөбеде «Ерлер денсаулығы» мектебі  2014 жылдан бастап жұмыс жасайды. Өткен жылдың өзінде 1273 науқас ем алыпты.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button