ЖаңалықтарЭкономика

Бюджет кірісі 123,8 пайызға орындалды, түсім — 20,5 млрд теңге

Брифинг

 Облысымызда үстіміздегі жылы жалпы құны 14,6 миллиард теңге болатын 10 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақшы. Ал алғашқы тоқсанның қорытындысы бойынша облысымызда өнеркәсіп өнімдері көлемі 236,5 миллиард теңгені, НКИ (нақты көлем индексі) 93,9 пайызды құраған.

Облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов «Ақтөбе ақпарат» орталығында өткен баспасөз мәслихатында 2016 жылдың 1-інші тоқсанына тиесілі облысымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі көрсеткіштерімен бөлісіп, алда атқарылуы жоспарланып отырған ірі жобалар туралы мәліметтер берді.

— Әлем экономикасындағы тұрақсыздық пен нарық конъюнктурасының өзгеруіне байланысты алғашқы 3 айда аймақ экономикасының даму қарқынында баяулау тенденциясы байқалды, — деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Асқар Биахметов.

Оның айтуынша, облыс әкімінің тапсырмасымен бүгінгі күні ішкі өсім резервтерін іздестіру есебінен облыс экономикасының көрсеткіштерін өсіру бойынша тиісті жұмыстар жүргізіліп отыр. Бүгінгі күні нақты жоспар бекітіліп, жұмыс тобы құрылған.

Облыс әкімінің экономика және қаржы мәселелері бойынша орынбасарының мәлімдеуінше, бюджеттік түсімдердің орындалуы жоспарланғаннан жоғары деңгейде. Алғашқы тоқсанның қорытындылары бойынша, мемлекеттік бюджет кірістер бойынша 123,8 пайызға орындалған. Алдын ала болжанған 16,6 миллиард теңгенің орнына іс жүзінде 20,5 миллиард теңге мөлшерінде түсім түскен.

2016 жылға арналған шығыстардың мөлшері — 178,2 миллиард теңге. Оның ішінде 73,1 миллиард теңгені құрайтын республикалық бюджеттен (ҚР Ұлттық қорынан) бөлінетін трансферттер мен несиелер де бар.

Бюджет қаржысы негізінен әлеуметтік салаға бағытталады. Шығыстардың жалпы көлемінің 61,6 пайызын құрайтын бұл салаға барлығы 109,8 миллиард теңге жұмсалмақшы. Атап айтар болсақ, оның ішінде білім беруге 63,9 миллиард теңге, денсаулық сақтауға 28 миллиард теңге, әлеуметтік қамтамасыз етуге 6,7 миллиард теңге, мәдениет пен спортқа 9,2 миллиард теңге жұмсалмақшы.

Өңірге инвестиция тарту ісі жергілікті атқарушы билік үшін басым бағыттағы және маңызды міндеттердің бірі ретінде қала бермек. 2016 жылы жалпы құны 14,6 миллиард теңгені құрайтын 10 инвестициялық жобаның жүзеге асырылуы жоспарланып отыр. Бұл жобалардың аясында 694 жаңа жұмыс орны ашылады.

2010 жылдан бастап Индустрияландыру картасы аясында пайдалануға берілген нысандар тарапынан барлығы 1,6 триллион теңгенің өнімдері өндірілген.

Ол сонымен қатар облыс аумағында жұмыс жасап отырған шағын және орта кәсіпкерлік нысандары санының 2,4 пайызға артқанын атап өтті. Қазір 51,2 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі қызмет етеді. Биыл кәсіпкерлікті қолдау мақсатында «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламасы аясында 4,1 миллиард теңге қаржы бөлінген.

Облыс әкімінің орынбасары баспасөз мәслихатында Ақтөбе шаһарының агломерация орталығы ретінде дамытылуы жөніндегі жоспарлар туралы ақпараттармен де бөлісті.

Бүгінгі күні Дүниежүзілік банктің сарапшылары Ақтөбенің мүмкіндіктерін саралауда

Ақтөбе агломерациясы Алға, Қарғалы, Қобда, Мәртөк, Мұғалжар, Хромтау аудандары мен Ақтөбе қаласының аумақтарын қамтиды. Агломерация құрамына 70 елді мекен кіреді, олардың қатарында Алға мен Қандыағаш қалалары, сонымен бірге Хромтау моноқаласы бар. Аталған елді мекендердегі халықтың жалпы саны — 596,5 мың адам.

— Бірлескен экономикалық зерттеулер бағдарламасы аясында Дүниежүзілік банк бүгінде «Орталығы Ақтөбе қаласы болатын қалалық агломерацияның стратегиялық және институционалдық жол картасын әзірлеу» тақырыбында зерттеу жүргізіп жатыр. Алғашқы кезеңі өткен жылы аяқталған бұл зерттеудің негізгі мақсаты — Ақтөбе агломерациясының тұрақты дамуы үшін ұзақ мерзімді негіз жасау. Зерттеу нәтижесі 2016 жылдың аяғына дейін жарияланады, — деді облыс әкімінің орынбасары.

 Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button