Мәдениет

Тіл жанашырларына құрмет

Нұрмұханбет ДИЯРОВ,

«Ақтөбе»

Облысымызда мемлекеттік тілді дамыту арналары жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Осы бағытта көптеген іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бұған негізінен облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйытқы болып отыр.

Кеше «Мемлекеттік тіл — ұлт тірегі» облыстық тіл фестивалі аясында төрт номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова өткізген жиында қазақ тілінің қадірін көтере түсу жолында атқарылып жатқан шаруаларға қысқаша шолу жасалып, бұл орайда жекелеген азаматтардың үлгі боларлық үлестері бар екендігі атап айтылды.

«Мемлекеттік тіл — ұлт тірегі» фестивалінің ауқымы жыл сайын ұлғая түсуде. Он үш номинация бойынша байқаулар өткізіліп, оның алтауының жеңімпаздары республикалық байқауларға қатысу құрметіне ие болды. Облыс әкімі Е.Сағындықов өткен жылы тіл саясатын жүргізуге айрықша үлес қосқан бес адамға автокөлік, пәтер беру арқылы кең көлемдегі ынталандыру шараларын жүргізді.

Ал бұл жолғы марапаттаулар «Қазақ тілінің үздік оқытушысы», «Мемлекеттік тілді оқытудың жаңа, баламалы, неғұрлым жетілдірілген сапалы бағдарламалары», «Мемлекеттік тіл және бұқаралық ақпарат құралдары», сондай-ақ «Мемлекеттік тілде үздік жарнама беруші» номинацияларын қамтыды.

Тілдерді оқыту орталығы Хромтау, Алға өкілдіктерінің әдіскер-оқытушылары Жайнагүл Есмалаева мен Жаңагүл Жақсыбаева диплом мен түрлі-түсті теледидарларға ие болды.

Ал тілдерді оқыту орталығының Хромтау өкілдігінің оқытушысы Жарасқаным Мұқашева ноутбукке, тілдерді оқыту орталығының  бөлім бастығы Рәбиға Тоғанақова, облыстық кадрлар біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының оқытушысы Лиза Оралбаева сандық фотоаппарат сыйға тартылды.

Тілді дамытуға үлес қосып жүрген бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері де марапаттаудан тыс қалған жоқ. «Тіл әлеміне саяхат» хабары үшін «РИКА-ТВ» телеарнасының қызметкері Анар Бимағанбетова, «Поэзия минуттары» бағдарламасының авторы, «Ақтөбе-радиосының» жүргізушісі Нұрболат Сахиев, ең үздік мақала авторлары — Әйтеке би ауданынан Серік Жақыпов пен аудандық «Алға» газетінің редакторы Шара Елеусізқызы қомақты сыйлық алды.

«Стройдеталь» ЖШС директоры Анатолий Симонов, «Экономикс» ЖШС директоры Шолпан Жалинова, «Көркем» ЖШС директоры Қанат Сатаев Ақтөбе қаласындағы көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде мазмұнды рәсімдей білгені үшін айрықша атап өтілді. Олар да заттай сыйлықтар иеленді.

Облыстық тілдерді дамыту басқармасы бастығының орынбасары Гүлайым Төлебаева мұндай игілікті шаралардың алда да жалғаса беретіндігін айтты.

Басқа жаңалықтар

2 Comments

  1. Мемлекеттік тіліміздің жанашырлары облыс төңірегінде баршылық екен. Басқа облыстардан, оның ішінде оңтүстіктегі қандастарымыздан қалыс қалдық па деп жерге қарап жүргеніміз де рас. Ал енді жеңімпаздар ішінен бұқаралық ақпарат құралдарына шыққан ең үздік мақала аторлары кімдер екені және олардың мақалаларын облыстық газетке беруге болмады ма? Мақаланың авторымен қоса мазмұнымен де халықты таныстырған жөн емес пе?

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button