Ауыл

Назар мен ажар

Биыл «Жол картасы» бағдарламасы аясында Әйтеке би ауданында бірқатар әлеуметтік нысандар жаңарды. Аталған бағдарлама бойынша бес мектеп, екі балабақша, үш мәдениет нысаны, бір кітапхана күрделі жөндеуден өтті. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласы бойынша облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға Әйтеке би аудандық ауруханасы, Қарабұтақ, Жамбыл дәрігерлік амбулаториялары мен Ақкөл және Талдық медициналық пункттері қайта жаңарды. Сонымен бірге ауданда дағдарысқа қарсы жұмыстар өз нәтижесін берсе, шағын кәсіпкерліктердің де шаруасы түгел. Назар түскен істің ажары кіретіні белгілі ғой.

Әлеуметтің әр күні

Ауданда қаржылық қиындықтарға қарамастан, азаматтардың жұмыссыз қалмауы үшін бірқатар шаралар қолға алынуда. Әсіресе, биыл «Жол картасы» бағдарламасының аясында ауыл тұрғындары жұмысқа тартылып, төрт жүзге жуық жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ  қамқорлыққа зәру топқа жататын 100 адамға әлеуметтік жұмыс орындары ашылса, «Жастар практикасы» бойынша 40 азамат еңбек етті.

Биыл «Жол картасы» бойынша ауданда көптеген әлеуметтік нысандар қайта жаңарып, аудан тұрғындары қуанышқа кенелді.  Әсіресе, ұзақ жылдардан бері мәдениет саласында күрделі жөндеуді қажет етіп тұрған нысандардың ажары кіріп қалды. Кітапхана қайта жаңарды. Жалпы, аудандағы кітапханалардың басым бөлігі «Рабис» жүйесіне қосылып жатыр. Демек, бұл саладағы мәселелер де ретімен шешілуде.

Сондай-ақ биыл Ұшқатты мен Қарабұтақтағы екі су құбыры жөнделіп, көше жолдары қалыпқа келді. Мәселен, аудан орталығындағы бір көше асфальтталса, қалған көшелерге қиыршық тас төселіп, асфальттауға дайындық жұмыстары жүрді. Жалпы, көшелерді көбірек асфальттауға болар еді, бірақ осы шаруалармен айналысатын зауыт жоқ. Биыл біздің талабымызға орай, республикалық бағдарлама бойынша тас жол жөнделіп жатыр. Осы істі жүзеге асыру үшін  арнайы зауыт іске қосылуда. Демек, сәтін салса алдағы уақытта аудан көшелерінің басым бөлігі асфальтталып қалмақ.

Сонымен бірге аудан орталығындағы саябақ қайта жаңарды. Бұндағы  тозығы жеткен Ұлы Отан соғысының құрбандарына арналған ескерткіш те қайта жасалып, саябақ іші күрделі жөндеуден өтті. Саябаққа тал егіліп, абаттандырылды. Бұған қоса тағы бір саябақ өркен жайды. Аталған жұмыстарға  алты миллион теңге қаржы жұмсалды. Бұның өзі орталықтың ажарын аша түсті.

Жалпы, Үкіметте аталған бағдарламаның келер жылы да жалғасын табатыны айтылып жатыр.  Егер, бағдарлама жүзеге асатын болса, алыс ауылдардағы қиындықтарды шешуге болды. Мәселен, аудандағы білім ордаларының басым бөлігі кеңес дәуірінде бой көтерді. Сондықтан  шатырлары  ескі. Бүгінде ауданда шатыры ауыстырылмаған төрт мектеп бар. Алдағы уақытта осы мәселені бағдарламаға енгізіп отырмыз. Сондай-ақ қазір барлық мектептерде биология, физика, тағы да басқа кабинеттер жұмыс істейді. Сондықтан білім ордаларының жылу жүйелерін жөндеп, канализация құбырын тартып, ыстық-салқын суды ғимарат ішіне кіргізу керек. Өйткені бұрынғы заман емес, қазір барлық жағдай жұмыс істеуге қолайлы, әрі жаңа заманға сай жасалуы қажет.  Қазір ауданда үш мектеп, яғни Аққұм, Талдық, Сарбұлақ мектептері пешпен жылытылады. Сондықтан осы мәселені де кезек күттірмей шешу қажет. Сонымен бірге Құмқұдық пен Жамбыл ауылындағы мәдениет ошақтарын күрделі жөндеуден өткізуді келер жылғы бағдарламаға енгіздік, — деді аудан әкімі Есімхан Есенбаев.

Биыл ауданда абаттандыру мен тазалық  жұмыстары ерекше қарқынмен жүрді. Облыс бойынша Әйтеке би ауданы үздік танылды. Көшелерге талдар отырғызылып, сенбіліктер ұйымдастырылды. Өзен жағалаулары қоқыстан тазартылды. Кәсіпкер азаматтар мен ауыл тұрғындары бұл шараларды қызу қолдап, белсенділік танытты. Әсіресе, бұрын аудан орталықтары болған Қарабұтақ пен Комсомолда аталған шаруалар ерекше қарқынмен жүрді. Аудан әкімі абаттандыру мәселесінде облыс орталығына қарап, бой түзеп келе жатқан ауданда алдағы уақытта бұндай шаралар жалғасын табатынын айтты.

Аудандағы шағын шаруашылықтар да қысқа дайын. Егін шаруашылығы бойынша астық орылып, қазір егіншілер күздік егін салып, жер өңдеп жатыр. Ал мал өсіріп отырған шаруалар биыл қысқы жем-шөпті уақытында әзірлеп, ерте қамданды. Бұл тұрғыда аудандағы денсаулық, білім беру салалары да қысқы кезеңге сақадай сай.

Шаруа баққан шаршамайды

Жалпы, биыл  дағдарысқа қарамастан, аудандағы шағын шаруашылықтардың жұмысы тәуір.  Әсіресе, шағын бизнестің өркендеуіне темір жол мен аудан үстінен өтетін республикалық маңызы бар автокөлік жолы едәуір ықпал етіп отыр. Бүгінде ауданда 803  кәсіпкерлік жұмысын жандандыруда. Биыл шағын шаруашылықтар 2 миллиард 850 миллион теңге көлемінде өнім өндірген. Кәсіпкерлікті дамытуға  мемлекет тарапынан да қолдау бар. Қазір ауданда төрт шағын несие беру ұйымы және «Әйтеке би» несие серіктестігі жұмыс істейді. Өткен жылы ашылған «Алдияр» мен «Жаңа дәуір» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары және бизнес-инкубатор шағын шаруашылықтың  дамуына да өз ықпалын тигізуде. Сондай-ақ «Халық банк», «Альянс банк» акционерлік қоғамдарының филиалдары ауыл тұрғындарына қызмет етеді.

Ауданда белгілі бір кәсіппен айналысам деген азаматтарға несие ұйымдары арқылы қаржылай қолдау көрсетіледі. Осы мақсатта несие алып, ісін жандандырып отырған азаматтардың қатары жыл сайын артып келеді. Мәселен, өткен жылдан бері төрт несие ұйымы арқылы 26 миллион, ал «Әйтеке би» серіктестігі арқылы 120 миллион теңге  көлемінде несие берілді. Несиенің басым бөлігі әлеуметтік жағынан аз қамтылған, әрі мал  шаруашылығымен айналысып, көкөніс өсірумен шұғылданамын деген азаматтарға берілді.

Жалпы, ауданда ұсақ шаруашылықпен айналысуға ниет танытқандардың қатары көп. Әсіресе, мал, көкөніс шаруашылығымен шұғылданушылар көбейіп келеді. Биыл ауданда көкөніс егу жұмыстарына баса назар аударылды. Мәселен, Комсомол, Құмқұдық, Аралтоғай, Қызылжұлдыз  ауылдарының кәсіпкерлері, оның ішінде жеке тұрғындар  көкөніс шаруашылығымен айналысып, жақсы көрсеткішке қол жеткізді. Аудан орталығындағы азаматтар да аулаларына көкөніс егуді қолға алды. Бұл игі іс келер жылы да жалғасын табады деген ойдамыз. Өйткені қазір халық еңбек етсе, жемісін көретінін түсінді.

Сондай-ақ бұрын ауданда егін шаруашылығымен айналысатын ұсақ қожалықтар көп болатын. Үкіметтің соңғы талабы бойынша дұрыс өнім алу үшін, әрі жердің құнарлылығын сақтау үшін ауыл шаруашылық талаптары толықтай сақталуы қажет. Ал шағын шаруашылықтардың басым бөлігі жұмыстарды қолмен істеуге мәжбүр. Сондықтан аудандағы ұсақ қожалықтарды біріктіріп, ірі шаруашылықтарға айналдырудамыз.

Аудан көлемінде игерілмей жатқан жерлерді үлкен серіктестіктерге беріп, егін көлемін көбейттік. Мәселен, өткен жылдары 175 мың гектар жерге егін салсақ, биыл оны 12-13 мыңға өсірдік, яғни 192 мың гектар жерге егін ектік. Жалпы, аудан экономикасының алға өрлеуіне ұсақ шаруашылықтардың қосар үлесі зор. Дағдарысқа байланысты жұмысынан босап қалған азаматтар жоқ. Бірі, әлгі айтылғандай, ауыл шаруашылығында еңбек етсе, енді бірі жиһаз цехын, ұста шеберханасын ашып тірлік қылуда.

Сонымен бірге  соңғы жылдары аудан орталығында және ауылда құрылыс қарқынды жүруде. Яғни, «Жол картасынан» бөлек ауданда азаматтар баспана тұрғызып, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жаздай еңбектенді. Осы маусымды пайдаланып, ауданда шағын құрылыс бригадалары жұмыс істеді. Бұл да азаматтардың жұмыспен қамтылуына өз септігін тигізді. Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға қаржылай қолдау көрсетілді, — деді аудан әкімі.

Сондай-ақ бұрын республикалық маңызы бар тас жол іске қосылмай тұрғанда ауданнан сыртқа қоныс аударушылар көп болса, қазір, керісінше, келушілер көп. Демек,  көші-қон мәселесінің тұрақтануына республикалық маңызы бар жолдың әсері ерекше.

Биыл ауданның қайта жаңаруына «Жол картасы» бағдарламасының ықпалы зор болды. Аудан әкімі жыл өткен сайын күрделі мәселелердің  шешіліп келе жатқанын айтты. Әсіресе, облыс орталығынан шалғай жатқан ауылдарға ерекше назар аударылуда. Бұның бір дәлелі ретінде  жуырда Тереңсай ауылында ашылған орта мектеп пен дәрігерлік амбулаторияны айтуға болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button