Денсаулық

Әлемде 68 баланың 1-еуі аутизммен дүниеге келеді

Форум

Салтанат сарайында Ақтөбе қаласының кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен VI әйелдер форумы өтті. «Айрықша балаларды қоғамдық ортаға тартудағы ата-ананың рөлі» тақырыбын көтерген форумға ата-аналар, қаламыздағы кәсіпкерлер, Израиль елінің мамандары қатысты.

Форумның ашылу салтанатында сөз сөйлеген Ақтөбе қаласының әкімі Бекбол Сағын:

— Балалар дамуындағы тежелу, яғни аутизм ауруы жер шарында жылма-жыл етек алып бара жатыр. Осы ауруға шалдыққан бөбектердің ата-аналарына медицинасы озық елдердің тәжірибесін үйрену, уақытында диагностика жасау жөнінде ақпарат алу үшін осындай форум ауадай қажет. Елбасы белгілеген «100 қадамның» бірі — жеке медицинаны дамыту. Бұл саладағы бизнес өкілдері жаңа жобаларымен мемлекеттік бағдарламалар арқылы көмек алуға толық мүмкіндіктері бар. Осындай ауқымды жұмыстар шеңберінде агломерация орталығы саналатын — Ақтөбеде еліміздің Батыс өңірі үшін медициналық кластерді дамыту мүмкіндіктерін арттыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Бүгінгі форумға медицинасы озық ел — Израильден арнайы мамандар шақырдық. Олардан білмейтінімізді сұрап, тәжірибе алмасқанымыз жөн, — деді. Одан соң қала әкімі қаланың әлеуметтік дамуына белсенділік танытып жүрген іскер әйелдерге Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Форум қатысушыларына Израиль мемлекетінің Төтенше және өкілетті Елшісі Михаэль Бродский бейнежазба арқылы сәлемін жолдады. Облыстық мәслихаттың депутаты, «Дару» клиникасының директоры Ғалымжан Елеуов, қалалық мәслихат депутаты, Қазақстандағы іскер әйелдер ассоциациясының Ақтөбе облысы бойынша жетекшісі Күлшат Масалимовалар сөз сөйледі.

Ашылу салтанатынан соң Израиль елінен келген, аутизмге шалдыққан балалармен жұмыс істейтін «Суламот» тобының мамандары Марина Слепян мен Любовь Рубин-Ниязова «Түзету-дамытушылық ортаны құру және аутизмге шалдыққан балалар инклюзиясы» тақырыбында семинар өткізіп, дәріс оқыды.

Любовь Рубин-Ниязова  денсаулығында кінәраты бар балаларды қоғамға бейімдеу үлкен мәселе екенін, Израильде барлық мектепте инклюзивті білім беру әлдеқашан жолға қойылғанын айтты.

— Аутизм — бала дамуындағы ауытқушылық. Әлемде 68 баланың бірі аутизммен дүниеге келеді екен. Өзекті мәселе! Біздерде арнайы бір әдістеме жоқ. Әр баланың мінез-құлқына қарай жеке жұмыс істейміз. Семинар барысында Израиль елінің тәжірибесімен бөлісеміз. Ата-аналарға өзіміздің қалай жұмыс істейтінімізді түсіндіріп, ақпарат жағынан көмектесеміз. Егер бала өз жасына сай белгілі бір заттарды көрсете алмаса, мама-папа деп айтпаса, сөйлемесе, дереу дабыл қағу керек. Егер бала бойындағы ауруды ерте анықтап, арнайы мамандар үздіксіз жүйелі әрі табанды түрде баламен жұмыс істесе, әлеуметтік ортаға да соғұрлым ерте бейімделуіне жақсы. Негізі, аутизммен ауыратын балалар зерек келеді, үйреткеніңді тез үйреніп алады. Ал егер науқас балаға ешкім назар аудармаса, онда оны тек арнайы жабық мекемеде ұстау керек болатын шығар, — дейді аутизмге шалдыққан балалармен жұмыс істейтін «Суламот» тобының ұйымдастырушысы Любовь Рубин-Ниязова.

Үш күнге созылған форум аясында қатысушылар арасында дөңгелек үстел мен сұхбаттасу алаңдары ұйымдастырылып, Израиль мамандары екі күн бойы ата-аналарға семинар өткізбек.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button