ДенсаулықЖаңалықтар

Кореялық мамандар төрт адамға ота жасады

Сейсенбі күні облыстық әкімдікте оңтүстіккореялық «Каннам Северанс» клиникасы мен денсаулық сақтау басқармасы арасында  үш жақты меморандумға қол қойылды.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов Кореядан келген дәрігерлерге аймақ медицинасы туралы қысқаша айтып, алда атқарылатын жұмыстармен бөлісті. Ал «Каннам Северанс» клиникасы директорының орынбасары Канг Сонг Вунг клиника мен жергілікті дәрігерлер арасындағы іскерлік байланыс одан әрі нығая түсетінін айтты.

Өткен жылы біздің клиниканың өкілдері Ақтөбеге келіп, аймақ медицинасымен танысты. Екі жақты ынтымақтастық жөнінде келісімге келді. Ал бұл жолғы басқосудың мақсаты —  осы байланысты одан әрі нығайтып, осы саладағы сұрақтарды шешу, — деген Канг Сонг Вунг Ақтөбеге келуге ықпал еткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа алғысын білдірді.

Сондай-ақ жиында  клиниканың эндокринді хирургия бөлімінің профессоры Чанг Хэнг Сеок, клиниканың профессоры Ким Менг Хун, It технологиясының мамандары Ким Сон Иль, Дон Че Джун, клиника әкімшісі Ча Чон Риль Кореяның телемедицина саласындағы жетістіктерін әңгімелеп, клиниканың таныстырылымын экран арқылы көрсетті. Жыл сайын 30 мыңнан астам адам «Каннам Северанс» клиникасының  қызметін пайдаланады. Клиниканың  құрамына 5 орталық пен 60 мамандандырылған бөлімше кіреді, яғни клиника аумағын толықтай медициналық қалашық деуге болады. Кореялық мамандардың айтуынша, соңғы жылдары шетелдерден келетін емделушілердің қатары артқан. Шетелдік науқастарды емдеуге арналған халықаралық орталық құрылған. Эндокринология, стоматология, онкология, жүрек-қан тамыр, бас-ми аурулары, жүйке жүйесі аурулары секілді бірнеше бөлімдерге бөлінген.  Клиника соңғы үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған. Кореялық дәрігерлер телемедицина бағыты бойынша ақтөбелік мамандармен бірлесе жұмыс істейтіндерін айтты. Жиын соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті және «Каннам Северанс» клиникасының арасында үш жақты келісімге қол қойылды.

Сондай-ақ келісім аясында екі күн бойы профессор Чанг Хэнг Сеок бастаған дәрігерлер  «Дәру» оңалту орталығында тұрғындарды қабылдап, кеңес берді. Облыстық көпсалалы ауруханада профессор, эндокринолог Ким Менг Хунның қатысуымен қалқанша безі  асқынған төрт науқасқа күрделі ота жасалды. Сондай-ақ жергілікті дәрігерлерге кездесіп, тәжірибелерімен бөлісті.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button