Мәдениет

Әлия аулындағы патриоттар

Өткен жұма «отаны үшін отқа түсуден» тайсалмайтын өрімдей жастар «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық ортылығына жиналды. Облысымыздың барлық ауданынан дерлік жиналған жастар (неге екені белгісіздеу себептермен Алға ауданы ғана қатысқан жоқ) Қобда ауданының Әлия аулында орналасқан орталықта дәстүрлі «Өз елінің партиоты» акциясын өткізді. Таңертең басталған шара батыр қыздың ескерткішіне тағзым етуден басталды. Одан кейін заманауи талаптарға сәйкес қайта жабдықталып жатқан Әлия мұражайын аралады.

Акция аясында «Поэзия, менімен егіз бе едің?» атты жас ақындар сайысы, «Патриоттық әндер» байқауы және спорттық ойындар өтті. Аудан жастары қай сынға да әдемі әзірлікпен келген екен. Акцияның ауданда өткендігінен болар, қалаға келсе қаралай қысылатын  ауыл, аудан жастары өздерін еркін ұстады. Тіпті аралық үзілісте де сахнаға өздері сұранып шығып, орталықты ән-думанға бөледі.

Алғашқы сайыста отанға деген өз сезімдерін өлең жолдарымен өрнектеген талапкерлердің шығармаларын «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің басшысы Ғалымжан Байдербес, «Ақтөбе» газетінің жауапты хатшысы Сәтжан Дәрібай, облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім бастығы Алтынай Юнисова бағалады. Жас ақындар арасынан төрт аяғын тең басқан нағыз дүлдүлдер шықпағанымен, олардың отанға деген ыстық махаббаттан туған туындылары шынайы естілді. Бас бәйгені ырғыздық Арайлым Тәжіғұлова иеленді, бірінші орын Байғанин ауданынан келген Құндыз Жұбаеваға бұйырды (2-орын — Динара Бекниязова, Әйтеке би ауданы, 3-орын — Сырым Сәтімов, Хромтау ауданы).

«Патриоттық әндер» байқауында Мұғалжар ауданынан келіп, «Әлия» әнін орындаған 14 жасар  Ақбаян Таймұханның даусы дүйім жұртты таң қалдырды. Бұйырса, облыс намысын кез келген жерде қорғай алатын жас талант өсіп келе жатыр екен деген ойға қалдық. Бас бәйгені Ақбаян талассыз жеңіп алды (1-орын — Жанна Шынарбаева, Шалқар ауданы, 2-орын — Ерболат Қазыбаев, Қарғалы ауданы, 3-орын — Айгүл Қартмағамбетова, Мәртөк ауданы).

Спорттық жарыстардан жүлделі орындарға ие болғандар — тоғызқұмалақ: 1-орын — О.Атшыбаев, Байғанин ауданы, 2-орын — Ә.Ильясова, Қобда ауданы, 3-орын — А.Аймурзин, Мұғалжар ауданы, дойбыдан: 1-орын — Н.Дүйісов, Шалқар ауданы, Т.Ділімбетов, Ырғыз ауданы, Н.Мұқашев, Ойыл ауданы, стол теннисінен: Қ.Нұрышев, Темір ауданы, Г.Ділімбетов, Ырғыз ауданы, Н.Мұқашев, Ойыл ауданы, гір көтеруден: А.Скала, Хромтау ауданы, Б.Шарткенов, Қобда ауданы, Р.Сағынғалиев, Ойыл ауданы.

Жеңімпаздардың барлығы арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Акцияны ұйымдастырған облыстық ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс жөніндегі бөлімі, қолдау көрсеткен «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы. Акцияның ойдағыдай өтуіне «Нұр Отан» ХДП Қобда аудандық филиалы мен аудандық ішкі саясат бөлімінің мамандары үлес қосты.

Жүзге жуық адам қатысқан акция Әлия аулын ғана көріктендіріп қойған жоқ, елін сүйетін жастардың бір-бірімен жақынырақ танысуына ықпал етті. Батыр қыздың аулынан тараған жастар өз мекендеріне өршіл рухты ала қайтты деген сенімдеміз.

Жан ТӨЛЕУ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Батыр қыздың аулынан тараған жастар өз мекендеріне өршіл рухты ала қайтты деген сенімдеміз дейсіз. Меніңше өршіл рухты емес, өкпе реніш ала кетті деп ойлаймын. Ондағы өткізілген шаралар сондай мақсатсыз, шашыраңқы, бағалау әділетсіз болды. Әділетсіздік пен жершілдіктің құрбаны болған жастардан қандай патриотты, отансүйгіш жастар өседі деп ойлайсыз. Сіздер қазылар, жастардың жігерін жасытып, өнері мен талабын өрлетудің орнына таптадыңыздар. Бұл шара тек әшейін галочка үшін өткізілген шара болғанына күмәнін жоқ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button