БілімБасты жаңалықтар

Сынама тестілеу неге дұрыс өткізілмейді?

 Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалық етуімен облыстық әкімдік ғимаратында селекторлық жиын өтті. Күн тәртібінде екі мәселе қаралды: мектеп түлектерінің ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығы және оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру.

 ҰБТ-да не өзгеріс?

 Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Асқар Шериязданов, Ақтөбе қаласының әкімі Бекбол Сағын, кейбір облыстық  басқармалардың басшылары және Ақтөбе қаласындағы мектептердің директорлары жиналды. Онлайн түрінде өткен жиынға аудан әкімдері мен аудандық білім бөлімдерінің, ауыл мектептерінің  басшылары да қатысты.

Өткен оқу жылында ҰБТ-ға қатысқан мектеп бітірушілердің саны — 6431. Бұл  — түлектердің 71,8 пайызы. Облыстың орташа көрсеткіші — 82,7 балл. Нәтижесінде, біздің облыс еліміз бойынша үздік бестіктің қатарында.

Алдымен сөз алған аймақ басшысы тестілеуге қатысатын мектеп түлектерінің аздығын сынға алды. Мысалы, былтыр ҰБТ-ға 90 мектепте 1-5 бала ғана қатысыпты. Шалқар ауданындағы Ақтоғай орта мектебінде тестілеуге бір-ақ бала қатысқан. Мектептің орташа балы — 112. Алғадағы Сарықобда орта мектебінде ҰБТ-ға қатысқан түлек саны — екеу. Орташа көрсеткіші — 97,5 пайыз.

ҰБТ-дан ең төмен балл жинаған мектептер Әйтеке би, Қобда, Темір, Мәртөк аудандарының үлесіне тиеді. Облыс бойынша орта балы ең төмен екі мектеп: Мәртөк ауданындағы Родниковка орта мектебі ( 47 балл) және Әйтеке би ауданындағы Северный орта мектебі (48 балл алған). Бірінде — бес, екіншісінде — үш оқушы тестілеуге қатысыпты. Сондай-ақ, Әйтеке би аудандағы Ақтасты мектебі мен Қобда ауданындағы Жаңаталап мектебінің  де жағдайы осыған ұқсас. Бердібек Сапарбаев өз сөзінде сынама тестілеудің де көрсеткіші төмендігін айтты. Әсіресе, Темір (41,6 пайыз), Мәртөк (40,6 пайыз), Мұғалжар (26,9 пайыз), Қобда (25 пайыз), Ойыл (20,4 пайыз) аудандарында шектеулі балл жинай алмаған оқушылар көп. Әйтеке би ауданында наурыз айында сынақ тестілеу мүлде өтпеген.

Жиында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Руслан Бегімбетовтің баяндамасы тыңдалды.

Биыл ҰБТ өткізуде айтарлықтай өзгеріс болмайды. Негізгі үш ерекшелік бар. Біріншісі, логикалық сұрақтар көбейтіледі, тапсырмаларға диаграмма, сурет, схема, кесте қосылады. Екіншісі, тест өткізу процедурасына қойылатын талап күшейтіледі. Үшіншісі, шектеу балл жинай алмаған түлектерге ақылы негізде білім алуы үшін екінші рет тест тапсыруға мүмкіндік беріледі.

Облыс бойынша 15 пунктте тестілеу өткізіледі. Руслан Бегімбетовтің айтуынша, Темір, Шалқар, Әйтеке би, Байғанин аудандарында ұялы телефон байланысын өшіретін құрылғыларды жаңарту қажет.

Наурыз айындағы сынама тестілеуден облыстың орташа көрсеткіші — 76,8 балл. Бұл өткен жылғы дәл осы уақытпен салыстырғанда 1,6 балға төмен. Мұның себебін Руслан Бегімбетов Әйтеке би ауданындағы мектеп бітірушілердің сынақ тестілеуге қатыспауымен түсіндірді.

Сынама тест оқушыларды ұлттық бірыңғай тестілеуге жан-жақты дайындауға септігін тигізеді. Дегенмен, кейбір аудандарда сынама тестілеу  кезінде орташа балл жоғары болғанмен, тестілеу қорытындысында сол деңгейді сақтай алмайтындар бар. Мысалы, Ырғыз, Қарғалы аудандарында сынама тестілеу көрсеткіші — 80-82 балл. Алайда, іс жүзіндегі қорытындысы төмен. Мысалы, Қарғалы ауданының  былтырғы орташа балы — 69,8, — деді облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы.

Түлектер неге Ресейге кетіп жатыр?

Жиын барысында облыс әкімі Ақтөбе қалалық білім бөлімінің басшысынан тестілеуге қатысатын балалардың саны өткен жылмен салыстырғанда неліктен төмен болатынын сұрады. Мұның себебін Ләззат Оразбаева Ресейдегі жоғары оқу орындарында білім алуға ниетті балалардың көптігімен түсіндірді. Соңғы төрт жылдағы мәлімет бойынша Ресейге оқуға кеткен жастардың жартысына жуығы сонда тұрақтап қалады екен.

Шетелге біздің білімді, талантты жастарымыз кетіп жатыр. Әрине, шетелде қалып, қалмау әркімнің өзі шешетін іс. Оған тыйым сала алмаймыз. Дегенмен, түлектермен тығыз байланыста болып, оларды елі үшін еңбек етуге үндеу, үгіттеу — білім бөлімдері мен мектеп директорының ісі. Бізде нақты есеп жүргізілмейді. Әйтпесе, шетелге кеткен жастардың 50 пайызы емес, шамамен 20-30 пайызы ғана елге оралады, — деді Бердібек Сапарбаев.

Шара барысында аймақ басшысы  Ақтөбе қаласындағы №37 орта мектептің директоры Қарлыға Әбуовадан мектептің білім сапасы неге төмен екенін сұрады.

Мектептің орташа балы — 63,9. Неге? Білім сапасының төмен болуына не себеп? №37 орта мектепте оқушылар басқа бағдарламамен оқи ма, оқулықтар жеткіліксіз бе, әлде бюджеттен бөлінетін қаржы аз ба? — деді аймақ әкімі.

Бұдан кейін ол Ақтөбе қаласындағы №27 мектеп-лицейдің директоры Дәуір Төлемісовтан да тестілеуден түлектердің неліктен төмен балл жинағанын сұрады.

Былтыр 25 оқушы тестілеу тапсырды. Орташа балл — 66,4. 22 түлек шетелге білім алуға кетті. Біздің оқушылардың дені Ресейге кетеді, — деді мектеп басшысы. Облыс әкімі мектеп-лицейдің мәртебесіне лайық болуы керектігін, болмаса мәртебесін өзгерту қажеттігін тапсырды.

Бұдан кейін Бердібек Сапарбаев Әйтеке би және Қобда аудандарымен онлайн режимінде байланысқа шықты.

Алдымен Әйтеке би аудандық білім бөлімінің басшысы Аманша Өмірзақовадан наурыз айында оқушылардың тестілеуге не себепті қатыспағанын сұрады.

— Қателік кетті…

— Қателікке кім жауапты?

— ?

Аймақ басшысы тестілеуге 3 оқушы ғана қатысқан (орташа көрсеткіші 53 балл) Ақтасты орта мектебінің директоры Ерлан Такеевті де сұрақтың астында қалдырды.

Балалар «Ырғыз-Торғай» резерватына барады

Шарада оқушылардың жазғы лагерін ұйымдастыру мәселесі де жан-жақты талқыланды. Биыл облыста бірінші рет мектеп оқушылары «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерватына саяхат жасайды. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 2 млн. 800 мың теңге қаржы бөлінген. Жоспар бойынша облыстағы  6-8 сынып оқушылары (260 бала) бекітілген кестеге сәйкес резерватқа 3 күндік саяхат жасайды.

Басқосу барысында облыс әкімі мектеп жанындағы лагерьлер жұмысын да сынға алды.

— Мектеп жанындағы лагерьлер жұмысы туралы көп ақпарат — көзбояушылық. Шын мәнінде мектеп жанындағы лагерьлер мектеп басшыларына «балалар лагерьге барды, балалар демалды» деп министрлікке жіберетін мәліметті көбейтіп көрсету үшін ғана қажет, — деді облыс басшысы.

Жиынды Бердібек Сапарбаев түйіндеді. ҰБТ-ға небары бір айдан сәл астам ғана уақыт қалды. Аймақ әкімі тиісті мекеме басшыларына уақытты тиімді пайдаланып, тестілеуге дайындықты күшейту қажеттігін нықтап тапсырды.

— Ең бастысы, балаларды психологиялық дайындап, ата-аналарға моральдық көмек көрсету керек. Аппеляциялық комиссияның мүшелері өз міндеттерін дұрыс атқаруы тиіс, — деді облыс басшысы. Ол өз сөзінде білім сапасына мектеп басшылары тікелей жауап беретінін қадап айтты.

Мемлекет тарапынан барлық мектепке бірдей көңіл бөлінеді. Бірдей жағдай жасалады. Олай болса, әр мектептің білім сапасы неліктен әртүрлі? Меніңше, бұл мәселеде ең алдымен мектеп директорлары кінәлі. Облыстағы біраз мектепте болдым. Біраз мектеп басшыларымен сөйлестім. Кейбіреулерінің білім деңгейлері, мәдениеті төмен. «Менің мектебім» дегенді жиі айтатын да мектеп басшылары бар. Олар мектепті құдды бір жекеменшігіне айналдырып алғандай сезінеді. Ешкімнің әке-шешесі мұра етіп қалдырған мектеп жоқ. Сондай-ақ, «мектепті 30-40 жыл бойы басқарасың» деп ешкімге ешкім уәде беріп, кепіл де болған жоқ.

Мектеп басшылары, тиісті міндетін біліп, білім сапасын арттыру үшін тынбай тер төгуі тиіс, — деді облыс әкімі.

Сөз соңында Бердібек Сапарбаев мектепті көркейтіп, көгалдандыру жұмыстарын күшейту, түлектерді демеушілікке тарту мәселесі туралы айтты.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button