Денсаулық

Кинезитерапия — қимылмен емдеу

«Ақбөбек» оңалту орталығында Татарстан елінің белгілі дәрігері, медицина ғылымының докторы, Қазан мемлекеттік университетінің неврология және нейрохирургия кафедрасының профессоры, кинезитерапия бағдарламасының авторы Валида Исанованың қатысуымен «Жүйке жүйесі ауруларын кинезитерапия арқылы оңалту» тақырыбында шеберлік дәрісі өтті.

«Ақбөбект» оңалту орталығының құрылғанына жиырма жыл толуына орай өткізіліп отырған шараға облыс пен аудандардан және Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан невропатолог, дефектолог, логопед дәрігерлер қатысты.

Валида Исанова кинезитерапия арқылы сал ауруына шалдыққан балаларды емдеу, оңалтуға қатысты баяндама жасады.

Кинезитерапия — медицина саласының жаңа бір бағыты, яғни қимыл-қозғалыс арқылы емдеу. Бұл тәсілмен  буын, омыртқа, тірек-қимыл жүйесін емдеуге болады.

Орталықтың бас директоры Гүлбаршын Айдарханованың айтуынша, орталықта 120 бала ем алып жатыр. Осы уақытқа дейін отыз мыңға жуық бала сауықтырылған.

— Орталықтың жиырма жылдығына орай не өткіземіз деген кезде көп нәрсе ойға оралды. Бірақ бала денсаулығына қатысты шараны ұйымдастырғымыз келді. Осы ретте ТМД елдеріне танымал дәрігер Валида Исанованы шақырып, оның тәжірибесін үйренуді жөн санадық. Білікті дәрігер екі күн бойы біздің мамандарға кинезитерапия бағытындағы әдіс-тәсілдерін үйретеді. Балалармен кездесіп, алып келген арнайы құралдарын қалай пайдалануды көрсетеді. Тек қана ақтөбелік дәрігерлер емес, еліміздің батыс өңірі бойынша да дәрігерлер кеңес алып жатыр. Жалпы қазір елімізде сал ауруына шалдыққан балалар өте көп. Орталықта түрлі ақаумен, оның ішінде жүрек, бүйрек дертімен жатқан балдырғандар көп. Қазір ауылдық жерде бала дәрігері тапшы. Бұны ата-аналармен тілдескен кезде байқаймыз. Олар педиатр болмағаннан кейін баласын қайда апарарын білмей қиналады, — дейді Гүлбаршын Айдарханова.

Шеберлік дәрісіне ата-аналар да қатысты. Шараны іскер әйелдер кеңесі мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button