Мәселе

Сәбилер шетел аспасын десең…

Деректерге сүйенсек, соңғы жылдары шетелдік азаматтардың елімізден бала асырап алуға деген құлшынысы арта түскен. Мәселен, өткен жылы біздің облыстан 173 бала асырап алынса, оның 24-ін шетел азаматтары алған. Бала асырап алуға құлшыныс танытқандардың көпшілігі – АҚШ, Германия, Испания елдерінің азаматтары.

Сонымен, азаматтар асырап алған балалардың құқығы қалай қорғалуда? Осы орайда тиісті орындармен  тілдестік.

ӘУЕЛІ ТЕКСЕРІЛЕДІ, СОСЫН БАҚЫЛАНАДЫ

Ақырыс Шагирова, қалалық білім бөлімі бала құқығын қорғау бөлімінің меңгерушісі:

– Асырап алынған балалар бізде есепте тұрады. Олар жылына екі рет арнайы тексеруден өтеді. Балалардың денсаулығы, оқу үлгерімі, тұрмыстық жағдайы бақылауда болады.

Жалпы, баланы асырап алмас бұрын біздің мамандар асырап алушы ата-ананың жағдайына баса назар аударады. Олардың наркологиялық және облыстық жұқтырған қорғаныш тапшылығының белгілерінің алдын алу және оған қарсы күрес орталығында (СПИД) тіркеуде бар немесе жоқ екенін анықтайды. Сондай-ақ, бұрын істі болып сотталғаны немесе сотталмағаны туралы тексеру жүргізіледі. Олардың тұрмыстық жағдайы және үйге кіретін кіріс көлемі де есепке алынады. Осы жағдайлардың барлығы анықталғаннан кейін тиісті жерден алынған құжаттар сотқа тапсырылып, арнайы келісім жасалады. Осы келісім шыққанан  кейін ата-ана әділет басқармасы азаматтардың хал актілерін жазу бөлімі  арқылы баланы өз атына жаздырып алады.

Жалпы, сәбиді балалар үйінде тәрбиелегеннен гөрі, оларды ата-ана қамқорлығына жіберген жөн. Өйткені отбасының жағдайы, тәрбиесі, ортасы балалар үйіне қарағанда өзгеше болары анық. Әрі бұл жерге ата-ана бар мүмкіндігі таусылған соң, үлкен үмітпен келеді. Мәселен, бізге келетіндердің басым бөлігі – ұзақ жылдар балалы болмаған отбасылар. Бұндай жандар асырап алған баланы  туғанындай тәрбиелеп, оған жақсы қарауға тырысады. Әрі асырап алған бала біздің мамандардың бақылауында болады. Сондықтан баланың құқығы бұзылып, қысым көрсетілсе, тиісті орындар бейжай қарамайды. Дегенмен әзірге ондай дерек тіркелген жоқ. Ал шетелдік азаматтар асырап алған балаларға бақылау жасау еліміздің шетелдегі дипломатиялық өкілдіктері мен консулдық мекемелеріне жүктелген. Осы мекемелер арқылы барлық ақпараттарды анықтап отырамыз.

Сондай-ақ, балалар түрлі жағдайда асырап алынады. Мәселен, ағасының баласын інісі асырап алу немесе бала қамқорлықсыз қалған жағдайда сәбиді өзге туысқандары асырап алып жатады. Тіпті, бірге жүрген досы қайтыс болып, оның баласын өз қамқорлығына алған жандар да кездесті.

Сондай-ақ, ата-анасы ажырасып, анасы өзге біреуге тұрмысқа шығады. Кейін оның жолдасы баланың бірінші әкесінен рұқсат алып сәбиді өз атына жаздырып, яғни асырап алып жатады.

Алайда әзірге асырап алған баланың қай-қайсысына да қысым жасалып, олардың құқығы бұзылған дерек кездескен жоқ.

СЕНІМ ТЕЛЕФОНЫ

Айжан Тоқбасова, облыстық балалардың құқығын қорғау департаменті қорғаншылық және балаға көмек көрсету бөлімінің бастығы:

– Көп жағдайда ата-аналар департаменттегі 56-27-21 сенім телефоны арқылы бала асырап алу үшін қайда баратынын және қандай құжат әзірлеу керек екенін сұрап жатады. Бала асырап алуға ниет танытқандардың басым бөлігі – 35-40 жас аралығындағы азаматтар. Біз қоңырау шалған жандарға кеңесімізді айтып, қайда бару керек екенін және құжаттарға қатысты жайттарды түсіндіріп береміз.

Жалпы, бала асырап алу жөніндегі негізгі жұмыс қалалық білім бөліміндегі арнайы мамандарға жүктелген. Ал біздің мамандар бұл іске бала құқығы бұзылған жағдайда араласады.

Сондай-ақ, біз қамқорлыққа зәру бүлдіршіндерге қатысты мәселелермен айналысамыз. Оның ішінде қамқорлыққа алынған балаларға берілетін көмектің қалай жүзеге асып жатқаны туралы да  жайттар назардан тыс қалмайды.

БҮЛДІРШІНДЕРДІҢ ДЕНСАУЛЫҒЫ АЛАҢДАТАДЫ

Қазіргі таңда  балалар үйінде тәрбиеленетін бүлдіршіндердің басым бөлігінің денсаулығы нашар. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға үнемі дәрігердің көмегі қажет. Қаладағы «Үміт» балалар үйіндегі сәбилердің де денсаулығы көңіл көншітпейді. Алайда мемлекет тарапынан берілетін көмектің арқасында бар мүмкіндіктер жасалып жатыр.

«Үміт» балалар үйі бас дәрігерінің емдеу жөніндегі орынбасары Гүлнар Төлебаева бүлдіршіндердің денсаулығы туралы айтып өтті.

– Балалардың басым бөлігінің денсаулығы нашар, ауруға шалдыққан. Мәселен, сәбилер арасында жүйке жүйесі зақымданған және туабітті  жүрек, бүйрек, сүйек  ауруларының асқынған түрімен ауыратындар көп. Сондай-ақ, қоян жырық, таңдай жырық аурулары жиі кездеседі. Бұл жерде балалар үш жасқа дейін тәрбиеленіп, Алға балалар үйіне жіберіледі. Бірақ денсаулығына байланысты 4-5 жасқа дейін осында қалып емделетіндер бар. Олардың денсаулығы дәрігерлердің қатаң бақылауында болады. Егер бүлдіршіндерге ота жасау керек болса, бұл мәселеге байланысты  қай жағынан болса да қиындықтар жоқ. Жеңіл ота облыстық балалар ауруханасында жасалса, күрделі оталарды жасау үшін өзге өңірлерге, яғни Астана, Алматы қалаларына жібереміз. Мәселен, ақпанда Ақсай қаласында үш балаға ота жасалады. Оның ішінде бір баланың аяқ сүйегіне ота жасайды. Ал қалған екі балаға бұрын ота жасалды, бірақ сырқатына байланысты қайта жасауға мәжбүр.

Жалпы, балалар үйінде сәби денсаулығын жақсартуға қатысты барлық шаралар жасалып, сырқатына байланысты арнайы ем жүргізіледі. Жүрекке ота жасау үшін облыстық денсаулық сақтау басқармасынан арнайы квота бөлінеді. Квота алу үшін де ешқандай қиындық жоқ. Сәбилерге бірінші кезекте беріледі. Бұл үшін арнайы құжаттарды уақытында әзірлеу керек. Өткен жылы бір баланың жүрегіне Астана қаласында ота жасалды. Дәрігерлер баланың жүрегіндегі тесікті бітеді. Қазір бүлдіршін шауып жүр. Балалардың жолақысына арнайы қаржы бөлінеді.

Сондай-ақ, өткен жылы Ағайынды Жұбановтар көшесінің бойындағы ғимаратқа күрделі жөндеу жұмысы жасалды. Ғимараттың іші-сырты түгел жаңарып, пластикалық терезелер қондырылды. Ал Сәңкібай батыр даңғылы бойындағы ғимаратқа жөндеу жұмыстары жүргізілген жоқ. Бірақ жоспарда бар. Алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін табады.

Жалпы, қазір  сәбилер үйінде 5 дәрігер, 38 тәрбиеші, 60 медбике жұмыс істейді. Балдырғандарды күтіп, арнайы дәрігерлік тексеруден өткізу үшін тәжірибелі мамандар жеткілікті.

– Қазір сәбилер үйінде қанша бала бар?

– Қазіргі таңда 115 бала тәрбиеленіп жатыр. Оның ішінде ата-анасыз 45 баланың 35-і – мүгедек. Ал қалғандары – уақытша тапсырылған сәбилер. Өйткені ата-аналар жағдайының жоқтығына байланысты  балаларын белгілі бір мерзімге дейін осында қалдыруға мәжбүр.  Балаларын уақытша қалдырған ата-аналардың басым бөлігінің тұрмыстық жағдайы нашар немесе түрмеде отырғандар. Бұндағы балалардың 90 пайызы – қазақ балалары, өзге ұлт өкілдерінің балалары аз.

– Қазіргі таңда шешімін таппаған мәселелер бар ма?

– Айтарлықтай күрделі мәселе жоқ. Бірақ кейде ата-аналар тарапынан түсініспеушіліктер болады. Мәселен, кейбір отбасылар балаларын бір немесе екі жылға әкеліп тастайды. Бірақ жағдайының жоқтығын айтып уақытты создыртады. Ал кейбір ата-аналар балаларын әкеледі де ұшты-күйлі жоғалып кетеді. Мерзім аяқталғанда оларды  табу қиынға түседі. Осыдан кейін қалалық білім бөліміне, ішкі істер департаментіне хабарласып, іздеу саламыз. Жылына осындай 5-6 дерек кездеседі. Егер ата-анасы табылмаған жағдайда сәбиді балалар үйіне аттандырамыз. Жалпы, бұнда баласын әкелетіндердің көпшілігі – жиырмадан асқан аналар. Ал кейбір аналар жиі хабарласып, баласының жағдайын сұрап жатады. Тұрмысы түзелгеннен кейін алып кетеді.

– Биыл қанша бала асырап алынды?

– Жыл жаңа басталғаннан кейін әзірге асырап алушылар жоқ. Бірақ өткен жылы 85 бала асырап алынды. Оның ішінде 64 сәбиді ел азаматтары асырап алса, қалған баланы шетел азаматтары алған. Сондай-ақ, балалар үйінде ата-аналармен арнайы тілдесіп, сұрақтарына жауап беретін мамандар бар.

P.S. Шетелдіктердің елімізден бала асырап алуға деген құлшынысы арта түскенмен, соңғы екі жылдықта бұл көрсеткіш біршама төмендеген. Мәселен, 2007 жылы өзге елге облыстан 28 бала аттанса, өткен жылы бұл көрсеткіш 14 пайызға азайып отыр. Облыстық әділет басқармасы АХАЖ бөлімінің мамандары өзіміздің қара домалақтардың өзгенің қолында кетпей, оларды ел азаматтарының асырап алу дерегінің  көбейгенін  үлкен мәртебе санайды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button