Басты жаңалықтар

Атыраулық құтқарушылар ауылдарына қайтты

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс орталығындағы №3 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің алаңындағы жиында Ақтөбе және Атырау гарнизондарының құтқарушыларына осындай қиын сәттерде ұтымды қимыл жасап, төтенше жағдайлардың алдын алу, қауіптің бетін қайтаруға қатысты кәсіби шеберлік танытқандары үшін алғыс айтты.

Биылғы қыста облыстың автомобиль жолдарында 139 апаттық-құтқару және іздестіру жұмыстары жүргізілді. Соның нәтижесінде 500-дей адам құтқарылды, мұның үстіне 3 мыңдай адам қауіпсіз жерге жеткізілді. Бір мыңнан астам техника қар құрсауынан шығарылды.

— Қыс айтарлықтай қатаңдық танытты. Күшті аяздар, борандар болды. Қар нормадан бірнеше есе артық түсті. Жол үстіндегі адамдардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін қосымша күштер қажет болды. Сіздер, құтқарушылар, полиция қызметкерлерімен, жол қызметі мамандарымен бірге күн-түн демей жол үстінде еңбек еттіңіздер, бұған менің өзім бірнеше мәрте куә болдым. Сіздер жолды тазартумен бірге, адамдарды аман-есен алып қалдыңыздар, сол үшін де тұрғындар атынан алғыс айтқым келеді, — деді Бердібек Сапарбаев.

Облыс басшысы сонымен бірге, өз аймақтарындағы күрделі жағдайға қарамастан Ақтөбеге көмекке келген атыраулық құтқарушылардың екі апта бойы жергілікті әріптестерімен тізе қосып, үйлесімді қызмет еткенін атап көрсетті.

Көктемгі қар еру маусымында су тасқыны қауіпті аумақтардан 278 мың текше метр су айдалып, 7 мың тонна инертті материалдар жеткізілді, 5 мыңнан астам қапшық бөгеу ретінде қойылды. Су тасқыны қауіпті өзендердің 20 шақырымдай аумақтағы түбі тазартылып, тереңдету жұмыстары жүргізілді, басқа да шаралар алынды.

Бердібек Сапарбаев қос облыстың құтқарушыларына, сондай-ақ жолаушылар мен автомобиль жүргізушілерін қиын сәтте көмекке келген волонтерлерге Алғыс хат тапсырып, оларға оң тілегін білдірді.

Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы Бауыржан Сыздықовтың пәрменімен атыраулық құтқарушылар салтанатты түрде өздерінің арнаулы көліктеріне мініп, сап түзеген күйі тұрақты мекенжайларына қарай жол тартты.

 Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button