Әлеумет

«Ана тілі» — ұлттың намысы

Қазір жылдағыдай баспасөзге жазылу науқаны жүріп жатыр. Бұл журналистер үшін нағыз сын шақ. Газет-журнал ұжымдары өз басылымдарының таралымы үшін қолдан келетін күш-мүмкіндікті жұмылдыруда. Мұндайда оларға көмек қолын созатын оқырман қауым, сүйенетіні де оқырман қауым. Ал оның өз талғамы, өз таңдауы бар. Бірақ таразының да екі басы бар, елдік, азаматтық тұрғыдан алғанда оқырманға тиесілі жауапкершілік те осал емес. Тәуелсіздік алып, тереземіз өзгелермен теңескен шақта, өшкенімізді жандырып, жоғалғанымызды түгендеп жатқанымызда, жаһандану толқынына білім-біліктілігімізбен, парасат-пайымымызбен төтеп беретін кез келгенде баспасөздің орны тіптен бөлек болса керек.

Қазақ баспасөзінде өзіндік орны бар, осыдан жиырма жылға жуық уақыт бұрын, егемендік алардың елең-алаңында оқырманмен қауышқан «Ана тілі», ұлт газеті, туған тіліміздің тұғырын биіктетуде, ана тілімізді ардақтап, айбынын асыруда талай іс тындырғанына оқырманның өзі куә. Осы Ұлт газетінде Алаштың ардақтылары туралы, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғалардың өмір-тарихы жайында тұшымды зерттеу мақалаларын жариялау дәстүрі жалғасуда. Алаш рухын бөрілі байрақтай қасиет тұтатын, қазақтың мерейін үстем етіп, тілім деп толғанатын, түркі әлемінің рухани қазынасын іздейтін «Ана тілі» алдағы уақытта да елтану тақырыбын тереңнен қозғау үрдісін жалғастыра бермек. Салт-дәстүрімізді насихаттау, атадан қалған асыл құндылықтарымызды, мұраларымызды дәріптеу, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру де бұл басылымның басты бағдарының бірі. Демек, ана тіліміздің болашағына алаңдайтын, ата жұртты ардақтайтын, дініміздің бүтіндігін ойлайтын, салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтайтын, ұрпағына ұлағатты тәрбие беруді көздейтін, қазақтың кемел болашағына кәміл сенетін әрбір азамат «Ана тілін» жанына серік ету керек.

Қазақтың қамын ойлайтын, ұлтының болашағына жанашырлықпен қарайтын, Алашқа адал әр бауырдың төрінде «Ана тілі» тұрса дейміз.

Қазақстанның саясат сахнасындағы беделін, әлеуметтік-экономикалық даму барысын, әлемдегі болып жатқан жаңалықтарды білгісі келетін, қазақ халқының қалтарыста қалып келген тарихын тануға құштар, спорт саңлақтары туралы мақалаларды ұнататын, діни секталардың лаңын, олардың қоғамға тигізіп отырған залалын білгісі келетін, көңілге жақпағанмен көз үйреніп бара жатқан жағымсыз құбылыстар туралы арнайы репортаждарды оқығысы келетін әрбір оқырман іздегенін «Ана тілінен» табады.

Ана тілімізге жаны ашитын, толғауы тоқсан туған тілдің келешегін кемел етуді мақсат тұтқан әрбір ұлтжанды азамат «Ана тіліне» жазылады деп нық сенеміз.

Келер жылы газетіміздің оқырмандарымен қауышып келе жатқанына жиырма жыл толады. Қиын-қыстау заманда жарық көріп, ұлттың үніне айналған бұл басылым сол уақыттан бері қазақтың сөзін сөйлеп келеді. Елдік намысты ту еткен, қазақ журналистикасының ұстаханаларының біріне айналған, әрдайым еліміздің, ұлтымыздың мүддесін бірінші орынға қоятын «Ана тілі» осы мерейлі датаны Сізбен бірге лайықты қарсы алуды қалайды, құрметті оқырман! Жақында елімізде «Тіл туралы» Заңның алғаш қабылданғанына және «Қазақ тілі» қоғамының құрылғанына жиырма жыл толуы атап өтілді. Осыдан жиырма жыл бұрынғымен салыстырғанда ана тіліміздің мәртебесінің қаншалықты өскеніне, ілгерілегеніне Сіз бен біз куәміз. Бұл орайда кемшілік те аз емес екендігі белгілі, ал сол кем-кетіктің орнын толтыру тағы да Сіз бен Бізге байланысты десек, ортақ іске ат салысайық деп тіл жанашырларына сөз арнап отырмыз.

«Ана тілі» — қазақтың тілі. «Ана тілі» — ұлттың намысы. «Ана тілі» — халықтың ділі. Қазақ аман тұрса, «Ана тілі» де аман болмақ. «Ана тіліңізге» жазылсаңыз, елімізде мемлекеттік тіліміздің мәртебесін арттырып, қолдану аясын кеңейтуге, ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлес қосқан болар едіңіз, ағайын!

«Қазпошта» бойынша «Ана тілі» газетіне бір жылға жазылу бағасына келетін болсақ, жеке жазылушылар үшін: индексі 65367, Алматы қаласы — 2010 теңге 36 тиын; облыстар — 2264 теңге 28 тиын, ал аудан және ауылдағы оқырмандар 2415 теңгеге жазыла алады. Мекемелер мен ұйымдар үшін: индексі 15367, Алматы қаласы — 3923,04 теңге, облыс орталықтары 4176,96 теңге; аудан мен ауылда — 4327,68 теңге. Сондай-ақ біздің газетке «Евразияпресс», «Эврикапресс» мекемелері арқылы да жазылуға болады.

Самат ИБРАИМ,

«Ана тілі» газетінің бас редакторы.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Ассаламуалайкум,кымбатты отандастар!»Алтыннын колда барда кадири жок» деген рас екен.Туган ана тилиннин кадирин,байлыгын айрылганда биледи екенсин.Оз балан озге тилде сойлеп,оз тилинде бар ойынды тарбиенди балана бере алмасан кимди киналайсын,озиннен баска.Сол ушин арбир мен казахпын деген пенденин уйнде «ана тили»газети болу керек деп ойлаймын.Арбириниздин уйнизде «ана тили»газети болса,окып болган сон жуда керек болмаса,базарлык-мазарлык оралып алыста шет елде елим,жерим,казахстаным деп журген, кандас бауырларыныздын уйине де келп калар.Жолы тускен адамдардан берп жиберерсиздер.»Ана тилин арын бул,уятын боп тур бетте,озге тилдин барин бил,оз тилинди  курметте!»

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button