Білім

Қазақ ұлттық университеті озды

Олимпиада

 Жақында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде еліміздегі жоғары оқу орындары арасында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен VIII республикалық пәндік олимпиада өтті. Шараны аталған оқу орнының  филология факультеті ұйымдастырды.

Дәстүрлі түрде өткізілетін сайыста 10 жоғары оқу орнының студенттері бақ сынады.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті филология факультетінің деканы Сабыржан Мұхтаровтың айтуынша, кезекті олимпиаданың Ақтөбеде аталған оқу орнында өткізілуінің себебі, былтырғы оқу жылында өткен жарыста бұл университеттің студенттері жеңімпаз атанған. Сайыс ережесі бойынша олимпиада жеңіске жеткен оқу орнында өткізіледі.

Екінші орыннан төмен түсіп көрген жоқпыз. Бұл жолы біздің команда сайыстан тыс қатысады. Яғни байқауға қатысқанмен, орын үшін таласпайды. Байқау талабы осындай.

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің құрылғанына биыл 50 жыл толады. Бұл шара университетіміздің мерейтойымен де сәйкес келіп отыр, — деді Сабыржан Мұхтаров.

Байқау төрт тур бойынша өткізілді. Үш студенттен құралған командалар алдымен өз мамандықтарын таныстырды. Одан кейін таңдалған тақырып бойынша ауызша тілдік және әдеби талдау жасап, қазіргі қазақ тілінің салалары, жалпы тіл білімі, қазақ әдебиеті пәндері бойынша тест тапсырып, ғылыми жоба қорғады.

Тартысты өткен шарада Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жеңіске жетті. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті мен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті 2-орынды иеленді. Үш жоғары оқу орны —  Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университеті, Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті 3-орын алды.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.    

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button