Денсаулық

Ұлттық ғылыми медициналық орталық Ақтөбеге жақындай түсті

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Астана қаласындағы «Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ-ның ғалымдарымен кездесті. Мақсат —  облыстағы медициналық қызметтің сапасын жақсарту, тұрғындарға жүрек-қан тамыр аурулары бойынша көмек көрсету.

Облыстық әкімдікте өткен жиында өңір басшысы Ақтөбе медицинасының мүмкіндіктерін айтып, медициналық  кластер құру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Осы бағытта қыруар жұмыс тындырылмақ. Медициналық кластер құруға облыстың толық қуаты  бар. Облыстық  клиникалық аурухана, облыстық балалар ауруханасы, облыстық перинаталды орталық және М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетіне қарасты медициналық орталық пен «Дару» оңалту орталығы медициналық кластерге кіреді. Өңір басшысы маман бойынша да кедергі жоқ екенін, алдағы уақытта орталықта бірнеше емдеу мекемесінің салынатынын мәлім етті.

Елбасының тапсырмасы бойынша елімізде медициналық туризмді дамыту қажет. Осы ретте тұрғындардың шетелде емес, өз елімізде  сапалы медициналық көмек алуына мүмкіндік жасауымыз керек. Медициналық кластер құрудағы негізгі мақсат — осы. Кластер тақыр жерде құрылайын деп отырған жоқ. Ақтөбе медицинасының базасы мықты. Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен толық жарақталған. Қазір облыстың емдеу мекемелерінде  батыс өңірлерден бөлек Қызылорда облысынан да тұрғындар келіп ем алады. Бүгінгі күні өңірде 500-ге жуық медициналық ұйым, 11 мыңға жуық дәрігер бар. Сондықтан мүмкіншілікті пайдаланып, халық денсаулығын жақсарту мақсатында жұмыс істеуіміз керек. Соңғы жылдары біздің өңірден бес жүзге жуық азамат Астана қаласына барып емделсе, оның сексенге жуығы ұлттық ғылыми медициналық орталық мамандарының көмегіне жүгінген. Сондықтан біздің дәрігерлер сіздермен бірлесе отырып еңбек етсе, бұл мақсаттағы жұмыстар ілгерілей түседі, — деген  облыс басшысы ұлттық медициналық орталықта қызмет ететін ақтөбелік азаматтарды «Туған жерге тағзым» акциясына қатысуға шақырды.

Ұлттық медициналық ғылыми орталық мамандары бұған дейін де ақтөбелік дәрігерлермен бірлесіп,  жұмыс атқарып  келеді. 2014 жылы орталық мамандары батыс аймақ бойынша алғаш рет Ақтөбеде  бүйрек ауыстыру отасын жасады. Осыдан кейін ағза трансплантациясы бойынша тығыз байланыс орнады. Медициналық орталықтың басқарма төрағасы Абай Байгенжин халық денсаулығын жақсарту мақсатында бұл қарым-қатынастың жандана түсетінін айтты.

Біздің мақсатымыз —  облыс тұрғындарына сапалы медициналық қызмет,  оның ішінде жүрек-қан тамыр аурулары бойынша көмек көрсету. Әрине, қазір де жасалып жатқан жұмыс көп. Бірақ әлі де жетілдіретін тұстары баршылық. Мәселен, 822 мың халыққа орта есеппен жылына жүрек-қан тамырлар ауруы бойынша 4 мыңға жуық ота жасалуы  керек. Ал қазіргі күні Ақтөбеде 720 ота жасалады, яғни бес есе аз. Соның кесірінен адам өлімі жиі тіркеледі. Сондықтан біз ақтөбелік дәрігерлермен бірлесе жұмыс істемекпіз. Орталық мамандары облыс дәрігерлеріне шеберлік кластарын өткізеді, емханаларда аурулардың амбулаторлық картасын, ауру тарихын тексеріп, науқас адамдарды іріктеп алады. Кейін оларды медициналық тексеруден өткізіп, отаны қажет ететін ауруларға көмек көрсетіледі. Бұл жұмыстарды жүргізуге облыстың мүмкіндігі өте зор. Емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы өте жақсы. «Дару» оңалту орталығы секілді орталық Қазақстанда жоқ. Қазір біздің елімізде ауруды анықтап, ем жүргізгенімен оны оңалту жұмыстары әлі бір ізге түспеген,— деді Абай Байгенжин.

Сондай-ақ  Абай Байгенжин облыс тұрғындарына көрсетілетін көмектің барлығы тегін, орталық қаржысы есебінен жүргізілетінін айтты. Жиын соңында облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев пен «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» АҚ басқармасының төрағасы Абай Байгенжин ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

 Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button