Мәдениет

Джаздың Ақтөбедегі дауысы

Өткен жұма, сенбі күндері Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда «Ақтөбе-jazz-2009» халықаралық джаз музыкасының фестивалі өтті.

Ақтөбе сахнасында Астана, Алматы, Мәскеу, Ташкент, Бішкек, Уфа, Орынбор, Петропавл, Қостанай, Шымкент, Көкшетау, Ақтөбе қалаларының джаз музыкасының ұжымдары өз өнерлерін ұсынды.

Фестивальға орай өткен баспасөз мәслихатында облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова: «Облыстық мәдениет басқармасы мен Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония ұйымдастырған дәстүрлі джаз фестивалі еліміздің облыстары мен аймақтарындағы және жақын-алыс шетелдердегі джаз ұйымдарының бір-бірімен танысып, тәжірибе алмасуына көмектесіп отыр. Фестиваль ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі және облыстық әкімдіктің қолдауымен қолға алынды», — деді. Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармония директоры Есенгелді Дүйсенбаевтың айтуынша, джаздың екпіні, ырғағы, стилі арқылы қазақтың және шығыстың музыкалық мәдениетін насихаттау — фестивальдың басты бағыттарының бірі.

Баспасөз мәслихатында сөз сөйлеген қонақтар — РФ еңбек сіңірген әртісі, Гнесин атындағы Ресей Музыка академиясының профессоры Александр Осейчук, Өзбекстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, профессор Баходир Муртазаев, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Астана» эстрада-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі Александр Аблаев, ҚР Композиторлар одағының мүшесі Хан Яков бір ауыздан Ақтөбеде осындай үлкен фестиваль өтіп жатқанына қуанып, ұйымдастырушыларға жылы лебіздерін айтып жатты.

Өзара сынға түскен джаз орындаушылар арасында Мәскеу қаласынан келген Гнесиндер атындағы Ресей музыка академиясының студенті Марат Ғаббасов, Уфа қаласынан келген «Palladium» аспапты ансамблі, Қостанай қаласы әкімінің муниципиалды концерттік биг-бэнді І дәрежелі дипломды жеңіп алды. Жүлдегерлер мен музыкалық аспаптарда ойнап, көзге түскендер де арнаулы дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.

Дәстүрлі фестиваль Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі, «Ресейдің үздік джаз кернейшісі» Сергей Проньның және Екатеринбор қаласының еуропалық джаз квартетінің концертімен аяқталды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button