Экономика

Базарбай Ешмағамбетов: Өз кадрларымыз істі өрістетеді

«ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамы Батыс филиалы Ақтөбе мұнай құбыры басқармасы негізінен мұнай өнімін қабылдап, оны жөнелту жұмыстарымен айналысады. Облыстағы іргелі кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштері соңғы жылдары тұрақты түрде өсіп келеді. Мұны біреулер қазіргі заманауи техникалық құрал-жабдықтардың талапқа сай қызмет атқаруы деп түсінсе, екінші топтағылар кәсіби мамандардың, оның ішінде ұлттық кадрлардың  осы салаға көптеп келіп, ұйымдастырушылық қасиеті мен табандылығы, біліктілігі мен жігері жағынан ысылғандығын баса айтады.

– Мұнай саласындағы ірі мекемені басқарып отырсыз. Әңгімені өзіңіздің өмірбаяныңыздан бастасақ.

– Мен мынау қала іргесіндегі Өлкеде туып-өстім. Благодарный орта мектебін бітірдім. Мұнай-газ саласында жұмыс жасағаныма – ширек ғасыр. Алғашында №7 мұнай айдау стансасына слесарь болып кірдім. Атыраудың политехникалық техникумын, кейіннен политехникалық институтты оқып бітірдім. Мастер, инженерлік қызметтер атқардым. 1989-1992 жылдары  Кеңқияқ желілік өндірістік диспетчерлік стансасының бастығы, Ақтөбе мұнай құбыры басқармасында бас технолог, мұнай құбырларын пайдалану қызметінің бастығы, бастықтың  тауар-көлік өндірісі жөніндегі орынбасары міндеттерін атқардым. 2001 жылы Павлодар облысына жұмысқа ауыстым. Бірлестіктің Шығыс филиалы бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқардым. 2004 жылдан Ақтөбе мұнай құбыры басқармасы бастығымын.

– Мекемелеріңіз мұнайды қабылдау және оны тасымалдау қызметімен айналысатын болды ғой.

– Біздер Кеңқияқ – Атырау, Кеңқияқ – Орск бағытында, Жаңажол, Әлібекмола  объектілерінде жалпы саны  төрт құбыр бойынша еңбек етеміз. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», «Сауда Үйі», «Lancaster petroleum» (бұрынғы Көкжиде) акционерлік қоғамдары, «Қазақтүрікмұнай», «ҚазақОйл-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің өндірген мұнайын тасымалдаймыз. Өткен 2008 жылы 6 миллион 860 мың тонна мұнай тасымалданды. Мен осы саланың маманы ретінде мұны тәуір көрсеткіш деп есептеймін. Тіпті, кешегі кеңес заманының өзінде бұл қөрсеткіш жылына 2,5 млн. тоннадан асқан жоқ.

Басқармада 500-ден астам  адам еңбек етеді. Әкімшілік тарапынан оларға үнемі қолайлы жағдай туғызылған. Ақтау, Ақтөбе, Атырау қалаларынан мұнайшылар қатынап жасайды. Өз ісін жетік білетін мамандық иелері қатарында бастықтың өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары Валерий Иванович Шевлягинді, Н.Шманов атындағы мұнай айдау стансасының (Алға ауданы) бастығы Кәріпжан Сапаровты, Темір қаласы жанындағы апатты қалпына келтіру пунктінің шебері Нұрлан Нұғымановты, Кеңқияқ өндірістік диспетчерлік стансасының бастығы Өтеген Қалмағамбетовті ерекше атар едім.

Соңғы жылдары жанар-жағармай бағаларының тұрақсыздығы кейбір келеңсіздіктерге жетелейді. Мұнай ұрлау фактілерінің де болуы тіркеліп жатады. Ішкі істер және прокуратура қызметкерлерімен біріге іс-қимыл жасаудың нәтижесінде ондайлардың тамырына дер кезінде балта шабылды, мемлекет меншігін ұрлағандар заң алдында жазасын алды. Бұл ретте «Семсер» акционерлік қоғамының күзетшілеріне рахмет айтамыз. Түнгі демалыс сәтінде мұнай құбырларына бақылау жасау, күзету осы «Семсер» акционерлік қоғамының міндетінде.

2007 жылы Кеңқияқ-Құмкөл бағыты бойынша жаңа мұнай бұлағы көзі ашылған болатын. 2009 жылы да мұнай өндіру орындары көбейіп, оның сапасы бойынша жаңа үрдіспен жұмыс жасауға тура келеді. Болашақта Батыс пен Шығыс мұнай құбырлары қосылады. Бір сөзбен айтқанда, «Қазақстан -Қытай құбыры» пайда болады.

– Патриоттық тәрбие дегенге қалай қарайсыз?

– Жалпы, патриот болу – әр азаматтың міндеті әрі абыройы. Мұнайға әлем бойынша көз тігіп отырғанда бұл шаруаға біз патриоттықпен қарау орынды деп білеміз.

Жалпы, заңдық негізде еңбекті ұйымдастыру біздің алға абыройлы жылжуымызға жеткізеді. «Қазақстан Республикасының азаматтарына патриоттық тәрбие берудің 2006-2008 жылдарға арналған мемлекеттік Бағдарламасы туралы» ҚР Президентінің Жарлығын іске асыру бағытында  басқармада бірқатар жұмыстар атқарылды. Лекторлар, баяндамашылар тобы құрылып, олардың міндеттері айқындалды. Ұжымның өндірістік және еңбек тәртібін қадағалауы бір жүйеге келтірілді. Барлық жиындар мен басқосуларда қызметкерлер мен жұмысшы-мұнайшыларды елге құрмет, отансүйгіштік  рухта тәрбиелеуде нақты іс-шаралар жүзеге аса бастады.

Осы арада менің тағы бір қосар пікірім мынау. Бізде ұлттық тәрбие жағы тапшылау сияқты, осы жағына көбірек көңіл бөлу керек. Мен қолымның бос уақыттарында қаладағы кітап дүкендерінде жиі боламын, дүкендер аса көп те емес, жаңа шыққан басылымдарды алып оқимын. Соңғы мерзімде елдің, ұлттың тарихын терең баяндайтын, қазақ зиялыларының өмір жолдарын, тектілер ғұмырын паш ететін жақсы дүниелер көптеп шығарылуда. Осы дүниелерді көбірек оқысақ, бұл да біздің нағыз патриоттығымыздың айқын бір белгісі болар еді.

– Сіз турасында «ұлтжанды азамат» деген жылы лебіздер құлағымызға жиі естіледі. Осының нақтылығына қатысты бір ауыз сөз айтсаңыз.

– Ең алдымен біз Қазақстан деп аталатын өз мемлекетімізді сыйлауымыз қажет. Одан соң сол мемлекет заңдарын басшылыққа алуымыз керек. Біз елдің тұңғыш Президентімен мақтануға тиіспіз, яғни ол кісінің әрбір ұлағатты сөзіне іспен жауап беруіміз керек. Жеке басым бұл жағынан алғанда шама келгенше пайдалы іс тындырып жатқандаймын. Мектепті қазақ тілінде бітіргенмен, орыс тілін ешкімнен кем білмеймін. Өндіріс саласында жасайтын қайсыбір замандастарым ана тілінде әңгіме айтпай жүрек ауыртады. Мемлекеттік тілді біле тұра сөйлемейтінін қайтерсің.

Қашанда ұжым бірінші басшыға қарайды. Сондықтан ол адам қара қылды қақ жаратын, таразы басын тең ұстайтын әділ болғаны жөн. Басқарманың 83 пайызы – қазақтар. Біздер 2008 жылдың  наурыз айынан бастап мемлекеттік тілге көштік. Мұны мен сізге қағаз жүзінде ғана емес, нақтылы көрсеткіштер арқылы да дәлелдеп бере аламын. Әр бөлімде мемлекеттік тілде таза сөйлеп, қатесіз жаза алатын мамандар жеткілікті. Іс қағаздарының ішінде бұйрықтар мемлекеттік тілде шығарылып, сосын ресми тілге аударылады.

Соңғы төрт жылда көрнекі үгіт мәселесіне баса назар аудардық. Басқарма аумағындағы  ғимараттар қабырғаларына  Елбасы Н.Назарбаевтың, ұлы ақын Абайдың, Ататүріктің  тәрбиелік мәндегі сөздерін жазып, іліп қойдық. Мысалы, Қазақстан Республикасы Президентінің: «Мен Қазақстанды бейбітшілік пен келісімнің үлгісі болатын, барлық азаматының терезесі тең, босағасы берік ел болғанын көргім келеді», – деген ұлағатты пікірі кім-кімді де бейжай қалдырмасы хақ. Басқарма бойынша әр жұма сайын  селекторлық мәжілісті мемлекеттік тілде өткіземін.

Мәдени шаралар, түрлі сайыстар өткізу дәстүрі де қалыптасты. Ұжымда «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты  байқау өткізілді.  Жеңімпаз команда мүшелері  Атырауға барып, өз өнерлерін көрсетіп, жүлделі екінші орынды иеленіп келді. Бұл шара өткен жылдың 21-24 тамызында  мұнайшылар күні мен Қазақстан халықтарының тілдері мерекесі құрметіне және алаштың 90 жылдық мерейтойына орай өткізілген болатын. Топ құрамындағы татар Салауат Гатаулин (команда капитаны), татар Лаура Саинова, болгар Любов Капущу, орыс Алексей Бердников, орыс Вячеслав Трофимов, украин Вячеслав Янголь сияқты басқа ұлт өкілдері  бәсекелестеріне қарағанда мемлекеттік тілді тым-тәуір меңгергендіктерін көрсетті.

Қазақ басылымдарына құрметпен қарау – менің ең үлкен парызым. Алғашқы кезекте облыстық газеттерге аса құрметпен қараймын.

– БАҚ өкілдерімен байланыстарыңыз қандай?

– «Баспасөз – төртінші билік» деген әдемі әңгіме бар. Бұл – өмір дәлелдеген шындық. Заңды құрметтемейтін, жастарға ұлықты іс, өнеге таныта алмайтын, қара басының қамымен тіршілік кешкен, ұлттық дәстүріміз бен мәдениетімізді қастерлемейтін шенеуніктерді сынап жазу, оларды егер ұялатын болса, баспасөз арқылы  қызарту өте дұрыс болар еді.

Жалпы, басқарманың баспасөз өкілдерімен қарым-қатынасы жақсы. Озат, алғы шептегі кәсіби мамандарымыздың  іс-тәжірибесін әріптестеріне үлгі етуде облыстық «Ақтөбе» газеті жекелеген дүниелерді жиі жариялап келеді. Кей кезде өздеріміз тапсырыс береміз. Жергілікті журналистер өз туындыларында Ақтөбе мұнай құбыры басқармасының Н.Шманов атындағы  мұнай айдау стансасының жүргізішісі Бекжан Арыстанов және Темір апаттан қалпына келтіру пунктінің шебері Нұрлан Нұғыманов жөнінде татымды да оңды лебіздер білдірген мақалаларды жарыққа шығарды.

Мұнайшылар бос уақыттарын қалай өткізеді?

– Басқармада салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды шылым шегуден, маскүнемдіктен аулақ болуға шақыру сияқты шараларға бағытталған игілікті жұмыстар жүргізілуде. Бұл бір жағынан, өндірістегі қауіпсіздік техникасына, еңбекті қорғауға да байланысты  болса, екінші жағынан,  қазақ ұлтының келешекке дені де, тәні де, жаны да  сау ұлт болып баруына  жол ашады. Осы орайда  салауаттылыққа тәрбиелеу бағытында  басқарма қызметкерлері  Ақтөбе қаласындағы «Желкен»  мәдени-сауық кешенінде дене шынықтырады.

Мен ауызбіршілігі жарасқан, ұлтына, дініне қарамай тізе қосып, қайтарыммен еңбек ете білетін ұжымға басшы болғанымды мақтаныш тұтамын. Өйткені бізде қай маман болмасын өз учаскесінің жұмысын жақсы біледі. Жыл сайын тұрақты өтіп тұратын «Қар үстіндегі футболдан» қала  чемпионатында  І орынды, «Алтын күз» сайысында футбол кубогын жеңіп алдық.

– Сіздің басқарма секілді іргелі ұжымдардан қаржылай көмек күтетіндер де аз емес шығар?

– Ойыңызды түсіндім. Демеушілік жағын айтып отырсыз ғой. Әрине, қолда болса,  қысылмас та едің ғой. Бюджетте ондай мәдени шараларға арнайы қаржы қарастырылмағанмен, бізден қолдау күтіп, үміт артқан жандарды жерге қаратқымыз келмейді. Біздің басқарманың Батыс филиалы басшылығы көршілес Атырау қаласында болғандықтан, түскен хаттарды, өтініштерді соларға жібереміз. Ондағы әріптестеріміз мүмкіндігінше оңды шешім шығарып жатады.

Басқарма әкімшілігі ең алдымен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, мүгедектерге, зағип жандарға қол ұшын созды. Белгілі сазгер А.Жұбановтың 100 жылдық торқалы тойына, «Шығыстың қос шынарының» бірі, жерлес, Батыр апамыз Ә.Молдағұлованың 85 жылдығына да ат салыстық. Сонан кейін жетім балалар үйіне, ардагерлер қоғамына, өткен жылы пайдалануға берілген жаңа мешіт пен шіркеу құрылысына ақшалай қаржы бөлдік. Қызметкерлеріміз бір күндік еңбек  жалақыларын аударды. Туған жерім Өлкедегі мешіт құрылысына, қаланың ескі бөлігіндегі көне мешіттің төбесін жабуға жәрдемдестік.

– Қазақстандағы дағдарыстың сіздің  басқармаға да салқыны тиеді деп ойлайсыз ба?

–  Ең алдымен үрейге бой алдырмау керек. Мен үлкен өндірістік кәсіпорынның басшысы ретінде айтарым – дағдарыс дегеннің өзінде бірде шикізат жетпесе, бірде техника сыр беруі мүмкін, енді бірде  қаржы тапшылығы қол байлау болады, былай қарағанда ұсақ-түйек, жүре бара түзеліп те кетуі мүмкін болғанымен, осындай кемшіліктер кәсіби мамандардың жүйкесін жұқартады, жаппай қысқартуға апарып соқтырады, тіпті, мекеме жабылып та қалуы мүмкін. Сол үшін ұжымда психологиялық көңіл-күйдің орнықтылығына баса назар аударамыз.

Дағдарыстың қанша уақытқа созылатынын әзірше дөп басып айту қиын. Бұл жөнінде Үкіметіміз дағдарысқа қарсы шаралар, тиісті құжаттар, қаулылар қабылдап жатыр. Демек, дүрлігудің, меніңше, еш қисыны жоқ деп ойлаймын.

Біздің басқарманың Батыс филиалы Атырауда деп айттым ғой. Ал филиалдар «Қазмұнайгаз» акционерлік қоғамына қарайды. Олардан дағдарыс мәселесіне байланысты бүгінгі күнге дейін ешқандай  айқындаушы құжаттар түскен жоқ. Рас, шығынға жұмсалатын қаржы жағы бұрынғыдан сәл де болса кемуі мүмкін. Мұнайшылар жалақыларын тиісті мезгілінде алып тұрады. Қысқарту жоқ. Демек, сіз айтқандай дағдарыстың салқыны әзірге тие қойған жоқ.

С.ЕГІНБАЕВ,

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button