Білім

Бірыңғай мектеп формасы. Хиджаб дауы. Ғалымдар не дейді?

ҚР Білім және ғылым министрлігі орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту жөніндегі бұйрықты 9 наурызда жариялады. Аталған талаптардың 2.13-тармағында мектеп формасына қандай да бір дінге қатыстылықты айқындайтын киім элементтерін қосуға жол берілмейтіндігі белгіленген. 

Осыдан кейін, қоғам арасында түрлі пікірлер айтыла бастады. Бірі зайырлы мемлекеттің заң талаптарына бағынуды дұрыс деп шешсе, келесі бір топ өз (сыңаржақ) пікірлерін алға тартып, келіспейтіндіктерін білдіруде. Қоғамның қызу талқысына түскен осы мәселенің аражігін ажыратып, оңтайлы шешімін табу мақсатында белгілі дін мамандарың пікірлеріне жүгінгенді жөн санадық.

 

Мектеп киіміне қойылатын талаптар шектеу емес

 Балғабек МЫРЗАЕВ, теология ғылымының докторы: 

— Биыл наурыз айында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі орта білім беру ұйымдары үшін мектеп формасына қойылатын міндетті талаптарды бекіткенін хабарлаған болатын.
Онда мектеп формасына түрлі конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтындығы туралы орынды талап көрініс тапқан.

Өкінішке орай, жекелеген азаматтарымыз осы бұйрық діндарлардың құқығын шектеп жатыр деп қоғам арасында түсініспеушіліктің туындауына себеп болуда.

Менің ойымша, бұлай даурығудың жөні жоқ. Бұйрықта мектеп формасының түсін, пішінін таңдау орта білім беру ұйымы мен қоғамдық кеңес және ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі деп көрсетілген. Бұл оқушылардың, оның ішінде қыз балалардың біркелкі киінуіне мүмкіндік береді.

Талаптар қыз баланың діни сипаттағы орамал тағуына мектептің ішінде ғана рұқсат бермейді. Ал орта білім беру мекемелерінен тыс жерлерде оқушылардың киім кию үлгісіне ешкім шектеу қоймайды.

Сондықтан Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қатысты талаптарына түсіністікпен қарауымыз керек. Осы тұрғыда айтар болсақ, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңдары азаматтарға барынша кең құқықтар берумен қатар, бір мезгілде олардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерін де айқындап беретінін ескеруіміз керек.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мұсылман жамағаты және ата-аналар тарапынан мектеп формасына қатысты туындаған сауалдарға байланысты өз ұстанымын анық білдірді. Діни басқарма мұсылмандар мен ата-аналарды орта оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қоятын талаптарына түсіністікпен қарауға және бұл мәселені ушықтырмауға шақырды. Өйткені бұл талап тек орта мектептерде киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында қабылданған шешім екенін жария етті.

Мен еліміздің барлық діндарларын халқымыздың даңқты батыры Бауыржан Момышұлы атамыздың «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген аталы сөзін басшылыққа алып, мемлекет заңдарына құрметпен қарап, балаларының жақсы білім алуын қамтамасыз етуге көбірек көңіл бөлуге шақырамын.

 Ортақ түсіністікке келу ел руханияты үшін ауадай қажет

 Кеңшілік ТЫШХАН, философия ғылымының кандидаты, дінтанушы: 

— Қазіргі күні елімізде діннің қоғамдағы орны мен рөлінің күннен-күнге өсе түсуінен зайырлылық пен діни қағидаттардың аражігін анықтау шегінде бірқатар мәселелер туындауда. Бұл — заңдылық, себебі мемлекет пен діни құндылықтардың атқаратын қызметі мен қояр талабы әртүрлі.

Осы мәселелердің бірі мектеп қабырғасында ортақ үлгідегі киім киюге қатысты талаптардан туындап отыр. Білім және ғылым министрлігі тарапынан бекітілген жаңа талаптарда діни үлгідегі киімге жол берілмейтіндігі нақты көрсетілді. Осы шешімге байланысты азаматтардың пікірі екіге жарылғандай болды. Бір тарап мұны конституцияға қайшы талап ретінде танытуға тырысса, екінші тарап мұны орынды талап деген пікірді ұстанып отыр.

Қазір бұл пікірді ушықтыра берудің еш қажеті жоқ. Мұны Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да нақты атап өтті. Қазақстан мұсылмандары  діни басқармасының ұстанымы бойынша елімізде зайырлы сипаттағы жалпы орта білім алудың міндеттілігіне байланысты аталған талапқа азаматтардың түсіністікпен және сабырмен қарауы керектігі айтылған.

Расында, бұл мәселеге сыңаржақ көзқарас ұстанудың қажеті жоқ. Еліміздің әрбір азаматы діни сенім бостандығына барынша құрметпен қарайтын мемлекет талаптарына түсіністікпен қарауы тиіс.

Бұл талап мектеп қабырғасындағы оқушылардың тәрбиесіне, киіміне ерекше мән беру қажеттілігінен туындап отыр. Парасатты ұрпақ білім мен рухани тәрбиенің тоғысуынан туындайтындығынан ескерер болсақ, мектеп қабырғасындағы қыздарымыз үшін ортақ киім формаларын қалыптастыру ұлт болашағы үшін қажет.

Еліміздің саналы азаматтары осындай қайшылықты мәселелерді желеу еткісі келетін кейбір мүдделі топтардың өздерін арандатуына жол бермеуі керек. Қазақ халқында «Мұсылмандық әсте-әсте» деген қағида бар. Сондықтан руханияттың дамуында асығыстық пен күйгелектік танытпай, ортақ түсіністікке келу еліміздің тұрақтылығы үшін ауадай қажет деп білеміз.

Мен өз тарапымнан әртүрлі әлеуметтік жағдайдағы отбасылар мен әртүрлі көзқарастағы ортадан шыққан мектеп балаларына ортақ үлгідегі киім кию талабына қоюды құптарлық іс деп есептеймін.

Ершат ОҢҒАРОВ, философия және мәдени антропология ғылымдарының Ph.D докторы, исламтанушы:

— Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мектеп формасына қатысты шығарған бұйрығынан кейін қоғамда әртүрлі пікірлер айтылуда. Бұл мәселе жөнінде еліміздің түкпір-түкпірінен көптеген азаматтар Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына хабарласып, өз алаңдаушылықтарын білдіріп, сұрақтарын жаудырып жатыр. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы жағдайларды ескере келе, мынадай мәселелерге басымдық бере отырып, өз ұстанымын жариялады.

Біріншіден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы еліміздегі мұсылман қыз-келіншектер мен әйелдерді киім кию үлгісінде қазақ халқының салт-дәстүрлерін сақтай отырып, жинақы киінуге кеңес береді.

Біз діндар азаматтарды оқу орындарының мектеп оқушыларының киім үлгісіне қатысты қойылатын талаптарына түсіністікпен және сабырлықпен қарауға шақырамыз, өйткені бұл қадам орта мектептердегі киім үлгісін бірізділікке түсіру мақсатында қабылданған шешім болып табылады.

Екіншіден, жалпы орта мектеп оқушыларына қатысты ортақ киім формасы туралы жаңадан шығарылған бұйрықты бұра түсіндіріп, қолдан дау жасап, елді дүрліктірудің қажеті жоқ. Елімізде берік орныққан тұрақтылық пен тыныштыққа қызғанышпен қарайтын белгісіз топтар осы бір сәтті пайдаланып, ақпараттық құралдар мен түрлі әлеуметтік желілер арқылы ел арасына бүлік салуға тырысуда. Сондықтан әрбір іске сабырмен, байыппен қарау керек.

Үшіншіден, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы заң бойынша діни бірлестік болып есептеледі. Ал діни бірлестіктер мемлекеттік мекемелердің саясатына араласа алмайды. Бұл – заң талабы. Діни басқарма қоғамнан бөлек өмір сүріп жатқан жоқ. Сондықтан мемлекеттің шығарған әрбір заңына дін қызметкерлері қашанда құрметпен қарайды.

Төртіншіден, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі шығарған бұйрықта мектеп формасының үлгісін қоғамдық кеңестер, ата-аналар комитеті, мектеп әкімшілігі бірлесе қарап, өз ұсыныстарын айтуларына болатындығы көрсетілген. Яғни қыздарының ұзын етек-жеңі бар, мектептің талаптарына сай киім киюін қалайтын ата-аналарға өз ұсыныстарын айтуларына мүмкіндік қарастырылған. Мен осы орайда жергілікті мектептерде киім үлгісін қабылдауда мұсылман жамағатының да тілегі ескерусіз қалмайды деп сенемін.

Алла Тағала баршамызды өзінің разылығына жететін, сүйікті құлдарынан болуды нәсіп етсін! Әмин!

 Baq.kz

 

Бірегей мектеп формасы  — ортақ шешім

Айдар ӘБУОВ, философия ғылымың докторы, профессор:

— Зайырлы мемлекеттің атқаратын қызметі мен діни құндылықтардың бағдары мен талабы әртүрлі болуы қазіргі әлем елдерінің басым көпшілігіне тән құбылыс. Олай болатыны, мемлекеттік жүйе сол қоғамда өмір сүріп, білім алып жатқан барлық азаматтарға бірдей мүмкіндіктер жасауға негізделетін болса, діни қағидаттар белгілі бір дінді ұстанушыларға ортақ міндеттер жүктейді. Елімізде соңғы бірнеше жыл көлемінде қоғамда екіұшты пікір қалыптастырып жатқан түйткілді мәселелердің бірі — мектепте діни үлгідегі киім киюге қатысты ұстанымнан туындап отыр. Білім және ғылым министрлігінің жақында ғана бекіткен жалпы орта мектептегі киім формасына қойылатын талаптардың ішінде білім беру мекемелерінде діни үлгідегі киім үлгілеріне жол берілмейтіндігі айтылған болатын.

Бұл, ең біріншіден, мемлекеттің әртүрлі этникалық және конфессиялық ерекшеліктерге ие азаматтардың ортақ білім алуына жағдай жасау қажеттілігінен туындайды. Егер мемлекет белгілі бір діннің мүддесіне басымдық берер болса, мұндай жағдай басқа конфессияларды ұстанушыларға әділетсіздік болар еді. Ал екінші жағдайда, яғни барлық конфессия өкілдеріне білім беру мекемелерінде киімге қатысты толық таңдау беріліп, еркін форма ұсынылатын жағдайда әрбір конфессия өкілдері өздерінің өзіндік ерекшеліктерін көрсетуге тырысып, оқушылар арасында қайшылықтықты қарым-қатынас орын алған болар еді.

Біздің елімізде Конституцияда орын алған мемлекетіміздің зайырлы сипатына сәйкес барлық діни сенімдерге құрмет көрсетіліп, олар қарқынды дамып келеді.

Десек те, мектеп формасына қатысты бекітілген жаңа талаптарға жекелеген діндар азаматтардың біржақты сыни пікір танытуы көрініс беруде. Мұндай сыңаржақ көзқарас ұстануды қате деп санаймын, өйткені әрбір діндар азамат өзінің діни сеніміне барынша құрметпен қарайтын мемлекеттік органның ұстанымдарына түсіністік танытып, өз  бойындағы  рухани-адамгершілік қағидаттарды жетілдіруге және толық білім алуға талпынуы тиіс. Ең бастысы, бұл талаптар мектеп оқушыларына ғана қойылып отырғанын ескеруіміз қажет.

Мұндай ортақ форма тәжірибесі әлем елдерінде кең таралған тәжірибе. Сондықтан нағыз мұсылманды рухани дүниесі бай жан-жақты дамыған адам деп айтар болсақ, ол заман ағымына ілесе отырып, өзінің сан қырлылығымен басқаларға үлгі бола білуі керек.

 

Діни атрибуттарды желеу етуге жол берілмейді

Досай КЕНЖЕТАЙ, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор:  

— Ислам дінінде адамдар жынысына қарамастан жаратылысынан тең болғандықтан әйел мен ер адамдарға білім алу бірдей парыз етілген. Бүгінгі жаһанданған дүниеде, зайырлы білім сапасы тұрғысынан еліміз басқалармен терезесі тең болу мақсатын ұстанады. Сондықтан  орта мектепте оқитын кез келген оқушыны дін атрибуттарын желеу етіп, мемлекеттік мекемеде оқшаулануына, даралануына, ерекшеленуіне жол берілмейді. Мектеп жасына жеткен барлық балалар мектептен білім алуы шарт дейтін болсақ, мектеп киіміне қатысты жаңадан бекітілген талаптардан ешкім аттап кете алмайды.

Сондықтан азаматтар мемлекеттің жалпы білім беретін орта мектептерде ортақ киім үлгісін енгізу талаптарына мойынсұнулары тиіс.

 

Баланы мектепке жібермеу — ең үлкен күнә

Мұхитдин ИСАҰЛЫ, теология ғылымының докторы, исламтанушы:

— Біздің еліміздің басты бір құндылығы — адамның жеке басына ерекше мән беріп, оның білім алуына, денсаулығын сақтауға, жұмыс істеуіне, демалуына барынша жағдай жасалуы кеңінен қарастырылғанында. Атап айтқанда, елімізде балалардың мектепке барып білім алуы заңмен міндеттелген.

Жалпы, білім алу — Исламның ең басты құндылығы. Сол себепті, Құранның ең алғашқы аяты «Оқы! Жаратқан Алланың атымен оқы!» деп түсті. Алланың бұл жерде «Оқы!» деп отырғаны қай кітап? Ол екі кітап.

Бірі — Құран кітабы, ал екіншісі — жаратылыс кітабы. Ал жаратылыс ілімінен хабары жоқ адам Құранды дұрыс түсіне алмайды. Осы тұрғыдан алғанда мектеп қабырғасында оқытылатын химия, математика, биология және тағы басқа пәндердің барлығы дүниенің құдіретін тануға жол ашады.

Демек, мектеп — қасиетті орын. Бүгінгі таңда мектептің киім формасы «хиджабқа» сәйкес келмейді деп, бүлдіршін сәби баланы Алланың ең маңызды парыз еткен ілімінен айыруға болмайды.

Мен осы жерде мына нәрсені ашық айтқым келеді. Баланы мектепке жібермей «жаһил» ету, яғни қараңғы надан ету — ең үлкен күнә.

Ал мектепте «басқа орамал тартуға» келсек, ол пәлендей басты мәселе емес. Ол —  екінші мәселе. Әуелі ілім алмаған ұрпақтан күні ертең «жаһил», қараңғы қоғам шығады. Біз осыны мықтап түсініп алуымыз қажет.

abai.kz

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button