Басты жаңалықтарМәселе

Жылқы шаруашылығына мемлекет тарапынан қолдау керек

Ақтөбеде жылқы шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол. Ақтөбе Тәжірибе стансасы  жылқы шаруашылығы  бөлімінің меңгерушісі, ғалым-селекционер, Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығынының иегері Серікбай Рзабаевтың пікірінше, бұл салаға деген көзқарас түбегейлі өзгеруі қажет. Сонда ет, сүт мәселесінде проблема болмайтыны өз алдына, еліміз тұрғындарының денсаулығы да түзелер еді. 

 

Жылқыңыздың «руы» кім?

1929 жылы қазақ даласында кәмпеске болғаны мәлім. Мұғалжар тауының етегінде өмір сүрген Назар руының ірі байлары Құдайберген мен Шошаның жылқылары негізінде 1930 жылы Темір ауданының аумағында Ембі жылқы зауыты құрылды.

Жылқы тұқымын асылдандыру да сол кезде қолға алынған. Сол кезде сұрыпталып алынған 11 айғырдың  Аблан, Бұзотар, Зверек, Мальчик, Огонек, Черкас аталатын жетеуінен аталық  із  қалмаған. Сондықтан жаңа линия (аталық із — ред.) Замок (1927жылы туған),  Писатель (1929 жылы туған), Бүркіт (1929 жылы туған), Заур (1929 жылы туған) төрт айғырдан тарайды.

Оқырманға түсінікті болуы үшін, линия дегеніміз не, соған тоқтала кетейік. Қазір ғалымдар оны аталық із, желі деп екі түрлі аударып жүр. С.Рзабаевтың пікірінше, аталық із дегеніміз дұрыс. Ал қазақы ұғымға тіпті жақындатсақ, жылқы ішіндегі ру деп алсақ та болады. Яғни жоғарыда айтылған төрт айғыр —  төрт «рудың» басы. «Ру» болу үшін бір айғырдан екі еркек құлын тарауы керек, әрине,  ұрғашылары да болуы тиіс. Кемі 4 айғыр, 40 бие болуы қажет. Сұрыптау кезінде тұқымның әлсіздері былай шығарылып, тек мықтылары ғана қалдырылатыны белгілі жайт.

Қазақта ру — жеті атаға дейін сақталады ғой. Бір ғажабы,  жылқыда да алтыншы, жетінші ұрпаққа  келгенде тұқым әлсірейді екен. Демек, «жаңа ру» қалыптастыру керек.

Жоғарыда  төрт «рубасыны» айттық. Үш-төрт «атадан» кейін ғылым нәтиже бере бастады. Заурдан тараған Зубр (1959 жылы туған), Бүркіттен  тараған «Барқыт» (1959 жылы туған) жаңа зерттеулердің басы болды. 1983 жылы осы екі айғырдан тараған  жылқылардан  жаңа зауыттық  аталық із пайда болды. Бұл  Кеңес өкіметінде  табындағы жылқы шаруашылығындағы алғашқы зауыттық аталық із болып тіркелді!  Кейін Қайыңды зауытында «Баз», «Парадный» атты жабы тұқымды қазақы жылқының  зауыттық аталық ізі  дүниеге келді.

 Көшім, Мұғалжар жылқылары

Әуелде Ембі жылқы зауыты  әскерге мініс көлік даярлады. Бірақ елуінші жылдарда жылқы көлік ретінде пайдаланылмайтын болды. Сондықтан енді ет-сүт бағытындағы жылқы әзірлеу қажет еді. Атақты ғалым Ю.Барминцев жабыны ұсыныпты.  Өйткені жал-құйрығы қаба, даланың аққұйын боранын елей бермей, тебінге түсетін жабы — ғылым үшін таптырмайтын  «материал» еді. Оны асылдандырып, жетілдіру арқылы ет-сүт бағытындағы жылқы шаруашылығын дамытуға болатын.   М.Борисов, Ю.Барминцев, А.Беляев, С.Рзабаев, В. Ғұбашев, А.Нұрғалиев сынды ғалым-селекционерлер осы жолда тынымсыз еңбек етті. Соның арқасында  Көшім жылқысы дүниеге келді. 1980 жылы М.Борисов, Ю.Барминцев, А.Беляев, С.Рзабаев, В.Ғұбашевтерге Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Сол тұста Ақтөбедегі  Тәжірибе стансасымен тізе қосып, жұмыс істеген Қайыңды, Талдық  жылқы зауыттарының аты дүрілдеді. Бүкілодақтық көрмелерде жүлде алмаған кезі аз.

Тоқсаныншы жылдардағы дүрбелең жылқы шаруашылығына да кесірін тигізді. Тіпті асылтұқымды жылқының айырбасқа кеткен кезі де болды. Бұл кезде ақтөбелік ғалымдар мен ауыл шаруашылығы саласының  басшылары Мұғалжар жылқысын тіркете алмай, тағы әуреге түсті. 1993 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігіне түскен құжат сөзбұйдаға салынды. С.Рзабаевтың республика орталығына  жасаған бірнеше сапарынан түк те шықпады.

1997 жылы облысқа Президент Нұрсұлтан Назарбаев іссапармен келді. Сол кезде оған Мұғалжар жылқысы көрсетіледі. Жылқы үйірін көргенде  Елбасының көзі жарқ ете қалыпты. Мән-жайға қаныққаннан кейін: «Мына жылқыны сақтап қалу керек!» — депті Мемлекет басшысы.

Соның арқасында Мұғалжар жылқысы дүниеге келді. «Жақсыдан шарапат» деген  осы да!

Серікбай Рзабаевта Елбасының сол сапарларынан түсірілген  кадрлар әлі бар. Отбасы үшін өте қымбат жәдігер. Келген қонағына  әуелі соны көрсетеді. Айтпақшы Президентпен кейін де кездесудің сәті түсті. 2001 жылы облысқа келген сапарында Есет батыр атындағы мектепте Елбасының Рзабаевпен әңгімесі белгіленген 2 минуттың орнына 8,5 минутқа созылыпты.

 Жылқы шаруашылығы  палатасын Ақтөбеде құру керек

Қазір облыстағы 8 жылқы шаруашылығы Тәжірибе стансасының жылқы шаруашылығы бөлімімен тікелей жұмыс істеп отыр. Бөлім жетекшісі Серікбай Рзабаев пен оның ұлдары Толыбек, Қаныбектер бұл шаруашылықтардағы жасалып жатқан жұмыстарды бүге-шігесіне дейін біледі. Қазір Көшім жылқысынан 3,  Мұғалжар жылқысынан 4  аталық із бар. Тағы 3 аталық із дайындалу үстінде.

Қазір облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен өңірде  өндіріс пен ғылымды ұштастыру қолға алынып жатыр. Жуырда  Ақтөбе ауылшаруашылық  колледжінің ғимаратында  ғалымдардың, ұлттық аграрлық университетінің ректорының қатысуымен үлкен жиын өтті.

Серікбай Рзабаев мұндай қадамға дән риза. Өйткені ғылымсыз өндірістің алға басуы қиын. Мысалы, осы ғылымның арқасында біздің жылқылардың салмағы қазір 1930-жылдардан бері 100-ден астам келіге артты.

Ғалым-селекционердің  өзі айналысып отырған жылқы шаруашылығы хақында айтары көп-ақ. Соның ең бастыларын тізбелеп көрейік.

Республикада жылқы саны өсіп отыр. Тіпті Кеңес кезіндегіден де көп. Мысалы, ол кезде 1 миллион 300 мыңның шамасында қылқұйрық өрсе, қазір елімізде  2 миллионға жуық жылқы бар. Оның  90 мыңы —  біздің облыста. Бұл — өкімет тарапынан ешқандай қолдау болмай отырғандағы жағдай. Ал сәл демеу болса, бұл сала дүрілдеп-ақ кетейін деп тұр. Мысалы, ірі қараны көбейтуге арналған «Сыбаға», «Құлан», «Ырыс» секілді неше түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Мемлекет арнайы субсидия беріп отыр. Ал жылқы баққан адамға түк қолдау жасалмайды. Рас, сатып алушыға бір жылқы үшін 40 мың теңге беріледі. Серік Рзабаевтың байламынша, субсидия сатып алушыға емес, сатушыға,  яғни жылқы шаруашылығын ұстап отырған адамға берілуі  керек. Сатып алушыға берілген қаржы  кейде қағаз жүзіндегі сатып алу-сату сияқты сыбайластыққа әкеліп соқтыруы мүмкін…

Көшім, Мұғалжар жылқыларының һәм қазақы жабының бір артықшылығы, суыққа төзімділігі. Қыс бойы тебінге түседі. Қолға тұратын сәті өте сирек. Сондықтан көп шығынды қажет етпейді. Сексенінші жылдарда сонау Якутиядан келіп, біраз жылқы алып кеткен мамандардың айтуынша, біздің жылқылар 60 градус суыққа да селт етпей, тебінге түсе  береді екен. Өйткені Саха елінде қаншама суық болғанымен қар біздегідей қатпайтын көрінеді. Оның себебі Ақтөбедегідей ақбасқын  боран жоқ, қалың ағаштың арасына түскен қар анау-мынау желді де «елей» бермейді. Біздің жылқыларға мұндай қардың астынан шөп тауып жеу қиын емес екен…

Өз аяғымен жайылатын жылқы етінде холестерин болмайтыны белгілі. Ал қымыз, оның пайдасы жөнінде айтып жатудың өзі артық. Ендеше, шығыны аз, пайдасы көп жылқы шаруашылығын неге қолдамасқа?!

Жылқы санының өскенін айттық. Ал енді оның қаншасы асылтұқымды? Осы жағына келгенде кібіртіктей беретініміз рас. Дамыған елдерде асылтұқымды жылқы саны 50 пайыздан асуын қатты қадағалайды. Біздің елімізде ол — 4-ақ пайыз, ал  Ақтөбе облысында — 11 пайыз. Қазір жыл сайын Қазақстанның түкпір-түкпірінен келіп,  Ақтөбенің жылқыларын пышақ үсті талап әкетеді.  Былтыр 238 жылқы сатылған. Әсіресе, айғырға сұраныс көп. Бір айғырға 450 мың теңгені қиналмай береді. Негізінен 2,5 жас шамасындағы жылқылар сатылады.  Рзабаевтың телефонында тыным болмайды. Шығыс Қазақстаннан, Солтүстік Қазақстаннан, Қостанайдан, Алматыдан, Көкшетаудан сабылатындар қаншама?  Ана жолы даңқты палуан, Мәскеу олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров те Ақтөбеге келген сапарында Серікбай ағасына әдейі соғып, 30 айғыр алатынын айтқан. Өйткені біздің  жылқылар 300 келіден астам ет,  15 литр сүт береді. Жабағысының өзі 150 келіден кем бермейді. Базардың тіліне салсақ, 1 келі сүйекке 5 келі ет шығып тұр.   Биелердің тірілей салмағы 560, ал айғырлардың  тірілей салмағы 600 келіден де асады. Мұндай көрсеткішке   орыстың рысактары мен ауыр жүк тасығыш (тяжелевоз — ред.) жылқылары маңайлай да алмайды. Әрі олар суыққа төзімсіз.

Жылқы шаруашылығын ұстап отырғандарға жер беру мәселесін де қарамаса болмайды. Ғылымда бір құлынды биенің жайылымы үшін 16 гектар жер бөлу керектігі қарастырылған. Бірақ көп шаруашылықтарда ондай жер жоқ.

Тағы бір мәселе — маман даярлау керек. Қазір сауатты маман аз. Еліміз  Ауыл шаруашылығы министрлігінің жылқы шаруашылығы бөлімін ұзақ жылдар басқарған, осы сала бойынша оқулық жазған,   даңқты ғалым Борис Бардиннің:  «Жылқы шаруашылығының болашағы туралы кесіп-пішіп, ештеңе айта алмаймын. Бірақ, міне,  Серік Рзабаевтың ұлдары өсіп, екеуі де ветеринарлық факультетті бітірді. Жылқы шаруашылығымен айналысып жүр. Біз осындай адамдардың арқасында жылқы шаруашылығын дамытамыз…» — деуі тегін емес. Әкелі-балалы Серік, Толыбек, Қаныбек Рзабаевтар қазір облыстағы жылқыны асылдандыру ісінің басында тұр. Өкінішке қарай, республикадағы шаруашылықтардың 90 пайызында зооселекция жүргізілмейді. Өйткені маман жоқ…

Жылқының екі жауы бар — қасқыр мен ұры. Әсіресе ұрылар. 2011 жылы «TS-AGRO»  шаруашылығынан 653 келі шығатын «Ғажайып» деген айғыр үйірімен ұрланды. Бұл — шаруашылық үшін гана емес, күллі еліміз үшін үлкен шығын, ғылымға деген қиянат.

Қазір ет-сүт  өнімін беру бағытындағы жылқы шаруашылығы палатасын қай жерде құру керектігі жөнінде әртүрлі пікір бар. Әрине, әркім көрпені өзіне қарай тартады. Палатаны  Ақтөбеде құру керек. Рзабаевтың пікірі — осы! Өйткені мұнда оған барлық мүмкіндік бар. Жоғарыда айтылғандай, жылқысының асылтұқымдысы 11 пайызға жететін Ақтөбеден басқа бірде-бір облыс жоқ. Күллі Қазақстан жыл сайын Ақтөбенің жылқысын таласып алады. Сонау Кеңес заманының өзінде Мұғалжарда өткен аукционда Рзабаевтың жылқыларын жан-жақтан келген атқұмарлар сол уақыттағы  бір жеңіл  көлік бағасына сатып алғанын да ұмытпайық. Сосын бізде мықты база бар. Анау Кеңес заманының өзінде бүкіл Одақта зауыттық аталық із Ақтөбеде ғана шығарылды. Сөйте тұрып,  палатаны басқа жерден құру деген әңгіме мүлде басқа  сыймайды.

 Кристаловичтің үстеліне ешкім отырмайды.

Рзабаев кітабын шығара алмай жүр…

Осы мақаланы жазу барысында ғаламтордан жылқыға қатысты дүниелерді бір ақтарып шықтым. Әсіресе «Польша мақтанышы. Янов Подласки жылқы зауыты» деген деректі фильмді қызыға  қарадым. Сонда бір керемет мәлімет бар. Әрине, арғы түбі араб сәйгүліктерінен  тарайтын араб-поляк жылқысының әлемде өте мықты бағаланатыны, түрлі көрмелерде топ жаратыны бөлек әңгіме. Бірақ менің назарымды ерекше аудартқаны ол емес,  жылқы зауыты  директорының орны бос тұратындығы. Жо-жоқ, директор бар, бірақ осы зауытты 1991 жылға дейін 33 жыл басқарып, бүгінгі деңгейге жеткізген білікті маман, Польшаның мақтанышына айналған жылқытанушы ғалым  Андрей Кристаловичке деген құрмет ретінде оның үстеліне ешкім отырмайды екен. Артында   асылтұқымды жылқы туралы  5 том кітап  қалдырған ғалымның еңбегін поляктар көзінің қарашығындай сақтап отыр. Әсіресе,  Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде  1921-1930 жылдардағы жүргізілген ғылыми еңбектерді сақтап қалғандығы үшін де құрметтейді. Міне, ғалымға, ғылымға деген құрмет!

…Ал енді бізге келейік. Қазір Серікбай Рзабаевтың қолында 1954 жылдан 1979 жылға дейін қай айғыр  қандай биеге шауып, одан қандай құлын туды,  оның түсі, салмағы қандай болды, одан туған қай құлын айғыр болып, қандай биеге түсті, осы жылдар ішінде тағы қандай жұмыстар  жасалды,  бәрі-бәрі бар ғылыми еңбектің 535 беттік бір томдығы дайын тұр. Қолжазба күйінде. 2003 жылы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Асылтұқымды малдың мемлекеттік кітаптарын жүргізудің ережесін бекіту»  туралы бұйрығына сәйкес,  АТММК-ның  1-томына осы «Мұғалжар тұқымды жылқыны енгізу туралы»  министрдің бұйрығы шығып, қаржы да бөлінген. Кейін су аяғы құрдымға кеткен…

Бір «қызығы»,  ғылым үшін өте құнды осы кітапты шығаруға 1 миллион теңгенің ар жақ, бер жағындағы қаржы керек екен. Бірақ ешкімнің ықыласы болмапты. Рас, өзін соавторлыққа қосса, кітапты дереу шығарып беретіндігін айтқан пысықтар болған. Бұл кісі ыңғай бермепті.  Шынында да, ғалымның өмір бойғы еңбегіне неге өзге біреу ортақтасуы тиіс?!

Серікбай ағаның қолында 2-томның да барлық мағлұматтары бар.  78 жастағы ғалымның қолындағы бар құнды деректі оның көзі тірісінде  мемлекеттің байлығына айналдыруға не кедергі?!

Кейіпкеріміздің Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының иегері екенін айттық. Тәуелсіздік алғалы бергі кезеңде де бұл кісі орасан зор еңбек етіп келеді. Бірақ ширек ғасыр ішінде оның кеудесіне бірде-бір мемлекеттік награда ілінбеуі де ұят-ау…

Нағыз еңбек адамы, нағыз ғалым дегеніңіз осы кісі емес пе?!

 Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button