Денсаулық

Сыра — су емес, у

Биыл тамыз айынан бастап, қоғамдық орындар мен көшеде сыра ішуге тыйым салынды. Аталған заң күшіне енгенмен, талапқа бағынғысы келмейтіндер табылып-ақ жатыр. Мәселен, шілде айынан осы уақытқа дейін облыс бойынша 451 заң бұзушылық анықталып, 21797 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Үшінші рет тұтылсаң, үйіңе қонбайсың…

Соңғы жылдары елімізде сыраға әуес жандардың қатары көбейді. Әсіресе, жастар арасында осы ішімдік түрі кең тарап кетті. Деректерге сүйенсек, халық спиртті ішімдікке  қарағанда, сыраны екі есе көп пайдаланады. Әрбір адам жылына 10 литр сыра ішеді екен. Сыраға тәуелділік, біріншіден, денсаулыққа зиян болса, екіншіден, қоғамға қауіпті.

Сондықтан елімізде көшеде сыраны қылғып отыратындарға қатаң бақылау жасау қолға алынды. Әкімшілік кодекстің 336-бабына өзгертулер енгізіліп, «спирттік» сөзі «алкогольді» сөзіне ауыстырылды. Осы орайда  қоғамдық орындарда сыра ішкендер заң жүзінде жазалануда. Алайда азаматтардың басым бөлігі талапты орындай бермейді. Облыстық ішкі істер департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының инспекторы Ардана Саймағамбетов көшелерде арнайы рейдтік бақылау жүргізіліп, заң бұзған азаматтарға айыппұл салынатынын айтты.

Бірінші рет заң бұзған азаматтарға бір айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Ал екінші рет, оның құны екі айлықтан, бес айлық есептік көрсеткішке дейін өседі. Ал үшінші рет полицияға сырамен ұсталса, 15 күн әкімшілік қамауға алынады.

Сондай-ақ осы жылдың тоғызыншы қазанынан бастап, қоғамдық орындарда темекі шегуге және 21 жасқа  дейінгі жастарға алкоголь сатуға және қолдануға  тыйым салатын «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс күшіне енеді. Яғни, темекі бұйымдарын жасы он сегізге толмаған адамдарға сатуға және  қоғамдық орындарда темекі шегуге болмайды. Атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау ұйымдары мен мұражайларда, кинотеатрларда, театрларда, қоғамдық тамақтану орындарында, көрме және спорт залдарда, түнгі клубтар мен би кештерінде  және бұқаралық демалысқа арналған өзге де жабық ғимараттарда шылым шегуге тыйым салынады. Сондай-ақ жұмыс орнында да темекі тартуға жол жоқ. Әуежайлар мен вокзалдардың ғимараттарындағы арнайы орындарда ғана шылым шегуге болады. Егер, азаматтар осы заң талаптарын орындап, зиянды әрекеттерден аулақ болса, халық денсаулығының жақсара түсетіні анық, — деді Ардана Саймағанбетов.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жан басына шаққандағы ішімдік мөлшері сегіз литрден асса, ұлттың жойылып кету қаупі бар. Ал Ресейде әрбір азамат жылына 18 литр ішімдік ішеді екен. Көршімізбен салыстырғанда, біздегі ахуал «шүкірлеу», яғни жылына әр қазақстандық 4 литр спиртті ішімдік тұтынады.

Керісінше, біздің елімізде сыраны пайдаланушылар көп. Дәрігерлер сыраның құрамында  алкоголь аз болғанмен, оның денсаулыққа тигізер зияны ұшан-теңіз екенін айтады. Мәселен, сыраны көп ішетін жігіттердің даусы жіңішкеріп, қарны ұлғаяды және жүрек ауруына жиі шалдығады екен. Сондай-ақ ер адамның ағзасында әйел гармонын үдетіп, бедеулікке әкелсе, қыздарда еркекшоралық мінез пайда болады.

Обалың кімге, асқазан, бүйрек, бауыр, жүрек?..

Сыраның құрамында этил спирті бар. Сондықтан ол көпіршігенде алкоголь құрамы 14 пайызға дейін өседі. Яғни, 200 грамм сыраның 50 грамы ішімдікке айналады екен.

Жалпы, салқын сыра асқазан мен ішек жолдарына зиян. Асқазанның шырышты қабатын зақымдап,  сұйықтықты реттейтін жасушаларды жояды. Сондықтан сыраны көп ішетін адамның асқазаны бұзылып, ас қорытуы қиындайды. Әсіресе, салқын сыра созылмалы гастрит ауруына әкеледі.

Сонымен бірге сыра — семіздікке апаратын бірден-бір жол.

Сыраның бауырға да зиян екенін дәрігерлер жиі айтып жүр.  Ал бауыр адам ағзасын тазартатын ең нәзік, әрі өте сезімтал мүше. Жиі сыра ішу осы мүшенің улы заттарға қарсы тұру күшін жойып жібереді. Дәрігерлер бауыр циррозымен ауыратындардың басым бөлігі сыраға аса құмар адамдар екенін анықтаған.

Сондай-ақ сыра бүйрек пен қуыққа да әсер етеді. Аталған сусынды көп ішкен адамның зәр айдау жүйесі шамадан тыс күшейіп кетеді. Бұндай жағдай ағзадағы қажетті минералдардың сыртқа шығып қалуына әкеліп соқтырады. Егер денедегі калий, магний дәрумендері азайса, адамның жүрек соғысының ырғағы бұзылып, тез шаршайды. Жалпы, үздіксіз сыра ішу бауыр мен бүйректі толық істен шығарып, бүйрекке қан құйылу, адамды естен адастыру қаупін туғызады.

Сонымен бірге сыра адамның қан құрамына тез сіңетін болғандықтан, бұл сусынды жиі ішетін адамның қан тамырлары кеңейіп, варикозға тез шалдығады екен. Ал бұндай жағдай жүрек қабының кеңеюіне әкеліп соғады. Өйткені бүйрек пен бауырдың қызметі бұзылғанан кейін жүрекке салмақ түсіп,  адам инфарктіге шалдығуы мүмкін.

Сыраның құрамында фитоэстроген эле­менті бар. Ол әйел гармондары үшін өте қауіпті. Мөлшерден көп ішілген сыра әйелді ашуланшақ етеді, әрі психикасын бұ­зып,  ішімдікке деген тәуелділігін арттырады. Мамандар­ ішкілікке үйір әйелдердің 82 пайызы ауруды сырадан тапқанын дәлелдеген. Ал сыраны көп ішкен ер адамның ағзасында әйелге тән гармондар пайда бола бастайды. Мәселен, бет пішіні өзгеріп, даусы жіңішкеріп, шашы жиі түседі. Бұл­шық еттің күші азайып, кеуде жасушалары босайды.

Жалқау, топас һәм әлсіз болмаңызшы…

Алкогольді ішімдіктерді шамадан тыс пайдалану адам өміріне қауіпті екені айтылып-ақ келеді. Мәселен, соңғы үш жылда елімізде 55962 өрт шықса, осы оқиға кезінде ішімдік салдарынан 1138 адам  қаза тапқан. Ал елімізде соңғы алты жылда осы «ащы судың» кесірінен 4833  жол апаты орын алып, 977 адам көз жұмған. Дәрігерлер соңғы уақытта спиртті ішімдіктермен қатар сыра ішетіндердің көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдіруде.

Сыраның адам ағзасына зиян екені әуелден-ақ белгілі. Мәселен, немістің әйгілі дәрігері профессор Болингер сыра жүректің жұмыс жасау қабілетін төмендететінін ертеде-ақ айтып кетті. Ал рейхканцлер Бисмарктың «Сыра адамды жалқау, топас, әрі әлсіз қылады» деген сөзі бар.  Жалпы, сыраны жиі ішу ми жасушаларын әлсіретіп, бауыр цирроззы, гепатит, панкреатит, гастрит ауруларына әкеліп соқтырады. Жүйке әлсіреп, адам ашуға берілгіш болады.

Сыра — есіріткінің бір түрі. Оның дәмін алған адам іше бергісі келеді. Өйткені сыра бойға сіңгеннен кейін қан қысымын көтереді. Соңғы уақытта сыраға әуестенушілердің қатарында нәзік жандардың көбейіп келе жатқаны алаңдаушылық тудыруда. Ал ішкілікке салынған әйелдердің көпшілігі сыраны шамадан тыс көп ішкендерін дәрігерлер дәлелдеп отыр. Егер, үздіксіз сыра ішсе, ішкілікке салынып кету оңай. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген әлдеқайда тиімді.

Қазір біздің орталық осы мақсатта «Үміт» және «Иматон» орталықтарымен бірігіп, белсенді жұмыс жүргізуде. Мәселен, осы айда жастар арасында «Біз ішімдіксіз өмір сүруді жақтаймыз» атты акция өткізілмек. Сондай-ақ жоғары оқу орындарында «Жасөспірімдер арасында ішімдікті тұтынудың алдын алу» атты тренинг сабақтар енгізілген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университеті мен колледждерде, кәсіптік-техникалық лицей, кәсіпорындар және білім ордаларында биыл 865 дәріс өткізілді. Бұл шараға 23270 жас қатысты. Бұндай жұмыстар мектеп жанындағы лагерьлер мен жазғы демалыс орындарында да жүргізіледі. Мәселен, «Солнечный», «Дружба» лагерьлерінде акциялар ұйымдастырылып, тренингтер өткізілді. Бұндай жұмыстар жыл бойы жалғасын табады. Әсіресе, жастарды ішімдіктен аулақ болуға, зиянды әрекеттерден сақтандыруға бағытталған жұмыстар тоқтамақ емес, — деді облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы директорының орынбасары, жоғары санатты терапевт дәрігер Гүлнар Сидашева.

Аталған орталықтың жүргізген рейдтері бойынша кәмілетке толмаған балаларға ішімдік сатып, заң бұзушылыққа жол берген 55 жағдай тіркелсе, ішкі істер бөліміне ішімдік ішкен 102 жасөспірім жеткізілді. Тұрғындарды алкогольді ішімдіктерден сақтандыру мақсатында 8204 дана бүктеме, 38249 дана парақша шығарылып, халыққа таратылды.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button