Мәдениет

Тобық

«Ақтөбе»-85

Жазушы Тобық Жармағамбетовтың туғанына 75 жыл

Биыл 85 жасқа толып жатқан «Ақтөбе» газетіне «Коммунизм жолы» атанған кешегі күндері жолшыбай ат шалдырғандар да, тапжылмай таза қызмет еткендер де аз емес еді. Көп жүріп, аз тер төккендер де; аз жүріп, көп шаруаның басын қайырғандар да болғаны және даусыз. Тіпті қазір тізім бойынша түгендемесең, сол жұрағаттың баршасын бірден тап басып айта салу да қиын. Ал газеттің кешегі көне көздері де, бүгінгі жас буыны да бұл ұжымның бір мүшесі болған бір есімді жаңылмай айтады. Ол — жазушы Тобық Жармағамбетов.

1994 жылы өзі жоқ болса да, өзгеше мәнерлі прозалық шығармалары ортамызда қалған жазушы Тобық Жармағамбетовтың 60 жылдық тойы облысымыздың көлемінде кең аталып өтті. Туындылары тағы да бір сөз болды, естеліктер айтылды. Кейін сол тойда айтылған тілектердің бір белгісіндей болып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Байғанин ауданындағы №2 Қарауылкелді орта мектебіне жазушы Тобық Жармағамбетовтың есімі берілді.

Сол жылы жазылған естеліктердің бірі былай өрбіп еді:

«…Бәрі де күні кешегідей көрінеді әлі. «Жазушы Тобық Жармағамбетов университет бітіріп келіп, Жарқамыс орта мектебінде әдебиеттен сабақ беріп жүр» деген Жем өзені бойынан шыққан шолақ хабар төменгі ауылдағы біздерге, Сағыз өзені бойындағыларға, жолшыбай өсіп, молайып жетуші еді. Бұрын тірі жазушы көрмеген біздей бозымдарға Тоқаң көктен түскендей елестеді. Соның алдында ғана «Жұлдыз» журналынан «Екі жүрек» атты әңгімесін қолдан-қолға тигізбей оқығанбыз. Біздің ауылдар сықылды қала тіршілігінен түйе мойыны тәрізді созылып алыс біткен «азиялық» деп айтуға жарарлық жырақ жатқан өлкеде туып, содан жазушы болып шығу, иә, сөзі тасқа басылуы ғажайыптың ғажайыбы сықылданатын. Біз шіркіндер о тұста «ақын-жазушы» дегендердің аяғы жер басып жүреді деп ойламайтынбыз. Ал университет дегеннің үйі, әрине, жерден жоғарырақ, кем дегенде, басы ақ бұлттардың арасында тұратын, ал Мұхтар Әуезовтер бір құдірет күшпен сол үйден маңғаз басып, баппен шығып, бұлттардың арасынан жерге түсетіндей сезінетінбіз. Енді сол Әуезовтен оқып келген Тобық Жармағамбетов біздің көз шарамызға сыймастай, сыйған күнде де аудан үшін айтып сөз жетпес бақ-бақыт екеніне бізде еш күмән болған емес. Тіпті, «Жарқамыс орта мектебінде он жыл бойы оқып, қайтып оралып, сол мектепте мұғалімдік жасап, әдебиет үйірмесін ашып, сол үйірмеде Өтежан Нұрғалиевтер жүр» дегенді естіген сайын біздің Қарауылкелді орта мектебі қасқа болып, көп нәрседен құр қалғандай, азайып жүруші едім.

…Сол Тобық Өтежан Нұрғалиевқа, Есенбай Дүйсенбаевқа, Қажығали Мұқанбетқалиевқа да аға болды. Біздер Тоқаңа ұқсап университет бітіріп, Тоқаңа ұқсап ақын-жазушы болу мүмкін екендігіне байқай келе көзіміз жетті. Ал осы аз үлгі ме?

…Тобық Жармағамбетов — қазақ ұлтының кешегісі ғана емес, ертеңімен де қол ұстасып бірге кететін тұлға.»

Қазір арамызда жоқ белгілі қазақ ақыны, Тоқаңмен дәм-тұздас болған Сәбит Баймолдин сол 1994 жылы осылай қалам тербеген екен.

Ал жазушы Тобық  алпыс пен елу дегеніңіз не, қырық жасқа да жетпей, 39 жасқа толар шағында өмірден өтіп еді.

Қазіргідей кім көрінген естелік шығарып, кім көрінген өлең құрайтын мына заманнан әлдеқайда естілеу, тасқа басылған сөздің қадірі басқаша бағаланатын шақта, қысқа ғана 39 жас ғұмырында, Ақтөбеде жүріп, Алматыдағы, ең болмаса, есігінен сығалауға екінің бірінің батылы жетпейтін «Жазушы» баспасынан үш кітап шығарған Тобық жазушы туралы қазақтың белгілі қаламгерлерінің бірі Мағзом Сүндетов былай деп еске алғаны бар-ды:

«…Ол әдебиетке өзінің бөлек үнімен, нақышты суретімен, әр қилы сыры мол мінез жасау шеберлігімен, балаңдық, тәжірибесіздік, жастық дегенді сезбей, бірден дарын иесілігін танытып, кемелденіп, сонау алпысыншы жылдардың басында келді. «Екі жүрек» әңгімесі «Жұлдыз» журналында жарияланып, көпшілікті елеңдетіп үлгермей, «Отамалы» әңгімесі таңдандырып, тамсандырып жатты. Соның алдында ғана «Жол басы» атты жинақ шығып, Тобық маған телефон соғып қуанышын білдірген еді. «Мақа, осы үркердей топ мықты суреткер болады» деді; мен баспагер ретінде рахмет айтып, тағы да бір жас дарындардың ең таңдаулы әңгімелерін қосып топтама дайындамақ екенімізді, соған «Отамалыны» ұсынбақтығымды аңдаттым», — дей келе ол одан кейінгі жайдың әңгімесін былай жалғайды:  «…Талқылау қызу өтті. Тобық Жармағамбетов, Дулат Исабеков, Мұхтар Мағауин, Ерғали Ахметов, Қарауылбек Қазиев, тағы басқалардың әңгімелері жақсы бағаланды. Әсіресе, ауызға көп алынған Тобық болды…»

Университет бітірген шақта жазушылығы көзге ұрып тұрған Тобық Алматыда қала алмады. Қызыл дипломымен бір кезде өзі оқыған мектепке оралды. Соғыс жылдарына тап болған балалық, әкеден күдер үздірген қара қағаз, қаршадайынан мойнына мінген ауыртпалық оның қыр соңынан қалған жоқ. Өз қолы өз аузына жеткен осы шақта, ол енді өзінен кейінгі үш қарындасы мен науқас анасының қамы үшін Жарқамысқа қайта оралып, күйбең тірлікке қайта кірісті. Бұл шешімнің әдебиеттің дәмін білетін жұртшылыққа қалай әсер еткенін жоғарыда келтірілген Сәбит Баймолдинның естелігінен анық аңғаруға болады.

Тоқаңның қарындасы Әсем апай кейін ағасының архивін ақтарып отырып, Тоқаңның өз қолымен жазған мына өлеңін тауып алыпты. Өлең Тоқаң университет бітіретін 1957 жылы 28 наурызда жазылған екен.

Жарқамыс деген бір жер бар,

Жанынан аққан күміс Жем!

Сол жерде мен асыр сап,

Сол Жемнен мен су ішкем.

Албырт жел күй ойнақтап,

Арқамнан қаққан сол жерде.

Қырда өскен қызыл қызғалдақ

Ырғала басқан сол жерде.

Баурайы балған бал құрақ,

Ибалы қыздай иілген.

Ғашық боп бұлты балбырап,

Көз тігіп көктен күйінген.

Бұлағы сыңғыр жұмбақтап,

Сыбырлап бір наз шертетін.

Көк бұлты қалқып сыр сақтап,

Көңілді жүйрік ертетін.

Ғашық боп көктем күн сүйген,

Балауса құрақ бас иген,

Аруана нардай Жем иген —

Жарқамыс деген бір жер бар!

Осы өлеңнің астына жазушы «Повесть жазу ойда» деген ескертпе де жазыпты. Расында да сол повесть жазылды, және бір емес, бірнеше повесть, көптеген әңгімелер жазылды. Себебі Тобық Жармағамбетовтың бірін-бірі жанашырлықпен жетелеп отырған шығармаларында өзі туып-өскен ауылдың адамдары мен таныс тағдырлар сезімтал білгірлікпен, ерекше махаббатпен баяндалатыны жиі әңгімеленеді.

Айталық, «Қара жаңбыр» повесін жазушы соғыс кезіндегі өз отбасының тірлігі арқылы айшықтап шыққан. Бала Нияз — Тобықтың өз прототипі, Мырзаш — әкесі Мырзағұл, Нұрбике — анасы Нұрбибі, Ағлағыл кемпір — әжесі Ағлақ, ал Әдемі, Сұлушаш, Тілекгүл — соңынан ерген үш қарындасы.

Осы повесть жайында жетпісінші жылдары сол кездегі жас қаламгер, қазіргі белгілі жазушы Мәди Айымбетов былай деп жазғаны бар:

«…Соғыстың ызғарынан көңілдері жүдеген, бірақ жақсы үмітпен тіршіліктің отын маздатып жүрген адамдардың тұрмысы, қам-харекеті, шалғайдағы ауылдың тұтастай бір өмірі — «Қара жаңбыр» повесінің тақырыбы. Бұл тақырып бір қарағанда бұрын көп жазылып жүрген, жаңалық табу қиын сияқты көрінуі де мүмкін. Рас, сол кездегі өмір шындығын жазушы басқаша өзгерте алмайды. Бірақ, өзгерте алмаушылық — қайталау емес. «Қара жаңбырда», біздіңше, бұрын таптаурын болған жайларды қайталау жоқ. Повестегі орталық кейіпкерлер — кәрі кемпір Ағлағыл мен оның бауырына басқан немересі Нияз деген кішкене бала уақыт фонына жазылған жанды образдар. Кәрі ана өмірдің ащы-тұщысын көп татқан екі ғасырдың куәгері. Ол көп жасаған емендей сіңірлі, терең тамырлы…»

Жазушының «Майлыаяқ» хикаясын алайық. Бұл да нақты дерекке құрылған шығарма екен. Жазушының қарындасы Әсем: «Адамнан зият, аса сезімтал Майлыаяқ деген итіміз болды», — деп еске алады. Жарқамыс ауылының тіршілігі қожайынына сүйкімді осы күшік-иттің көзімен берілетін туынды кісілік мейірім мен пенделік қатыгездікті таразыға тартып берген тумысы бөлек дүние. Аш күшіктің, аңғал тіршілік иесінің қожайынынан айырылғаннан соңғы көрген күні мен ақтық демін алар сәттегі жан бұлқынысы сезімтал көңілді астан-кестен етеді.

Жазушының ауылында бірге өсіп-өнгендер оның көптеген шығармаларынан өздеріне етене жақын кейіпкерлерді, таныс табиғаттың суреттерін айқын аңғарып отырады екен.

Таланты осылайша бұлықсып тұрған жазушы Жарқамыста біржола қалып қойған да жоқ. Әуелі Байғанин аудандық «Жаңа өмір» газеті, одан соң жаңадан ашылған облыстық телевизия студиясы, облыстық «Коммунизм жолы» газеті, облыстық мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы тәрізді баспалдақтарды аттады.

Жазушының қызметтегі баспалдақтары тәрізді тума талантының жапырақтары да аса бір сәнділікпен жайқала бастап еді. Сол тұста қазақ жұрты маңдайына басқан жалғыз көркем әдебиет баспасы — «Жазушыдан» 1966 жылы «Нәзік бұлттар», 1968 жылы «Екі жүрек», 1970 жылы «Сентябрь түні» деген атаулармен повесть, әңгімелер кітаптары бұрқырап шыға бастады. Тоқаңның алғашқы туындыларынан бастап қолынан өткізген жазушы Мағзом Сүндетов куәлік еткендей, «Тобық Жармағамбетовтың шығармалары әдебиет сүйер қауымның, сыншылардың назарынан бірде-бір сыртқары, қағажу қалған емес. «Темірді қызу кезінде соқ»  дегендей, атым көптің аузына бір ілінді ғой деп ол асығып жазып, келеңсіз қылық танытпай, әр шығармасына үлкен жауапкершілікпен қараумен болды».

Бірақ, салтанаты келіскен сапар күрт үзілді. Жазушы Тобық Жармағамбетов 1973 жылы 1 қазанда қыршын жасында дүниеден өтті. Ол енді он бес күннен соң 39 жасқа толмақ еді…

Ал жазушының соңында қолжазбалары — екі повесі мен он үш әңгімесі қалды. 1977 жылы сол қолжазбаны «Жазушы» баспасы «Соңғы хат» деген атпен қалың оқырманға 50 мың дана таралыммен ұсынды. Кітап аннотациясы былай деді:

«Тобық Жармағамбетов оқушы қауымды өзіндік үнімен селт еткізіп, жұртшылықтың  мол ықылас-пейіліне ие болып келе жатқан жазушы еді. Оның жаңа басталып келе жатқан творчествосы әдебиетіміздің мөлдір бір бұлағындай сылдырлаған нәзік әуен танытқан. Аз өмірінің ішінде беріп үлгерген алғашқы кітаптары осының куәсі еді. Өкінішке орай оның арман-мақсаты биік творчестволық жолы ұзақ болмады. Нағыз гүлдеп келе жатқан шағында қыршын кетті. Алайда артында аз да болса асыл еңбектері қалды. Бұл жинаққа Тобықтың бұрын жарияланбаған бір топ повестері мен әңгімелері енді. Бұл шығармаларының негізгі тақырыбы — адамгершілік, достық, айнымас махаббат».

Бұдан кейін жазушының шығармаларын сол «Жазушы» баспасы 1984 жылы «Ақ жауын» деген атпен бір томдық етіп ұсынды. Ал 2002 жылы «Раритет» баспасы — бір кезде Тобықтың «Отамалы» әңгімесіне: «Кең әлем көпсінген, кең әлемге сыймаған жұдырықтай өмір, мұңға батып буланған көз жасы, қарс айырылған көңіл, түтеп, жарылып кетейін деп тұрған ашу, кек, ыза, арпалыс, адам рухының ұлы жеңісі — бір әңгіменің бойында қанша дәру», — деп баға берген зиялы сыншы Зейнолла Серікқалиев құрған баспа Тоқаңның шәкірті болған қазақтың қадірменді ақыны Есенбай Дүйсенбайұлының құрастыруымен жазушының «Отамалы» атты кітабын шығарып, «Кейіпкерлерінің имани тазалығы, ізгілік ойлары, аңызға айналған сыршылдығымен оқушыларымыздың талай ұрпағына қызмет етер Тобық Жармағамбетовтың бұл кітабы көп томдық «Қазақ прозасы қазынасынан» сериясына ел ықыласын аударар ырысты басылымдардың бірі болар деп ойлаймыз», — деген анықтамасын қоса жазды.

…Жазушының баспадан алғаш жарық көрген «Нәзік бұлттар» повесі расында да жүрек тербейтін нәзік лирикасымен сол тұстағы үлкенді-кішілі оқырманды дүр сілкінтіп еді. Мұқабасы көгілдір бояумен әрленген сол повесть қанша жыл өтсе де, көңілден кеткен емес. Жоғарыда айтылған шақта, жазушының алпыс жылдығы мерейленген тұста қағазға түскен өлеңімізді біз де «Нәзік бұлттар» деп атағанбыз. Бүгінгі сөзді сол өлеңмен қайырудың реті келіп тұр.

Бұлттар, бұлттар… көшеді, ағылады,

Ал мен ойға батамын мағыналы.

Ақтөбенің бұлттары, (білесіз бе?),

Жарқамыстың бұлттарын сағынады.

Ақтөбенің бұлттары болып алаң,

Деп сұрайды: «Қайда сол Тобық ағаң?»

…Тобық ағам, әрине, Жарқамыста,

Жарқамыстың бұлттары толық аман.

Келтірген жоқ әзірге кесел Адам —

Жарқамыстың бұлттары есен-аман.

Жарқамыстың бұлттары есен-аман,

Сыбдыр-сыбдыр сыр айтты кеше маған.

«Көк аспанға жүрсек те қонып тегі,

Несібеміз Жердегі толық,» — деді.

«Есіміміз біздердің — «Нәзік бұлттар»,

Есім берген ағамыз — Тобық,» — деді.

Нәзік бұлттар сонан соң… үндемеді,

Бәрімізге белгілі бұл дерегі.

Жарқамыстың бұлттары — Нәзік бұлттар,

Бұлар — барлық бұлттардың жүлдегері.

Кей күндері жүрсе де түртіп ызғар,

Біз тіріміз: ой — биік, тұрқымыз — нар.

…Тобық аға, Сіз, бірақ бақыттысыз,

Жарқамыста меншікті бұлтыңыз бар.

Қимас күндер шегінді, қалды алыста,

Тылсым әлем толып тұр таңданысқа.

…Тобық аға, Сіз, бірақ бақыттысыз,

Нәзік бұлттар өте көп Жарқамыста.

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button