Білім

Білім және бәсекелестік

Арғы жақта жаһандану, бергі жақта әлемдік экономикалық дағдарыс, оған қосылып халықаралық бәсекелестік, осының қай-қайсысы да білімнің жоғары сапасын талап етеді. Осыны басты орынға қоятын Елбасымыз Н.Назарбаев «бізге экономикалық және қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сай келетін осы заманғы білім беру жүйесі қажеттігі» туралы сөз қозғағаны да есте.

Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты осы тұрғыда әлемдік тәжірибенің озық үлгілерін қолдануды басты бағытқа алып отыр.

Соның бір мысалы — институттың ҚР жоғары оқу орындарының Әлем университеттері Ұлы хартиясына мүше болып қабылдануы. Институт ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Ғалымжан Нұрышев 2006 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен Тараз қаласында өткен бас қосуда осы Хартияны қолдау жөніндегі меморандумға қол қойған болатын. Бұл рәсімге ҚР Білім және ғылым министрі Жансейіт Түймебаев пен Университеттердің Ұлы Хартия Обсерваториясының Бас хатшысы доктор Андрис Барблан (Болонья қаласы) қатысқан еді.

Қыркүйек айында Ғалымжан Жұмабайұлы Болонья университетінде өткен халықаралық конференцияға қатысып оралды. Сауалымызды осы тақырыптан бастадық.

— Әуелі Болонья декларациясы пайда болған осы Болонья университеті туралы айтсаңыз.

Бұл — Еуропадағы көне университеттердің бірі. Бұл университеттің құрылуына ХІ ғасырда әр түрлі елдерден, соның ішінде Италияның түкпір-түкпірінен келген құқықтану мамандығын игермекші болған оқушылардың бір жерге жиналуы себеп болған көрінеді. Университеттің ең алғашқы құқықтық актісі ретінде 1158 жылы император Фридрих І Барбароссаның қабылдаған хартиясын жатқызады. ХІІ-ХV ғасырларда Болонья университеті танымал әрі үлкен мәртебелерге жетеді. ХІІІ ғасырда мұнда оқитындар саны 10 мың студентті қамтыған.

Сол кездегі Болонья университетінің ең басты ерекшелігі — құқықтану мамандығы бойынша мамандар даярлайтын оқу орны әрі оның негізгі пәндері  римдік құқықтану мен канондық құқықтан сабақ беру болыпты. Тек ХІV ғасырдан бастап қана философия, медицина және теология факультеттері ашылған.

Алғашқы кезде университет шіркеу мен қала басшылығына тәуелді бола қоймағанымен, ХІ ғасырдан бастап, университет оқытушыларына еңбекақыны қала әкімшілігі төлейтін болыпты. Осы кезден бастап, оқу орны өзінің автономиялық құқығынан айырылып, көп жылдар бойына шіркеудің ықпалында болып келген.

Ал ХХ ғасырдан бастап, Болонья университеті Италия мемлекетіндегі Рим және Неополитан университеттерімен қатар тұрған университет болып саналады. 1999 жылы Италияның Болонья қаласында Еуропаның 29 мемлекетінің жоғары білім беру жүйесінің министрлері кездескен кезде, қазіргі кезде білім беру саласында Болонья декларациясы атауымен белгілі болған құжатқа қол қойылыпты.

— Енді осы Декларацияның мәнін түсіндіре кетсеңіз.

— ХХ ғасырдың 80-ші жылдары Болонья университетінің 900 жылдығына орай, яғни 1988 жылдың 15 қыркүйегінде 500 университеттің басшылары университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды. Бұл құжат арқылы университеттерге қоғамдағы ерекше тұлғалық пен белгілі роль атқаратын негізгі құндылықтар мен оның құқықтары берілді. Ал 1998 жылы Еуропалық университеттер мен Болонья университеті ассоциациясы Ұлы Хартия принциптерін іске асыру мақсаттарымен обсерватория негізін қалауға шешім қабылдады. Сол уақыттан бері жылда қыркүйектің 18-і күні осы құжатқа мүдделі университеттер оған қол қоя алады. 2002 жылы 20 институт дәл солай жасады. Осыған байланысты обсерваторияда институттар автономиясының рефлексиясы үшін және олар қазіргі заманда қалай дамып жатқанын бақылау мақсатында арнайы күн ұйымдастырылады.

— Биылғы арнайы күнге келсек…

— Қыркүйектің 17-сі күні өткен Кеңеске оның мүшелері және обсерватория ұжымы, ғалымдар мен еуропалық Университеттердің қоғамдық серіктестіктері жиналды. Олар бір күн бойы институттар автономиясының адамзатқа және адамзат қорына тигізетін әсерін талқылады. Қысқасы, бұл конференцияның материалдары Еуропаның танымал ғалымдарына және ғылыми-зерттеу орталығына көмек ретінде және Ұлы Хартия мүшесі болса да, болмаса да, мүмкіншіліктеріне қарай пайдалану үшін институттарға ұсынылды.

— Ал конференцияда қандай мәселелер көтерілді?

— Конференцияда алға қойған міндеттерді орындауда кез келген жоғары оқу орны үшін ең құнды ресурс — адамдар екені атап көрсетілді. Адамдар дегеніміз, әрине, оқытушылар құрамы да, студенттер де. Осындай контексте өткен дебаттар қазіргі заманғы тез өзгеріске бейімделіп, оған қосылып жатқан әлемдегі университеттер туралы екі маңызды факторды атады: біріншіден, инстиуттардың категорияға және жоғары оқу орындарының құрамына кіретін түрлерінің көптігі, екіншіден, әр университеттің өзіне тән кәсіптік мәртебесін  бекітуі, өздерінің алдарына қойған жеке мақсаттарын анықтауы және осы мақсаттарға жету үшін стратегия таңдауы қажеттілік болып есептелінеді.

— Енді институттағы осы мәселеге қатысты атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттерге тоқталсаңыз.

— Конференцияда қаралған мәселелердің қатарында қазіргі әлеуметтік-экономикалық өзгерістер кезінде жоғары оқу орындарында білім беру жүйесін дамыту, қазіргі қоғамда оның мәртебесі мен ролін көтеру болды. Осы конференция аясында әлемдегі 15 мемлекеттің 36 жоғары оқу орындарының ректорлары, оның ішінде Қазақстанның 12 ректоры құжатқа қол қойдық. Ал аталмыш құжатқа қол қою арқылы институт автономиялы түрде дамуда және басқаруда зайырлы мемлекеттерге тән демократиялық басқарудың принциптерін басшылыққа алу, студенттердің академиялық бостандығын қамтамасыз ету, ғылыми-зерттеу жұмыстарында еркіндік беру, т.б. басшылыққа алады. Бұл күндері осы Ұлы Хартияға дүниежүзінің 100-ден астам мемлекеттерінің 662 жоғары оқу орындары қол қойған.

Батыс Қазақстанда іргелі де алдыңғы қатарлы оқу орнына айналған біздің Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институты осындай көптеген жұмыстардың нәтижесінде, 2008 жылғы Қазақстан жоғары оқу орындарының рейтингі бойынша Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті мен Қазақтың мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінен кейінгі үшінші орынға шықты. Сондықтан бұл Ұлы Хартияға қол қою да, Ақтөбе мемлекеттік педагогикалық институтының профессор-оқытушылар құрамы мен студенттерінің қол жеткізген үлкен табысы деп есептеймін.

А.АБЫЛАЕВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button