Құқық

Әдейі және жалған банкроттық. Мүлікті қайтару, борышкер мәмілелерін жарамсыз деп тану

«ҚР ҚМ Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс Комитетінің «Батыс» Өңіраралық Департаменті» ММ (одан әрі – Департамент) ҚР ҚМ Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс Комитетінің (одан әрі – Комитет) аумақтық бөлімшесі болып табылады, ҚР ҚМ органдарының бірыңғай жүйесіне  еніп, өз құзыреті шегінде банкроттық рәсімін бақылау саласында жүргізіледі және бақылау қызметтерін жүзеге асырады.

Департамент қызметтеріне әдейі және жалған банкроттық белгілерін анықтау, ҚР «Банкроттық туралы» Заңында көрсетілген жағдайларда жасалған мәмілелерді анықтау бойынша шаралар қолдану және т.б. жатады. Әдейі және жалған банкроттық белгілерін анықтау үшін ҚР Қаржы Министрінің, ҚР Әділет Министрінің,  ҚР Қаржы полициясы Агенттігі Төрағасының  бірлескен бұйрығымен Әдейі және жалған банкроттық белгілерін ескерту, анықтау және тоқтату бойынша мемлекеттік органдардың өзара қатынастары Ережелері бекітілді. Бұл мемлекеттік органдардың өзара қатынастары Ережелері әдейі және жалған банкроттық белгілерін ескертіп, алдын алып, анықтауға бағытталған.

Борышкерді банкрот деп тану туралы кредитордың өтiнiшiн сотқа беру құқығына, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерге қатысты салық және өзге де уәкілетті мемлекеттік орган, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар —азаматтық-құқықтық және өзге де мiндеттемелер жөнiндегi кредиторлар ие болады.

Сондықтан салық органдары ұйымды банкрот деп тану туралы талап-арызды сотқа беру алдында ұйымның қаржылық жағдайының нашарлауына, оның міндеттемелерінің орындалу деңгейінің төмендеуіне, салық және басқа кредиторлық берешектің өсуіне, мүлікті, құнды қағаздар мен ұйымның басқа да активтерін шығару мақсатындағы мәмілелер және ұйымның әдейі банкроттығын тудыратын басқа да мәмілелер жасасуына назар аударуы қажет.

Салық органдары құқық қорғау органдарына ұйымның әдейі банкроттықты тудырған немесе тудыруы мүмкін мәмілелерін жарамсыз деп тану туралы талапты сотқа беру туралы қолдау хатымен жүгінуі қажет.

ҚР ҚК және «Банкроттық туралы» Заңына сәйкес әдейі банкроттық коммерциялық ұйым басшысының немесе меншік иесінің, сол сияқты дара кәсіпкердің жеке өз мүдделерін немесе өзге тұлғалардың мүдделерін көздей отырып жасаған, кейін ірі залал немесе басқа ауыр салдарын тигізген төлем қабілетсіздігін қасақана жасауы немесе ұлғайтуы болып табылады (ҚР ҚК 216-б.).

Төлем қабілетсіздігін ұлғайту алдын ала пайдасыз мәмілелерді жасасу, бөгде борыштарды кепілдемеші ретінде өз мойнына алу, мүлікті аффилиирленген компанияларға немесе құрылтайшыларға беру, басқа да әрекеттер арқылы жасалуы мүмкін.

Аталған әрекеттерді қылмысты деп тану үшін, олар ірі залал немесе басқа ауыр салдарын тигізу қажет (оның ішінде үлкен зияндар немесе әдейі банкрот болған тұлғаның кредитор ұйымдарының құлдырауы, салық төлемеу, банкрот болған фирманың жұмыскері құқығының бұзылуы — оның жұмыстан айырылуы, жалақысының төленбеуі және т.б., — өңірге қажетті өнімді шығармауы, т.б.)

Ауыр салдарға соқтырған төлем қабілетсіздігін жасау немесе ұлғайту қасақана болған жағдайда және бұзушының жеке мүдделерінде немесе басқа тұлғалардың мүдделерінде жасалған жағдайда, әдейі банкроттық деп бағаланады. Ал кейбір жағдайларда басшы өзі басқарып отырған ұйымды төлем қабілетсіздігі төмен жағдайға қасақана емес, дөрекі қателіктер жіберу, қаржы немесе сауда операцияларын табысты деп таныған экономикалық сауатсыздығы салдарынан қателіктер жіберу нәтижесінде болуы мүмкін.

Әдейі банкроттық белгілерін анықтау сот банкроттық туралы іс бойынша өндіріс қозғаған жағдайда және борышкерге міндетті тапсырмалар беруге немесе қалайда оның қызметін анықтауға құқылы тұлғалардың әрекеттерін құқықсыз деп тануға негіздемелердің болуы жағдайында жүргізіледі. Бұл белгілер іс қозғалғанға дейінгі кезеңде де, банкроттық рәсімі барысында да (конкурстық өндірістен басқа) анықталуы мүмкін.

Әдейі банкроттық белгілер деп жоғарыда аталған тұлғалардың, кредитордың қаржы міндеттемелері бойынша талаптарын қанағаттандыруға және (немесе) міндетті төлемдерді төлеуге борышкердің қабілетсіздігін тудырған қызметтері болып табылады.

Әдейі банкроттық белгілерін анықтау мақсатында, әдейі және жалған банкроттық белгілерінің болуы (болмауы) туралы сараптама жүргізу бойынша, Әдістемелік кеңестерге сәйкес борышкердің қаржы-шаруашылық қызметінің келесі талдаулары жүргізіледі.

1. Борышкердің кредитолар алдындағы міндеттемелерін орындауды қамтамасыз етудегі өзгерістерді сипаттайтын көрсеткіштер саналады.

2. Міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету көрсеткіштерінің нақты төмендеуі белгіленген жағдайда, борышкердің көрсеткіш динамикасына себепші болатын талдауға алынып отырған кезеңдегі мәмілелеріне сараптама жүргізіледі.

Бұл орайда, мәміленің борышкер үшін алдын ала тиімсіз шарттарына мыналар жатады:

  • Көрсетілетін тауарға, жұмысқа, қызметке нарықтық бағадан төмендетілген немесе асырылған бағалар;
  • Борышкер үшін алдын ала тиімсіз мерзімдер және (немесе) салынған немесе сатып алынған мүлік бойынша төлем тәсілі;
  • Борышкердің міндеттерден арылу немесе өз мойнына алудың кез келген әдістері, егер олар берешек сомасының азаюына соқтырмаса.

Борышкердің мүлік меншік иесі (оған уәкілетті орган), құрылтайшы және (немесе) заңды тұлға — борышкердің лауазымды тұлғалары дәрменсіз борышкердің кредиторлары алдында борышкерді төлем қабілетсіздігіне әдейі әкелгені үшін оларға тиесілі мүлігімен  субсидиарлық жауапкершілік тартады.

Заңды тұлға-банкроттың лауазымды тұлғасы борышкерді төлем қабілетсіздігіне әдейі әкелгені үшін мүлік меншік иесіне залалын өтейді.

Бұл орайда, әдейі банкроттық салық берешегін төлеуден бас тарту әдісі болғандықтан, залал сомасы болып барлық салық түрлері бойынша және бюджетке басқа да міндетті төлемдер бойынша салық берешек сомасы болып танылады.

Әдейі банкроттықтың мәні борышкердің борыштарды толығымен төлеуге мүмкіндігі бола тұра (яғни кәсіпорын төлемге қабілетті болып табылады), басшысы сотқа банкроттық туралы арыз береді. Бұл, әдетте, кредиторлардан төлемдерді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу немесе борыштардан шегерім жасатқызу мақсатында жасалады. Мұндай арыз берген борышкер кредиторлар алдында осы арызбен келетін зиян үшін жауапкершілік артады.

ҚР «Банкроттық туралы» Заңы мен ҚК жалған банкроттық деп коммерциялық ұйым басшысының немесе меншік иесінің, сол сияқты дара кәсіпкердің кредиторларға тиесілі төлемдерді кейінге қалдыру немесе бөліп төлеу немесе борыштардан шегерім жасатқызу үшін, сол сияқты борышты төлемеуі үшін кредиторларды жаңылыстыру мақсатында өзінің дәрменсіз көрінуі жалған хабарлауы деп түсінеді, егер осы әрекеті үлкен зиян келтірсе. (ҚР ҚК 217-б.).

Осындай әрекеттер үшін ең үлкен жаза — бір жылға дейін бас бостандығынан айырумен қоса, екі жүз АЕК дейін немесе сотталған тұлғаның табысы көлемінде екі айға дейін айыппұл салу немесе онсыз беріледі.

Банкрот деп танудың немесе жариялаудың нәтижесі кредиторлардың, бюджеттің, мемлекеттік бюджеттік емес қорлардың талаптарын әділетті, яғни тең және заңмен белгіленген кезекте орындалған қанағаттандыру болып табылады. Сондықтан әдейі банкроттық барысында борыштарды төлемеу нәтижесінде келтірілген үлкен залал кредиторларға, салық және басқа уәкілетті органдарға өздеріне тиесілі қаражаттың түспеуі болып табылады.

Сот тәжірибесіне сүйенсек, жалған банкроттық туралы нормаларды қолдануға келмесе, әдетте, ҚР ҚК 177-бабы бойынша «алаяқтық» қолданылып, ол одан да қатаң жазаны тартады (мүлік тәркілеумен қоса 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру). Алайда бұл қылмыстар арасында айырмашылықтар бар. Жалған банкроттық барысында залалды қайтармаған жағдайда болады. Ал алаяқтық меншікке қол сұғудың бір нысаны болып табылып, оның нәтижесінде бөтен мүлік тартып алынады немесе ондай мүлікке заңсыз құқық алынады.

Әдейі және жалған банкроттық белгілерінің болуы (болмауы) туралы сараптама жүргізу бойынша Әдістемелік кеңестерге сәйкес жалған банкроттық белгілерін анықтау, өндірісте борышкер ұйымның өз арызы бойынша экономикалық сотпен қозғалған банкроттық туралы іс болған жағдайда жүргізіледі. Жалған банкроттық белгісі ретінде борышкердің оны банкрот деп тану туралы арызымен сотқа жүгіну күнінде кредиторлар талаптарын толық көлемде өтеуге мүмкіндігінің болуы болып табылады. Ол үшін борышкердің қысқа мерзімді міндеттемелерінің қамтамасыз етілуі, оның айналымдық активтерімен анықталады.

Қысқа мерзімді міндеттемелерде, негізгі борыштың көлемінен басқа, танылған айыппұлдар, өсімпұлдар және басқа да қаржылық (экономикалық) санкциялардың көлемін ескеру қажет. Айналымдық активтер мүмкіндігінше олардың жойылуын есепке ала отырып, қарастырылады.

Заңды тұлға-борышкерді сот банкрот деп таныған жағдайда, уәкілетті орган шешімнің заңды күшіне енген уақытынан бастап бес күндік мерзімде конкурстық басқарушыны тағайындап, ол өз кезегінде әдейі және жалған банкроттық белгілеріне тексеру жүргізіп, борышкердің ҚР «Банкроттық туралы» Заңының 6 бабында көрсетілген жағдайларда, жасалған мәмілелерін анықтайды және оларды жарамсыз деп тану туралы немесе мүлікті сот тәртібімен қайтару туралы талаптар қояды.

Комитеттің аумақтық органдары конкурстық және оңалту басқарушыларынан банкроттық немесе оңалту рәсімдерінің жүргізілу барысы туралы ақпарат жинау мен талдауды ұйымдастырады. Комитет қылмыстық-жазаланатын іс белгілерін анықтаған жағдайда, материалдарды іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін қаржы полиция органдарына жолдау бойынша шаралар қолданады.

Қаржы полиция органдары әдейі және жалған банкроттық белгілерін растаған жағдайда, Комитеттің аумақтық органдары куәлік базасын жинау мен сот процестеріне қатысу үшін қаржы полиция органдарымен бірлескен жұмыстар ұйымдастырады.

Әдейі банкроттық жасаған үшін кінәлі тұлғаларды қылмыстық немесе әкімшілік жазаға тарту жағдайында, Комитет мүлік құқық иеленушісіне, құрылтайшыға және (немесе) ұйымның лауазымдық тұлғаларына субсидиарлық міндеттемелер жүктеу туралы сот талап беру бойынша шаралар қолданады.

Комитет бұл бағыттағы жұмыстарды ұйымдастыру үшін, сондай-ақ, жоғарыда айтылған қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар құрамының белгілерін анықтау, сондай-ақ кәсіпорынның әдейі банкроттығын немесе тұрақты төлем қабілетсіздігін тудырған мәмілелерін жарамсыз деп тану бойынша шаралар жүргізу жөнінде Әдістемелік кеңестерді бекітеді.

ҚР «Банкроттық туралы» Заңының 6 бабы мүлiктi қайтару және борышкердiң мәмiлелерiн жарамсыз деп тануды қарастырады.

Комитет кәсіпорынның әдейі банкроттығын немесе тұрақты төлем қабілетсіздігін тудырған борышкердің мәмілелерін жарамсыз деп тану мәніне талап беру туралы қолдаухатымен прокуратура органдарына жүгінуге құқылы. Ұйымның тұрақты төлем қабілетсіздігі белгілерін Комитет белгілейді.

Бірлескен бұйрықпен бекітілген әдейі және жалған банкроттық белгілерін ескерту, анықтау және тоқтату бойынша мемлекеттік органдардың өзара қатынастары Ережелеріне сәйкес қаржы полиция органдары, өз кезегінде, әдейі банкроттықпен байланысты материалдарды қабылдап, ҚР заңнамасымен көзделген мерзімде, 2 айдан кешіктірілмей, арыз берушіні қабылданған іс жүргізу шешімі немесе қылмыстық істі тергеу нәтижелері туралы хабардар етуі қажет.

Қаржы полиция органдары жедел іздестіру қызметін, алдын ала тергеу, ҚР әрекет етуші заңнамасына сәйкес әдейі және жалған банкроттыққа байланысты істер бойынша әкімшілік өндіріс жүргізеді.

Әдейі және жалған банкроттық жасағаны үшін кінәлі тұлғаларды қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тарту жағдайында қаржы полиция органдары материалдарды осы деректер бойынша Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс Комитетіне мүлік құқық иеленушісін, құрылтайшыны және (немесе) ұйымның лауазымдық тұлғаларын субсидиарлық жауапкершілікке тарту туралы мәселені шешу үшін жолдайды.

Қаржы полиция органдары салық органдарына және Комитеттің аумақтық органдарына олардың ресми сұраулары бойынша әдейі және жалған банкроттық белгілерін ескерту, анықтау және тоқтату мәселелерінде көмек көрсетеді.

Борышкердің оны банкрот деп тануға дейін жасалған мәмілелері жарамсыз деп танылуы тиіс, егер:

1)      Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген негiздер болғанда;

2)      борышкердiң жеке кредиторлармен немесе өзге тұлғамен жасаған мәмiлесi банкроттық туралы iс қозғалғаннан кейiн, бiр кредитордың басқа кредитор алдындағы талаптарын бұрын қанағаттандыруға әкеп соқса, уәкілетті органның, кредиторлардың, оңалтуды немесе конкурсты басқарушылардың өтініші бойынша жарамсыз деп танылуға тиіс.

Конкурстық және оңалту басқарушылар, кредиторлардың немесе уәкілетті органның мәлімдемесі бойынша санацияға қатысушы банкроттық туралы істі қозғауға дейінгі үш жыл кезең ішінде мәмілелерді жарамсыз деп тануды және борышкер берген, соның ішінде жалға немесе бұдан бұрын жасалған мәмілелер бойынша орындауын қамтамасыз етуге берген мүлікті қайтаруды бұл мүлікті өтеусіз, нарық бағаларынан едәуір төмен бағалармен не кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіріле отырып, жеткілікті негіздерсіз алған адамдардан талап етуге міндетті.

Конкурстық және оңалтуды, басқарушылар, кредиторлардың немесе уәкілетті органның мәлімдемесі бойынша санацияға қатысушы банкроттық туралы істі қозғауға дейінгі үш жылға дейінгі кезең ішінде борышкердің өздеріне берген мүлкін қайтаруды олардың алдындағы міндеттемелер басқа кредиторлардың мүдделеріне нұқсан келтіріле отырып, мерзімінен бұрын орындалған кредиторлардан талап етуге міндетті. Бұл жағдайда кредиторлардың құқықтары ҚР «Банкроттық туралы» Заңының ережелерімен қамтамасыз етіледі.

Жоғарыда аталған негіздемелер бойынша банкроттық туралы iс қозғалғанға дейiнгi үш жыл iшiнде, шаруашылық серiктестiгiнiң қызметшiлерiне (қызметкерлерiне), қатысушыларына дәрменсiз борышкердiң басшысына берген мүлiк талап етiлуi мүмкiн.
Мүлiктi талап ету туралы ережелер мүлiктi жұбайына, тiкелей өзiнен тарайтын және шыққан тегi бойынша туыстарына беру жағдайларына да қолданылады.

Өз өкiлеттiктерiн жүзеге асырған кезде оңалтуды немесе конкурсты басқарушы осы бапта көзделгендерден басқа, Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiнде көзделген негiздер бойынша борышкердiң мүлкiн үшiншi тұлғалардан талап ету туралы, борышкер жасасқан шарттарды бұзу туралы талап қоюға және Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында көзделген, борышкердiң мүлкiн қайтаруға бағытталған өзге де әрекеттер жасауға құқылы.

Мүлiктiң жоғалуына, бүлiнуiне не оны кейiннен үшiншi тұлғалардың адал жолмен сатып алуына байланысты, осы бапта көзделген жағдайларда мүлiктi талап ету мүмкiн болмаған кезде, талап етiлетiн мүлiктiң бастапқы сатып алушылары борышкердiң алдында осыған байланысты туындаған зиянды жоғалған, бүлiнген не үшiншi тұлғалар адал жолмен сатып алған мүлiктiң құны шегiнде өтеу жөнiнде жауапты болады.
Конкурстық басқарушы әдейі немесе жалған банкроттық беліглерін анықтаған жағдайда, ол жауапты тұлғаларды ҚР заңнамасымен қарастырылған жауапкершілікке тарту үшін құқық қорғау органдарына жүгінуі қажет.

Мәмілелерді жарамсыз деп тану жағдайында Комитеттің аумақтық органдары борышкер мүлігін қайтару жұмыстарына бақылау жүргізеді.

ҚР «Банкроттық туралы» Заңының 26 бабына сәйкес әдейі банкроттық белгілеріне прокурорлар да, егер олармен сондай белгілер қаралатын болса, борышкерді банкрот деп тану туралы арызымен сотқа жүгінуге құқылы.

ҚР ҚК 7 тарауы экономика саласындағы қылмыстарды қарастырады. Ондай қылмыстарға мыналар жатады: заңсыз кәсіпкерлік, жалған кәсіпкерлік, заңсыз жолмен алынған ақшалай қаражат пен өзге мүлікті заңдастыру, экономикалық контрабанда, банкроттық жағдайдағы құқықсыз әрекет, әдейі банкроттық, жалған банкроттық, бухгалтерлік есеп ережелерін бұзу, ұйымның да, азаматтың да салық төлеуден бас тарту және т.б.

Банкроттық кезінде жоғарыда аталған қылмыстардың көпшілігі анықталады, мысалы, кәсіпорындарда кассалық операцияларды жүргізу және бухгалтерлік есеп жүргізу тәртіптері салық салуды азайту мақсатында көп бұзылды.

ҚР ҚК 215-бабы банкроттық жағдайдағы заңсыз әрекеттерге арналған. Ондай әрекеттер мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік, оның мөлшері, тұрған жері  туралы мәліметтерді немесе мүлік туралы өзге де ақпараттарды жасыру, мүлiктi өзгенiң иелiгiне беру, мүлiктi иелiктен шығару немесе жою, экономикалық қызметін көрсететін бухгалтерлік және өзге де есеп құжаттарын жою, бұрмалау, егер бұл әрекеттi банкроттық жағдайында немесе банкроттықты күн ілгерi бiле отырып, борышкер ұйымның басшысы немесе меншiк иесi, не жеке кәсiпкер жасап, iрi зиян келтiрсе.

Сондай-ақ бұл бап өзiнiң шын мәнiнде дәрменсiздiгiн (банкроттығын) бiлетiн борышкер ұйымның басшысы немесе меншiк иесi, сол сияқты конкурстық іс жүргізу немесе оңалту рәсімі кезінде дәрменсіз борышкердің мүлкін және істерін басқару жөніндегі өкілеттік берілген адам басқа несие берушілерге көпе-көрiнеу зиян келтiре отырып, жекелеген несие берушiлердiң мүлiктiк талаптарын заңсыз қанағаттандыруы, егер бұл әрекет iрi мөлшерде зиян келтiрген болса, бес жүзден жетi жүз АЕК дейiнгi мөлшерде немесе сотталған адамның екі айдан бес айға дейiнгi кезеңдегi жалақысының немесе өзге де табысының мөлшерiнде айыппұл салуға, немесе онсыз үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

ҚР әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексінің 155-бабының 1-тармағында осы әрекеттер ірі залалды келтіруі көрсетілмей, қарастырылады. Ондай әрекеттер бес жүз АЕК дейін әкімшілік айыппұл салуды көздейді.

Мүлікті немесе мүліктік міндеттемелерді, мүлік, оның мөлшері, тұрған жері туралы мәліметтерді немесе мүлік туралы өзге де ақпараттарды жасыру, мүлiктi есептен шығаруды, әдеттегі тұрған жерінен ауыстыруды, өзге тұлғаға сақтауға беру және т.б. білдіруі мүмкін. Мүліктен айырылу немесе жою борышкердің өз мүлігін заңсыз азайту болып табылады (мысалы, жалға беру, сату, несиеге қою).

Жекелеген несие берушiлердiң мүлiктiк талаптарын қанағаттандыру құқықтық негіздеменің болмауы немесе оған тыйым салу жағдайында заңсыз болады (сырттай байқау рәсімі, конкурстық өндіріс).

Бұл ережелерді қолдану шарты басқа кредиторларға келтірілген залал туралы алдын ала білу болып табылады, ол ҚР Әкімішілік кодексінің 155-бабының  2-тарауында көрсетілген.

Осылайша әдейі және жалған банкроттық қылмыстық құқық нормаларымен реттеліп, ол үшін жоғарыда аталған қатаң жазалар қолданылады.

М.ӘЖІМБАЕВА,

«ҚР ҚМ Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс Комитетінің «Батыс» Өңіраралық Департаменті» ММ заң бөлімінің бастығы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button