Денсаулық

Доңыз тұмауынан сақтаныңыз!

Ауа райы салқындығы — тұмау әкелетін фактордың бірі

Тұмаудан сақтанудың қарапайым жолы — адамның өзін-өзі шынықтыруы мен дұрыс тамақтануы.

Доңыз тұмауы туралы ең алдымен ата-аналардың жетік білгені дұрыс. Өйткені, балалар ауруға мән бермейді, олардың бойында алдын алу инстинкті қалыптаспаған. Сондықтан да әрбір ата-ана балаларының көңіл-күйіне жіті назар аударып, аурудың алдын алуға тырысқаны жөн.

А/Н1N1 тұмауының белгілерінің кәдімгі тұмау белгілерінен айырмашылығы жоқ. Яғни, тұмауды жұқтырған адамның дене қызуы көтеріліп, жөтеледі, тамағы ауырып, мұрынмен дем алу қиындайды, басы ауырып, бұлшық еттері мен буындары сырқырайды. Ауруға шалдыққан адам  шаршап,  кейбір жағдайда құсып, іші өтеді.

Жаңадан пайда болған тұмаудың бұл түрі респираторлық ауру сияқты адамнан адамға ауа, сондай-ақ тамшы арқылы таралады. Негізінде инфекцияны кішкентай балалар мен жүкті әйелдер және демікпе, сонымен бірге жүрек ауруына шалдыққан, дәлірек айтқанда, созылмалы аурулармен ауыратын адамдар тез қабылдайды.

Доңыз тұмауынан сақтану мақсатында елімізде сақтық шаралары қолға алынуда. Қазір ауруға қарсы күрес күшейтіліп, шекара мен жол тораптарына қатаң бақылау жүргізілуде. Барлық жерде аталған індетпен күресу мақсатында құрылған штабтар үздіксіз жұмыс жасап тұр.  Ал доңыз тұмауына қарсы жұмыстарды жүргізуде біздің облысымызда 2009-2010 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленді. Емдеу-сауықтыру ұйымдарында сырқаттың алдын алуға арналған «Денсаулық бұрыштары» ұйымдастырылып, тұрғындар арасында санитарлық ағарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Базарлар мен темір жол, әуежай, вокзал маңдарында учаскелік дәрігерлер мен балалар дәрігерлері, салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының дәрігерлері жергілікті радио тораптары арқылы сырқаттан қалай сақтану жөнінде дәрістер оқып, сауалнамалар жүргізді.  Осы мақсатта бұқаралық ақпарат құралдарына баспасөз мәслихаттары өткізіледі. Қазіргі уақытта қаладағы аялдамалар мен жұртшылық көп жүретін тұстарға ақпараттық парақшалар мен сақтану шаралары жазылған жарқағаздар ілінуде. Мәселен, аталған дерттің қауіптілігіне байланысты облысымызда жұмыс жасауға құқылы, яғни лицензиясы бар 36 туристік фирманың  тоғызы жұмыстарын уақытша тоқтатып отыр.

Аурудың алдын алудың бірден бір жолы — егілу. Осы мақсатта  жергілікті бюджет қаржысына 10920 вакцина сатып алынды. Олар бірінші кезекте медицина қызметкерлері мен қарттарға, балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілерге, яғни әлсіз топ өкілдеріне егіледі.

Бүгінгі күні жұртшылықты доңыз тұмауының қауіптілігі қандай дәрежеде деген сауал қатты қызықтырады. Бір қызығы, бұл сауалға ешкім де нақты жауап қайтара алмайды. Аталған ауру кеңінен таралған Мексикада 2500 адам тұмау жұқтырған. Ал әр түрлі мәліметтер бойынша қайтыс болғандар саны 159-172-ге жеткен. Ал әлемде қыркүйек айына дейін  доңыз тұмауына шалдыққандардың саны 269619 адам болса, олардың  3097 осы аурудың салдарынан көз жұмды.  Көз жұмған жандардың бірқатары дәрігерге уақытында қаралмаса, кейбіреуі басқа аурудың асқынуынан дертін ұлғайтып алған.

Доңыз тұмауын жұқтырған адам қалай емделуі керек? Ремантадин және осыған ұқсас дәрілер тиімді емес. Бұл тұмауда симптоматикалық терапия тиімді. Интерферон түріндегі имуномодулярды қолдануға болады.

Ал аурудың алдын алғанда ең алдымен дене шынықтыруды басты орынға қойған жөн. Бұл ретте суық сумен жуынғанның пайдасы зор. Әсіресе, табиғат аясына шығып, кеудені керіп дем алу, бөгде ойларды бастан шығару, көңілің қалаған тамақты ішу, осының бәрі адамға әсер етеді.

Күн өткен сайын ауа райы салқындап, айналада тұмау туғызатын факторлар көбейіп келеді. Сондықтан жылы киініп, бой тітіркендіретін жағдайлардан сақтанып жүрген жөн.

Райхан ЫБЫРАЕВА,

облыстық салауатты өмір салтын

қалыптастыру орталығының директоры.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button