Білім

Бүгін — ерікті, ертең — маман

Әріптестік

 Қазақ-орыс халықаралық университетінің студенттері «Ақтөбе» ӘКК» ҰК» АҚ-ның кадрлар резервіне кіру мүмкіндігіне ие болып отыр.

«Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының басқарма төрағасы Қайрат Бекенов пен Қазақ-орыс халықаралық университетінің президенті Темірхан Бердімұратов белсенді студенттер мен ағылшын тілін меңгерген талантты жастарды жұмыстарға тарту бойынша әріптестік құру туралы меморандумға қол қойды. Жастар университет қабырғасында жүріп-ақ «Ақтөбе» индустриялық аймағына тартылатын шетелдік инвесторлармен жүргізілетін келіссөздер мен басқа да жұмыстарға қатысып, облыс экономикасының дамуына өз үлестерін қоспақ.

Меморандумға қол қою рәсімі университет қабырғасында студенттердің қатысуымен өтті. Қазақ-орыс халықаралық университетінің президенті Темірхан Бердімұратов бұл шараның маңыздылығын атап өтті.

— Бүгін қол қойып отырған құжат біздің студенттеріміздің «Ақтөбе» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының жұмыстарына қатысуларына мүмкіндік береді. Өздерін көрсетіп, дәлелдеген жастар болашақта бұл мекеменің қызметкері атанбақшы, — деді ол.

Шара кезінде корпорацияның қызметі мен бүгінгі күні инвестиция тарту бойынша атқарып жатқан жұмыстары туралы мәліметтер айтылды. Студенттер тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар берілді.

— Өңір басшысының тапсырмасы бойынша біз қазір корпорацияның кәсіби құрамын жасақтаудамыз. Шетелдерде білім алған және шетел тілдерін меңгерген бірнеше менеджерді жұмысқа алдық. Енді корпорацияның жұмыстарына еріктілерді тарту жүріп жатыр. Корпорация тарапынан ұйымдастырылатын түрлі халықаралық форумдарға, инвестициялық жобаларға ағылшын және басқа да шетел тілдерін білетін, компьютермен жақсы жұмыс жасайтын еріктілер қажет. Біз еріктілеріміз қатарында жұмыс жасағысы келетін жоғарғы курс студенттерін әріптестікке шақырамыз, — деді өз сөзінде Қайрат Бекенов жастарға.

Екі жақты келісім бойынша Қазақ-орыс халықаралық университеті еріктілер қатарында еңбек етіп, шетелдік инвесторлармен жұмыс жасау бойынша өз білімдерін ұштағысы келетін белсенді һәм талантты студенттердің тізімін ұсынатын болады. «Ақтөбе» корпорациясы болса, бұл еріктілердің мәліметтерін мамандар резервіне қосады.

 

Қуат АҚМЫРЗАҰЛЫ.

 

 

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button