БілімБасты жаңалықтар

Ақтөбеде қыздарға арналған қазақ-түрік лицейі ашылады

Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының бас директоры Мехмет Месут Атамен кездесуі барысында белгілі болды.

«KATEV» халықаралық қоғамдық қоры Қазақстан мен Түркия арасындағы келісім негізінде түрік тарапынан білім беру мекемелерінің жұмысын үйлестіру үшін құрылған. Қазіргі уақытта Қазақстанда 29 қазақ-түрік лицейі жұмыс істейді.

— Бүгінгі күні қазақ-түрік лицейлері оқушыларға өзінің бүкіл мүмкіндіктеріне сай сапалы білім береді. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі таяуда Ақтөбеге келген сапарында Назарбаев зияткерлік мектебі мен қазақ-түрік лицейлерінің біздің еліміздегі күшті мектептер екенін атап көрсетті, — деді өңір басшысы.

Ақтөбеде қазір бір ғана қазақ-түрік лицейі жұмыс істейді, онда 200-ден астам оқушы білім алуда. Бір атап өтерлігі, облыс орталығында әзірге қыздарға арналған мұндай лицей болмай тұр. Мехмет Месут Ата бұл олқылықтың орнын толтыруға тілек білдіріп, облыс әкімінің қыздарға арналған лицей үшін бос тұрған ғимараттардан орын бөлуін сұрады.

Аймақ басшысы өз кезегінде облыс орталығында мұндай мүмкіндіктің жоқтығын айтып, аталған мәселені шешу үшін мемлекеттік-жеке әріптестік механизмін пайдалануды ұсынды. «KATEV» халықаралық қоғамдық қорының бас директорына жаңа ғимаратты бірлесіп салу жөн екенін айтты. Бұл ретте жергілікті билік жер учаскесін бөлу, инфрақұрылымдарды жүргізу және құрылысты ішінара қаржыландыру бойынша өзіне міндеттемелер алуға дайын екендігін білдірді.

Ғимарат құрылысына қатысты түпкілікті шешім бір ай ішінде қабылданады деп күтілуде.

 «Ақтөбе ақпарат».

 

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button