БілімБасты жаңалықтар

«Сендердің араларыңнан мықты ғалымдар шығатынына сенемін»

 Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақтөбе өңіріне жұмыс сапары барысында облыс орталығындағы физика-математика бағытында білім беретін Назарбаев зияткерлік мектебіне де барды. Елбасы аталған білім шаңырағының тыныс-тіршілігімен танысып, ондағы оқушылардың ғылыми-жобалық жұмыстары көрмесін тамашалады.  

Көрмеге қойылған жобалардың басым бөлігі биология, xимия, жасыл теxнологиялар мен ақпараттық саланы қамтиды. Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдері мен оқушылары жаратылыстану бағытындағы үш пәнді — физика, химия, биология пәндерін тиімді ұштастыра білген. Соның арқасында тың жобаларды жүзеге асыруға болатынын дарынды балалар Мемлекет басшысының алдында дәлелдеп берді.

Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары қазір суды мұнай қалдықтарынан тазартудың тиімді әдістерін зерттеп жатыр. Жобаға еліміздің әр өңіріндегі  Назарбаев зияткерлік мектептерінің педагогтары арасында өткен «Жыл мұғалімі» байқауының Гран-при жүлдегері Самат Шәріпов жетекшілік етеді.

Бактериялар арқылы мұнаймен ластанған суды тазартып жатырмыз, — деді  жоба жұмысын таныстырған оқушы Назерке Тұртаева.

Бұл қандай бактериялар? — деп сұрады Мемлекет басшысы.

Ойл-итинг бактериялар немесе мұнаймен қоректенетін бактериялар деп аталады. Мысалы, Каспий теңізіне төгілген мұнай қалдықтарын тазартуда осы әдісті қолдануға болады.

Болашақта сендердің араларыңнан мықты ғалымдар шығатынына сенемін. Біз мұнай өндіретін елміз. Қазір мен де дүниежүзіндегі тәжірибені зерттеп жатырмын.

Бидайдан, ауыл шаруашылығы дақылдарынан түсетін өнімді  300 пайызға арттыратын, суды пайдалануды 30 пайызға төмендететін микробтар бар. Ізденсеңдер бәрін табасыңдар, — деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев балаларға табыс тіледі.

Оқушылар ауыл шаруашылығы саласында да жаңалықтар ашқан. «Вермикулит минералын көкөніс өсіруде тыңайтқыш қылса, суды үнемдеуге болады», — дейді балалар. Бұл минерал ылғалды тез сіңіріп, бойында ұзақ ұстап тұратын болғандықтан мол өнім алуға септігін тигізеді. Зерттеу жұмыстарымен айналысқан балалардың айтуынша, вермикулитті Мұғалжар ауданында өндіруге болады.

Мұндағы оқушылар отандық және импорттық өнімдердің құрамын зерттеп, олардың пайдалысын да анықтапты.

— Тәжірибе ретінде Қазақстанда жасалған екі иогурт және үш импорттық өнімді алдық. Алдымен біз осы өнімдердегі крахмалдың мөлшерін анықтадық. Зерттеу қорытындысында, жергілікті екі өнім жақсы нәтиже көрсетті. Шетелдік өнімдерде крахмал шамадан тыс көп, — деді 7-сынып оқушысы Назерке Төреханова.

12-сынып оқушысы  Дәулет Жастаев ұялы телефонды қуаттандыруды автоматтандыратын құрал ойлап тапқан. Осы құрылғының арқасында  ұялы телефон толықтай қуаттанғанда автоматты түрде электр тогынан ажыратылады екен.

 

Мектепте оқушылардың зертханалық жұмыстармен айналысуы үшін барлық жағдай жасалған. Іздену еркіндігі, таңдау еркіндігі берілген. Мұғалімдер бағыт-бағдар көрсетуші ғана.

Мектепте спортқа да көп көңіл бөлінеді. Балалар зияткерлік жарыстармен қатар турнир, чемпионаттарда да топ жарып жүр.

Былтыр алғашқы түлектерін шығарған Назарбаев зияткерлік мектебін биыл 183 түлек бітіреді.

720 балаға арналған білім шаңырағы 2013 жылы еңсе көтерген. Мұнда  200 педагог еңбек етеді. Олардың 17-сі — шетелдік мұғалім. Арасында қазақ тілін жетік меңгергендері де бар.

Заман талабына сай білім ордасынан түлеп ұшатын жастардың отандық ғылымға да қосар үлесі көп болмақ. Индустрия, инновацияның көшін бастайтындар осы Назарбаев зияткерлік мектептерінің түлектері болады. Бұған Елбасы сенеді.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button