Білім

НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІ — ӨТЕ МЫҚТЫ ЖОБА.

Нейтан Дэвид Лолер,

Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушысы:

НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІ — ӨТЕ МЫҚТЫ ЖОБА.

БІЗДІҢ БАЛАЛАР БОЛАШАҚТА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖӘНЕ ӘЛЕМНІҢ КӨШБАСШЫЛАРЫ БОЛАДЫ

 

Осыдан алты жыл бұрын Ақтөбеге келген америкалық жігіт Нейтан Дэвид Лолер болашағын тек қана Қазақстанмен байланыстыра сөйлейді. Осы елде тұратын әрбір адам мемлекеттік тілді білуге тиіс деп есептейді. Өзі де қазақшаны жақсы біледі. Қазақты өзге ұлттан ерекшелендіретін ең жақсы қасиеті — үлкенді сыйлау дейді. Оның алдында екі үлкен міндет-мақсаты бар — өзі қызмет етіп жүрген Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебінің ең таңдаулы мектептер қатарында болуы үшін қызмет ету және қазақ тілін өте жоғары деңгейде білу. Нейтанмен сұхбаттасқан едік. Мархабат. 

25 жылда бір тілді еркін үйренуге болады!

— Менің туған жерім Америка. Массачусетс штатындағы Бостон қаласының маңындағы шағын ғана Ньюберипорт қаласында тұрдым. Бұл шағын қалашықта шамамен 15 мыңдай ғана халық тұрады. Іргемізде Атлант мұхиты жатыр. Жергілікті халық балық өндірісімен айналысады.  Бала кезде мұхиттан шықпайтын едік. Ес білгеннен бастап балалар балық аулауға дағдыланады. 18 жыл сол шағын қалашықта тұрдым. Мектеп бітірген соң батыс Массачусетстегі университеттердің біріне оқуға түстім. Оны тәмәмдаған соң Түркияның Анкара қаласына барып, тағы оқыдым. Екі мамандығым бар — тарих және ағылшын тілі пәндерінің оқытушысы. Орталық Азия тарихын көп оқыдым. Әсіресе, түркі халықтарының тарихы қатты қызықтырды. Қазақ хандығы құрылғанға дейінгі, кейінгі тарихи деректер өте қызықты.  Сонау Шыңғыс хан құрған мемлекет, Шағатай ханның билік құрған кезеңдері, әлемді жаулаушы Ақсақ Темір, Шайбани мемлекеті, Жәнібек пен Керейдің Қазақ хандығын құруы — барлығы да түбі бір түркі жұртының, соның ішінде қазақ халқының бай тарихының бір бөлшегі. Қазақ сондай жауынгер халық.

Қазір, міне, Қазақстанда тұрып жатқаныма алты жыл болды. Барымша осындай бай тарихы бар ұлттың тілін үйренуге тырысып жүрмін, жергілікті халықтың тарихын өз тілінде оқыған дұрыс қой.

— Қанша уақытта үйреніп алдыңыз қазақ тілін?

— Бастапқыда қиын болды. Бірақ мен осы елде тұрған соң осы жұрттың тілін білуге тиіс екенімді түсіндім. Ең алдымен қазақ тілі грамматикасы оқулығын сатып алып, өздігімнен үйрендім. Қалтама қағаз, қалам салып алып, көшеге шығатынмын. Дүкенде, автобуста, басқа да қоғамдық орындарда адамдармен қазақша сөйлесуден бастадым. Білмейтін, жаңа сөз естісем, соны қағазға түртіп алып, үйге келіп, аудармасын іздеп, соны жаттап жүрдім. Тіл үйрену үшін ең алдымен ынта керек, екіншіден, сөйлесетін орта қажет. Міне, алты жыл болды, бүгінде қазақпен қазақша сөйлесе аламын. Әрине, өте жоғары деңгейде сөйлеймін деп айта алмаймын, бірақ жақында ғана тіл оқыту курсына жазылдым, алдағы уақытта қазақша таза сөйлеймін деген ойдамын.

— 25 жыл — тіл үйренуге жеткілікті уақыт деп есептейсіз бе?

— Әлбетте, 25 жылда бір тілді бүге-шігесіне дейін үйреніп алуға болады. Оған менің күмәнім жоқ.  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, біздің болашағымыз — қазақ тілінде. Сенің ұлтың қандай болғаны маңызды емес, осы елде тұрып жатырсың ба — мемлекеттік тілді білуге тиіссің. Мысалы, сіз Америкаға барсаңыз, ағылшын тілін білуге тиіссіз, ал енді біз Қазақстанда тұрып, неге мемлекеттік тілді білмейміз? Бұл өте ұят нәрсе. Кейде Қазақстанда 15-16 жылдан бері тұрып жатқан шетелдіктерді көрсем: «Сәлеметсіз бе?» деп амандасамын, олар осы сөздің өзін түсінбей, бетіме бажырайып қарайды. «15 жылдан бері тұрасыңдар, тілді неге білмейсіңдер, үйрену керек, білу керек. Біз жергілікті халыққа деген құрметімізді осылай көрсете аламыз», — деп түсіндіріп айтамын. Мен болашақта Қазақстанда тұрамын деп шешім қабылдадым, сондықтан осы елдің азаматы болуым үшін қазақ тілін  еркін меңгеруім керек  деп мақсат қойдым. Тағы бір айтарым — қазақ тілін білетін шетелдік адам көрсе, ешкім таңғалмауы керек. Ол — ерекшелік емес, ол — осы елде тұратын әр азаматтың міндеті. Міндетін орындап жүрген адам ешкімді таңғалдырмауы керек.

— Қазақстанның азаматысыз ба?

— Жоқ, әзірге Америка азаматымын. Тілді толық үйренгеннен кейін Қазақстан азаматтығын аламын.

— Шетел азаматы үшін қазақ тілін үйренуге не жетіспейді?

— Ең бірінші ниет жетіспейді. Екіншіден, оқу құралдары аз. Кітапханаға барғанда орыс тілін үйрететін құралдардың өте көп екендігін байқадым. Назарбаев зияткерлік мектебінің 10 «е» сынып оқушысы Асылай Сейтенова қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдіктерге арнап «Гарри Поттер және философиялық тас» кітабын аударып жатыр. Тілі жеңіл, ұғынықты. Соны оқи бастадым. Міне, бізге осындай әдебиет керек.

Үлкенді сыйлау — қазақтың ең тамаша қасиеті

Мұхиттың жағасында өскен адам екенсіз. Мұхитты сағынбайсыз ба?    

— Сағынамын. Бірақ Қазақстанда тұрған ұнайды. Ақтөбенің іргесінде өзен-сулар көп. Ақтөбе теңізіне барып тұрамыз. Жағажай таза, суы салқын. Атлант мұхиты да тым салқын.

— Ақтөбеге шақыртумен келдіңіз бе?

— Иә, менің жолдасым қазақтың қызы. Осы Ақтөбенің тумасы. Сол арқылы мені Ақтөбедегі «Дарина» тіл орталығы жұмысқа шақырды. Қазақстанның жағдайымен алдын ала танысқан соң, шақыртуды қабыл алдым.

— Ата-анаңыз қарсы болған жоқ па?

— Жоқ, себебі мен Қазақстанның қауіпсіз мемлекет екенін айтып түсіндірдім. Ата-анам бірден келісті. Отбасында жалғыз ұлмын. Қазір ата-анам өздері тұрып жатыр.

— Қазақта ұлды, әсіресе, жалғыз ұлды алысқа жібермеуге тырысады. Ол шаңыраққа ие болып қалуы тиіс.

— Бізде менталитет басқаша. Жалпы, Америкада бала 18 жасқа толған соң шешімді көбіне өзі қабылдайды, ата-анасынан бөлек кетеді, ол оқи ма, жұмыс істей ме, өзі біледі, бөлек үй алып, өз күнін өзі көреді. Мен де 18-ге толғаннан кейін университетке кеттім. Ақтөбеде «Дарина» орталығында екі жыл жұмыс істедім, кейін Астанадағы Назарбаев зияткерлік мектебінде бір жыл жұмыс істеп, Ақтөбедегі Назарбаев зияткерлік мектебіне келдім.

— Қазақта тағы бір сөз бар: егер күйеу әйелінің жұртына келіп тұрса, оны «күшік күйеу» деп атайды.

— (Күліп алды): Бізде ондай түсінік жоқ.

— Қалай дегенмен, бөтен ел, бөтен мемлекет, ең алғаш келгенде бір қорқыныш болған жоқ па?

— Қазақ өте қонақжай халық екен. Барлығы сыйлап тұрады. Сондай елгезек халық. Бұл маған үлкен көмек болды. Мені танымаса да, қазақтар  әрқашан қолдап, қажет кезінде ақыл-кеңесін беріп отырады. Сондықтан ешқандай қорқу деген болған жоқ.

— Жалпы, сіздің еліңіз бен біздің елдің халқының қандай ұқсастықтары, айырмашылықтары бар?

— Ең бірінші ұқсастығы — спортты жақсы көретіндігі. Америкада спорт жақсы дамыған. Қазақтар да спортты жан-тәнімен беріліп қарайды екен, спортзалға барғанда қазақ жігіттерін көп көремін. Қазақстанда спорт олимпиадалары да жоғары деңгейде өтеді. Ең үлкен айырмашылығы — қазақтар үлкен кісілерді қатты құрметтейді екен. Қоғамдық көлікте үлкен кісі мінсе, жастар міндетті түрде тұрып, орын береді. Үлкеннің жолын кесіп өтпейді. Америкада ондай жоқ. Ол жақта қарт адамның жасы 85-90-ға келгенде көбі арнайы мамандандырылған ауруханаларға апарып тастайды. Қазақстандағы Қарттар үйі сынды. Арнайы мамандандырылған аурухана индустриясы Америкада қатты дамыған. Бүкіл әлем халқы қазақтан осы жақсы қасиетті үйренуі керек.

— Жалпы, бізде кейде бір жаман қасиеттерді байқасақ: «Бұл Батыстан келген» деп айтамыз. Ол сізді ренжітпей ме?

— Жоқ, ренжімеймін. Мен қазақ халқының «үлкенді сыйлау» деп аталатын осы қасиетін ешқашан жоғалтпаса екен деп тілеймін, бұл — ұлтты ерекшелендіретін ең жақсы қасиет. Мен осыны ата-анама да айттым. Жақсы қасиет екен деп олар да таңғалып жатыр.

«Америкаға барсам, Қазақстанды сағынып тұрамын»

— Ата-анаңызға барып тұрасыз ба?  

— Барып тұрамын. Олар да бір рет келіп кетті. Америкаға барғанда ары кетсе, екі аптаға шыдаймын. Содан кейін Қазақстанға кеткім келіп тұрады. Себебі мен осы жерге әбден үйреніп қалғанмын, Америкада қоғам басқа. Екі аптадан кейін Қазақстанды сағына бастаймын.

— Сағынамын дейсіз бе?

— Иә, кәдімгідей сағынамын. Ол жақтың тамағына дейін бөлек. Қазақтың қуырдағын сағынамын. Жалпы, қазақтар ет тағамдарын жақсы әзірлейді. Қуырдақ, ет жемесем, жегенім жеген болмайды. Осы күні шай ішпесем, басым ауыратын болды. Америкада жүргенде кофе ішіп жүре беретін едім. Қазір жайланып отырып шай ішпесем, бірдеңе жетіспейтін сияқты.

— Әзілім ғой, бірақ бұрынғы өміріңізде қазақ болған шығарсыз?  

— Мүмкін. Қазақтың батыры болған шығармын осы ( күледі).

— Сізге қазақтың ауылын көру керек. Қазақылықтың бояуы сақталған жер — ауыл.

— Көрдім. Ауылдарға бардық. Мектептің аккредитациядан өтуі барысында біздің оқушылар тұратын ауылдарға барып, балалардың ата-аналарымен кездестік. Ауыл халқы да тамаша екен. Барғанда дастарқанды жайнатып қояды. Бізге ас-ауқат қажет емес десек те, болмайды. Тіпті сіздердің құрметіңізге қой соямыз дегендер де болды, әрең тоқтаттық.

— Мақсатыңыз қандай?

— Дәл қазір менің екі мақсатым бар. Бір айдан кейін біздің мектеп халықаралық аккредитациядан өтеді, соған дайындалып жатырмыз. Бірінші мақсатым — осы аккредитациядан сәтті өту, қазір соған дайындалып жатырмыз. Назарбаев зияткерлік мектебі — өте мықты жоба, біздің балалар болашақта Қазақстанның және әлемнің көшбасшылары болады. Біз сол үшін қызмет етіп жатырмыз. Екінші мақсатым — қазақ тілін еркін сөйлеу. Болашақта Қазақстанда тұрамын деген шешім қабылдадым, сондықтан тілді еркін білуге тиіспін.

— Қартайғанда немен шұғылданғыңыз келеді?

— Қартайғанда шағын ғана қазақ ауылда тұрғым келеді. Үйім өзеннің жағасында болса деп ойлаймын. Қорамда шамалы қойым болса. Соны бағып жүрер едім. Қазақ ауылдары тыныш, ауасы да таза.

— Қазақты ерекшелендіретін, Қазақ мемлекетін ерекшелендіретін үш қасиетті айтыңызшы?

— Ең біріншісі — үлкенге деген құрмет. Бұл ең тамаша қасиет. Екіншісі — ұлттардың тату тұруы. Үшіншісі — жас мемлекет болса да, болашаққа өте үлкен мақсат қоя білетін мемлекет екендігі, Елбасының Жолдаулары, мемлекеттік бағдарламалар соның айғағы. Міне, ұлтты, елді ерекшелендіретін үш қасиет — осы.

 Сұхбаттасқан Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button