Құқық

Заң

Сауалдарыңызға заңгер Серік Жолдыбай жауап береді

Заң жалтақтамай қабылданады

Одақтың кезінде Ресейде күнделікті аудан орталығындағы жұмыс орнына бару-қайтуға автобус бағасымен жол пұлын мекемеміз төлеуші еді. Бірақ, бұл үрдіс Қазақстанда Одақтың кезінде де болған жоқ, қазірде де жоқ. Сонда Ресей ауқымы мен Қазақстанда заңдар әр түрлі ме?

Есіркеп Самиқұллаұлы,

Шалқар ауданы

Жайнаған жалауы жетпіс жылға жетпей жығылған Кеңес Одағының кезінде 15 одақтас республиканың (ішінде, әрине, Қазақстан мен Ресей де бар) өкілетті билік орындары өз заңдарын өздері шығарды, дегенмен де, орталыққа тәуелділігі тым күшті, дербестігі өте шектеулі болды. Азғантай айырмашылықтары болмаса, заңдылықтары егіздің сыңарындай ұқсас еді деуге болады. Өзіңіз айтып отырған Одақ ыдырағалы бері екі ел терезесі тең, егемен мемлекеттер болғандықтан, қоғамдық-саяси өмірінің тігісін жатқызатын, қилы-қилы қырларын үйлестіретін заңдарын қабылдағанда бір-біріне жалтақтамайды.

Кінәлі судья ма, әлде сот орындаушысы ма?

Жеке меншік машинаммен жұмысқа бара жатқанда, бағдаршамның қызыл жарығына тоқтамаған ГАЗель бортты көлігі менің машинамды соғып, оқиға болған жерден қашып кеткен болатын. ГАЗель иесі – кәсіпкер Мәдрейімов, ал, оқиға болған кезде көлікті жүргізген жүргізуші Л. Көпжанов деген оның жұмысшысы. Көпжановтың баспанасы жоқ, қожайынының жеке меншік базасында тұрады, сол жерде қарауыл әрі көліктерге күтім жасаушы, жөндеуші.

Сот оқиғаға көлікті жүргізген Көпжанов кінәлі деген шешім шығарды, маған атқару парағының көшірмесі берілді. Міне, содан бергі 2 жыл бойы әуре-сарсаңға түсіп отырмын.  Атқару парағы бойынша сот орындаушылары маған 310 000 теңге шығынымды өндіріп беруі керек еді. Әлі күнге дейін бір тиын да өндірілген жоқ. Сот орындаушылары Көпжановтың төлейтін мүмкіндігі жоқ, баласы 2 топтағы мүгедек деп отыр.

Бұл жерде кім кінәлі? Сот орындаушылары ма, әлде сот шешімін шығарған судья ма, Мәдірейімов пе, Көпжанов па, әлде зардап шегуші – мен бе?

Білгім келетіні – Көпжанов төлемесе, істі қайта қозғап, көлік иесі Мәдірейімовтен өндіре аламын ба? Соттың осы шешімі әділ ме? Бұл жерде Мәдірейімовтің кәсіпкерлік жұмысы дұрыс емес деп ойлаймын.

К. Дүйсекен.

«Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексiнің 34-1-бабында әкiмшiлiк құқық бұзушылық сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалық құралдарымен және аспаптарымен тiркелген жағдайда, жол жүрiсi саласындағы әкiмшiлiк құқық бұзушылықтар үшiн әкiмшiлiк жауаптылыққа көлiк құралдарының меншiк иелерi (иелерi) тартылатыны, бірақ, егер көлiк құралының меншiк иесiнiң хабарламасы немесе өтiнiшi бойынша тексеру барысында құқық бұзушылық тiркелген кезде көлiк құралы иелiгiнде басқа адам болғаны анықталса, осы көлiк құралының қатысуымен жасалған құқық бұзушылық үшiн оның әкiмшiлiк жауаптылықтан босатылатыны көрсетілген. Осы оқиғаның меншік иесінің кәсіпкерлік жұмысына қатысы жоқ және сізге басқа адам келтірген зиян үшін жауап беруге міндетті емес.

«Атқарушылық iс жүргiзу және сот орындаушыларының мәртебесi туралы» ҚР Заңына сәйкес сот орындаушысы өзiне атқару құжаты келiп түскеннен кейiн үш тәулiктен кешiктiрмей атқарушылық iс жүргiзудi қозғап, бұл туралы қаулы шығарады. Бұл орайда сот орындаушысы борышкердiң дәлелдi жазбаша өтiнiшi бойынша атқару құжатын ерiктi орындау үшiн атқарушылық ic жүргiзу қозғалған күннен бастап, бес күн мерзiм белгiлейдi (10-бап).       Ерiктi орындау үшiн белгiлеген мерзiмнiң өтуi мәжбүрлеп орындату шараларын қолдануға негiз болып табылады (6-бап).   ҚР заңнамасында өзгеше белгiленбесе, атқару құжаттары бойынша орындау атқарушылық iс жүргiзу қозғалған күннен бастап екi ай мерзiмде аяқталуға тиiс (12-бап). Атқару құжаттары бойынша өндiрiп алу, егер атқару құжатында өзгеше тәртiп белгiленбесе, бiрiншi кезекте борышкердiң ақша қаражатына қолданылады. Борышкерде берешектi өтеу үшiн жеткiлiктi ақша болмаған жағдайда, ол борышкерге тиесiлi басқа мүлiктен өндiрiп алынады (35-бап). Бірақ, мүгедек балаларға берiлетiн жәрдемақы түрiнде борышкер алатын сомалардан өндiрiп алуға болмайды (62-бап).  Егер борышкердiң өндiрiп алынуы мүмкiн мүлкi, ақшасы, табыстары жоқ болса және оның мүлiктерiн немесе табыстарын анықтау бойынша қолданылған, заңда көзделген барлық шаралар нәтиже бермеген кезде атқару құжаты сот орындаушысының қаулысы бойынша өндiрiп алушыға қайтарылады.

Атқару құжатын өндiрiп алушыға қайтару, атқарудың заңда белгiленген ескiруi мерзiмiнiң шегiнде (үш жыл iшiнде) осы құжатты сот орындаушысына қайталап ұсынуға кедергi болмайды. Яғни, атқарушылық iс жүргiзу өндiрiп алушының өтiнiшi не сот орындаушысының бастамасы бойынша оның тоқтатыла тұруын туғызған мән-жайлар жойылғаннан кейiн жаңғыртылады. Егер атқару құжатының орындауға беру мерзiмi бiтсе, атқарушылық іс жүргізу аяқталды деп есептеледi.

Мына телефондар бойынша хабарласуларыңызға болады:

51-04-13, 8-702-318-04-13.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button