Құқық

Сұрақ-жауап

Сауалдарыңызға облыстық соттың бас маманы Серік Жолдыбай жауап береді

СЫНАҚ МЕРЗІМІ

Мен жұмысқа қабылдандым. Оның сынақ мерзімі қанша болуы мүмкін?

Ақбота, Мәртөк ауданы.

– Еңбек кодексінің 36-бабына сәйкес, жеке еңбек шартын жасасу кезiнде қызметкердiң оған тапсырылатын жұмысқа сәйкестiгiн тексеру мақсатында тараптардың келiсiмiмен сынақ өткiзiлуi мүмкiн. Сынақ туралы талап жеке еңбек шартында көрсетiлуге тиiс. Бұл талап болмаған жағдайда қызметкер жұмысқа сынақсыз қабылданды деп есептеледi. Сынақ мерзiмiн үш айдан асыруға болмайды. Қызметкер дәлелдi себептермен жұмыста болмаған кезең сынақ мерзiмiне есептелмейдi.

Әкесі баламызды емдетуден қашады. Енді не істеймін?

Мен күйеуіммен ресми түрде ажырасқаннан бері баламызға оның жалақысынан алимент ұстап тұрады. Жақында баламыз қатты сырқаттанып қалды. Азғантай алимент оны емдетуге жетпейді. Ал әкесі алимент төлейтінін сылтауратып, оны емдетуге ақша бермейді. Сот арқылы мәжбүрлеуге бола ма?

Шынар, Шалқар қаласы.

– Кәмелетке толмаған, кәмелетке толса да, еңбекке жарамсыз балалар ауыр науқасқа шалдықса, мертіксе, тағы сондай ерекше жағдайдың салдарынан тағайындалған күтушіге ақы төлеу қажет болса, сот осындай қосымша шығындарды көтеруге әрбір ата-ананы қатысуға тартуы мүмкін («Неке және отбасы» туралы ҚР Заңының 130-бабы). Ата-аналардың қосымша шығындарды көтеруге қатыстырылу тәртібі мен бұл шығындардың мөлшерін сот ата-аналар мен балалардың материалдық және отбасылық жағдайлары мен тараптардың назар аударарлық басқа да мүдделерін негізге ала отырып, ай сайын төленуге тиісті алимент төленетін кездегі айлық есептік көрсеткішке еселенген қатынасында белгілейді. Сот ата-аналарды нақты шеккен қосымша шығындарды өтеуге де, балаларды асырап-бағуға болашақта жасалуға тиіс қосымша шығыстарды өтеуге де қатысуға міндеттеуге құқылы.

Балаңызды емдеткеніңіз туралы айғақтарды (түбіртек, чек, т.б.) лақтырып тастай салмай, ксерокөшірмесімен бірге жинай жүріңіз.

Жүктілікке және босануға байланысты демалыс берілу тәртібі қандай?

Жүктілікке және босануға байланысты демалыс жәрдемақысы қанша күн үшін төленеді? Күнтізбелік пе әлде жұмыс күні есебімен бе?

Төлеу, Қобда ауданы.

– Егер республика заңдарында өзгеше белгіленбесе, әйелдерге жүктілігіне және босануына байланысты ұзақтығы босануға дейін күнтізбелік жетпіс күнге және босанғаннан кейін күнтізбелік елу алты (қиналып босанған немесе екі немесе одан да көп бала туған жағдайда  жетпіс) күнге дейін демалыс беріледі (Еңбек кодексінің 193-бабы). Демалыстар жеке-жеке, бөліп-бөліп емес, жиынтықтап есептеледі. Босанғанға дейін нақты пайдаланған күндерінің санына, жұмыс берушідегі жұмысының ұзақты-қысқалығына қарамастан толық беріледі және жиынтығы 126 күнтізбелік күн үшін бірден төленеді. Оның сыртында әйелге қалауы бойынша жүктілікке және босануға байланысты демалыстың алдында немесе тікелей одан кейін не балаға күтім жасауға арналған демалыс біткен соң жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы беріледі (192-бабы). Жаңа туған баланы асырап алған қызметкерлерге (ата-ананың біреуіне) баланы асырап алған күннен бастап және бала туған күннен елу алты күн өткенге дейінгі кезеңге демалыс беріледі (194-бабы).

Жүктілікке және босануға байланысты, сондай-ақ жаңа туған балаларды асырап алған қызметкерлерге берілетін демалыстар заңдылыққа өзгерістер енгізілгенге дейін жұмыс берушінің есебінен төленіп келген болса, 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап төлемді Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жүзеге асыруда.

Сауалдарыңызды редакцияға хатпен жолдауларыңызға болады.

Басқа жаңалықтар

One Comment

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button