Әлеумет

Ордабаев тыңдап тұр

Тікелей телефон

«Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалының бастығы Балғали Құрманғалиұлы ОРДАБАЕВПЕН тікелей телефон арқылы сөйлесу мүмкіндігі,  газет арқылы оқырмандарымыз назарына ұсынылғаннан-ақ, редакциямызға хабарласушылар көбейді.

Ең бірінші байқалғаны – жұртшылықтың пошта қызметіне сұранысының жоғары деңгейде тұрғаны.  Сондай-ақ пошта қызметкерлеріне қойылатын талап та ерекше өсе түскені сезіледі.  Ғасырдың ақпарат алу көзіне айналған электронды пошта да, бұл сала шаруасын алмастыра алмайтыны байқалды.

«Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалы бүгінгі күні тіршілігі қызу қайнап жатқан облыс орталығынан бастап, сонау шалғайдағы әр елді мекеннің тұрғындарына дейін жоғары дәрежеде қызмет көрсету бағытын ұстануда. Дегенмен, атқарылған іс, жүзеге асырылып жатқан шаруалар бағасын қай кезде де халық береді.  Бұл жай тікелей телефон арқылы тілдесу барысында да айқын көрінді.

Сонымен…

Қуаныш Айтқұлов:

– Мен биылғы жылдың шілде айының он жетінші жұлдызында Мәскеу қаласына 5000 рубль мөлшеріндегі ақшаны пошта арқылы аударым жасағанмын. Соның иесіне жеткенін біле алмай отырмын.

– Бұл мәселе бойынша, Алматы қаласындағы «Қазпошта» акционерлік қоғамының орталық аппаратына сұрау салынды. Жауап он бес күн ішінде келіп болуы тиіс. Сосын сұрақ иесіне жауап қайтарылады.

Н., Ақтөбе қаласының тұрғыны:

–  «Home Credit»  және «Қарапайым несие» алудың реттері қалай? Жеңілдіктері туралы айтсаңыз.

– Заман ағымына, уақыт талабына орай несиелендіру біздің салада да өрістетеді.

Бұл несиелер «Қазпошта» АҚ арқылы еңбекақы және зейнетақыларын алатындарға 2 жыл мерзімге дейін беріледі. Зейнеткерлер 100 мың теңгеге дейін сомаға, ал еңбекақыларын алатындар 300 мың теңгеге дейін несие ала алады. Ал нақты шарттарын бізге келіп, жолығып білуге болады.

Ілияс Шәкиев, соғыс ардагері, Нокин селосындағы Есенберлин көшесінің тұрғыны:

– «Ардагер» қоғамдық ұйымы биылғы жылдың 1 қаңтарынан бері  «Казахстанская правда» газетіне жаздырған еді, әлі күнге дейін бір де саны қолыма тиген жоқ. Оның үстіне қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары алдағы уақытқа «Актюбинский вестник» газетіне жаздырмақшы.  Қолыма тимейтін болса, жаздырып керегі не?

– Жеке үйлердің тұрғындарына газет-журналдар жеткізіп беру ісінде, шешілуі бізге қатысты емес бірқатар проблемалар орын алып тұр.

Ілияс Шәкиев «Чайка» санаторийі орналасқан аймақта тұрады. Оның үйінің ауласы дуалмен қоршалған, аулада иттер жүреді, пошта жәшігі орнатылмаған. Пошташы газетті күн сайын апарғанымен, зейнеткерлер дыбысты естімейді, сөйтіп олар қақпа алдында тұрып-тұрып қайтуға мәжбүр. Біз бірнеше рет пошта жәшігін орнатуды сұрағанбыз, бірақ оған құлақ асып жатқан олар жоқ.

Осыған қатысты айта кететін бір жәйт бар. «Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалында стандартты пошта жәшіктері бар. Олардың бағасы жеке үй тұрғындары үшін бір мың теңгеге, ал көп пәтерлі үйлер тұрғындары үшін бір мың – бір жарым мың теңгеге түседі. Бұл жәшіктер берік жасалған, көп қабатты үйлердің төменгі қабатының қабырғасына бекітіледі. Осы мәселеге қатысты сауалдар болса, мына телефондар бойынша хабарласу сұралады: 51-56-62 немесе 51-86-58.

Талғат Камалутдинов, Ақтөбе қаласы, Әлия Молдағұлова даңғылы, 24-10 пәтер тұрғыны:

– Мен «Диапазон» газетін жаздырып аламын. Бірақ күткендегіден кешігіп келеді. Неге?

– Біздегі мәліметтер бойынша, «Диапазон» газеті жаздырып алушыға, газет басылып шыққан күні жеткізіліп беріліп жүр.

Николай Гусев, еңбек майданының қатысушысы, Ақтөбе қаласы, М. Оспанов көшесі, 54-1-5 пәтер тұрғыны:

– Телефонға төлем бойынша  50% жеңілдік әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінен түсуі керек, оны пошташылар неге үйге жеткізіп бермейді?

– Қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен жасалған келісім-шартта ақша қаражаттарын жеткізіп беру көрсетілмеген. Барлық ақша клиенттің есепшотына түседі. Сіз кез келген уақытта өз ақшаңызды сол есепшоттан алуға мүмкіндігіңіз бар.

Елубай Оразғалиев, бір топ зейнеткерлер атынан:

– Заречный поселкесіндегі 18-ші байланыс бөлімшесі бұрынғы ПМК-ның күзетшісі отыратын бөлмесінде орналасқан. Іші тар. Қыста зейнетақы алуға барғанда бес-алты адам кезекте тұрады да, қалғандары суықта сыртта қалады. Тіпті қызмет көрсететін үш адамның біреуі отырып, қалған екеуі түрегеліп тұрады. Қазір ПМК-ның екі қабатты ғимараты бос тұр, соны пошта үйіне пайдалануға болмас па?

– Сіз айтып отырған ғимарат жеке компанияның иелігінде. Бұл ғимараттың бір бөлегін бізге жалға беру туралы олармен келіссөзіміз еш нәтиже берген жоқ. Шамасы, біз таяу уақытта жаңа байланыс бөлімшесі құрылысын жүргізіп қалармыз немесе поштаның мобильді бөлімшесін орнатамыз деп ойлаймыз.

Кенжалы Есеналин, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

– Мен күнделікті газет алу үшін Пожарский көшесінен Әбілқайыр хан даңғылындағы дүңгіршекке келемін. Күнде онда қатынау оңай емес. Сондықтан біздің аумақтан неге газет-журнал сататын дүңгіршек  ашылмайды?

– Дүңгіршектердің иелері біздер емес, жеке компаниялар. Әзірге осы бағытта шаруалар атқаруға біздің мүмкіндігіміз жоқ, сондықтан да жоспарымызда бар деп айта алмаймын.

Бірақ, біз сізге мынадай тұрғыдан көмектесе аламыз. Сіз бізге өзіңізді қандай басылымдар қызықтыратынын хабарлаңыз, ал біз сізге жақын дүкен арқылы бөлшек саудамен сатуды ұйымдастыра аламыз.

Әріп Төлеубаев, Ақтөбе қаласының тұрғыны:

– Жай хат жібергенде ақша алады да, түбіртек бермейді. Пошта қызметкерлері неге сүйенеді?

– Бұл ретте біздің қызметкерлеріміз өзіміздің пошта ережелеріне сүйенеді. Сол ережеге сәйкес жай хаттарға  түбіртектер берілмейді, ал маркалы конвертке жалпы тәртіппен ақша төлейсіз.

Шалқар қаласынан бір топ пошта қызметкерлері:

– Біздер төрт сағаттық ставкамен жұмыс істейміз. Еңбек демалысына шыққан кезде, демалыс ақымыз жартылай төленеді. Емдік жәрдемақы төленбейді. Айлығымыз көбеймес пе екен?

– Бұның бәрі былай қарағанда, сіздердің ішкі проблемаларыңыз. Біздің филиалдың бір қызметкері үшін де құпия емес бір жай бар. Ол – барлығының да түскен табысқа қатыстылығы. Егер табыс ұлғайса, ал бұның өзі біздің қызметкерлеріміздің қалай жұмыс істеуіне байланысты, соған сәйкес ставка да ұлғаятын болады.

Кенжебай Жұбаназаров, Ақтөбе қаласы:

– Мен «Ағайынды Жұбановтар» көшесінде, облыстық ішкі істер басқармасы маңында тұрамын. Облыстық «Ақтөбе» газетін, «Диапазонды» жаздырып аламын. Бұл газеттер бейсенбі күні кешкісін ғана қолыма тиеді. Неге ертерек әкелмейді?

– Мұны тексеретін боламыз. Қалай болғанда да газет-журналдар мезгілінде жеткізіледі.

Айнұр Нұржанова, үй шаруасындағы әйел, Әйтеке би ауданы, Аралтоғай ауылы:

– Мен 7000 теңгеге баспасөзге жазыламын, пошташы соларды үйге жеткізіп бермейді, мен сұраған соң ғана әкелетін болды. 2009 жылдың екінші жартысына «Еда+»  деп аталатын журналға жазылып едім, сол әлі келмей жатыр. Неге?

– Әлгінде айтқан жауабымды қайталауға тура келіп тұр. Біз сіздің шағымыңызды тексереміз, бірақ қандай жағдайда да өзіңіз жазылған журналды уақытында алып тұратын боласыз, оған алаңдамаңыз.

А. Есенғұлов, Ж. Қалқаманов, Кеңқияқ, Шұбарши селолық ардагерлер кеңестерінің төрағалары:

– Шұбарши кенттік округінде тоғыз мыңнан астам тұрғын бар. Оның ішінде Кеңқияқта 5000 шамасында, ал Шұбаршиде 4000-дай адам бар деп есептеледі. Осындағы «Қазпошта» мекемелерінің жұмысына көңіліміз толмай отыр. Себебі, екі жақта орналасқан бөлімшелерде бір-бір адамнан ғана еңбек етеді.

«Қазпошта» АҚ-ның 15 жылдық мерекесіне орай Кеңқияқта жаңа пошта ашылған еді, бірақ онда не күзетші, не жылу жүйесін қарайтын оператор, не газет таратушы жоқ. Бір адам газет таратумен айналыса ма, әлде зейнетақы жеткізіп бере ме?

Шұбарши мен Кеңқияққа қосымша пошта қызметкерлері штатын қарастырсаңыз екен.

– Біз онда бір адамнан еңбек етіп жатқанын білеміз, оның өзі жарты ставкаға жұмыс істейді. Оның түске дейін клиенттерге қызмет көрсетіп, ал түстен кейін корреспонденцияларды таратуы үшін шамасы, толық ставкаға көшірген дұрыс болар, оны қарастырып көреміз.

Шұбаршиде поштаның жаңа ғимаратын салу әзірге біздің жоспарымызда жоқ.

Ұлболсын Ақназарова, Ақтөбе қаласы:

– Біз Ақтөбе қаласы Абай даңғылы бойындағы №20 байланыс бөлімшесінің қызметін пайдаланамыз. Осында Аня есімді қызметкерге алғысымыз мол. Ол біздерге жоғары дәрежеде қызмет көрсетеді, сол үшін рахмет.

– Сізге де рахмет. Біздің қызметкерлеріміздің жанкешті еңбегін бағалап, адамдардың алғыс айтуын тыңдау ұжым мүшелері үшін ерекше мәртебе. Алдағы уақытта да қызметкерлеріміздің жоғары талап деңгейінде қызмет етуге ұмтыла беретіндігіне сендіргім келеді.

… Бір сағатқа созылған тікелей телефон байланысы кезінде  Балғали Құрманғалиұлына көптеген сауалдарға жауап беруге тура келді.  Бірқатар мәселелер жұмыс бабында қаралатын болды.

Қарабұтақ селосының тұрғыны, екінші топтағы мүгедек Ахметжан Түймебаев «Қазпошта» жергілікті байланыс бөлімшесі жұмысына ырзашылығын білдірсе, Ақтөбе қаласындағы 101 атқыштар бригадасы көшесіндегі 16 үйдің тұрғындары пошта тасушы Гүлзира Ізтілеуованың еңбегіне жоғары баға берді.

Ал Әйтеке би ауданы Аралтөбе ауылының тұрғыны Жеткер Төкеев жергілікті байланыс бөлімшесінің, Ақтөбе қаласының тұрғыны Әсел Рамаданова №20 байланыс бөлімшесі қызметкерлерінің атына сын айтты.

«Қазпошта» АҚ Ақтөбе филиалының басшысы бұл жайлардың қай-қайсысы да назардан тыс қалмайтындығын айтты.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button